Дәстүрлі музыкадағы аңыз-әңгімелердің мәні

Көптеген аңыз-әңгімелер қазақтың музыкалық аспаптар мен аспаптық музыкасы халық өмірінде үлкен роль атқарады. Қазақ халқының рухани өмірінде аңыз-әңгімелер өте көп, оның ішінде музыкалық аспаптарға қатысты, және күй аңыздары ежелгі атам заманнан бері атадан-балаға жетіп, және осы уақытқа дейін сақталып келеді. Соған қарамастан, қазіргі таңда күй аңыздары этномузыкатанушылар мен орындаушы-күйшілер тарапынан жеткіліксіз зерттеліп, айтылмай келеді. Әйтсе де, күй аңыздары туралы А.Жұбанов, Р.Бердібаев, Т.Бекхожина, Е.Тұрсынов сияқты ғалымдардың еңбегінен күй аңыздарына музыка зерттеушілерден гөрі әдебиеттанушы ғалымдар көбірек көңіл аударған және олар бұл жанрды жеке фольклорлық туынды ретінде қарастырғанын байқаймыз [1;2]. Қазақтың ежелгі күй аңыздары тотем, магия, бақсыларға деген сенім-нанымнан туған. Күй аңыздарына алғаш рет арнайы көңіл аударып, оның жанрлық сипаттама беріп, аңыздарға ғылыми талдау жасай отырып, күй аңыздарын тарихи кезеңдерге бөлген әйгілі зерттеуші, ғалым Ақселеу Сейдімбек [3,141].

Домбыра аспабының керемет сакралды қасиеті – тілсіз сөйлеу. Аспап – күй арқылы иесінің барлық ішкі шерін, ойын жеткізе біледі. Сондықтан да күйдің шығу тарихы, аңызы күй өнерімен бірге туып, бірге келе жатқан тіпті оның айрылмас сыңарындай. Халық арасында шебер орындаушы мен қатар, сөзге шебер күйшілер де тараған. Соған байланысты, күй тартар алдында айтылатын аңыз-әңгімелерді айту дәстүрі қалыптасқан. Әр күйдің шығу тарихы, көркемдік маңызы сол күйге байланысты ауызша айтылатын әңгімелерге тікелей тәуелді және күй сазының өзіндік бітім болмысы да оның мәтіндік мағынасына орай құрылады. Музыка мен сөздің бірлігі мағынасы жағынан әрі композициялық жағынан бір тұтастығы – күйдің синкретті жанрға жататынын белгілі музыкатанушы-ғалым А.Мұхамбетова жазған болатын [4,120]. Ғалым күйлерді екі түрге бөлген. Біріншісі – аралас: әңгіме барысы музыкалық үзіндімен толықтырылып, немесе толық күйге аспаптық эпизодтарды кіргізумен жеткізіледі, яғни, күйдегі басты кейіпкерлердің тікелей сөзі немесе қимылдары музыкамен толықтырылады (аңыздағы күй, күй-аңыз). Мысалы, «Таңсаңшы ойбай, таңсаңшы», Құрманғазы «Не кричи, не шуми». Сонымен қатар, кейіпкерлердің іс-әрекетін музыкалық үзінді аңызда, салт туралы айтылғанда толықтырылады, мысалы, «Ақсақ құлан» күйінде жоқтау, естірту салты бар. Бұл топқа көбінесе ежелгі күйлер жатады. Сөз фольклорлық шығармаларына яғни ертегі, әңгіме, аңыздарға аспаптық қана емес, сонымен бірге әндік эпизодтар да енгізілген. Бұл туралы ғалым Т.Бекхожинаның еңбегінде жазылған [5,132]. Екіншісі – жеке: Аңыз-әңгіме айтылып болған кейін ғана күй орындалады, яғни әңгіме арқылы тыңдаушыға күйдің музыкалық, эмоциялық, эстетикалық мәні барынша түсінікті болады содан кейін күй орындалады (күй аңызбен, күй және аңыз). Бұл топқа авторлық күйлер жатады, яғни, күйдің өзі де, аңызы да сол күйді шығарушының өмірімен тікелей байланысты дүниеге келеді. Мысалы, Құрманғазының «Ақсақ киік» күйі, Құрманғазының аңға деген аяныш сезімі, аңшылардың әрбіреуінің және аңның қимылы айтылады.

Күй аңызы тек тыңдаушыны ғана емес, таратушыны да ерекше шабытқа бөлеп, күйді беріле тартуына себеп болады. Және аңыздар халқымыздың тарихи ахуалынан хабар берелік ең мол шежіре екенін пайымдатады. Осыған байланысты музыка зерттеуші Т.Сарыбаев «Күй аңызы – белгілі бір күйді басқа күйлермен шатастырып, алуға жол бермейтін «паспорт» қана емес, оның мәні әлдеқайда зор, ол белгілі бір күйді тудырған ор мен жағдай туралы бағалы ақпарат беріп қана қоймайды. Байыптап ден қойғанда, күй аңызының ақпараттық ауқымы мен бітім-қасиеті «паспорттық» деректен әлдеқайда өрелі екенін айқын аңғартады» деген құнды пікір қалдырған [6].

Өкінішке орай, күй аңыздарының осы аталып отырған айтылу, қолдану дәстүрі құрып бара жатыр. Күй бір бөлек, орындаушысы бір бөлек, аңызы бір бөлек бола алмайды. Сондықтан да, бұл синкретті жанрды бір тұтас дамыту үшін, арнаулы музыкалық оқу орындарында болашақ күйші мамандардың мамандық пәні сабақтарында да арнайы бағдарламамен күй аңыздарын оқыту керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, келешек этномузыкатанушы, зерттеуші ғалымдар да күйдің өзін нотаға түсіріп қана қоймай, аңызын да зерттеп, насихаттай отырып, ұлттық құндылығымызды сақтауда барынша зер салғандар жөн.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. Жұбанов А. Ғасырлар пернесі. Алматы, 1975.

2. Бердібаев Р. Эпос- ел мұраты. Алматы, 1995.

3. А.Сейдімбек Қазақтың күй өнері. Астана, 2002 .

4. А.Мұхамбетова. Б.Аманов. Генезис и эволюция казахского кюя//Казахская традиционная музыка и ХХ век. Алматы «Дайк Пресс» 2002.

5. Т.Бекхожина.Кюи-легенды//Народная музыка в Казахстане.Алма-Ата, 1966

6. Т.Сарыбаев. Функция синкретического музицирования в дореволюционном Казахстане. Известия Ан КазССР. 1968. №1

Ахат АБИШЕВ, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің ұстазы

,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.