Еліміздің ән өнеріне жаңа леп әкелген әйгілі «Роксонаки» этно-рок тобымен сұхбат

Айнамкөз: Қайырлы күн! Құрметті ұстаздар, студенттер және кеш қонақтары! Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының шаңырағына, 90-шы жылдары құрылып, сол жылдары «Азия дауысы» фестивалінің бас жүлдесін иеленген, қазақ музыкасы мен поэзиясын әдемі үйлестіру арқылы, қазақ сахнасына ерекше стильмен танылған «Роксонаки» этно-рок тобы қонақта. Қош келдіңіздер!

РоксонакиАсем: Қазақстанда 90-шы жылдары жаңа музыкалық бағытта «Motor-Roller», «Holy Dragons», «Субкультура», «Эклектика» сынды топтар құрылған болатын. Солардың қатарында көпшіліктің ықыласына бөленіп, қазақ сахна өнерінде самалдай жарқыраған «Роксонаки» тобы да бар. Аталмыш топ, Азия рок стилінің өзіндік бейнесін қалыптастыра білді және олардың музыкаға деген адалдығы қазақ сахнасына тың жаңалық әкелуге жол ашты. Топтың негізгі мақсаты – қазақ этномузыкасын үнемі жаңартып, заманауи нақышта орындау арқылы насихаттау. Осылайша, ешбір компьютерлік дыбыстардың көмегінсіз, джаз, арт-рок, фанк, рэп элементтерін біріктіріп, қазақ тілінде жанды дауыспен орындайтын бірегей этно-рок тобы өз елімізбен қоса шет елдерде өз тыңдарманын таба білді.

Алтынай:Топ атауы сақтардың аңызды елордасының атауымен байланысты. «Роксонаки» этно-рок тобы жетіген, шаңқобыз, сыбызғы, сазсырнай, қамыс сырнай, қауырсын сырнай сияқты халық аспаптарымен қоса алқым вокал әдістерін шебер қолдана отырып, ерекше туындылармен тыңдарманның жүрегінен орын ала білді.

Әрмен қарай аталмыш топ мүшелерімен сұхбат құрсақ…

Айнамкөз: Алғашқы сұрағымызды топ көшбасшысы Руслан ағаға дайындаған болатынбыз, өкінішке орай, Руслан аға ауырып қалып, бүгінгі сұхбатымызға келе алмады. Сол себепті, алғашқы сұрағымызды Ғалымжан аға сізге қойсақ. Топтың құрылу тарихына біраз тоқталсаңыз? Не ықпал етті? Қалай болды? Топ мүшелерімен таныстырып өтсеңіз…

Ғалымжан Секеев: Рахмет. Өте қуаныштымын. Білетін шығарсыздар, топ 90-шы жылы құрылған. Руслан аға студент кезінен рок музыканы жақсы көріп, қызығушылық танытқан. «Роксонаки» II ғасырда Торғай облысында өмір сүрген тайпаның атауы. Екінші жағынан, «рок» буыны біздің топтың негізгі музыкалық бағыты болғандықтан, соған ұқсастырып алынған. Сол себептен бірден жүрекке жақын естіліп, топтың аты «Роксонаки» болып қалды. Қазір топтың құрылғанына 28 жыл болды. Үш жыл бұрын мерейтойымыз болып концерт өткіздік, күй табақтар шығардық. Топтың құрамы қазіргі сәтке дейін бес мәрте өзгерген болатын. Топтың қазіргі құрамында:

Руслан Қарин — дауыс
Ғалымжан Секеев — жетіген, алқым вокал, сыбызғы
Аман Ақбаев — бас гитара, бэк-вокал
Жауынбаев Арсен — барабан

Роксонаки

Әсем: Осы уақытқа дейін топ мүшелері бірнеше мәрте өзгерді дедіңіз. Оның шығармашылықтарыңызға әсер еткен тұстары болды ма?

Аман Ақбаев: Негізінен топ құрамының өзгеруі шығармашылығымызға, ән әуенінің дыбысталуына әсер еткен емес. Кейбір кездерде әннің дыбысы бай естілу үшін топтың құрамында жоқ аспаптарды қосамыз, мысалы 2016 жылы өткен The Spirit of Tengri фестивалінде топ құрамына қыл қобыз аспабын қостық. Кейін басқа концерттерде қыл қобыздың тақырыбын клавиште немесе жетігенде орындай саламыз. Сондықтан құрамның ауысып отыруы айтарлықтай әсер еткен тұсы болмады.

Алтынай: Ұжымның жалпы мақсаты неде? Және де не себепті этно-рок жанрын таңдадыңыздар?

Ғалымжан Секеев: Рок жанрын Руслан аға таңдады. Ол кісі кішкентай кезінен рокты тыңдап өскен, қызығушылығы осы бағытқа басым болып, жүрегі қалады. Кеңес кезінде рок стиліндегі топтар көп болмады. «Роксонаки» бірден алдыңғы қатарға шықты, ел тани бастады. Гитара, барабан және көмейдің үйлесімі роктың гармониялық тұрғыда өзгеше болуына септігін тигізді.

Роксонаки

Айнамкөз: Сіздердің шығармаларыңыздан көне түріктердің мәтіндері мен қазақ этномузыкасының рок-н-ролл стилімен қосылуының ерекше музыкалық үйлесімін естуге болады. Бұл үйлесімділік қайдан бастау алды?

Ғалымжан Секеев: Қазақтың асыл мұрасы болып есептелетін көне мәтіндерін, жыраулардың, ақындардың шығармаларын жоғалмай жарыққа шығуын Руслан аға басты мақсат етті. Өсиет сөздерді насихаттау мақсатында осы ойды қолға алдық. Алғашқыда бір мәтінді рок музыкаға салып көрдік. Керемет үйлесімді естіген соң, осындай әндер қатары көбейе түсті. Әндеріміз Үмбетей жырау, Бұхар жырау жырларына, Шал ақын өлеңдеріне жазылған. Одан бөлек, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиевтердің де атын атап өтсек болады. «Сөз», «Не өлмес», «Ашу», «Терме» секілді әндерімізге осындай мәтіндер арқау болған. Одан бөлек 15 шақты шығарма осы ұлы ақындарымыздың сөзіне жазылған.

Әуенін жаздыруда белгілі бір композиторлармен жұмыс жасамаймыз. Бұрынғы композиторлардың да әндерін аламыз. Мысалы, халық әндерімен қоса, Ахмет Байтұрсыновтың «Аққұм», Ескендір Хасанғалиевтің «Айым болып тудың ба» әнін де орындағанбыз. Көбіне Руслан аға екеуіміз шығарамыз. «Бала уатуды» өзімізше өңдеп, алып шыққанымыз да бар. «Ақбаян» әніміз «Возвращение в «А»« филіміне саундтрек болды. «Айкен-ай», «Дүние жалған», «Қара құрт» әндері арқылы бізді танып жатады.

Әсем: Топтың ерекшелігі қандай? Яғни топтың негізі неде жатыр?

Аман Ақбаев: Негізгі мақсатымыз – қазақ этномузыкасын насихаттау. Әр түрлі аспаптардың қолданылуы әуендік, гармониялық тұрғыда әндерімізге ерекшелік береді. Басқа топтардан ерекшелігіміз қазақтың, басқа да халықтардың ұлттық аспаптарын барабан қондырғысы, бас гитара, акустикалық гитара, клавиштік аспаптармен біріктіріп орындаймыз. Қазақтың көмеймен айту дәстүрін қолдануымыз да біздің басты өзгешелігіміз.

Алтынай: Сіздер мульти-инструменталистсіздер. Жетіген, болгар және үнді сыбызғылары, қытайдың хулуз, австралиялық диджериду аспаптарында ойнау, сонымен қатар көмеймен ән айту әдістерін жетік меңгергенсіздер. Сонша аспапты ойнауды қайдан, қашан үйренгендеріңіз бізге қызықты. Сол жайында айтып берсеңіздер.

Ғалымжан Секеев: Студент кезімде түріктің көмеймен ән айту мәнеріне қызықтым. Үйренсем бір басқа кеңістікке кіріп кететіндей ойлайтынмын. Ресейде оқып жүрген кезімде алтайлықтармен, буряттармен кездесіп, солардан сабақ алдым. Шаңқобызды да сол жақта үйренгенмін. Жетіген аспабының тарихымен танысқаннан соң аспаптың өзіне деген қызығушылық пайда болды. Аспаптың дыбысы, одан шыққан әуен өзім лирик болған соң сондай жақын болды. 22 ішектен түрлі гармония, айналым, глиссандо алуға болады. Тубаның даңғыра аспабын тапсырыс беріп алдырдық. Руслан аға моали аспабында ойнайды. Аспап шамандық аспапқа ұқсайды. Үнділік, болгариялық, қырғыздың сыбызғы аспаптары да бар. Біз тек қазақ аспаптарымен ғана шектелмей, аспаптық шекарамызды кеңейте береміз.

Айнамкөз: Шығармашылықтарыңыз негізінен қандай тыңдармандарға бағытталған? Және әндеріңіздің өңдеу жұмыстарымен кім айналысады? Осы жайында қысқаша айта өтсеңіздер…

Аман Ақбаев: Әндердің өңдеу жұмыстарымен Ғалымжан аға өзі айналысады. «Тамыр» күйтабағындағы әндердің барлығы Ғалымжан ағаның еңбектері.

Ғалымжан Секеев: Әндеріміз жастарға арналған. Өкінішке орай ұмытылып бара жатырмыз. Десе де, біз қазір орта жастағы адамдардың есіндеміз. Жастар бізді біле бермейді, ал естіп жатса «осындай топ бар ма?» — деп, таңғалып жатады. Әрине таңданыс жақсы жағынан…

Роксонаки

Әсем: Қазақ сахнасында өнер көрсеткендеріңізге 30 жылға жуық уақыт өтті. Сол аралықта көптеген марапаттарға ие болдыңыздар. Тағы қандай жетістіктеріңіз бар? Бөлісе отырсаңыздар…

Ғалымжан Секеев: 1990 жылы халықаралық «Азия даусы» фестивалінен бас жүлдеге ие болдық. Одан бөлек Германия, Канада, Норвегия елдерінде 1-ші, 2-ші құраммен көптеген фестивальдарға қатыстық. Жаңа топпен Шанхайда жыл сайын өтілетін фестивальда өнер көрсеттік. Қытай, Грузия, Венгрия, Румыня, Голландия елдерінде қазақ музыкасымен таныстырып, концерттер өткіздік.

Аман Ақбаев: Руслан ағалар Американың 6 қаласында концерт берген. Сонда бір қызық жағдай болғанын бізге айтып берген. «Бұлт шақыру» әнін орындаған соң жаңбыр, қар жауған. Осы жағдайдан соң Американың оңтүстігінде орналасқан Пенсильвания штатына арнайы жаңбыр үшін шақыртқан екен. Бұл әрине шамандық сөздердің қасиеттілігінен десек болады.

Алтынай: Өткен айда Қытай Халық Республикасына ән сапармен барып қайтқандарыңызды білеміз. Көрші елдің өнерсүйер қауымы сіздерді қалай қарсы алды?

Ғалымжан Секеев: Қытайлардың өзінде 1000 — ға жуық аспап бар. Соған қарамастан біздің аспаптар туралы білгілері келді десек болады. Олардың ойналу әдісіне, дыбысына қызығушылық танытты. Әсіресе жетігенмен халық әндерін, шамандық шығармаларды ойнаған кезде таңданыстары бөлек болды. Олардың өздерінде жетігенге ұқсас гуджин аспабы бар. Дегенмен жетігеннің нәзік дыбысталуы оларға қатты ұнаған секілді. Бірақ шығарманың техникалық жағынан жақсы орындалуына ғана емес, жүректен шығып, тыңдарманның жүрегіне жеткізе білуді де білген жөн.

Айнамкөз: Қазақстандағы рок, фольклорлық музыканың дамуы жалпы әлемдік музыкамен салыстырғанда қандай деңгейде? Өз ойларыңызбен бөліссеңіздер…

Аман Ақбаев: Елімізде «Тұран», «Үркер», «Тиграхауд», «Ұлытау», «Алдаспан» сынды рок стильді топтар бар. Бұл бізді әлемдік деңгеймен салыстыру үшін азғантай. Бір жағынан Қазақстанның тұрғын саны аз болғандықтан, бұл да дамуға әсерін тигізетін фактордың бірі.

Ғалымжан Секеев: Музыканың дамуы үшін де сұраныс болу керек. Мысалы Қазақстанда 15-20 шақты рок топтары болған жағдайда, олардың екі-үшеуі әлемдік деңгейге шыға алар еді. Өкініштісі, сол топтар қазіргі таңда саусақпен санарлықтай ғана. Әлемдік кеңістікке шығу продюссерге де байланысты. Патриот болу керек. Негізі осы сұрақ қазіргі Қазақстан музыкасындағы негізгі мәселелердің бірі.

Әсем: Сіздер рок жанрын этномузыкамен әдемі үйлестіру арқылы қазақ ән өнерін жаңа белеске шығара білдіңіздер. Одан кейін рок жанрында орындайтын топтар көбейе бастады. Шынтуайтында, сіздер талай өнерпазға ұстаз, мектеп бола білдіңіздер деп ойлаймыз. Қазақстанда осы бағытта мектеп ашу ойы бар ма? Шәкірт дайындауға қалай қарайсыздар?

Ғалымжан Секеев: Негізінде, өзіміз әлі шәкіртпіз. Біздің үйренетініміз де көп. Бірақ, келіп сұрап жатқандардың бетін қақпаймыз әрине. Мысалы, Қытайда тұратын этно-рок музыканттарының көбісінде «Роксонаки»-дің күйтабағы болады екен. Қытайға барған бір сапарымызда Руслан ағаға «көп нәрсені сіздерді тыңдау арқылы үйрендік, біздің ұстазымызсыздар» деп айтып жатқандар болды. «Бізді тыңдап көріңізші» деп өтініш айтатындар да кездесіп жатады. Әрине бұл өзіміз үшін жақсы. Өзіміздің білетінімізді көрсете білуіміз керек, сонда ғана шәкірттер көбейеді, білімді, орындаушылық тұрғыдан мықты шәкірттер шығады.

Роксонаки

— Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге алғысымыз шексіз! Сіздермен сұхбаттасқанымызға қуаныштымыз. Алдағы уақытта шығармашылықтарыңызға таудай табыс, сарқылмас шабыт пен жетістіктер тілейміз! Сау болыңыздар!

 

Сұхбатты өткізгендер Құрманғазы атындағы ҚҰК
4 курс студенттері Айнамкөз ИДАЯТОВА
Әсем МЕЙІРБЕКОВА
Алтынай АЛАШБАЕВА

,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.