Ресей музыкалық театрларының бүгінгі келбеті (Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан театрларынан әсерлер)

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының шетелдегі қазақтардың әдебиеті мен өнерін зерттеген ғылыми жобасы қандастарымыздың шоғырлана орналасқан Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Ресейдің шекаралас жатқан елді мекендерінен ғана іздетпей, одан өзге, ірі мәдени орталықтарына да бет бұрғызды. Ресей империясының қармағында бірнеше ғасырлар бойы өмір сүрген қазақтың өнері мен әдебиетінің дамуында маңызызор болған – Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан секілді бас қалаларының ролі зор. Мұндағы мұрағаттар мен мұражайларда өткен тарихымызға байланысты құнды деректердің сайрап жатуы заңдылық. ХІХ-ХХ ғасырларда ұлтымыздың рухани құндылықтарын жасаған алаштың абзал азаматтарының оқып білім алған, олардың еңбек еткен ізі бұл қалаларда көптеп кездеседі.Бұл қалалардың қазақ рухани өмірі мен мәдениетіндегі алар орны да ұшан теңіз.

Осы іссапар барысында Ресей театрларының бүгінгі тыныс тіршілігінен хабардар болу мақсатында күнделікті кешті бос жібермей театрларды көруді мақсат еттік. Бұл біріншіден, театртанушының күнделікті жұмыс бабы, кәсіби қызығушылығы десек, екіншіден, біздің қазақ кәсіби театрының бастау көзінде болған Ресейдің мәдени өмірінің көшін бастаған бас қалалар сахнасының бүгінгі тынысымен танысу. Осы кештерде көрген музыкалық театрлар қойылымдарынан алған әсеріміз жинақтап беруді жөн көрдік. Өзге де белгілі театрларының драма спектакльдері жайлы ойымыз кейінгі әңгіме тақырыбы.

Сонымен, біздің театрға жорығымыз алдымен Мәскеудің Үлкен театрынан басталды. Ресейдің бас театры, келімді-кетімді қонағы көп қаланың алдымен бағыт ұстар темірқазығы да осы Үлкен театр деген атында болса керек. Аты әлемге танымал көне театр, көне ғимараттың бірнеше жылдар бойы күрделі жөндеуден кейінгі жаңарып, жасарған келбетін көру де халықты қызықтырады емес пе? Кассада мүлдем билет жоқ.Бұл жерде театрға билет толығымен электронды кассалар арқылы сатылу әлде қашан жолға қойылған. Жұрттың басым бөлігі алдын ала офистен, үйден интернет арқылы қалаған жеріне, қалтасы көтерген сомасына қарай орын таңдайды. Өте қолайлы жүйе. Артық уақытыңды жұмсамай, компьютер тетігін баса отырып тез шешесің. Біз болсақ осындай жүйенің барын білсек те сол қазақшылығымызға салып, жүргенге жергөм ілінердің керін жасап «бір реті болар, ауыс-күйіс билет табылып қалар» деген оймен ойын басталар алдында театрға жетіп келдік.

М.Глинка Руслан және Людмила операсынан 1 сахна. Режиссёр Д.Черняков

М.Глинка Руслан және Людмила операсынан 1 сахна. Режиссёр Д.Черняков

Спектакль басталар алдында есік аузынан әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған топқа (студенттер, зейнеткерлер) арналғанбіздің ақшаға шаққанда 2500 теңгеге арзан билетсатып алып театрдың алтыншы қабатына көтерілдік. Табылғанына қуанып орнымызға келсек, театрдың өте қолайсыз жерінде отырады екенбіз. Енді байқадық, алған билетімізде де «қолайсыз орын» деп жазылған екен.

Біздің көрген спектакліміз орыс классик композиторы М.Глинканың классик ақын А.С.Пушкиннің поэмасы негізінде жазған «Руслан және Людмила» операсы. Бүгінгі күнге лайықтап қойған режиссері әрі суретшісі соңғы кездері сахнаға шығарған әр қойылымынан «шу шықпаса, тыныш ұйқтай алмайтын» музыкалы театрдың белгілі режиссері Д.Черняков сахналапты. Мұнда операда баяндалатын уақыт пен бүгінгі күн арасындағы шекара сызықтары алынып тасталған. Режиссер автордың музыкалық материалын сақтай отырып сахналық әрекет пен оқиға орнын бейнелеуде, киімдері мен декорациясын жасауда еркіндік танытқан. Сахнада кеше мен бүгін күн өлшемдері мидай араласып кеткен.Оқиға атам заманғы ертегі кейіпкерлерінің ортасында болатын тойда қолына видеокамера ұстаған оператордың үстел басындағы қонақтарды түсіріп жүруі, оны сол сәтте сахна төріндегі екі үлкен экраннан көрсетіп жатуы, көрерменді режиссер тарапынан сахналанған спектакль оқиғасының соңынан жіппен байлап жетеленген боташа елітіп отырады. Алғашқы той сахнасында орыстың ұлттық костюмінде болған Руслан, Ратмир, Фарлаф батырлар Людмиланы іздеп келесі суретте жолға джинси, көйлектермен шығуы, соғыс даласындағы өлген жауынгерлер көрініс соңында орындарынан тұра келгенде үстеріне киген бүгінгі әскри комуфляждарымен көрінуі, Фаинаның Руслан бахадүрді өзінің хор қыздарымен келіп арбайтын жерде – шаруашылығы жолға қойылған жезөкшелікпен айналысатын борделді беруі, соңғы Людмиланың тұтқында жататын жері Черномордың сарайы емес, әппақ қардай стерилді таза, бәрі өзінше ашылып жабылатын «ақылды үйді» еске салатын клиникалық палатаны беруі режиссер қиялының біраз жерді шарлап қайтқандығын көрсетеді. Негізгі тартыс екі күш, Руслан – А.Тихомиров пен Людмила – У.Алекюктің бақытты болуын қолдаған Финн/Баян – Чарльз Уоркман және олардың бақытына сына қағу үшін қарсы әрекет жасап кедергі келтіруге барын салатын мыстан Наина – Е.Зарембаның күресі, осы екі күштің жекпе-жегі менқақтығысты көрсетіледі. Әр суреттің алдында сахна көлеміндей үлкен экран-перде арқылы ірі планда партияны орындайтын актерлердің өзара тайталасы, мимикасын анық көрсетер суреттермен байланыстырылған.

М.Глинка Руслан және Людмила операсы. Соғыс даласы сахнасы. Реж. Д.Черняков

М.Глинка Руслан және Людмила операсы. Соғыс даласы сахнасы. Реж. Д.Черняков

М.Глинканың музыкасы мен жақсы таныс, дәстүрлі үлгідегі қойылым көруге келген халық пен режиссерден ескіліктің шырмауынан шығатын жаңа қойылым, соны жол күткен көрермендердің ара жігін осы спектакль ашып берген секілді.Спектакльдегі заманның кейбір көріністерін еске салатын сахналары таңдандырып, ашуландырып, ішек түйілердей күлкі туғызып бей жәй қалған көрермен залда жоқтай. Көрермен қанша түңіліп немесе күліп отырғанымен сахнадағы оқиғаларды көз жазбай тамашалап, үш жарым сағат жүретін операны аяғына дейін қызығушылықпен тыңдайды. Оркестр ойығындағы музыканттардан бөлек сахнаға фортепиано, арфа, жеке скрипка, үрмелі аспаптарында орындаушы музыканттар шығарылып ойын әрекетіне кірістіріліп,спектакльдің тең құқықты орындаушысы актерлеріне айналған. Режиссер опера партитурасынан бүгінгі өмір салтымен үндесетін «өткір» тақырыптар тауып әзіл де, әжуа да, мысқыл да, салмақтылық пен сабырлылық көрсетер үндерді тауып бере білген.Бұл спектакль режиссурасының дәл сол кездері Ресей ұлттық театр қайраткерлерінің «Алтын маска — 2012» конкурсында «үздік музыкалық театр режиссурасы» номинациясы бойынша оза шауып жеңімпаз атануы театр академиктерінің бұл жолы заманауи режиссураның ізденістеріне ден қойып, қолдау көреткені деп білдік. Болмаса биылғы жылы да бәйгеге қатысқан көптеген номинанттар ішінен классиканы «дұрыс» оқыған режиссерлік жұмыстар жетіп артылатын.

Дәстүрді берік ұстанады деген Ресейдің бас өнер ордасы – Үлкен театрда орыстың ұлттық композиторлық мектебінің көшін бастаған М.Глинканың ұлттық тақырыпқа жазған, орыс ұлттық бояуы қанық операсын бүгін осылай көрсетуін, біз көне театрдың жаңа ұстанған репертуарлық саясатының жемісі деп білдік. Бұдан бірнеше жыл бұрынтеатрдың бас директоры А.Иксанов өзінің бір сұхбатында «Әрбір жаңа қойылым – бұл тәуекелге бел буу» депжаңа қойылым таңдауда абайлап, жауапкершілікпен жоспар жасайтынын білдірген. Сол нар тәуекелге барудан театр қазір сескенбейтін секілді. Айтса айтқанында тәуекелге барған театрдың бұл қойылымы бүгінгі қоғам өмірінде қызу пікірталас тудырумен бірге театрға деген көпшіліктің назарын толығымен аударып келеді. Театры өте көп Мәскеу қаласында Үлкен театр замана үрдістерінен кейін қалмай,халықтың қызығушылығын оятып, көрерменді театрға көптеп тарту мәселесін осындай жолдармен шешіліп жатса операның көрін қазып, жаназасын шығарып қойғандар әлі демалысқа бара тұруларына тура келетін секілді. Себебі қазір театрда көрермен бар,көрермендер ортасында айтылар өнер туралы қызу пікірталас бар, …алға қарай өсу бар.

Н.И.Сац атындағы балалар музыкалы театры балалар аудиториясына арнайы, қойылым жасайтын бірден-бір өзіндік спецификасы, ұстанған бағыты бар театр. Біз бұл театрдың кіші залында режиссер Г.Исакиян қойған «Игра о душе и теле» атты ортағасырлық итальян композиторы Эмилио Кавальеридің туындысының (1600ж. жазылған) сахналық нұсқасын тамашаладық. Шіркеуде қалыптасқан діни мистерия мен сарайларда пайда бола бастаған жаңа жанр – опера өнерінің бастау көзінде дүниеге келген бұл шығарманың сахналық нұсқасын ұжым сол заманның барлық шарттылықтарды ұстана отырып жасаған. Алдымен спектакльге музыкалық сүйемел жасайтын оркестрге жетекшілік етуге арнайы ағылшын дирижері әрі музыкалық жетекшісі Эндрю Лоуренс-Кинг шақырыпты. Орта ғасырлық, барокко дәуірінің музыкасын орындау стилистикасын жақсы сезінетін, сол кезең музыкасымен арнайы айналысатын бұл музыкант клависин, псалтерион, барокколық арфа-triple аспабында ойнап, жекеленген тұстарда оркестрге дирижердің орнындайтын міндетін атқарып оркестрге, хорға жетекшілік етіп отырды. Оркестр құрамына енгізілген біз бұрын атын естімеген: цинк, орган-позитив, теорба (бароколық гитара), архилютня, сакбаут тенор, сакбаут альт т.б. секілді көне аспаптардың орындауында тыңдап сол ортағасырлық, барокко дәуіріндегі оркестр құрамының үнімен, дыбыс бояуымен, діни оқиға желісінің сусындауға мүмкіндік береді. Хор сахнада шіркеуге келген мүміндер, орындаушы әрі белсенді әрекет етуші әнші-актер болып көрінеді.

Спектакль негізіне діни процессия кезінде шіркеуге келген мүміндерге ән, күй, сахналық ойын арқылы құдай жолына түсуді, түзу жүріп-тұруды, жан мен тән арасындағы қызу тартысқа құрылған сахналық көрініспен баяндайды. Кейіпкерлерінің атының өзі: Жан, Тән (жас, орта, ересек кезеңдегі), Уақыт, Ақыл, Ой, Рахат, қорғаушы Періште, Қарғысты Жан, Таза Жан – деп айтып тұрғандай пенденің бойында кездесетін әр алуан жақсы мен жаманның тартысын, тақуалық өмірдің жеңісін суреттейді. Біздің ойымызша спектакль тарихи танымдық тұрғыдан, көне музыкалық мәдени мұраны қайта тірілту жолында үлкен жұмыс жасалған. Орындаушылар құрамы мен олардың сахнадағы жүріс тұрысы, іс әрекетінде тақуа-аскеттік бояу басым. Десекте, сырт қарағанда салқын болып көрінген орындаушылардың екі жақты айтыс-тартысқа құрылған монологтары мен диалогтарын театр артистері қызуқанды эмоцияға толы сезіммен орындады. Сол дәуірдің адамдары бойындағы жан сұлулығы мен тән сұлулығын терең зерттеп сезіне бастаған Қайта өрлеу дәуірінің еркіндікке, адам бойындағы сұлулықты танып білуге ұмтылған сезімталдық іздері анық көрінеді. Спектакль «Алтын маска» бәйгесіне бірнеше сала бойынша ұсынылып ешқандай номинацияда аты аталмаса да, жас ұрпақ көрермен көне шығарманың сахналық үлгісін жасай отырып өнер ұжымы театр танымдық, зерттеушілік, тәрбие-тағлымы мол оригиналды қойылымымен көріне алған.

Осы театрдан біз қазақ кәсіби сахна өнерімен бір тамырласқан жақындық көреміз. Бізді өзіне магнитше тартқан да сол кісінің есімі – Қазақстан мен Ресейге ортақ театр қайраткері Наталья Ильинишна Сац, оның салып кеткен үйі. Алматы мен Мәскеуде осы кісінің атындағы жастар мен балалар театры бар. Біздікі жәй ТЮЗ болса олардың театры балалар музыкалық театры. Осы жерде танымал режиссердің екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Алматыда эвакуацияда бірге болған қызы Роксана Сацпен арнайы барып жүздестім. Анасы тұрғызып кеткен театрда педагог болып жас көрермендермен жұмыс істейтін Роксана Николаевна бізді көргенде жүзі нұрланып өзінің жастық шағы өткен сүйікті қаласы, театры, оның шығармашылығы жайлы қызыға сұрап жатты. Қоштасар сәтте барлық ол алматылықтарға, жалпы қазақстандықтарға амандық, саулық тілеп, «Алматыда өткізген ұмытылмас сәттерім жайлы жазылған жолдар бар» – деп өзінің «Путь к себе» атты естелік кітабын бізге авторлық қолтаңбасымен сыйлады.

Н.И.Сацтың қызы Роксана Сацпен

Автор Н.И.Сацтың қызы Роксана Сацпен

А.Калягиннің «Et cetera» театрында танымал композитор Мэл Брукстің Бродвей сахналарында жақсы жүрген «Продюссерлер» спектаклін көрудің реті келді. Жоғары бюджетті, көп санды орындаушылар құрамды, киімдері бүтін, бүгінгі театрлардың көрсететін мюзиклдері осындай болуы керек деген ойға жетеледі. Театр толық: оркестр, бишлер, актер әншілер, хор-массовка бәрі орнында. Режиссура да бар, орындаушы әншілер де бар екен. Театр ересектерге арналған Бродвей мюзиклін аударып орыс көрерменіне лайықтап, барлық жағынан ойластырған, ерескетрге арналған спектакль жасапты. Театрдың техникалық мүмкіндігі де барлық жағынан жеткілікті екендігі көрініп тұр. Сахнаны көркем безендірілуі атақты Бродвейдің спектакльдерінен кем емес,көріністері жылдам ауысатын динамикалық жарқын шоу жасай алған. Спектакль 18 жастан жоғары ересектерге арналғандықтан,кейбір жас балалар көруге ертерек ересектердің есітіп, көруіне болатынанайылау сөздер мен сахналар баршылық. Көрермен театр залында өзін қымсынбай еркін сезінеді. Бұдан бірнеше жылдар бұрын сахнаға шығарып, бүгінде репертуарда сәтті жүріп жатқан О.Табаков театрының «Конек Горбунок» спектаклі арнайы тапсырыспен жанұялық тамашалауға арналғандай етіп қойылған блатын. Ата-аналар балалары мен немерелерін қымсынбай барып көрсететін сәтті қойылым.

Жұмысын сауатты жолға қойған, репертуарын талғаммен түзе білген жекеленген театр жетекшілері үшін бұл мәселе шешілген десекте, біздің қазақ театрлары спектакльдерінде мұндай жасқа шектеулер қою үрдісі толық қалыптаспаған десе де болады. Күндіз көрсетілетін балалар спектакліне бала бақшадағы және бастауыш сынып оқушылары тоғытылады да, кешкі спектакльге ересектерден бастап құндақтаулы балаларға дейін бәрі бара береді. Әр топтың қызығушылық тудыратын тақырыбы, арнайы қойылымдары жасына қарай қалыптастырған жөн.Көрермендерге таңдау құқығын беру арқылы арнайы жас мөлшерін есепке алып спектакльдер жасайтын уақыт әлдеқашан келген. Оны театр жетекшілері дұрыс түсініп, өздеріне пайдалы жақтарынан қорытынды шығарып жатса дұрыс болар еді.Орыс тілді театрларымызда негізгі сахнадан бөлек кіші залдарында ересектерге арналған қойылымдар көрсетіп жатады. Осы үрдісті қазақ театрлары да енгізу керек.

Санкт-Петербург қаласы Ресей империясының талай жылдар астанасы болған, таза еуропалық үлгіде қалыптасқан театрлары бар ірі мәдени орталығы. Қазір қалада жиырмадан аса театрлар жұмыс істейді екен. Алпыстан аса қызметкерлері бар РФ Театр қайраткерлері Одағының Санкт-Петербургтік бөлімшесі бүгінде Нева даңғылының бойында арнайы бөлінген Актерлер үйінде орналасыпты. Одақтың төралқа төрағасының орынбасары Л.Р.Новикова жылыжүзбен қабылдап, өздерінің хал-жайымен, жасап жатқан жұмыстарымен таныстырып өтті. Театр залы, бай кітапханасы, кафесі, рестораны, балалар лагері бар бүгінде Одақ мүшелелері тіркелген, науқастарды жеңілдікпен қабылдайтын емхана да сол Актерлер үйінің ауласында екен. Ұзақ жылдық тарихы, бай кітапханасы, мәжіліс залдары бар бұл үй шын мәнінде орыс-кеңес дәуірінің талай тарлан актерлер мен режиссерлердің бас қосқан, үлкен қаланың бүгінгі барлық шығармашылық жұмыстарының бел ортасындағы ұйым.

«Санкт-Петербург опера» театрында «Елена Прекрасная» опереттасы қойылмақ екен. Реті келіп тұрғасын қазақстандықтарға етене жақын болып кеткен белгілі опера режиссері, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ю.И.Александровтың театрын барып көру бізді қызықтырды және баруымыз жақсы кеш сыйлады. Режиссердің өзін көре алмасақ та, бас администраторымен тілдескенде, сөзге келместен қосымша үш орындыққа билет жазып берді. Телефон арқылы бейтаныс, Қазақстаннан келген кісілерге «жоқ» деместен, жасаған ілтипатын көре отырып Жамбыл-Жәкем айтқан «Ленинградтық өрендерімізге» риза болдық. Біздің бұл байқағанымыз бүгін, осы жерде ғана емес, жалпы орыс халқының зиялы қауымына тән бұрыннан бар қасиет. Ғылыми-зерттеу институттарына, жоғары оқу орындарында молынан көруге болатын құрмет. Көше қоғамның айнасы, сыпайысы да, сызылғандары да кездесіп жатқанымен Нева жағалауы бізге өзіміздің Алматыда жүргендей ерекше әсер етті.

Сырты тас кірпіштен қаланған қаланың көп үйлерінің біріне ұқсағанымен ішкі жасауы керемет барокко үлгісіндегі ою-өрнектермен безендірілген Барон Дервиздің кең сарайы болған «Санкт-Петербург опера»театрының іші көз тоярлықтай екен. Оперетта жанрының негізін қалаған француз композиторы Жак Оффенбахтың Ю.Александров қойған «Прекрасная Елена» спектаклі осы театрдың ішкі безендірілуімен үндесіп жатқандай әсер қалдырды.

Опереттаның тақырыбы ескі болғанымен театр жеңіл жанрдың көтерер кейбір ауыр мәселелерін орнымен аша білген. Шығармаға Көне дәуірдің белгілі абызы Гомердің жазып кеткен «Иллиадасынан» Троя қаласы үшін құдайлар мен адамдардың қатысуымен болатын жойқын соғыстың себепкері болған Менелай патшаның әйелі Елена сұлудың Троя патшасы Приамның ұлы Париспен қашатын тарихы алынған. ХІХ ғасыр ортасында, екінші Империяда өмір сүрген француздар талғамына тән, сол ортаның барлық ермегін жақсы біліп, жеңіл күлкі, шымшыма әзілге құрылып, шебер музыкамен сипаттаған Ж.Оффенбахтың көңілді музыка эстетикасына сай көрерменге жеткізуге тырысқан. Режиссер актерлерге автор музыкасына сай келетін сахналық ойын шартын, қимыл-әрекет кілтін тауып екі үзіліске қарамастан спектакль бір деммен өтетіндей етіп жасаған.

Режиссер жас орындаушылармен, шағын оркестрімен, жүз сексен адамдық залға көңілді қойылым шығарған екен. Оркестр шағын ғана камералық құраммен партитураны абайлап, барын салып орындап шықты. Әр алуан репертуардан партиялар айтатын театрдың көркем-орындаушылық деңгейі, жас әншілері мен жақсы әсер қалдырды. Шағын театрлар желісін қалыптастыру бұл, қаланың имиджін көтеруге, ондағы мәдени орындардың жұмысын әр тараптандыруға жақсы жағдай жасамақ. Мемлекет тарихи-мәдени мәні бар үлкен сарайларды сән-салтанатымен қалпына келтіріп, театрларға берсе неге жұмыс істемеске? Жеке театрдың қаншама адамдарға жұмыс беріп қаланың «мәдени астанасы» атын шығаруға қомақты үлес қосуда. Театр сахнасының шағын екендігін көре тұрып бұдан жеті жыл бұрынғы режиссермен сұхбатымыз есімізге түсті.

Астана қаласында Бейбітшілік және келісім сарайы (Пирамида) құрлысы аяқталуға жақын қалған кезде опера театрын сонда көшіру жайлы әңгіме қызу жүріп жатты. Театр ұжымының ескі орнынан қозғалғысы жоқ. Режиссергетеатр сахнасының қолайсыздығы, штанкеттерінің толық көтерілмейтіндігі жайлы айта келе, «Астана – бас қала, кейінірек Маринский немесе Метрополитен опера театрлары өздерінің үлкен спектакльдерімен гастрольге келіп жатса,мына театр сахнасында қалай өнер көрсетпек? – деген сұрағыма ол, «Сол да әңгіме болып па, бір-екі декорациялық матаны ілмегеннен спектакльдің ештеңесі де кетпейді. Оған бола қиналмай-ақ қой» – деген уәж айтқан болатын. Режиссердің өз үйіндегі сахнасының көлемін көргеннен кейінгі сол айтылған әңгіменің мәнісін түсінгендей болдық.

Қаланың өзге де театралды-концерттік өмірі қайнап жатыр десе болғандай. Дәл сол күндері бірге концерт сахнасына шығатын танымал пианист Д.Мацуев пен есімі жер жарған дирижер В.Гергиевтің концертіне билет атымен жоқ. Михайловский атындағы опера және балет театрына да билет жоқ. Мариинский театрына П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсына билет алдық. Қалаға келіп тұрып бұл танымал театрды көрмей кетудің өзі ұят болар еді. Екінші театр және концерт сахнасында бір мезгілде қатарынан спектакльдер жүретін ұжымның көрермені мол, жұмыс кестесі қауырт. Мамыр айында жаңадан жұмысқа қосылатын Мариинский – 2 театрының cахнасы ең соңғы театр ғимаратының техникалық жетістіктерімен қаруланған. Консерваторияға барып сол жерде Режиссура факультетінің деканы С.А.Гаудасинскийге кіріп, оқу бөлімінің бастығымен сөйлесіп Қазақстан азаматтарының осында оқуға түсу жайын сұрастырып білдік. Шіркін ай бұдан бір жиырма жыл бұрын болсайшы, бүгінгі жастарда қаншама мол мүмкіндіктер бар.Соған қазір баратын кім бар? Болмаса осындай өнер мен мәдениеттің қайнаған ортасында жүру, оқу, күнделікті көру қаншама шығармашылық шеберлікті өсіруге мүмкіндік берер еді. Тегін оқып білім алуға болатын, шығармашылыққа талпынған жанның Меккесі десе болғандай. Күнде жаңалық, күнде бір фестиваль, күнде әлемдік өнер жұлдыздардың концерті.

Мариинский театрының «Евгений Онегинінде» зал көрерменге лық толы. Кезінде біздің Абай атындағы мемлекеттің опера және балет театрының режиссері болған Еркін Габитов қазір осы театрында қоюшы режиссері болып жұмыс істейді екен. Атақты Мариинский театрының біз көрген «Евгений Онегин» қойылымы белгілі театр дирижері Юрий Темиркановтың кезінде жасаған опера спектаклінің жұрнағы екен. Оның Алматыда жұмыс істеген кезде жасаған спектаклінің көшірмесі десе де болады.Біраз мизансценалар, көпшілік сахналар біздің театр сахнасындағы қойылыммен үндессе де партияларды атқарушы әншілер жаңа, жастардан тұратын тәуір орындаушылары бар екен. Татьяна – М,Баянкина, Ольга – Ю.Маточкина, Онегин – А.Бондаренколар өз партиясында тұңғыш өнер көрсетіп өздерін вокалдық, артистілік тұрғыдан көрсете алды. Театрдың белгілі әншілері Д.Штонда – Ленский, М.Кит – Гремин партияларында орындаушылар залдағы көрермендер қошеметіне бөленіп отырды.

Мариинский театры. П.Чайковский "Евгений Онегин", Бал сахнасы

Мариинский театры. П.Чайковский «Евгений Онегин», Бал сахнасы

Жас әншілердің партияға енуін жақсы дайындапты. Дебютанттардың ойынынан оркестрмен, сахнадағы партнерлермен ансамбльде аса бір алшақ кетушілік немесе өздеріне деген сенімсіздік ізі сезілген жоқ. Спектакль асықпай үш үзіліспен көрсетілді. Көрермендер үзілісте асықпай буфеттерде отырып, театрға жайлана келетіндігін көрдік.

Үзілісте фойедегі сатып алған театрдың баспа өнімдерін ақтарыстырып отырып біз үшін күтпеген қуанышты жәйтке тап болдық. Осы театрдың ай сайын шығаратын «Мариинский театр» атты үлкен форматты түрлі-түсті газетінің соңғы номерлерін ақтара отырып қазақ музыка мәдениетіне байланысты екі материалды оқып марқайып қалдық. Автор арнайы шақырумен Қазақстанға келіп өткен жылдың аяғында қазақ сахнасының корифейі бұлбұл көмей әншіміз Бибігүл Төлегенова атындағы жас кәсіби әншілер конкурсына, кейін Павлодар қаласында өткізуі дәстүрге айналған «Шахимардан Әбілов шақырады» классикалық музыка фестиваліне қатысып, өнер сайысы мен мерекелерінің бағыт-бағдарына сараптама берген екен. Әлемдік деңгейдегі белді музыкалық театрдың газетінің тұтастай бір бетінен отандық музыка өнеріне жылы лебіз берілген көлемді мақаланы оқудың өзі біз үшін үлкен олжа болды.

Татарстанның астанасы Қазан қаласы біздің іссапарымыздың қысқа бір кезеңі болып, татар опера театрының гастрольдік сапарда болуына байланысты спектаклін көрудің реті келмеді. Есесіне, осы театрдың әкімшілігімен сөйлесіп сұхбат алдық. Біздің білуімізше, Татарстан Республикасы опера және балет театры бұрынғы ТМД кеңістігінде опера театрының жұмысын жаңаша ұйымдастыру және биік халықаралық деңгейде фестиваль өткізу орталығына айналып, белсенді жұмыс жасап келеді. Отыз жылдан аса халықаралық деңгейде Ф.И.Шаляпин атындағы опера фестивалін өткізумен аты шыққан Қазан опера театрын барып көру көптен жоспарда болатын. Фестивальді ұйымдастырушылардың бірі, театрдың менеджері Анна Багауатдиновнамен жолығып сұхбаттасып сол жерде біраз мағлұматқа қанық болдық. Ұжым ақпанда кезекті фестивалін өткізгеннен кейін еуропалық ұзақ гастрольдік сапарда жүр екен. Театрдың директоры Рауфаль Мухаметзияновтың өзімен пікір алысқаннан кейінгі әсеріміз толыға түсті. Бұл театрдың әр жылдардағы жұлдызды әншілер мен бишілер құрамында қазақстандық белгілі орындаушылар келісім-шартпен тұрақты жұмыс істеп келген.Театр жетекшілерінің қазақ өнерпаздарының кәсіби деңгейіне, сахна шеберліктеріне деген риза көңілін біліп мерейіміз өсіп қалды.

Біз осы сапарымызда Ресей музыкалық театрларының спектакльдерін көруден алған жекеленген әсерлерімізді қорыта келгенде:

ü Бүгінгі Ресейдің бас қалаларындағы бас театрлары еркін шығармашылық бағытта жүзуге толық мүмкіндігі бар, қалыптасқан дәстүр мен әлемдік сахна өнерінің жаңашыл ізденістерін кеңінен қолданған заманауи театр жасауды мақсат тұтқан тірі организм.Театр басты назарды көрерменге бұрған.

ü Театр көрермендеріне көрсетілетін қызмет түрлері мен деңгейінің көптігі және сапалылығымен ерекшеленеді. Театрға көрермен мерекеге жиналып, көптен көрмеген көнекөз жақсы сырласымен жүздесуге келетіндей әсер қалдырады.

ü Театрдың көрермендерді тартуға арнап жасалған буклеттері мен бағдарламаларының байқаймыз. Спектакль, актерлер құрамы туралы толық ақпараттар жазылған буклеттер мен жеке парақтар көз тойдырарлық дизайнда жасалған бағдарламалар театррепертуардағы спектакльдің орнын анық көрсетеді. Бұл театрлар арасындағы көрермендер үшін бәсекелестік базарының қызып тұрғандығын көрсетеді. Біздің театрларда көрермен үшін бәсекелестік, жарыса жұмыс жасау жоққа тән. Десекте, спектакльдің паспорты дерлік бағдарламалап мен буклеттер өзіміз үшін, өнерге деген құрмет үшін жоғары сапалы, көрермен де қолынан тастамай қымбат нәрсесіндей үйіне, балаларына көрсетуге алып кететіндей сүйіспеншілікпен жасалынуы керек.

ü Театрдың спектаклі алдындағы байланыс құралдарының қоңырауын сөндіру туралы өтініштердің әр түрлі деңгейде айтылатыны және олар қалай орындалуда? Осыны қазір көрерменге тұрақты айту керек секілді. Себебі бұл театрдың маңдай терімен бірнеше айлар бойы, тірнектеп жиған спектаклінің атмосферасын ыдратып сахна мен залдағылардың бәрін алаңдататын өте қолайсыз жәйт. «Сатирикон», «Et cetera» театрларында әр үзілістің үшінші қоңырауынан кейін көркемдік жетекшінің дауысы қадалып тұрып айтқан өтінішінен кейін байланыс құралдарды сөндіруге мәжбүр боласың. Біздің көрерменімізді де театрға келу, осы ортада өзін ұстау, артық сөз, әрекетті шектеу т.б. мәдениеттілік әліппесін біздің жас ұрпаққа күнделікті айтып, олармен жұмыс істеу тынымсыз күнделікті жұмыс болу керек.

ü Театрлар бағдарламасында, билеттерде, жарнамалық буклеттерде спектакльдерінің қандай көрермен аудиториясына арналғандығы жайлы деректер нақтылы әрі тұрақты беріледі. Көрерменнің спектакльге келетін жас ерекшелікері (0+, 6+, 12+, 16+, 18 +) нақтылы көрсетілген. Спектакльдердің жасерекшеліктерімен бөлінуі көрерменге театрға кіммен, қандай спектакльге бару мәселесін жеңілдеткен. Олардың жас ерекшеліктеріне қарайсан алуан категориясын назарда ұстап өз репертуарын еркін таңдай алады.

ü Ресейдің бас қалаларындағы кез келген музыка, театр ұжымында жеке отау болып бөлініп жұмыс істеуге, өз репертуарлық саясатын, өзіне тән бағыт-бағдарын айқындауға мүдделікті көрдік. Мәскеу, Санкт-Петербург консерваторияларының опера студиялары, өнер оқу орындары жанынан жасақталған оқу театрлары өздерінің тұрақты репертуарын жасақтап, кәсіби театрлармен қабаттаса көрермендерге өздерінің өнімдерін тұрақты ұсынып, жастар белсенді жұмыс жасауда. Бұл оқу орындарында өз бетінше, еркін шығармашылық жұмыс жасауға жастарды кәсіби тұрғыда тәрбиелеуге үлкен дайындық баспалдағы іспеттес. Біздің консерваторияның, өнер академиясы мен университетінің концерттік бағыты жақсы жұмыс істеп, Опера студиясы, оқу театрларының жұмыстары заман талабына сай емес. Кезінде жабылған, қысқарған бұл оқу-тәжірибе орталықтарын қайта ашу болашақ музыкалық театр артистерінің маңызы дайындық компоненті болатын студиялық жұмыс процесін жандандырып, жастардың шығармашылық ізденістеріне серпін бермек.

Біз Ресейдің бас музыкалық театрларындағы бүгінгі шығармашылық үдерісті ішінара тамашалап, алған әсерлерімізбен ізін суытпай бөлісуді жөн көрдік. Көршінің театрлар рампасының жарығы біздің қазақ театрларының көңілден шықпай жүрген өзекті мәселелерін қозғағап, ойланарлықтай із тастап жатса алдымызға қойған мақсатымыздың орындалғаны.

 

Аманкелді МҰҚАН

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының

жетекші ғылыми қызметкері, өнертану кандидаты

, ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.