Халықаралық конкурстардың лауреаты Әпенова Асылай Жангелдіқызының «Аққу» атты шығармашылық кеші

2018 жылы 1-ші наурызда жетігенші, әрі домбырашы, Халықаралық конкурстардың лауреаты Әпенова Асылай Жангелдіқызының «Аққу» атты шығармашылық кеші өткен болатын.

Домбыра аспабында Қазақ өнерінің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының белді ұстазы Сахарбаева Карима Сүндетқызынан дәріс алған. Ал жетіген аспабында Жақыпбек Нұргүл Бейжанқызының шәкірті.

Ұлттық аспаптарымыздың ішіндегі көнеден сыр шертіп, жеті ішегінен шыққан үнімен баурап алатын жетіген аспабының тілін тауып, шебер ойнай білетін жандардың бірі – Асылай Әпенова. Ол 2014 жылы Астана қаласында өткен XVII Халқаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлде иегері.

Бастапқыда концерт жетіген аспабында Асылай Апенованың орындауында Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйімен ашылды. Бұл күй мың бұралған бишілердің биімен, домбырада және сыбызғыда Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенттері Темір Ақбөкен, Жоламанов Әділханның қостауымен әдемі үйлесім тапты.

Қазақ өнерінің майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Берік Жүсіповке сөз кезегі беріліп:

«Дәл қазіргі таңдағы, маңдайына басқан, таңдайына татқан, екімнің бірі, егізімнің сыңары дейтін, ең санаулы жетігеншілердің бірі – осы Асылай», — деп өз лебізін білдірген болатын.

Асылай Апенованың жетіген аспабымен жеке орындауында Сүгірдің «Ілме», Динаның «Науысқы», Құрманғазының «Жима» күйлері әдемі үнмен орындалды.

Сайын Сахараның сан мың жылдық сиқырлы сырын музыка тілімен жеткізген сыбызғының сазы естігенді елең еткізіп, елтіп әкетеді. Сыбызғышылдық өнерді ғылыми тұрғыда зерттеп, үздіксіз насихаттап жүрген ұстаз, сыбызғышы Талғат Мұқышев Асылай Апенованың ұстазы болған. Сол себепті осы кешке арнайы келіп, Халық әуені «Сыбызғы сазы» және халықтың «Гүлдариға» әнін тыңдарманға паш етті.

Асылай Әпенова «Алатау» өнер театрының жанынан ашылған Сәуле Жанпейісованың «Аманат» өнер орталығының тәлімгері. Осы орталықтың шәкірттерімен бірлесіп, Дәулеткерейдің «Қос алқа» күйін орындады.

Асылай Әпенова жетігенші ғана емес, сонымен қатар Дина анамыздың ізін жалғастырған шебер домбырашы. Домбыра аспабынан 2011 жылы өткен Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына арналған Республикалық домбырашылар сайысының бас жүлдегері атанған. Осы кеште домбыра аспабында Қаршыға Ахмедияровтың «Күй анасы», Динаның «Жігер», Айтқали Жайымовтың «Күй ана» күйлерін әсем орындап, халықтың жүрегіне жеткізе білді.

Сонау Атыраудан ат терлетіп келген ата-анасына Әбдіжаппар Әлқожаның «Әке-Ана» әнін арнаған болатын. Бұл әнді Асылай Апенова жетігенде, ал жеке дауыста өзінің қандас бауыры, сіңілісі, термеші Айгерім Әпенова шырқап сала берген кезде, көрермендердің көзіне еріксіз жас ұялағаны сөзсіз.

Шығармашылық кеште тек қазақтың ғана емес, шетел композиторларының да шығармалары өз орнын тапты. Бразилия композиторы Антонио Гоместің «Романсын» және Корей пианист-композиторы Yiruma-ның «River Flows In You» шығармаларын Асылай Әпенова және гитара аспабында Қалыбай Мамутов әдемі үйлесіммен, сезіммен орындап, халықтың жүрегіне жылулық сыйлады.

Асылай Әпенова қазақ халқының ежелде келе жатқан ұлттық аспаптарын ел арасына дәріптеп, халықты ұлттық музыкамен тамсандырып жүрген «Бабалар сазы» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі болатын. Шетел шығармаларын орындағаннан кейін «Бабалар сазы» этно-фольклорлық ансамблі өз өнерін көрсетіп, Бауыржан Ақтайдың «Шашу», «Алаш аманаты» шығармаларын керемет шеберлікпен құйқылжыта орындаған кезде, халық ұйыған айрандай тыңдады. Сонымен қоса, Асылай Әпенованың өмірлік жары, термеші Біржан Бәзілжанов Бауыржан Ақтай өңдеген Халық әні «Жорғатайды» тамылжыта, жағымды, әдемі тембрде орындап, құлақтың құрышын қандырды.

Жетіген деген қасиетті аспап. Жеті қат көкке де, жеті қат жерге де өзінің сиқырлы, сазды үнімен ортақ болған аспап. Жетіген аспабы халықтың арасында жойылып бара жатқандығы сондай, тіпті оған арналған шығармалар да сирек. Сондықтан да Асылай Апенова халыққа тарту ететін шығармалары мен күйлерінің барлығын өз ақылымен, өз талантымен қазақтағы жетігенге лайықтап, адударып жазған. Қазіргі таңда Асылай Әпенова осы жетігенді дәріптеуші, әрі жетігеннің жанашыры.

Элмира МАРАТОВА, 1 курс музыковед

,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *