«Рухани жаңғыру» Мемлекеттік рухани даму бағдарламасы аясында консерватория қабырғасында өткен шаралар

«Рухани жаңғыру» Мемлекеттік рухани даму бағдарламасы аясында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қабырғасында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Олардың ішінде Х Республикалық Олимпиада ерекше орын алды. Байқау «Ұлы ұстаздан ұлағат» айдарымен қазақ дәстүрлі өнерінің дара тұлғалары Ақан сері Қорамсаұлының 175 жылдығына, Ықылас Дүкенұлының 175 жылдығына, Төлеген Момбековтың 100 жылдығына, сонымен қатар, А.Жұбанов, Ф.Балғаева, Х.Тастанов, Қ.Мұхитов, Б.Сарыбаев, К.Күмісбеков, М.Қойшыбаев, М.Әубәкіров, Т.Мерғалиев, М.Қалауов, С.Балмағамбетов, Қ.Ахмедияров, Ж.Кәрменов, Ж.Сәрсенғалиев және т.б. белгілі орындаушылар мен ұстаздар ұлағатын өскелең таланттарға жеткізу.

Олимпиаданың негізгі мақсаты мен міндеттері:

  • Қазақстанның музыкалық оқу орындарында білім беру стратегиясына орай консерваториясының миссиясын іске асыру, сондай-ақ жастардың шығармашылық өркендеуімен қатар, жан-жақты біліктілікке баулу, дарынды жастарды анықтау;
  • жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызға, дәстүр мен мәдениетті бойына сіңіру;
  • студенттер арасында достық қарым-қатынастың дамуына ықпал ету.

Байқау қарсаңында доцент Шолпан Рауандинаның және аға оқытушы Әйгерім Қарсақбаеваның шеберлік кластары өткізілді.

Байқауға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері Дүйсен Өркен, Наурызова Ақмарал, Әлібекова Ақмарал, Олжа Іңкәр, Ақыжан Айханша, Тұрғанов Аятолла, сонымен қатар Қазақ Ұлттық Өнер университетінің (Астана қ.) Кошегулова Фариза, Шарапатова Шолпан, Дүйсенғалиева Шынар атты студенттері де келіп бақтарын сынады.

Байқауға қазылық жасаған қазылар алқасының төрағасы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы ҚҰК, қобыз және баян кафедрасының профессоры Қосбасаров Базархан Әбуұлы болды.

Сондай-ақ төрешілердің құрамында:

  • Өнертану ғылымдарының магистрі, Құрманғазы атындағы ҚҰК, қобыз және баян кафедрасының меңгерушісі Қарсақбаева Әйгерім Әлімжанқызы;
  • Өнертану ғылымдарының магистрі, Құрманғазы атындағы ҚҰК, қобыз және баян кафедрасының оқытушысы Медеубек Мақсат Сағатбекұлы;
  • ҚР Еңбек сіңірген артисі, Құрманғазы атындағы ҚҰК, қобыз және баян кафедрасының оқытушысы Қаламбаева Құндыз Жаппасқызы сынды қобыз өнерін дәріптеп, қобыз аспабын жетік меңгеріп, шәкірт тәрбиелеп жүрген білікті ұстаздар қазылық етті.

Олимпиада жоғарғы деңгейде өтті. Қатысушылар жақсы дайындықпен келіп, әрқайсысы өздерінің орындаушылық дәрежесінің жоғарғы деңгейде екендігін дәлелдеді.

Қатысушылар бірінші кезекте қазақ музыкасы тарихы, орындаушылық өнер тарихы, арнайы пәндерді оқыту әдістемесі, мамандық пәніне байланысты 20 сұрақтан құралған тест сұрақтарына жауап берді.

Келесі күні олимпиаданың қатысушылар өз орындаушылық өнерлерін көрсетті. Байқаудың талаптары бойынша орындаушылар К.Күмісбековтың «Поэма» атты шығармасын, Ықыластың «Ерден» (Д.Мықтыбаевтың нұсқасын), «Жез киік» (Ж.Қаламбаевтың нұсқасын) күйлерін және қалауы бойынша домбыраның бір күйін орындады.

Жүлдеді орынға ие болғандар:

1-орын: Наурызова Ақмарал.
2-орын: Олжа Іңкәр, Тұрғанов Аятолла.
3-орын: Кошегулова Фариза, Дүйсен Өркен.

Дипломмен марапатталғандар: Әлібекова Ақмарал, Шарапатова Шолпан, Дүйсенғалиева Шынар.

 Олимпиада біткеннен кейін біз 1-орын иегері Наурызова Ақмаралдан сұхбат алдық.

— Ақмарал, жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл байқау саған қандай әсер қалдырды?

Көп рахмет! Шынына келгенде, биылғы байқаудың ашылу салтанатының өзі жоғарғы деңгейде өтті. Байқаудың маған қалдырған әсері – мен өнерпаздардың әрқайсысынан шабыт алдым және осы сайыс арқылы астаналық қатысушылармен етене жақын араласып кеттім.

— Өз орындаушылық қабілетіңді қалай бағаладың? Өз орындауың көңіліңнен шықты ма?

Бұл сайыста қазылар алқасы қатарында өз ұстазым, Айгерім Қарсақбаева да отырды. Сондықтан менің қобалжуым еселене түсті. Орындаушы ретінде өзімнің кішкене де болса кемшіліктерімді білемін, мойындаймын, сонда да болса орындауым көңілімнен шықты десем болады.

— Қай орындаушыны ерекше атап өтесің?

Сайысқа қатысқан орындаушылардың бәрі де осал емес. Мысалы, Тұрғанов Аятолланың күйді сезіне ойнауы, Дүйсен Өркеннің дәстүрлі дыбысты дәлме-дәл жеткізуі, Кошегулова Фаризаның шығарманы нақышына келтіріп орындауы қатты ұнады.

— Ақмарал, болашақта саған көптеген шығармашылық табыстар тілейміз! Алға қойған мақсаттарың орындала берсін!

Халық музыкасы факультеті,
Қобыз-баян кафедрасының
3-курс студенті
Ақмарал Смағұл
жетекші  – Ғалия Қалымова

,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *