43-шi Дәстүрлі музыка Халықаралық кеңесінің (ICTM) конференциясы

2015 жылдың 16-22 шілде аралығында Астана қаласында Қазақ ұлттық өнер университетінде ұйымдастырылған 43-Дәстүрлі музыка Халықаралық кеңесінің (ICTM) конференциясында әлем халықтары мәдениетінің, музыка және би өнерінің кешегі, бүгінгі, ертеңгі мәселелері көтеріліп, жан-жақты талқыланды. Басты мақсаты – әлем халықтары мәдениетін жаңғырту, ұлттық дәстүрлі музыканы насихаттау, халық бірлігін нығайту.

Дәстүрлі музыка Халықаралық кеңесі (ICTM) ЮНЕСКО-мен ресми байланыстағы үкіметтік емес ұйым болып табылады. Дәстүрлі музыка жөніндегі Халықаралық кеңестің Бүкіләлемдік конференциялары 1948 жылдан бастап осы кезге дейін екі жылда бір рет өткізіледі. Олар кеңестің мүшелері қатарына қосылуға және көптеген мәселелер бойынша пікір амасуға тамаша мүмкіндік береді. Екі жыл бұрын, яғни 2013 жылы Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында өткен болатын, ол туралы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында шығатын «Новая музыкальная газета» атты журналдың интернет нұсқасынан оқи аласыздар. ICTM-ның ішінде көптеген кіші симпозиумдар да өткізіліп тұрады, соның бірі 2014 жылы Түркияда Ыстамбұл қаласында өткен «Түркітілдес халықтардың мәдениеті» атты симпозиум. Ең бір атап кетерлік жайт, ТҮРКСОЙ ұйымының демеуімен бұл Дәстүрлі музыка халықаралық кеңесінің (ICTM) конференциясы кең көлемде Қазақстанда, ТМД елдерінде бірінші рет өткізілуде.

Конференцияға 70-тен аса мемлекеттерде ірі ғылыми орталықтардың – АҚШ, Туркия, Ресей (Мәскеу, Таулы-Алтай, Якутия,) Жапония, Венгрия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты мемлекеттерден 600-ден аса этномузыкатанушы-ғалымдар, соның ішінде Қазақстан ғалымдары 80 баяндама тапсырды. Олардың ішінде Қазақстаннан Саида ЕЛЕМАНОВА, Гульнар ӘЛПЕЙІСОВА, Меруерт ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, (Қазақ ұлттық өнер Университет, Астана), Сара Күзембай, Гүлмира МҰСАҒҰЛОВА, Баян АБИШЕВА, Наргиза ХИНКОВ-АЙТБАЕВА (М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты), Сәуле ӨТЕҒАЛИЕВА, Айжан БЕРДІБАЙ, Ғалия БЕГЕМБЕТОВА, Дауреш АХМЕТБЕКОВА, Саида ДАУКЕЕВА, Валерия НЕДЛИНА және т.б. (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория, Алматы), Гүлзада ОМАРОВА, Амангелді КУЗЕУБАЙ (Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер Академиясы), Бағлан БӘБІЖАН (П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледж), Корлан КАРТЕНБАЕВА және т.б. қатысты.

ICTM конференция Астанада

Солдан оңға қарай: Б.Абишева, Ф.Нурлыбаева, Р.Сұлтанова, Д.Қасейінов, С.Елеманова, И.Мациевский, З.Смакова

 

ICTM конференция Астанада

Солдан оңға қарай: Р.Сұлтанова, Д.Қасейінов, Сальва Кастело-Бранко, А.Мұхамедиев

Кең көлемді бұл конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ресми ашылу салтанатында ICTM Президенті Сальва Кастело-Бранко, Қазақ ұлттық өнер Университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев құттықтау сөз сөйлеп, ICTM кеңесінің барлық ұйымдастырушыларына Сұлтанова Разия (Ұлыбритания), Тимоти Райс (АҚШ), Жан Кидула (АҚШ), Мария Елизабет Лукас (Бразилия), Инна Народицкая (АҚШ), Сванибор Петтан (Словения), Марк Слобин (АҚШ), Терада Йошитака (Жапония), Саида Елеманова (Қазақстан) қазақша шапан кигізіліп, сыйлықтар табыс етілді.

Д.Қасейінов пен А.Мұсаходжаева сыйлық

ТҮРКСОЙ-дан ICTM ұйымдастырушыларына сыйлық

ICTM-нен ТҮРКСОЙ бас хатшысы Д.Қасейінов пен Қаз.ҰӨУ ректоры А.Мұсаходжаеваға сыйлық

ТҮРКСОЙ-дан ICTM ұйымдастырушыларына сыйлық

ТҮРКСОЙ-дан ICTM ұйымдастырушыларына сыйлық

Конференция барысында көрмелер, шеберлік класстар, дөңгелек үстелдер және әлем халықтарының мәдениеті, музыкасының келелі мәселелер бойынша бірнеше секцияларда 600-ден астам баяндамалар жасалды.

ICTM конференция Астанада

Кітапханадағы көрме

Конференция барысында қазіргі ғылымның даму деңгейі, кандай зерттеулер жүргізіліп жатқаны байқалды. Жеті күндік конференцияда пленарлық және секциялық мәжілістерде практика, дәстүрлі музыка мен билерінің сақталуы мен қолданылуы және зерттелуі «Түркі тілдес әлемнің музыкасы. Жаңа саяси география: ішкі және сыртқы көзқарас», «Музыка және биді шығарушылар, жеткізушілер мен орындаушылар», «Музыка, би, адам және қоғам», «Табиғи және қалалық ортадағы дыбыс кеңістігін жеке түрде түйсіну», «Музыкалық мәдениеттерді көрнекі түрде таныстыру» тақырыптарында Этномузыкатану, Шығыс Азия музыкасы, Multipart музыка, Араб әлемінің макамы мен музыкасы, орындаушылық өнердің иконографиясы, түркі тілдес халықтардың музыкасы, Африка музыкасы, Океания музыкасы мен билері, аз халықтардың музыкасы және т.б. мәселелері талқыланды. Қазақстаннан қатысқан қазақ халқының әншілік дәстүрі мен сал-серілері, күйшілік дәстүрі жайлы, этносольфеджионың оқытылу барысы, этнооргонология саласындағы зерттеу, қазақ және түркі халықтарының музыкасындағы киелі аңдар бейнесі жайлы баяндамалар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқылды.

Қазіргі заманда ғылымның даму жолы ағылшын тіл білімінің дамуымен байланысты. Ағылшын тілін білу арқылы қазақ музыкасын, зерттеулер мен ғылымда болып жатқан тың жаңалықтарды, халықтар мәдениетін дүниежүзіне таныстыруға жол ашады. 2017 жылы Ирландияда ICTM конференциясына басқа да Қазақстанның көптеген ғалымдары, этномузыкатанушылары катысады деп үміттенеміз.

Баяндама «Қазақ және түркі-моңғол халықтарының музыкасындағы жылқы мәдениеті»

Баяндама «Қазақ және түркі-моңғол халықтарының музыкасындағы жылқы мәдениеті»

Сонымен қатар, конференция күндері әртүрлі концерттер өтті: «Балалар Әлем ырғағында» атты бірінші шығармашыл жастар концерті. «Балалар әлем ырғағында» фестивалінің 14-15 жас аралығында вокал номинациясының жеңімпаздары Қазақстанның әр түкіпірінен келіп ең үздіктер өнер көрсетті.

20 шілдеден бастап Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, ұйғыр музыканттар, бишілер мен әншілер халықтарының бай дәстүрлерін біріктіретін түркі халықтарының дәстүрлі музыкасына арналған «Music of Steppe» фестивалі өтті. Мұнда мукам (ұйғыр), азербайжан (мугам), өзбек-тәжік шашмаком вокалды-аспаптық және ансамльдік жанрлары орындалды. Ашык – Мустафа-айдын, «Кер-оглы» эпосынан үзінді орындады. Концерт соңында қырғыз, қазақтардың халықтың-кәсіби әншілері – Улжан Жумабекова (Қырғызстан), Айгуль Елшібаева, Еркін Шүкманов және Ерлан Рысқали (Қазақстан) әннен шашу шашты.

Екінші концерт «Legends of the Great Steppe: From Epic to Instrumental Kui» Ұлы Даланың аңыздары (дәстүрлі аспаптық музыка, эпос, көмеймен айту) хакас хайджи Семен Кадышевқа (1885-1977) арналды.

Қырғыз музыканттары

Қырғыз музыканттары

Бұл концертте хакас музыканты Олег Чебодаев хай – көмеймен айту, ыых, хомус, чатхан сияқты аспаптарда өнер көрсетті. Көмеймен айту өнерінің әр түрлі стильдерін «каркыра», «сыгыт», «сыбыскы», «коомей» меңгерген Тывадан келген Аяас Куулар, олонхо орындаушысы Никандр Тимофеев (82 жаста. Якутия), қобыз- кырыымпа Руслан Габышев көрермен ықыласына ие болды. Сонымен қатар, қазақтың қыл қобызында (Акнар Шаріпбаева. Күй «Қорқыт»), төкпе (Жұмабек Қадырқұлов) және шертпе (Қайролла Сәдуақасов) күй дәстүрінен домбырада, үрмелі сыбызғы аспабында (Талғат Мұқышев) күй орындады. Қырғыз «Саринжи Бокой» эпосынан Қырғызстанның Халық әртісі Роза Аманова үзінді жырлады.

Үшінші концертте түркі халықтарының әртүрлі дәстүрлі музыкалық өнерін қамтыды. Еділ Басықараевтың орындауында Қазанғаптың күйлері, Айтолқын Тоқтағанның орындауында Дина Нүрпейісованың күйлері орындалды. Сонымен қатар, Әзербайжан және Түркия елінен келген аспаптық ансамбльдер өнер көрсетті.

43-Дәстүрлі музыка Халықаралық кеңесінің (ICTM) конференциясы

Симфониялық музыка концертінде Қазақ ұлттық өнер Университетінің Еуразиялық студенттер симфониялық оркестрінің орындауында Айдар Торыбаевтың дирижерлауымен А.Бестібаевтың («Голос Азии»), А.Жұбановтың («Абай» операсынан Ажар ариясы), Т.Мұхамеджановтың («Нашествие» «Бозторғай» кинофильміне музыка), С.Еркимбековтың (Симфониялық картина «Минарет»), К.Дүйсекеевтың («Жалаңтөс батыр» баритон мен симфониялық оркестрге арналған симфониялық картина), Т.Қажғалиевтің («Қыз қуу»), Л.Хамидидің («Қазақ вальсі»), Е.Рахмадиевтің («Құдаша думан» симфониялық күй), М.Төлебаевтың («Біржан-Сара» операсынан би) шығармалары орындалды.

Дәстүрлі корей би өнеріне арналған концертте Данкок Университетінен келген өнерпаздар («Танец в цветочной короне», «Танец с барабанами похожими на песочные часы», «Пейзажи дано», «Танец Jindo», «Танец мудан») өнер көрсетті.43-Дәстүрлі музыка Халықаралық кеңесінің (ICTM) конференциясы

Сонымен қатар Қазақстаннан және басқа елдерден келген танымал өнерпаздармен конференция қонақтары шеберлік класстарда өзара тәжірибе алмасты. Атап айтқанда, «Қазақстандағы Ақтөбе өңірлік дәстүрлі күйлері» Аманжол Смағұлов (А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжі. Ақтөбе), «Қазақстың дәстүрлі күй өнері» Раушан Малдыбаева (Қазақ ұлттық өнер Университеті. Астана), «Шотландық би» Lesley Hall (Ұлыбритания), «Сібірдің көмеймен айту» Tran Quang Hai (Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы. Париж) және т.б.

Ғалымдар ұсынған фильмдер мен баяндамалар әлем халықтары мәдениетінің өзекті мәселелерін көтеруімен, терең мазмұндылығымен конференцияға қатысушы жұртшылықтың ықыласы мен ризашылығына ие болды. Конференция қатысушыларына баяндама мәтіндері кітап түрінде ұсынылды.

1,11 фото статья

Солдан оңға қарай: Г.Құзбакова, С. Жераньска, Б.Абишева, С.Өтеғалиева

ICTM Президенті Сальва Кастело-Бранко Конференцияның жабылу салтанатында дәстүрге айналған ICTM конференциясы 2017 жылы Ирландияда жалғасын табатынын айтып, барлық конференцияға қатысқан музыканттар мен этномузыкатанушы-ғалымдарды шақырды. Сөз соңында, аталған кең көлемді шарада қазақ және түркі-моңғол халықтарының мәдениеті туралы баяндама жасап, шетел ғалымдарымен пікір алысып, Халықаралық конференцияға қатысуға мүмкіндік бергені үшін М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері У.Қ. Қалижановқа алғысымызды білдіреміз.

 

Баян АБИШЕВА,

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстуты

музыкатанушы

, ,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *