Өмірі өнер толқынында (Ж.Кемалов туралы)

Өмір – кеме, жүзем онда демеңіз,
Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз.

Әбул-Хасан Рудаки.

Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің домбырамен ән салу бөлімі ұстазы Кемалов Жақсыкелді Кемалұлы үстіміздегі жылы 55 жасқа толғалы отыр.

Арқа ән дәстүрін сақтай отырып, ел арасында насихаттап жүрген белгілі әнші жасынан өнерге жақын болып өсті. Мектеп қабырғасынан бастап, домбырамен ән сала бастады. Сонымен қатар жас дарын поэзияға да жүрек басқан еді. Әсіресе Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін аса бағалайтын болды. Ұлы ақын шығармалары әсерінен 17 жасында «Қайран жеңгем» және тағы үш өлеңінен айтары бір шумақтарын біріктіріп, «Ғашықпын» деген атпен өлең шығарады.

«Өнер – қанат, білім – санат» деген халық даналығын ұстанып, Қарағанды мемлекеттік университетіне түседі де, «Студент көктемі», «Жастар дауысы», «Жігер» (қазіргі таңдағы «Шабыт») Республикалық және халықаралық фестивальдарға қатысып, лауреаты атанады.

Әнге деген құштарлығын жасынан жүрегіне ұялатқан студент 1984 жылы сүйікті ақыны Мұқағалидің «Жоқ дәрігер» өлеңіне ән жазады.

1988 жылдан Қарағанды облыстық концерттік бірлестігінің әртісі қызметін атқарды. Осы жұмыстың нәтижесінде 1992 жылы Қазақстан Республикасы жастар одағы сыйлығының лауреаты атағы берілді. 2000 жылы Облыс әкімінің грамотасымен марапатталды. Өзінің осы жылдарғы қызметін еске түсіргенде, Жақаң облыстық Мәдениет комитетінің төрағасы Рымбала Кенжебалақызы Омарбековаға жылы лебізін білдіретінін айтады.

Жақсыкелді Кемалов

Қазіргі күні осымен жиырма жылдай болғалы, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінде ұстаздық қызметін атқаруда. Дәстүрлі ән орындаушылардың ішіндегі көшбасшы, өнер анасының ақ сүтімен дарыған тума талант ретінде елге танылып, шәкірттерінің арасында шексіз ықыласына бөленеді. «Өнерлі жан өзіне емес, өзгеге де бақыт сыйлай алады» деп бекер айтылмаған. Жақаң жыл сайын келешек жастарға өнер мектебінің есігін айқара ашып, колледжіміздің қабырғасынан түлектер аттандырып отырады.

Белгілі тұлғамыз Жүсіпбек Аймауытовтың айтуынша, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы». Міне, Кемаловтың шәкірттері де биіктерден көрініп, ізін басып, ісін жалғастыруда: Серикова Гүлбану – Қали Байжанов атындағы Қарағанды облыстық концерттік бірлестігінің әншісі, Республикалық және халықаралық конкурстарының лауреаты, Түсіпбеков Азамат – Әміре Қашаубаев атындағы Республикалық конкурстың лауреаты, облыстық мамандандырылған музыкалық мектебінде ұстаздық қызметте, Адамбаев Әнуар – Ж.Елебеков атындағы Республикалық конкурсының бас жүлде иегері, балалар музыкалық мектебінде ұстаздық қызмет етуде, Базарбеков Жасұлан – Әміре Қашаубаев атындағы Республикалық конкурстың лауреаты, республикалық «Шалқар» радиосының редакторы. Бұл аталған шәкірттері жүздің біреуі десек те болады.

Ән салудың классикалық, эстрадалық, джаз түрлері болғанымен, қазақ халқы үшін дәстүрлі әннің орны бөлек. Ғасырлар бойы халық мұңы мен қуанышын домбыраның үнімен, ән-жырымен жырға бөлеген. Өзінің дауысының ерекше тереңділігі мен оның табиғи сұлулығымен, орындаушылық шеберлігімен көзге түскен Жақсыкелді Кемалов дәстүрлі ән өнеріне үлкен үлес қосуда. Бұл ынтасы байқаусыз қалмай, 2005 жылы Президенттің жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Ал 2008 жылы «Жыл әншісі» номинациясы бойынша облыс әкімінің премиясын иеленеді.

Жақсыкелді Кемалов

Күш пен жігер, ақыл мен қайрат өнер жолын қуған адамның бойындағы болмыс қасиеттер. Жақсыкелді Кемалов өте еңбекқор, кішіпейіл, ізгі жүректі адам, әрі жаны кіршіксіз таза деп айтсақ та қателеспейміз. Жақаңның жастарды өнерге баулып, білім беру саласында атқарған еңбегі зор. Ол 2011 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» және де сол жылда Президенттің жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атақтарына ие болады.

Осындай тұлғаның әншілік және ұстаздық еңбегі аса құрмет пен марапатқа бөленгеніне жүрегіміз қуанышқа толады.

Жақсыкелді Кемаловтың өнер мен өмір жолы өзінің сүйікті ақыны Мұқағалидың өлең жолдарымен іспеттес:

«Біз деген, досым,

Тағдыры қызық халықпыз.

Халқының өзі қорғасын құяр қалыппыз.

Екінің бірі бармайтын жерге барып біз,

Жанбайтын жерде жаныппыз.

Біз деген, досым,

Тағдыры қызық халықпыз…»

 

Пайдаланылған әдебиет:

  1. Ақсұңқарұлы С. «Талантты ұл – қанатты құс» (эссе). Орталық Қазақстан. – Қарағанды, 2000, №18, қазан
  2. Қазақша қанатты (нақыл) сөз. http://www.zharar.com/kz/quote/1944-til.html
  3. Мақатаев М. «Өмір-өзен», Алматы, 2005 ж.

 

Алия НУРФАЗЫЛОВА, Тәттімбет атындағы
Қарағанды өнер колледжінің ұстазы, музыкатанушы

, , ,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *