Консерваторияның «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі аясындағы концерттері

Елордамыз Астанада жаз бойы Халықаралық ЭКСПО көрмесінің аясында әлемге танымал өнерпаздардың қатысуымен түрлі концерттер, халықаралық деңгейдегі мәдени шаралар ұйымдастырылғаны белгілі. Көрмеге қатысқан әр ел өзінің салт-дәстүрі мен қатар мәдени, рухани құндылықтары, жаңа технологияда болып жатқан жаңалықтарымен бөлісті. Бұл дүбірлі шаралардан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы да тыс қалмады.

Консерваторияның ректоры, ҚР Халық әртісі Жәния Әубәкірованың арнайы шақыртуымен келген әлемдік деңгейдегі музыканттардың қатысуымен өткен концерттер көрме қонақтары үшін ерекше оқиға болды. Гала-концерттердің соңғы кешін ҚР Елбасы Н. Назарбаев тамашалады.

ҚР Халық әртісі Жәния Әубәкірова

ҚР Халық әртісі Жәния Әубәкірова

 

Консерватория студенттері мен ұстаздары өз кәсіби шеберліктерінің биік деңгейде екенін тағы бір дәлелдеді. Концерттің шымылдығы «Серпер» сыйлығының иегері Абылай Тілепбергенов пен Халықаралық конкурстардың лауреаты Қанат Омаровтың жетекшілігімен қазақ ұлттық аспаптар оркестрі және симфониялық оркестр орындауындағы Түркештің «Көңілашар» күйімен ашылды. Қазақтың халық әндерін әуелетіп шырқаған әншілеріміз жиналған қауымның құлақ құрышын қандыра түсті.

қазақ ұлттық аспаптар оркестрі Абылай Тілепбергенов жетекшілігімен

Концерттің режиссурасы керемет ойластырылған. Шынымен, классикалық концерт нағыз шоу бола алатынына көз жеткіздік. Көрермендер керемет театралданған көріністің куәгері болып, үлкен әсер алды. Оларды заманауи музыка негізінде жасалған концерттің музыкасы қызықтырды. Концерттің бағдарламасында классикалық музыка шығармаларымен бірге «Гарри Поттер» және «Кариб теңізі қарақшылары», «Шиндлер тізімі» кинофильмдерінен саундтректер орын алды.

Дарт Вейдер консерватория

Концерттің әрбір кезекті нөмері тыңдармандарды қызықтырып, олардың назарларын ұстап отырды. Осындай бағдарламалар біздің елімізде бұрын-соңды орындалмаған, эксперимент десек те болады. Креативтік жобаны дайындап халыққа ұсынған ұжымның ректоры Жәния Әубәкірованың айтуынша, бағдарламаның көптеген нөмерлерін консерваторияның белсенді түлектері өздері тауып, қызықты жасауға тырысқан. Екі оркестрге жазылған өңдеулерді де консерваторияда оқитын студенттер, жас композиторлар дайындаған.

Сахнаның безендірілуі, ерекше жарықтық шешім тыңдаушылардың музыкалық әсерін күшейте түсті. Жалпы концертке 300-ге жуық адам қатысты. Концерттің бағдарламасын дайындаған дирижерлар — консерваторияның жарқын түлкетері, Халықаралық конкурстардың лауреаттары — Абылай Тілепбергенов, Қанат Омаров, Ян Рудковский, Мәдияр Тойболды концерттің жоғары өтуіне бар өнерлерін салды.

хор жетекшісі Ян Рудковский

хор жетекшісі Ян Рудковский

 

Осындай жаңашыл жобалардың пайда болуы консерваторияның ректоры, әлемге танымал орындаушы Жәния Әубәкірованың белсенді жұмысы арқылы іске асырылды. Ректордың пікірі бойынша, «ғаламтор арқылы тыңдаушылар өз лебіздерін білдіріп, концерттерімізге жоғары баға беріп жатыр. Біздің студенттеріміздің деңгейлері жоғары және сахналық тәжірибелері де мол. Консерваторияның оркестрлері 2005 жылдан бері талай рет әлемнің көптеген елдеріне гастрольдік сапарлармен шығып, дүниежүзін аралаған. Осы концертті дайындау барысында біз көпшілік қауымның көңілінен шығатын ерекше бағдарлама іздедік. Концерттің креативтік идеялары көбінесе жастардың ұсыныстарымен жасалды. Сондықтан, бұл бүкіл консерватория ұжымының үлкен жетістігі деп ойлаймын».

Жәния Әубәкірова консерваторияның концерттерінде тыңдармандарға үнемі шабыт сыйлап, жаңа идеяларын ұсынып отырады. Оның таусылмас ынта-жігері шынымен таңғалдырады! Ректордың айтуынша, дайындық кезінде тыңдармандар қалай қабылдайтынына күмән туды, өйткені бұл әдеттегі классикалық репертуар емес. Бірақ нәтиже күткеннен де асып түсті. Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бірлесіп, ұйымдастырған концерттері ұжымның жеңісі деп толық сеніммен айта аламыз! Бұл, ең алдымен, әр түрлі аудиторияға арналған, түрлі талғамдағы репертуар таңдау концерттің сәтті өтуіне үлкен септігін тигізді. Екіншіден, концерттің керемет ұйымдастырылған драматургиясы, бірте-бірте шарықтау шегіне әкелетін нөмерлердің калейдоскоптағы сияқты контрастпен ауысып отыруы, мысалы Жания Яхияқызының саундтректерді орындап керемет өнер көрсетуі, хор дирижеры Ян Рудковскийдің домбырамен ән шырқауы, Дарт Вейдердің семсерімен сахнаға шығып дирижерлауы сияқты көптеген тосынсыйлар көрермендерді жаңа ерекше нөмерлерді күтуге жетеледі.

          Шетелден келген атақты музыканттар концерттің көркін аша түсті. «Грэмми» сыйлығының иегері, скрипкашы Геза Легоцки (Швейцария) орындаған В.Монтидің «Чардаш» және «Шиндлер тізімі» фильмінен Дж. Уильямстың музыкасы жиналған қауымның көңілін бірден баурап алды. Скрипканың керемет дауысы мен орындаушы шеберлігі тамаша әсер қалдырды. Сонымен қатар Астанаға алғашқы рет келген әйгілі итальяндық трубашы Марко Пьеробон сахна төрінде музыканы серпінді орындаумен, жігерлі энергиясымен, еркін қимылдарымен нағыз динамикалық шоу көрсетті. Консерваторияның түлегі, қазақстандық тыңдармандардың сүйікті әншісі Карина Абдуллина қазақтың «Ауылым» атты танымал әнін орындады.

Консерваторияның талантты жас студенттері ұсынған концерт классикалық музыканың жарқын мерекесіне айналды. Осындай жобалардың арқасында классикалық өнерге, қазақтың халықтық музыкасына деген ынтызарлық арта түсері сөзсіз. Консерваторияның ұжымы осы жолы қалың демократиялық көпшілікке бағытталған бағдарлама жасап, классикалық музыканы насихаттау мәселесіне мол үлесін қосты.

Концертке жиналған қауымның ықыласына қарағанда, осындай концерттер кез келген жастағы тыңдарманның жүрегінен орын табады. Астаналықтар да осы концерттерге баруға асықты, себебі тыңдармандардың айтуынша, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының концерттері әрдайым ерекше, қызықты өтеді. Сахнада — екі оркестр! Консерваторияның бренді ретінде қалыптасқан осы жоба әрдайым тыңдармандардың көңілінен шығады. Осы жолы да орындалған жаңа заманауи композициялар ансамбльдік тұрғыда ерекше құлпыра түсті.

Ресейден келген қонақтар Алексей, Ирина Аксема

Ресейден келген қонақтар Алексей, Ирина Аксема: Бізге концерт өте ұнады! Керемет! Браво, консерватория!

 

«ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға Ресейден арнайы келген қонақ, Ирина Максема:

Концерттің бағдарламасы соншалықты қызық ұйымдастырылған, тіпті екі сағат тік тұрып, уақыт қалай жылдам өткенін байқамаппыз, мүлде шаршамадық. Мен өмірімде бірінші рет сахнада екі оркестрді көріп отырмын. Оркестрлердің музыканы синхрондық түрде орындауы, әрине, дирижерлардың үздік жұмыстарын көрсетеді. Қазақ консерваториясының кәсіби деңгейі өте жоғары екен. Сонымен қатар, жеке орындаушылардың өнерлері де үлкен әсер берді. Барлығы мықты! Хор орындаушыларының орындаған кейбір композициялары оригиналдан да асып кетті. Олардың жетекшілері қандай керемет музыканттар! Біз осы концертке қатысқан барлық дирижерлардың фамилияларын жазып алдық, Ресейде айтып жүреміз. Сіздерге рахмет! Соңында айтайын дегенім, Джон Уильямстың «Империалық маршы» орындалған кездегі Дарт Вейдердің лазерлік семсерімен шыққан бейнесі өте креативті түрде жасалған! Браво!

Консерватория концерттеріне қатысқан ұстаздар да өз пікірлерін білдірді.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Халық музыкасы факультетінің аға оқытушысы, ҚР мәдениет саласының үздігі Далбағай Гүлфайруз:

— Консерваторияның ЭКСПО көрмесі аясында ұйымдастырылған концерті әдеттегідей өте жоғары деңгейде өтті. Кезінде халық аспаптар оркестрі мен симфониялық оркестрді сайыстырып көрсеткен жаңашылдығы бүгінде өз өзектілігін жоғалтпады. Дәл осы идея Астана қаласының ұжымымен қатар басқа да ұжымдар арасында да сәнге айналған сияқты. Бұл жолы да халықты таңғалдыру, жаңашылдыққа толы жоғары деңгейдегі концертті ұйымдастыру консерватория ұжымының үлкен жетістігі екеніне көзіміз жетіп отыр.
Осы оқу орынында тәлім-тәрбие, білім алып жүрген біздің талантты студенттеріміз әлемдік деңгейдегі өнерпаздар сияқты өнер көрсетуі, сахнаға шыққанда әрқайсысының көкейлеріндегі өнерге деген құрмет, көздерінен жанып тұрған от көрермен болып отырғандары біздерге сезілді. Көрермендердің талғамымен санасып таза классикалық бағытта ғана емес заманауи бағытта да шығармалар орындалғандықтан концертке жиналған халықтың саны күннен-күнге көбейе түсті.
Концерттеріміздің үшінші күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келуі консерватория ұжымы үшін үлкен мәртебе болды. Концерттің биік деңгейде өтуі консерватория ұстаздары мен студенттерінің де еңбегі зор екенін атап өткеніміз жөн. Жазғы демалыс мезгіліне қарамай барлық ұжым өз өнерлерін биік деңгейде екенін көрсету үшін талмай еңбектеніп өнерге адалдықтарын тағы бір дәлелдеді. Алдыңғы уақытта бұл концерт Алматы қаласында өтсе деген үміттеміз. Осындай мәртебесі биік өнер ордасында ұстаздық ететінімді үлкен мақтанышпен айта аламын.

Консерваторияның ұстаздары концерттен кейiн

Консерваторияның ұстаздары концерттен кейiн

 

Құрманғазы атындағы ҚҰК дирижерлау кафедрасының доценті Ясонова Людмила:

Осы концерттер арқылы біз мазмұны терең, форма және стилі ерекше бағдарламаның күәгерлері болдық.
Концерттің құрылымы әбден ойластырылған, оны іске асырған – өнер саласында тәжірибесі мол, өз ісінің шебері, біздің ректорымыз — Жәния Яхия қызы Әубәкірова әрдайым белсенді ізденістер арқылы қалаған нәтижесіне жетеді. Осы концертте де Жәния Яхияқызы орындаушы пианист ретінде орындалған шығармалардың ерекше атмосферасын көрсетіп, сонымен бірге көрермендерге тамаша сахналық имиджін ұсынды. Шетелден келген жұлдыздар Марко Пьеробон және Геза Легоцкидің орындаушылық өнерлерін тыңдап рахаттанып қалдым.
Концерттегі бағдарламаның үдей түсуі мен тамаша бейне көріністері тыңдармандарды аса қызықтырып отырды. Барлық орындаушылар орындаған музыкаға жандарын аямай салды. Екі оркестр мен дирижерлар керемет өнер көрсетті. Ян Рудковскийдің жетекшілігімен орындаған хор әртістерінің деңгейлері өте жоғары болып, олардың коллективінен жеке орындаушы Дана Сабитованың әнін тамашаладық.
Концерттік орындаушылықта осы жоба бұрын болмаған жаңашыл стиль мен форманы әкелді. Мен өзім концерттердің репетицияларына қатысып, орындаушылармен бірге болғаныма өте қуаныштымын.
Менің ойымша, консерватория ұжымы тыңдармандардың құлақ құрышын қандыратын осындай концерттерін Алматы, Астана қалаларында қайталау керек, оларды көптеген тыңдармандар естісе жақсы болар еді.
Осындай концерттік бағдарлама кезкелген әлем сахнасын ажарландыра тусетініне кәміл сенемін!

Консерваторияның ұстазы Аманкелді Күзеубай

Консерваторияның ұстазы Аманкелді Күзеубай

 

«ЭКСПO-2017» көрмесінің басты идеясы – болашақтың жасампаз энергиясы болса, консерваторияның талантты жастары өздерінің инновациялық ізденістері арқылы қазіргі заманауи Қазақстанның жарқын келбетін көрсете білді деп айтсақ артық болмас!

 

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы,
Ғалия ҚАЛЫМОВА
және Халық музыка факультетінің 4 курс студенті
Гүлсая МАҒАЗОВА

фото Алмас ЖАЛҒАСБЕКТІКІ

, ,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *