«Сырлы сазды – Сазсырнай» концерттік кеші (анонс)

2017 жылы 25 сәуірде Ықылас атындағы Республикалық Халық аспаптар мұражайында Құрманғазы атындағы ҚҰК Халық музыкасы факультеті Домбыра кафедрасының аға оқытушы Гүлфайруз Далбағайдың «Сырлы сазды — Сазсырнай» атты белгілі аспаптанушы ғалым Болат Сарыбаевтың 90 жылдығына арналған концерттік кеші өтеді.

Қазақ халқының көрнекті ғалымы, өнертану кандидаты Болат Шамғалиұлы Сарыбаев (1927-1984) ұлт музыка аспабын жинау, қалпына келтіру, тану, қайтадан кең қолданысқа енгізу ісіне ерекше үлес қосқан бірегей тұлға. Оның артында қалдырған мұрасы күні бүгінге дейін өзінің құндылығын жоғалтпай, әрі қарай даму үстінде. Көп санды қазақтың дәстүрлі аспаптарының ішінен саздан жасалатын үрлемелі аспаптарда орындаушылық шеберлігін жетілдіру, аспаптың дыбыстытық, диапазондық шеңберін жетілдіру, репертуарын дамыту ісіне сазсырнайшы-ұстаз Гүлфайруз Далбағай өз үлесін қосып келеді.

«Saz.Art.Grоup» сазсырнайшылар ансамблі

«Saz.Art.Grоup» сазсырнайшылар ансамблі

 

Сазсырнай фольклорлық аспабын өткен ғасырдың 80-ші жылдары алғашқылар қатарында игеріп Республикада орындаушылық мектебінің негізін қалаған Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жанынан құрылған «Адырна», «Сазген» фольклоры-этнографиялық ансамблі құрамында солист-инструменталист сазсырнайшы болып жұмыс істеп осы шығармашылық ұжымдар құрамында қазақтың дәстүрлі музыкасы мен көне аспабы – сазсырнайды дүние жүзінің көптеген елдеріне (Ресей, Украина, Индия, Италия, Польша, Германия, Мексика, Ливия, КХР, Түркия т.б.) насихаттап, көптеген халықаралық, аймақтық фольклорлық фестивальдердің лауреаты атанды.

Белгілі музыкант-ұстаз, зерттеуші, өзінің шәкірттерімен бірге аспапты жетілдіруге жасаған жұмыстары нәтиже беріп бүгінде әр алуан дыбыстық диапазоны бар сазсырнай аспаптарын жетілдіру ісін тұрақты жүзеге асырып келеді. Г.Далбағайдың жетекшілігінде тұңғыш «Saz.Art.Grоup» сазсырнайшылар ансамблі құрылып, еліміз тарихында бүгінге дейін болмаған сазсырнай және өзге де окарина тектес қазақтың дәстүрлі аспаптарының жаңа тынысы ашылды. Кеште ансамбль халық әндері мен күйлерін, кәсіби композиторлар шығармалары, және өзге халықтардың музыкалық туындыларын орындайды.

Ұзақ жылдар бойы жүргізілген практикалық және теориялық зерттеу жұмысының нәтижесінде осы кеште «Сазсырнай және окарина тектес үрлемелі аспаптар» — атты монографиясының тұсауы кесіледі. Концерттік бағдарламада дәстүрлі музыка өнер шеберлерінің орындауында халық ән күйлері мен кәсіби композиторлар шығармалары орындалады.

Фойеде Сазсырнай аспабын жасаушы шеберлер Азамат Бақия мен Ержан Мұқышевтың саздан музыкалық аспап жасау шеберлік сыныбы және сазсырнай аспаптарының көрмесі болады.

Дәстүрлі өнердің жанашырлары мен барша өнерсүйер қауымға есігіміз айқара ашық.

 

Кеш бағдарламасында:

  • Құрманғазы атындағы ҚҰК Халық музыкасы факультеті Домбыра кафедрасының аға оқытушы Гүлфайруз Далбағайдың «Сазсырнай және окарина тектес үрлемелі аспаптар»-атты монографиясының тұсаукесері;
  • «Saz.Art.Group» сазсырнайшылар ансамблінің тұсаукесері;
  • Дәстүрлі өнер шеберлерінің қатысуымен концерттік бағдарлама
  • Сазсырнай жасаушы шеберлердің көрмесі және шеберлік сыныбы.

Байланыс тел.: 8-701 327 90 29

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *