Ән атасы — Әміре атындағы әншілер байқауы

Қазан айының 17-21 күндері Мәдениет және спорт министрлігі мен Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің бірлесуімен ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында Ән атасы Әміре Қашаубайұлының туғанына 130 жыл толуына орай Әміре Қашаубайұлы атындағы Республикалық фестиваль өтті.

Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 40-қа жуық өнерпаз қатысты. Байқаудың негізгі мақсаты — киелі мұраны тереңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету болды.

Байқауға қазылық жасауға

  • Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Әміретанушы Жарқын Шәкәрім,
  • Қазақстанның халық әртісі Қажыбек Бекбосынов,
  • ҚРмәдениет қайраткері Толғанбай Сембаев,
  • ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина,
  • ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаев,
  • Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, PHD докторы Амангелді Күзеубай,
  • ҚР еңбек сіңірген әртісі Бақыт Үдербаева шақырылды.

Байқауға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық әні кафедрасынан 6 өнерпаз қатысты. Бес күнге созылған ән байқауының шешімі бойынша бас жүлдеге астаналық Асқар Мұқият иеленді. 1-ші орынға Бауыржан Нұрмұханов (Астана) тұрақтаса, 2-ші орынды Батыс Қазақстаннан барған Өмірәлі Ернар қанжығасына байлады. 3-ші орын Құрманғазы консерваториясының студенті Біржан Айтахметов (ұстазы Еркін Шүкіманов) пен Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының студенті Диас Мұратханға бұйырды.

Гүлмира Сарина, Біржан Айтахметов

Гүлмира Сарина, Біржан Айтахметов

Байқаудың Балабек Ержанов атындағы арнайы жүлдесімен консерваториямыздың 2-ші курс студенті Диана Алтайқызы (ұстазы Ардақ Исатаева) марапатталды. 2-ші курс студенті Елтоқ Сымбат (ұстазы Ардақ Исатаева) дипломант атанды. Қайратбек Бектұрсын, Бекзат Әбілдин арнайы жүлделермен марапатталды. Әр марапатталған өнерпазға лауреат, дипломант, арнайы жүлдегер атағымен қатар қаржылай сыйлық ұсынылды.

Көшербаева Диана, Айтахметов Біржан, Елтоқ Сымбат

Көшербаева Диана, Айтахметов Біржан, Елтоқ Сымбат

Ән додасында қазылық еткен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық әні кафедрасының меңгерушісі Амангелді Күзеубай ағаймен сұхбаттасып, байқау жайынан сыр тарттық.

Аға, қош келдіңіз! Байқау жайында сауалдарым бар еді. Әміре атамыз атындағы кезекті байқаудың ұйымдастыруы көңіліңізден шықты ма? Қатысушы өнерпаздардың деңгейі жайлы айтсаңыз?

Негізі Әміре Қашаубаев атындағы байқау Республикадағы дәстүрлі әншілер арасында өтетін ең үлкен дәрежелі додалардың бірі десек, артық айтқандығым емес. Ұйымдастыруы өте жақсы болды, оның бір көрінісі әділқазылыққа Әміретанушы Жарқын Шәкәрім, сонау Түркістан қаласынан Қазақстанның халық әртісі Қажыбек Бекбосынов сияқты ағаларымыздың шақырылуы байқаудың дәрежесін байқатқан сияқты.

Байқауда отыратын қазылар өнерпаздарды бағалағанда нақты бір ережелерге сүйенеді, бағалау барысында Сіз үшін ең маңыздысы не?

Әрине, әр отырған қазының өз ұстанымы болады. Мен өнер көрсеткен әр өнерпаздың сахналық мәдениетіне, ән шақыруы, домбыраны қостап тартуына, әншілік шеберлігіне, ән мазмұнын ашуына орай өз бағамды қойып отырдым.

Байқауда Сіздің көзіңізге түскен ерекше өнерпаз кім болды? Қандай ерекшелігімен ұнады?

Мен бұл сұраққа былай жауап берсем. Біздің әншілеріміз қазіргі таңда вокалға, оның ішінде академиялық вокалға қатты басымдық беріп кетті, өкінішке орай, қазақы үнді, бояуды жоғалтып бара жатқан сияқтымыз. Кешегі өткен Жүсіпбек Елебеков, Байғабыл Жылқыбаев, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов сияқты әншілердің үнтаспаларын тыңдасаң, дауыстарында қазақы бояу, үн, қазақы ән салудың иісі аңқып тұратын, біз содан айырылып бара жатқандаймыз. Қазіргі әншілер осы мәселеге назар аударуы керек деп ойлаймын. Әрине, байқауда осы заңдылықты ұстанған әншілер жоқ демеймін. Маған Бекзат Әбілдин, Қайратбек Бектұрсын деген жігіттер қатты ұнады.

Көп рахмет Сізге!

Байқауда 3-ші дәрежелі орын алған Біржан Айтахметовпен сұхбаттастық.

Біржан, жеңісің құтты болсын! Әміре атамыз атындағы байқау көңіліңнен шықты ма? Қандай әсер алдың?

Көп рахмет. Жалпы байқаудың деңгейі жоғары болды. Алғашқы күні Әміре атамыздың рухына құран бағышталып, ас берілді. Содан кейін таяуда жарыққа шыққан «Әміре» атты көркем фильм көрсетілді. Қазақтың әншілігін, ән өнерін әлемге танытқан Әміре атамызға арналған бұл фильм әр өнерпазға өзінше әсер беріп, шабыт сыйлағандай болды.

Байқау неше кезеңнен тұрды? Қандай әндер орындалды?

Байқау үш кезеңнен тұрды. Әр кезеңнің өзіне тән қызығы мен қиыншылығы қатар жүрді. Әр кезеңде Әміре атамыздың репертуарынан орын алған қазақтың шоқтығы биік әндері орындалды. Атап айтсақ, «Бес қарагер», «Екі жирен» атты халық әндері, Біржанның «Жалғыз арша» мен «Сырғақтысы», Ақан Серінің «Балқадишасы», Берікбол Көпенұлының әйгілі «Ағаш аяғы», тағы басқа да көптеген әндер шырқалды.

Байқаудан алған әсеріміз өте керемет, ұлыларымызды ұлықтайтын, шынайы өнерімізді насихаттайтын осындай рухани шаралар жиі өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді, — деп ойлаймын.

Рахмет Біржан, болашақта саған көптеген шығармашылық табыстар тілейміз! Әрқашан биіктерден көріне бер!

Әрине, мұндай додалар, рухани кештер қазақ халқының өнеріне, дәстүріне деген сүйіспеншілік пен рухани ләззат сыйлайтыны, өнерпазға шабыт беретіні анық.

Ал қазақтың «Ән атасы- Әміре» атанған Әміре Қашаубайұлының өмірі мен өнеріне қысқаша тоқтала кететін болсақ, Әміре Қашаубайұлы 1888 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абыралы ауданы, Дегелең тауының етегінде туған. Әміре 1925 жылы Парижде өткен әлемдік көрмеде ән шырқап, 2-ші бәйгемен қоса күміс медаль алған. Сонымен қатар, Германияның Майндағы Франкфрут қаласында өткен Халықаралық музыкалық көрмеде концертке қатысып, қазақтың әні мен әншілік өнерін өзінің кең сахарадай дауысымен паш еткен біртуар өнерпаз. Оның орындауындағы әндерге дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анрей Барбюс, тағы басқа майталмандар жоғары баға берген. Сарбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше әндер жазып алған. 1974 жылы белгілі өнертанушы Жарқын Шәкәрім Мәскеу мұрағатынан Әміренің үнтаспасын тауып әкеліп, халқымен Әмірені қайта қауыштырды. Әміре Қашаубайұлы 1934 жылы мезгілсіз дүниеден өтті.

Көшербаева Диана, Айтахметов Біржан, Амангелді Күзеубай, Елтоқ Сымбат

Көшербаева Диана, Айтахметов Біржан, Амангелді Күзеубай, Елтоқ Сымбат

Халқымыздың Біржанға сал, Ақанға сері, Ыбырайға үкілі деп ат бергені- олардың қадіріне жетіп, қасиетін түсінгені. Ендігі тұста кейінгі ұрпақ–біз, бабадан қалған аманаттың алтын басын босағада қалдырмай, төрге оздырсақ керек. Бұл – біздің ендігі міндетіміз, парызымыз болмақ.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының,
Халық әні кафедрасының 4-ші курс студенті
Саян БӨДЕСОВ

,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.