«NAURYZ XXI» V Халықаралық жаңа музыка фестивалі

Сәуір айының 18 мен 20 аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, жыл сайынғы дәстүрге айналған V Халықаралық «Наурыз ХХІ Жаңа музыка фестивалін» өткізді. Бұл жоба тек Алматы қаласы ғана емес, еліміздің де мәдени өмірінің басты бір бөлшегіне айналды.Фестивальге жыл сайын шет елдерден заманауи музыка зерттеушілердің қызығушылығын оятқан композиторлар мен орындаушылар қатысты.

Жалпы фестивальдің мақсаты:

  • өткеннің дәстүрін ұғыну мен композиторлық және орындаушылық шығармашылық дамуының жаңа тенденцияларын айқындау;
  • аспапты және вокал жанры бойынша заманауи музыканың озық үлгілерін насихаттау;
  • жоғары кәсіби музыканттар орындауындағы заманауи музыканың озық үлгілерімен танысу;
  • заманауи өнер саласындағы өзекті мәселелерді анықтау және талқылау.

Фестивальге жалпы елдің түкпір-түкпірінен келген әлемге танымал, музыкалық ұжымдар мен жеке орындаушылар қатысты. Атап кетер болсақ, композитор Юрий Воронцов (Ресей), «SONAR» ансамблі (Германия), Чонг Лим (фортепиано, композиция, Малазия), «Қазақстан Камератасы» Мемлекеттік классикалық музыка оркестрі, және де бірнеше конкурстардың лауреаты, Берік Батырханның жетекшілігімен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттер оркестрі де өз өнерлерін көрсетті.

Фестиваль современной музыки Наурыз XXI

Слева направо: Ермек Умиров, Бейбут Дальденбай, Юрий Воронцов, Владимир Стригоцкий, гостья фестиваля, Шырын Базаркулова, Таскын Жармухамед, Актоты Раимкулова, Чонг Лим, Айгерим Сеилова, Бахтияр Аманжол, Ольга Хромова

Фестиваль бағдарламасы: симфониялық, камералық-аспапты концерттер, мультемедиялық музыка үлгілері, «Заманауи музыка өзектілігі мен мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Және де композиторлар мен жеке орындаушылардың консерватория оқытушылары мен студенттеріне арналған шеберлік кластары болып өтті.

Фестиваль барысында маған, әсіресе қазақ композиторларының шығармалары қатты көңілімнен шықты. Олардың бірі Ш. Базарқұлованың «Скрипка мен оркестрге» арналған шығармасы маған қатты ұнады. Менің ойымша бұл жерде композитордың кәсібилігін көрсететін нәрсе, халықтың «Аққу» әнін орыс композиторлық мектебімен ұштастырып, әрі қазақылық мазмұнын бұзбай, симфониялық оркестмен көрсете білді. Ал келесісі Т. Жармұқаметтің «Шоқан ізі» атты шығармасы еді. Фестиваль аяқталғаннан соң, жаңағы композиторлардың заманауи шығармаларын тыңдағаннан кейін, өзіме сол әуендерден бір ыстық қуат алған сықылды болып, сол композиторлармен шығармалары жайында тілдескім келіп, жандарына барып сұхбат алған едім. Олардың бірі, мына Алматы қаласындағы  К. Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп интернатының түлегі, сонан соң композиторлық білімін 2007 жылы Санкт-Петербургтағы Орыс Мемлекеттік Н.А. Римский-Корсаков атындағы консерваторияда шыңдап келген Шырын Базарқұлова болса, екіншісі Үрімжі қаласында дүниеге келіп, 2000 жылы Шинжяң көркемөнер институтының теория-жасампаздық мамандығын игеріп, кейіннен 2004 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының композиция мамандығы бойынша, танымал композитор Ақтоты Райымқұлованың класына оқуға түсіп, кейіннен ҚР композиторлар одағының мүшесі атанған Жармұқамет Тасқын ағамызбен тілдескен едім.

Корр.: Сәлеметсіздерме Шырын әпке, Тасқын аға, рұқсат болса шығармаларыңыз жайында бір-екі ауыз сұрағым бар еді. Шығармаларыңыздың жазылу себебі мен шығу тарихы жайында айта кетсеңіздер?

Ш. Базарқұлова: Скрипка мен оркестреге арналған концерт бұл менің дипломдық жұмысым. 5 курста осы концертті жаздым. Бұл концерт менің құрбым, талантты скрипкашы Жанна Амандыққа арналады. Біз бұл концертті бірге ойластырған болатынбыз, кейбір жерлеріне көмегін тигізген болатын. Алғашқы орындалуы осы Алматы қаласында, Қанат Ахметовтың жетекшілігімен орындалған болатын, ал екінші рет осы фестивальде орындалғалы жатыр. Мен 1 ші курстан бірі осы концертті жазып, консерваторияны аяқтаймын деген арманым болатын, енді осы арманым орындалып, мақсатыма жеттім деген ойдамын.

Т. Жармұқамет: Шоқан деген қазақтың ұлы тұлғасы ғой. Бұл кісілердің өзінің шығармасын оқып көріп, барған жерлерін, жазған шығармаларын, қазақ туралы зерттеу мақалаларын, жинап зерттеген өлең жырларын көп зерттедім. Археологиялық жағынан бірінше рет Қозы Көрпеш-Баян Сұлу кесенесін сызып қалдырған адам да сол болатын. Қазақ өзінің хандығынан енді айырылып, ел болуы қалай екен? — деген, үлкен сұрақ болып жатқан кезде, Шоқан деген бір жарық жұлдызды, қазақтың маңдайына жазды. Сол кісінің жазып кеткен шығармаларын оқу арқылы менде, сондай бір ой келіп, сол кісінің сапарын, осы экпедициясын, симфониялық поэма етіп жаздым. Осы орайда мен біраз уақыт іздендім. Шоқанның қайтыс болған үйіне шейін, одан қалса мұражайына дейін барып, және де шығармаларын оқу арқылы өзіме бір жалынды шабыт жинадым деуге болатын шығар, сол шабыттан туындаған шығармам.

Корр.: Бұл шығармаларда сіздер нені елестетесіздер?

Ш. Базарқұлова: Бұл шығармада жалпы бағдарлама жоқ. Каденциялы бір бөлімді шығарма. Ішінде қазақ колоритімен. Мен бұл шығармада қазағымызда әдемі әуендердің бар екенін көрсеткім келді. Бұл шығармада мен қазақ халық әні «Аққуды» цитата ретінде алып, оны өзімше өзгеріске ұшаратып, оркестрге лайықтап өңдедім. Жалпы бұл шығармада бағдарлама болмағаннан соң, тыңдарман өзі тыңдаған кезде өзінше елестетіп жатар.

Т. Жармұқамет: Осы орайдағы ең алғашқы мәселе, оның қандай отбасынан екенін зерттедім. Ол бірінші Абылай ханның немересі. Әкесі Шыңғыс ең алғаш қазақ даласында, орыс мектептерінде оқыған хан тұқымдарының бірі, аға сұлтан болған. Егер ондай әке болмағанда, Шоқан сияқты ұл да болмас еді. Ал анасының өзі Зейнеп қазақтың Шорман деген аға сұлтанның қызы болды. Текті ұрпақтардан ғой, енді сол бүкіл Шоқанның өмірінің бәрін бейнеледім деп айта алмаймын, жалпы оны тұлға ретінде, оның жазған еңбектерін, оның сапарын және де экспедиция барысындағы естеліктері арқылы оның жетістіктерін музыка тілімен жеткізгім келді.

Корр.: Тасқын аға, жалпы шығармаңызды енді кімге арнадыңыз?

Т. Жармұқамет: Бұл менің ең алғашқы симфониялық шығармам, Қазақстанға келіп, Алматы консерваториясында сабақ алғалы бері, маған жақыннан жәрдемін беріп, өз анамдай болған, білім ғана бермей, маған мейірімін арнаған, негізгі ұстазым Ақтоты Райымқұловаға арнаймын.

Корр.: Жалпы бүгінгі жаңа туындыларды көріп, сазгерлердің сырлы сазы өлмейтінін көріп тұрмыз, жалпы осы орайды қазақ композиторларының шығармаларын кімдер тыңдайды? деген, заңды сұрақ келеді. Осы заманауи жаңа музыканы, яғни есті музыканы, естір құлақ табылып жүр ме?

Ш. Базарқұлова: Шынымды айтсам, қазіргі композиторларды бәрі тыңдайды деп айта алмаймын, біздің тыңдармандарымыз көп те емес, бірақ менің ойымша ақырындап өсе беретін сияқты. Халық жаңа музыкаларды бірден түсінеді деп те айталмаймын, оның бәрі мәдениетімізбен байланысты болған соң, келе-келе ақырындап түсіне беретін шығар деген ойдамын. Қарап тұрсам, соңғы кезде жастарымыз заманауи музыкаға қызыға бастаған сияқты.

Т. Жармұқамет: Егер музыка көрерменнің жүрегінен орын тапса, әрине табылады. Симфониялық оркестр ол батыстың бұрыннан келе жатқан дәстүрлі музыка үлгісі. Бірақ осы дәстүрлі музка үлгісі не деген күнде де, қазақ ұлттық аспаптар оркестрінен дамуы әлдеқайда бұрын басталған, сондықтан олардың көптеген жетістіктері бар. Сол батыс оркестірінің көмегімен, егер қазақтың музыкасын батысша сөйлесек, оған жетер басқа не бар? дейсің. Қазақтың музыкасын шетел де тану керек қой, енді өзімінің шығармам бүкіл әлемге танылсын деген әңгімем де емес, сол жолға талпыну керек деп ойлаймын, әрине өзіміздің ұлттық музыкамызды да ұмытпауымыз керек. Өзіміздің ана жұртымызды, ана тілімізді ешқашан ұмытпай, туған жердің топырағынан әуендеген әуендерді жалғастыруымыз керек деп білемін.

Корр.: Әңгімелеріңізге көп рахмет. Сіздерге қызметтеріңіз сәтті болсын деп, шығармашылықтарыңызға табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан Құрманғазы атындағы

Қазақ ұлттық консерваториясының студенті

Дәулет ЖӘНІБЕК

, ,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *