Сырнаймен ән салу дәстүрінің қалыптасуы және дамуы

Құлақтан кіріп, бойды алар
                    Әсем әнмен тәтті күй.
                    Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй
 
                                                                                              Абай

Әншілік өнер – көне заманнан бері қалыптасқан қазақ халқының қазынасы. Қазақ халқы әнге бай. «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді[1]» деп, қазақ халқының әдебиеті мен өмірін зерттеуші Г.Потанин айтқандай, қазақта әнсіз өмір жоқ.

Халық әндері аймақтық мектептерге бөлінгенмен әндерді аспаппен сүйемелдеу барлық мектептерге тән. Ән айтып қана қоймай дәстүрлі әншіге сол әнді сүйемелдейтін аспапты меңгеру өте маңызды. Қазіргі кезде электронды музыканың дамуына байланысты кейбір музыкалық аспаптарымыз қолдану аясынан шығып, кенже қалып бара жатыр. Кезінде қазақ халқында ғана емес, жалпы, түркітілдес халықтарда өнерпаздар әр түрлі аспаптың көмегімен ән шырқағаны белгілі. Мысалы, қобызбен айту өнерінде қобызшы Сматай Үмбетбаевтың, белгілі әнші Бекболат Тілеухан, қазіргі кезде жас әнші Қазыбек Әдікеевтерді атап айтуға болады. Жетігенмен ән айту дәстүрін қазіргі кезде Қарақат Әбілдина және Картенбаева Корлан жаңғыртуда. Қазақ даласында домбырамен ән айту дәстүрі кең тараған. Қазақ әншілері екі ішекті домбырада ғана емес, үш ішекті домбырамен ән салып, күй тартқан. Үш ішекті домбырада Бекболат Тілеухан, қазіргі кезде Бағлан Бәбіжан ән салып, дәріптеуде. Қазақ даласына сырнаймен ән салу дәстүрінің келуі Шөже, Шашубай, Тайжан, Құтбай, Нартай, Майра, Хафиза Майра сияқты өнерпаздардың есімімен тығыз байланысты.

Сырнай – гармонь, гармоника (грек тілінен аударғанда «үндестік», «үйлесімдік» деген мағына береді) клавишті-пневматикалық аспапқа ұқсас. Гармоньды 1822 жылы неміс шебері Ф.Бушман ойлап тауып, 1829 жылы өзгерістер енгізіп, аспапты жасап шығарған. Бұл аспап шыққан бойда өнерсүйер қауым арасында кеңінен таралып, тіпті, өзге түрлері пайда бола бастады. Сырнайға ұқсас аспаптар көптеген халықтарда кездеседі. Үн шығаруы мен аккомпанементтік тонның көптігіне байланысты оны аккордеон, баян, гармонь, сырнай деп атайды.       Қазақта аспаптың «сырнай» деп аталуы оның дыбыстық ерекшеліктері мен жасау тәсіліне байланысты қолданылады. Шағын гармонның көрігін қатты картон қағазбен қаптап, оны «қағаз сырнай» деп атап кеткен. Дыбыс диапозоны түймелерінің санына байланысты болады. Қазақ халқының музыкалық тарихында сырнай кірме аспап болса да, қазақ мәдениетінде алатын орны зор. Дәстүрлі өнерді дәріптеген өнерпаздар сырнайдың сүйемелдеуімен жыр, терме орындап, ел аралаған[2]. Атап айтқанда, XIX ғасырдың алпысыншы жылдары Бекен Жамақаев, Садық Кәрiмбаев сырнаймен сүйемелдеп айтатын әндер жазды. Бұл дәстүрдi олардан кейiн Мұхамеджан Рүстемов, Жақсыгелдi Сейiлов, Мэлс Керейбаев, Ағайша сияқты әншi-композиторлар жалғастырды.

Майра Уәлиқызы небәрі 33 жылдық ғұмы­рында ұлттық музыка қазынасын өзінің баға жетпес інжу-маржандарымен толты­рып кетті. Ахмет Қуанұлы «қазақ халқының шын досы» деп баға берген Алек­сандр Затаевичтің арқасында Майраның бүкіл әні бүгінге жетті. Сырнаймен ән айту дәстүрі қазірде жалғасын табуда. Оған дәлел жыл сайын өтетін Майра Уәлиқызы атындағы сырнайдың сүйеме­лінде ән айтушылардың байқауы.

Ұмытылып бара жатқан дәстүрдi қайта жаңғыртуда Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогика университетiнiң профессоры, композитор-музыкант Ағайша Исағұлованың еңбегі ерекше. Мұны қазақтың кемеңгер ұлы Дiнмұхамед Қонаевтың: «Мен қазақтың екi-ақ қызын бiлемiн: бiрiншiсi – Хафиза Әбуғалиева аккордеонмен ән салушы едi. Екiншiсi – қарындасым Ағайша баянда ойнап, ән айтады. Бұл қыздар – елiмiзге келген бiртуар таланттар», – деген ұлағатты сөзi растай түседi[3]. Қазақ қыздар педагогика университетiнде сырнайдың сүйемелдеуiмен ән айтуға ниеттi жастарды ән айтудың осы дәстүрiне баулып, көзден де, көңiлден де бұлбұл ұшып бара жатқан сырнайды қайта тiрiлтiп, оны өнерлi студенттердiң сүйiктi аспабына айналдыру мақсатында қырық жылдан астам осындағы музыкалық бiлiм факультетiнiң сырнай бөлiмiнiң тұтқасын ұстап келдi. Ағайша шәкiрт тәрбиелеумен шектелiп қалмай, кезiнде сырнаймен ән шырқап, аты күллi қазақ даласына әйгілі болған Майра Уәлиқызының мұрасына ерекше ден қойды. Майраның қайталанбайтын орындаушылық мектебiне таңдана, тамсана жүрiп, шаң басып, көзден таса қалып қойған «Бақша», «Толқыма», «Қызыл гүл», «Даланың әнi» сынды туындыларын тауып, нотаға түсiрiп, халқына тарту еттi.

Қазір сырнаймен айту дәстүрін ХХ ғасырдың соңында Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік Консерваториясының түлегі, ҚР Пре­зи­дент­тік оркестрінің жетекші әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Клара Төленбаева жаңғыртуда. Клара сырнаймен айтылды деген ескі әндердің түпнұсқасын дәл таба алды, Майра, Нартай мен Шашубай сазы қайта жалғасын тапты.

Дегенмен, сырнай ән салу дәстүрі кенжелеп қалып, оның көп репертуары да жарыққа шықпай жатыр. Айта кетер жайт, ән өнеріндегі бес мектеп сияқты сырнайдың да өз ерекшеліктері бар. Арқадан, Батыстан, Жетісудан, Сыр бойы сырнаймен ән айтушылардың мақамы, мәнері бір-біріне ұқсай бермейді. Әр бала әуелі аспапты дұрыс меңгеріп, қолы емін-еркін жүріп, техникасы қалыптасып, саусақ машықтануы үшін кейбір музыкалық оқу орындарында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Зәуре Смақова жазған «Сырнай үйрену мектебі» деген аспапта ойнау әдісіне арналған оқулығын музыкалық оқу-орындарында қолданып келеді. Аспапты қолмен басып, көзбен көрсетіп, әр саусақты өз орнына қоя отырып, бұрынғы таспаларды тыңдата отырып үйретуге тура келеді. Сондықтан да, сөз соңында айтарым, қазақ музыкатану ғылымында бұл сала, сырнаймен ән салу дәстүрі мен әншілер шығармашылығы әлі де түбегейлі зерттеуді, сырнаймен ән салуды үйрететін әдістемелік оқулықтардың шығуын қажет етеді. Қазіргі таңда Ақтөбе гуманитарлық колледжінде сырнаймен ән салу дәстүрі бойынша өнерпаздар оқытылып, мамандар дайындалуда. Болашақта осы сияқты дәстүр жанашырлары сырнаймен ән салу дәстүрі мектебі ашылады деген үлкен үміттеміз.

Элеанора АБИШЕВА, 

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің ұстазы 



[1]  «Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы»  Т. Жұмағалиева, Д Ахметбекова, Б.Ысқақов,Ә.Қарамедина, З.Қоспақов.

[2] http://massaget.kz/madeniet/music/834

[3]  http://almaty-akshamy.kz/?p=4433

,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *