Ұстаз туралы бірер сөз (Юрий Викторович Колчин)

Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деген аталы сөз бар. Жаратқан иеміз жарық дүниеге келген пендесінен бұл өмірде пешенесіне жазылған жолды түзу жүріп өтуді, артында қалдырар игі істерімен, жақсы қасиеттерімен өзіне жағынуды құп көреді. Артында елі айта жүрерлік сөзі, ізгілік нұрын себетін ұлағаты, жасаған жақсы істері бар ерекше тұлға, жайсаң жан, музыкант, ұстаз Юрий Викторович Колчин жайлы бүгін сөз қозғаудың реті келіп отыр. Ол кісі жайлы пікір айту, Қазақстан хор өнері жайлы айтумен парапар. Айналысатын сүйікті кәсібі хормен тікелей байланысты, осы салаға  мамандар дайындау, практикалық жұмысымен өзін айналасына таныта, мойындата білген, тыңдарманына ылғи рухани азық беретін саналы да салмақты шығармашылық ғұмыр жайлы сөз етпекпіз.

Юрий Колчин

Ол кісімен бұдан 30 жыл бұрын, күзде студенттік күндердің алғашқы ұмытылмас күндерінде жүздесіп едік. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының дайындық курсына түскен мені негізгі мамандық – дирижерлау класы бойынша кафедраның сол кездегі мүйіздері қарағайдай профессорлық-оқытушылар құрамының ішіндегі ең жасы, жігерлісі Юрий Викторович Колчиннің класына бөліпті. Орысшаға шорқақтау болып есейген ауыл баласының мұндай хабарды естігенде алғашында қынжылыста болғаны рас. Бірақ, кафедра меңгерушісі профессор Базарғали Әжіұлы Жаманбаевтың шешімі екі етілмейді. Әлі күнге дейін есімде, Абай даңғылының бойындағы жатақхананың дайындық жасайтын бөлігінде өтетін сабаққа бірінші күні барып табалдырықтан имене аттағанда, өткір көз жанарын жалт еткізіп тесіле қараған бойы, басымнан аяғыма дейін сынай сүзіп өткен ол, ештеңе болмағандай әрі қарай өзінің жұмысымен айналыса берген. Жүзінен не ойлағанын ашық білдірмеген Юрий Викторович сол алғашқы таныстықта мән-жайға қаныққаннан кейін, менің екі жылдық опера театры жанындағы вокалды–хор студиясынан алған шала-шарпы музыкалық дайындығымды, орыс тілінде еркін сөйлей алмайтынымды, хор дирижеріне қажетті жалпы және арнайы білім деңгейімнің таяздығын көре тұрып абдырап, «не істесем екен?» деп  кібіртіктеген жоқ. Келген беттен білек сыбанып жұмысқа кірісіп кетті. Айтар ойы шегелегендей нақ-нақ, артық сөз, жайыла, жалпылама айтуды суқаны сүймейді (әскери маман екенін кейін білдім). Менің студенттік өмірімнің жұмыс жоспарын жасап, басты және қосалқы мәселелерді айқындап, тынымсыз жұмыс басталып кетті. Біз сияқты сары ауыз балапан студенттерден толыққанды кәсіби маман дайындап шығару үшін ұстаз барын салды. Ол жұмыс барысында жеке бастың уақытымен санаспайтын, сабақта жанын салып жұмыс істейтін. Қояр талаптары, студенттің өз бетінше дайындықтары көтерілген бір мәселе төңірегімен шектелмей, жан-жақты әрі сан-салалы байланыспен қамтылуы керек. Ұстаз болумен бірге шәкіртіне мейірімді «әке» бола алған жанның жеке басыңа деген осыншама ықлас-ниетін күнде көріп біле тұрып оған ілеспеу, оның талаптарын күнделікті орындамау деген біз үшін болмайтын. Алдымен адам болып, кейін маман болып қалыптасуымыз, және бүгінгі азды-көпті жеткен биіктеріміз осы кісінің сол кездегі көрсеткен өнегесі, жолы болатын. Сондықтанда, үлкен кәсіби білімге бет бұрған жолайырықта Юрий Викторович секілді білікті, жоғары интеллектті ұстазды кездестіруіміз, одан дәріс алып қызу пікір алмасулар, әр кездесуде пайдаға жарар бірдеңе ашу бақытына ие болуды тәңіріміздің бізге жіберген сыйындай көреміз.   

Алғаш көрген сәттен күні бүгінге дейін қалыптасқан осындай пікір көп өзгеріске түспей, бір қалпынан таймаған, бүгінде 70 жылдық мерейтойын атап өтетін маэстро Ю.В.Колчиннің осыған дейінгі өмірбаянына көз салсақ, көптеген келелі істерді тындырғандығын көреміз. Ол Ресей Федерациясының Свердловск қаласында дүниеге келіп (14.02.1943 г) 1962 жылы сол жерде П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищені аяқтағаннан кейін М.П.Мусоргский атындағы Орал мемлекеттік консерваториясында хор дирижері мамандығы бойынша білім алады. 1966 жылы консерваторияны аяқтағаннан кейін Нижний Тагил қаласының музыкалық училищесінде ұстаздық  етеді.

1969 жылы Алматыға көшіп келгеннен бастап Ю.В.Колчиннің өмірі мен шығармашылығында жаңа – қазақстандық кезеңі басталады. Бұл күні бүгінге дейін келе жатқан өмірбаянның жалғасы. Ол осы жерде өзінің сүйікті кәсібі – хормейстерлік жұмысқа толығымен бағыштап, осы аймақтың бірнеше әскери ән-би ансамблі хор ұжымдарына  жетекшілік етеді. Ол Қазақстан Республикасы ІІМ ән-би ансамблінің хормейстері (1969-70). Қызылжұлдызды Орталық Азия әскери аймағының ән хор биінің ансамблінің хормейстері және дирижер–хормейстері (1970-74). Қызылжұлдызды Күншығыс шекаралық атыраптың ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері (1974-86) қызметтерін атқарады. Әскери өмірдің ыстық-суығына төзе білген ол, үлкен өмір және кәсіби шыңдалу мектебінен өтеді. Отан алдындағы осы жасаған қызметі үшін 1973 жылы Қырғыз КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткері атағының иегері атандырады. 1985, 1987 жылдары Ю.В.Колчин жетекшілік еткен әскери ән-би ансамблі ұжымы Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивальдерінің лауреаты атанды.

Аталмыш әскери ансамбльдерде ол өзінің алған теориялық білімін тәжірибе жүзінде толықтай пайдаланып, хор ұжымын ұйымдастыру, репертуарын құрастыру, ұжымның құрамдық ерекшелігіне сәйкес партитуралар жасау (хорға арналған өңдеулер, лайықтаулар, оригиналды шығармалар жазу) секілді шығармашылық жұмыста кездесетін баспалдақтардың барлық сатысын басып өтті. Бұл кәсіби дирижердің шығармашылық өсу жолының жаңа кезеңі болатын. Ю.В. Колчин басқарған шекаралық атыраптың ансамбльдері ішінен бірнеше мәрте бүкілодақтық әскери ұжымдардың арасында өтетін конкурстардың лауреаты атануының астарында осындай қиын да күрделі ұжыммен тынымсыз жасалған еңбектің ізін көреміз.

Ансамбльдегі жұмысымен бірге Ю.В.Колчин педагогикалық қызметті де қатар алып жүреді. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының Ән-хор факультетінің хор-дирижерлау кафедрасында ұстаздық еткен ол болашақ хормейстер мамандар дайындау ісіне белсенді үлес қосады. Бүгінде оның класынан шыққан шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде және алыс-жақын шетелде хор, ән орындаушылық өнерді өркендеуге өздерінің үлестерін қосып жүр. Олардың арасында Республиканың мәдениет қайраткерлері қазақ елінің хор өнерін республика асып шетелдерге кеңінен танытып жүрген республикалық «Елім-ай» балалар хорының көркемдік жетекшісі және балалар хор мектебінің директоры  ҚР еңбегі сіңірген қайраткер — Л.И.Романовская, ҚР еңбек сіңірген артистер А.Жаңбырбаев, А.Казакбаев, С.Рыжов, ҚР білім беру саласының үздігі, профессор М.Бурунчин, педагогика ғылымдарының докторы Р.Садыкова, өнертану кандидаты, доцент  А.Мұқан,  және тағы басқалар бар.

Өткен ғасырдың 80ші жылдарының ортасында сәуір самалымен бірге біртұтас Кеңестер Одағына қайта құрумен келген демократиялық өзгерістер қоғам өмірінің негізін шайқап өтті. Осындай аумалы-төкпелі қиын кезде  Ю.В.Колчинге Закавказ шекаралық атыраптың ән-би ансамблін басқаруға ұсыныс болып, ол 1987-89 жылдар аралығында Тбилиси қаласында жұмыс істейді. Одақтың ыдырауы алдындағы әр түрлі деңгейдегі ұлттық республикалардың тәуелсіздікке ұмтылысынан туындаған тұрақсыздықтар Ю.В.Колчинді Қазақстанға түбегейлі қоныс аудартты. Елге қайта оралған ол Солтүстік-Қазақстан облысының Новоникольский ауданынына тұрақтап музыкалық мектептің директоры және халықтың хорының көркемдік жетекшісі болып жұмысын жалғастырады. Осы уақытта бұл жердің көркемөнерпаздар ұжымы  белсенді концерттік  қызметімен көрініп,  Қазақстан мен Ресейдің шекаралас жатқан елді мекендерінде, Алматы қаласында өткен концерттік бағдарламаларға қатысады.  Хор ұжымына 1994 жылы қала және облыста «Играй, гармонь» атты концерттік іс-шараның ұйымдастыру және өткізуді сеніп тапсырады. Алматыдағы Қазақтан  халықтарының  ассамблеясы ұйымдастырған концертте өз облысының атынан өнер көрсетіп абыроймен оралады. Осындай жұмыстарың басы-қасында һәм қайнаған бел ортасында шығармашылық жұмысқа барын салатын Юрий Викторовичтің өзі жүреді. Өңірге, одан асып  республикаға танымал болған халық көркемөнерпаздары ұжымының жиырма жылдық мерейтойына арналған мерекелік концерт облыс орталығындағы Н.Погодин атындағы драма орыс театрының сахнасында тойланады.

1994 жылы Ю.В.Колчинның Петропавл қаласына көшіп келуімен өзінің шығармашылық қызметін Педагогикалық институтта (қазіргі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде) жалғастырады. Кафедра меңгерушісі, хор кластың жетекшісі болып хор дирижерлау кафедрасының жұмысына белсене араласқан ол, профессор-оқытушылық құрамының  жұмысына биік талаптар қояды. Болашақ музыка пәнін оқытатын ұстаздар кәсіби біліктілігіні көтеруге, олардың бесаспап маман болып жетілуін көздеген  дирижерлеу,  сольфеджио, вокал, музыкалық аспап пәндерін жан-жақты игеруге ерекше мән береді. Осы кезеңде университет студенттерінің хоры Ю.В.Колчиннің жетекшілігінде салмақты туындылардан тұратын көлемді партитуралармен бірге нақтылы тақырыпқа құрылған концерттік бағдарламалар жасап өз тыңдаушыларына тұрақты ұсына бастайды. Осы кезеңде маэстро өзінің барлық күш жігері мен жинақталған тәжірибесін дәстүрге айналған хор концерттік кештерін өткізуге арнайды. Зор жауапкершілік, биік кәсіби біліктілікпен дайындалатын концерттік бағдарламалар қайталанбас өзіндік ұстанған тақырыбымен, өткір мәселелері ту етіп көтеретін азаматтық үні мен биік руханилығымен ылғи тыңдарман назарында болды.

Өзінің   бай  өмірлік, сахналық тәжірибесін, әдебиет пен бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясын тереңнен білуі, энциклопедиялық білімін талғампаздықпен студент жастарға, өзі жетекшілік еткен хор ұжымының мүшелеріне тәлім-тәрбие жолымен егіп, кең жүректі жандарға тән дархандықпен бөліседі. Оның жетекшілігіндегі студенттер хоры жыл сайын музыкалы-поэтикалы ағартушылық бағдарламалар жасап тыңдарман назарына ұсынып отыруы музыкалы педагогика кафедрасының дәстүріне айналды. Концерттік  бағдарламаның тұтастығы,  көркемдік биік  деңгейі,  тыңдармандарға берер эмоцианальдық  әсері ерекше болатын. СКГУ  студенттерінің  және оқытушының  күштерімен жасалынатын концерттік  бағдарлама қалың тыңдармандар мен университет басшылығының асыға күтетін қаладағы жылдың мәдени жаңалықтары болатын .

Ол осы кезде көптеген хор концерттерін өткізуде студенттік оқу аудиториясынан шығып қаланың концертік сахналарына ауысады. Қалалықтар мен қала қонақтарының есінде қаларлықтай концерттік кештерде  Д.Перголезидің аралас хорға арнап алғаш рет өңделіп орындалған «Stabat mater», кантатасы (2000 ж.), А.Гречаниновтың  Қазақстанда тұңғыш рет орындалған «И на земле мир» шығармасы (2001 ж.), орыс діни музыкасы репертуарынан «Помышляю день страшный» атты  орыс классикалық хор шығармаларынан концерт (2002 ж.), «Молитва мира» атты  авторлық  музыкадан концерт (2003 ж.), «Как прекрасен этот мир» заманауи және классикалық хорға арналған  музыкадан концерт (2004 ж.),           «Я в звуках ощущаю мир…» хор концерті (2005 ж.), «Откровение звука… откровение слова»  студенттік хордың концерті (2007 ж.), «Авторлық хор концерті» (2008 ж.) т.б.

Бұл тақырыптық концерттерде көркемдік жетекші Юрий Викторович тек хорға дирижерлік жасамай, хор концертінің драматургиялық желісін ойласытырып,  режиссер,  сценарист, концерттік кешті жүргізуші авторы ретінде де көрінеді. Оның көпшілік аудитория алдында өзін еркін ұстауы, көркем әдеби тілмен тыңдарман жүрегіне жетердей етіп өмір, махаббат, азаматтық парыз бен қарыз, тарих, өнер, әдебиет тақырыптарына еркін жүзуі бұл тақырыптық концерттердің мазмұнын байытып, көрермендердің қызығушылығын жылдан-жылға арттырып отырды. Адамзаттың ғасырлар қойнауынан келе жатқан мәңгілік сұрақтарға жауап іздеуін бүгін де жандандырып Ю.В.Колчин өзінің концерттік бағдарламасымен, онда айтылмақ ой-идеясымен көрермендерді де қызықтырып сахна мен тыңдарман залы арасында тығыз диалогтің орнауына дәнекер бола білді.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттерінің хоры республикалық  «Астана – ән қанатында — 2008» атты хор ұжымдарының конкурсына қатысып лауреат атанады. Қазылар алқасының төрағасы КСРО халықтың  артисі А.В.Молодов Ю.В. Колчиннің жұмысына жоғары баға берді. Республикадағы хор өнерінің мэтрінің жылы пікірі хор ұжымының қатысушылары мен оның жетекшісінің ұстанған бағыттарының дұрыстығына көздерін жеткізіп жаңа белестерді бағындыруға қайрат берді.

Көрермен тыңдаушыларына эмоциялық әсері мол музыканы, әдебиетті, поэзияны, бейнелеу өнерінің табиғатын Юрий Викторович бөліп-жармай тұтастықта қарастырады. Осындай өнер түрлердің басын біріктірген тақырыптық кештер ұйымдастырып, бір туындының шығу, орындалу тарихында жатқан небір қызықты фактілерді салыстыра, сараптай отырып музыкалы-поэтикалық кештердің аса тартымды әрі қызықты өтуін қамтамасыз ете білді. Өзінің ең сүйікті ақыны А.С.Пушкиннің Қазақстандағы, Абайдың Ресейдегі жылына арнаған концерттік кештер циклын мектептерде, кітапханаларда, мұражайда, университетте сәтті өтуіне Ю.В.Колчин белсенді жұмыс істеді. Осындай маңызды ағартушылық еңбегі үшін 2006 жылы А.С.Пушкинның Қазақстандағы жылының тойлануына сәйкес мәдени шараның ұйымдастырушыларының II дәрежелі дипломымен марапатталды.

2007 жылы Юрий  Викторович    IV Республикалық  – «Ең үздік  музыка  мұғалімі – 2007» фестиваль-конкурсының гран-приі «Ең үздік  хормейстер»  номинациясымен марапатталуы осындай тынымсыз жұмыстың нәтижесі болатын. СҚМУ қабырғасында хорға арналған Хрестоматияның төрт шығарылымы басылып шықты. Бұл әр жылдары хор класы бойынша студенттік хор ұжымының репертуарына енген әр алуан бағыттағы, алуан түрлі композиторлық мектептердің  хорға арналған шығармалары кірді.

2010 жылы Ю.В.Колчиннің өмірі мен шығармашылығының келесі бір кезеңдік өзгерістерге толы бетбұрысы болды. Ол әбден үйреншікті болған университеттегі жылы орнын суытып жаңа жұмысқа – камералық хор ұжымымен практикалық жұмыс жасауға шешім қабылдайды. Сондықтанда бұл шешім маэстро бойындағы өз ісіне деген от ұшқынының бәсеңдемей, әлі де болса жалындап жанып тұрғандығын көрсетсе керек. Камералық хор жетекшісі репертуар таңдауда кезінде студенттеік хормен жасаған концерттік бағдарлама шеңберінен шығып отандық және әлемдік классик композиторлардың сүбелі туындыларына назар аударады.

Бұдан былай ұжымның барлық шығармашылық үдерісі түбегейлі өзгеріске түседі. Бұл күнделікті дайындық жұмыстарын өткізу, хордың дыбыстық бояу-бедерін аша түсу, жаңа  аранжировкалар жасау, репертуарға соны хор туындыларын енгізу секілді жауапкершілігі мол жұмысты барынша беріле атқарған Ю.В.Колчиннің жетекшілігіндегі өнер ұжымы жақсы жетістіктерге жетіп, аз ғана уақыт аралығында классикалық және халық композиторларының, халық әндерінің асыл үлгілерін өз деңгейінде игерді.

Бас аяғы екі жылдан аса уақыт аралығында хор ұжымы әлемдік музыка мәдениетінің інжу-маржандары болып есептелінетін: Л.Бетховеннің 9 симфониясының финалы «Қуанышқа» одасы,  С.Рахманиновтың «Алеко» операсы, Е.Брусиловскийдің «Қыз  Жібек» операсы, К.Орфтың «Кармина  Бурана» кантатасы, Дж.Вердидің «Реквиемі» секілді сүбелі туындыларды игерді. Бұл туындыларды орындау үшін хор ұжымына біріншіден орындаушылық құрам, екіншіден вокалды-техникалық мүмкіндіктері мол жоғары орындаушылық шеберлікті қажет. Маэстро облыс орталығында мамандардың тапшылығы өткір сезілгеніне қарамастан камералық хордың құрамына талантты орындаушыларды барынша тарта отырып, олардан өзіне қажетінше дыбыс палитрасын ала білді. Тәжірибелі хормейстер тарапынан Л.Бетховен мен К.Орфтың, Дж.Вердидің хорға арналған күрделі партитураларындағы орындаушылар алдына тартар қиындықтарды жеңуге көп күш-жігер жұмсалды. Әр композитордың қайталанбас жазу стилі мен өзіндік ерекшеліктеріне сай шығарманың кілтін тауып орындауға дайындау, шығарманың образды-эмоциялық бейнесін тауып, соған сай орындаушыларға вокалды-хор мақсаттар мен міндеттерге қоюға ерекше көңіл бөлінді. Әрине, маңдай тер, тынымсыз еңбекпен келетін мұндай жетістік ұжымдағы әрбір хор әншісінің вокалды-техникалық шеберлігін арттыруға, ұжымның көркемдік деңгейінің өсуіне қозғау салды.

СҚО Камералық  хоры  2011 жылдың сәуірінде Халықаралық «Жұбанов  көктемі – 2011» атты хор ұжымдарының конкурс-фестивальде I  дәрежелі дипломының иегері атанды. Ұжымның абыройы асып, көркемдік деңгейі өсіп, концерттен-концертке биік межелерді қоя отырып, сол жолда тынымсыз еңбек пен кәсіби талап қойғыштығы арқылы биіктерге көтерілді. Олар еліміздің соңғы жылдары халықаралық деңгейде  өткізіп жатқан ірі саяси мәні бар іс-шараларының мәдени бағдарламасының қатысушылары болды. Атап айтсақ, Ю.В.Колчин бас болған хор ұжымы Астане қаласына бірнеше мәрте арнайы шақырылып үкіметтік  концерттерде  өнер көрсетеді. Тәуелсіздіктің 20-жылдығына арналған салтанатты концерттік бағдарламада, Астана камералық хорымен бірге халықаралық ұйым ОБCЕ қонақтарының құрметіне  арналған қорытынды концертте (Л.В.Бетховеннің 9-симфониясының финалы «К радости» одасын) А.Мұхитдиновтың басқаруында Астана мемлекеттік симфониялық оркестрімен бірге орындайды. 2012 жылдың күзінде Ю.В.Колчиннің жетекшілігінегі хор ұжымы халықаралық  жобаларға қатысты концерттік бағдарламаларға қатысуға шақыртулар алады.  Дүниежүзілік  рухани келісім конгресінің  20-жылдығына арналған концертте танымал итальян композиторы Дж. Вердидің  «Реквиемін» орындау  үшін арнайы шақырылған дирижер М.Чампидің (Италия) жетекшілігімен Литва және Астананың камералық хорлары мен Мемлекеттік  симфониялық оркестрі сүйемелдеуінде орындайды.  Үлкен күш жігер мен шығармашылық белестерді бағындыруы дирижер Ю.В.Колчиннің хор ұжымының жетекшісімен бірге көтерілген биігі болатын.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының Ю.В.Колчинның жетекшілік ететін Камералық хоры тек Солтүстік өңірде ғана емес, Республика көлемінде алдыңғы қатардағы хор өнерін алға сүйреген ұжымдарының бірі болып табылады.

Өзінің табиғатының қарапайымдылығы, нақтылы кесіп айтатын тік мінезіне салып Ю.В.Колчин өзін кәсіби композитормын деп есептемейді. Бірақ, соған қарамастан  оның шығармашылық қоржынында хорға арнап өзі жазған төл туындылар аз емес. Хор құрамындағы дауыстардың мүмкіндігін жетік білетін оның хорға арналған қай туындысын алып қарамайық, сахнадан орындауға ыңғайлы, дауысқа еркін жатататын көркемдік деңгейі биік хор партитуралар. Солардың арасында ол халық әндері, қазақ халқының кәсіби композиторларының және Қазақстанның композиторларының әндерін көптеген хорға өңдеп, әр түрлі құрамға лайықтаған. Жиі орындалаты қазақ халық әндері: «Елім – ай», «Назқоңыр», «Арман – ай», «Он алты қыз»,  Қ.Шілдебаевтың — «Отан – ана», Б.Омаровтың — «Ғасыр әлдиі», Н.Тілендиевтің — «Абай арманы», Ақан сеpінің — «Қараторғай», «Сырымбет», «Маңмаңгер», Мағжанның — «Япыр-ай»,  К.Салықовтың — «Аққу жеткен», Мұхиттың — «Жайма қоңыр», Естайдың — «Қорлан», Мариям Жагорқызының — «Дудар-ай», А.Жұбановтың — «Ақ көгершін», Біржан салдың — «Fашығым», С.Әбдінұровтың — «О, туған жер» Т.Мұхамеджановтың — «Заман-ай» және т.б. Бұл шығармалар бүгінде республикадағы әр түрлі жастағы, әр топтағы әр текті хор ұжымдарының репертуарынан берік орын алды. Ол шығармалар, алды көркемөнерпаздар репертуарында, оқу орындарының студенттер хорында оқу бағдарламасына енгізіп орындаудан бастап, арты үлкен хор мерекелерінің бағдарламаларында орындалатын туындыларға айналды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда да өз ісіне берілген маманның жасаға еңбегі жоғары бағаланып, бірнеше мәрте медальдар, айырықша төс белгілермен марапатталды.  Ю.В.Колчин «Қазақстан  Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық  медалімен (2002 ж.), ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекаралық қызметінің директорының құрмет грамотасымен (2008 ж.) марапатталып, есімі «Солтүстік Қазақстан облысы»- энциклопедиясына (2006 ж.) және «Қазақстанның белгілі тұлғалары» атты анықтамалық энциклопедияларға (2010 ж.) енді. СҚО телестудиясы Юрий  Викторовичтің шығармашылығына арнап 2009 жылы «Палитра» және 2012 жылы «Тұлға» аты деректі  фильмдер түсірді. Фильмнің басты кейіпкерінің өз ісіне деген адалдығы, өміріні барлық саналы ғұмырын хор өнеріне арнаған шынайы суреткерлігі жайлы тартымды сөз қозғалып, көп қырлы шығармашылық келбетін ашуға күш салады.

Ресейдің М.Мусоргский атындағы Орал мемлекеттік консерваториясы қабырғасында осы оқу орнын аяқтаған талантты үздік музыканттардың тізімде Юрий  Викторович Колчинның есімі де алтын әріптермен жазылған.

Халқымыз ер азаматтың түздегі, қоғамдық жұмысындағы жеткен жетістіктері мен табыстары үйдегі жан-жарының күнделікті тірлігімен тікелей байланыстырады. Тек күйеуінің тапқан табысын ұқсатудан басқа, әйел адамның қазақ түсінігінде ана болып ұрпақы тәрбиелеп  өсіруі. Сондай жүрек сезімінің жылуы мен  аялы алақанының қызуын аямай төгіп, Юрий Викторовичтің шығармашылық жұмысына барынша жағдай жасап, қолғанаты болған  Ғалия Сәкенқызы жайлы айтпай кету мүмкін емес. Нелер үлкен жобаларды өзі бастап, жұбайы қостаған шығармашыл жанұяның жүрек тамырының соғысына бірегей ырғақ сыйлаған жан – Галия сүйікті жар, балаларының анасы, тамаша музыкант. Юрий Викторовичтің өмірі мен шығармашылығынан жаны жайсаң Галияның алар орны ерекше. Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының камералық  хорының  хормейстері, педагог Ғалияның өмірдегі де, өнердегі де ұстанымы мен көзқарасы жұбайының көқарасынан алшақтаған емес. Әрине, шығармашылық ортада көзқарастар арасында келіспеушіліктер болуы заңды. Пікір таластыруға бұл жанұяда орын бар. Десекте, концерттің, шығарманың көркемдік деңгейін көтеруге байланысты конструктивті ой-пікірден туындайтын өзіндік тұжырымдар жалпы «жанұялық көркемдік кеңес» жұмыс қорытындысынан кейін әрқашанда орнықты, көкірекке қонымды, жүрекке жылы тиетіндей оң көзқараста шешімін тауып жатады. Бұл да болса Ғалия Сәкенқызының жарының алтын басын орнымен бағалай білетін адал жар, абзал ана ретінде өзінің миссиясын адал атқарған жан екенін көрсетеді. Екі қыз баланың ата-анасы болған бұл үлгілі жанұяда балалардың бәрі де тынымсыз еңбектенуге, өмірден өз орнын табуға өздері әрекет ететін ұрпақ өсіп өнуде. Үлкен қыздары Айжан Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін табысты аяқтап, өзінің «Kolchina» авторлық белгісімен бүгінде сәнді киім үйін ашып дизайнерлік жұмыспен айналысады. Кіші қыздары Лена спорттық гимнастикамен айналысып спорт шеберлігіне кандидат, бүгінде Ресейдің Омскі қаласында педагогика университетінде оқиды.

            Мұндай қуанышты күні Юрий Викторович секілді жаны жайсаң, тамаша жанға қандай тілектер айтылса да орынды. Ұстазымыздың бүгінгі жеткен жасына, мерейлі тойына құтты болсын айта отырып біз, барша шәкірттерінің атынан Маэстроға зор денсаулық, жанұясына амандық, жарқын шығармашылық ғұмыр, жаңадан биік белестерді тайсалмай бағындырып хор өнерін сүйетін барша қауымды мәнді де сәнді концерттік бағдаламаларымен тәнті ете беруіне тілектестігімізді білдіреміз!

Аманкелді МҰҚАН

өнертану кандидаты, М.О.Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институты Театр және кино

бөлімінің меңгерушісі

,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *