Шындыққа тереңiрек үңiлсек…

Жаңа оқу жылы өзінің жаңалықтарымен толы боларын, сірә, ұмытпаспыз. Айтар болсақ, күнделікті тіршілікте орын алып жатқан жәйттардан басқа да жаңалықтар орасан көп.

Әңгімемізге арқау болып отырған бүгінгі тақырыбымыз қазақ халқының және қазақстандық классикалық өнері. Қазіргі уақытта тілге тиек етіп отырған тақырыбымыз бұған дейін айтылған, сонымен қатар, әлі алдағы уақытта талай айтыларына еш күмән жоқ.

Әр халықтың төл музыкалық өнері «халық музыкасы» деп аталатыны ежелден мәлім. Б.Ерзакович, А.Затаевич, А.Жұбановтардың зерттеулерін қарап шықсаңыз, көзіңіз жетеді. Соңғы уақытта қазақ халқының ұлттық музыкасын дәстүрлі музыка, нақтырақ айтсақ, дәстүрлі ән мен күй деп атап жүрміз. Халық музыкасының қазақтың музыкалық мұрасының сызат түспеген, мөлдір қайнар бұлағы, бастауы екеніне ешкім таласа алмайды. Дегенмен төл өнеріміздің деңгейі әлем сахнасынан орын алған, биік дәрежелі классика екенін білуіміз және мойындауымыз қажет. Онсыз да классикалық статусы кәсіби өнертанушылар тарапынан дәлелденген музыкамыздың қалай аталғаны жөн? Себебі қазақтың ұлт ретіндегі дүниежүзіндегі рөлін айқындайтын басты бейнесі – салт-дәстүрі, музыкасы және өнері.

Қазақтың музыкасын зерттеуге елеулі үлес қосқан – Жұбановша айтар болсақ, «қазақ­­тың жанашыры» Александр Затаевич. Ғалым өзінің «Қазақ халқының 1000 әні» жи­нағының кіріспесінде 6 млн жан қазақтың басынан небір қиындықты, ашаршылықты, зұл­матты жылдарды өткере келе, көш­пен­ді­ліктен отырықшылыққа ауысқанын, жас­та­ры­ның санасының оянғанын, оқуға ұмтылып, рухани байлығын іздеп, бағалай бас­та­ған­ды­ғын айтады. «Осындай жағдайда жаңа саяси және экономикалық өмірдің алаңына шыққан осы үлкен халықтың рухани бейнесін жа­қы­нырақ тануға құлшыныс туады. Сол арқылы қазақ­тың жалпы адамзаттың рухани жаулау қа­зы­насы мен халықтардың мәдени же­тіс­тік­те­ріне қосқан үлесін қосудағы орнын ба­ға­лау­ға мүмкіндік туды», – дейді ғалым қазақ­тың музыкалық мұрасын зерттеуге енді кі­ріс­кен шақта. Затаевич бізді санымыз азғана бол­са да, «үлкен халық» деп танып отыр. Үлкен халықтан үлкен өнердің шықпауы мүм­кін емес. Әлем мойындаған Абайдың ән-күйлерін қоспағанда, өлеңдері, Құр­манға­зы­ның күйлері, Біржанның әндері, классикалық дәрежедегі авторы беймәлім халық әндері тек екі шекті домбыраның сүйемелдеуінде ғана орындалмай, «классикалыққа лайықты» деп есептейтін еуропалық музыкада да кө­рі­ніс тауып жүр. Жәния Әубәкірова, Ақтоты Райым­құлова сынды төрткіл дүние мойын­даған музыканттарымыз шетелді батысеу­ро­палық музыкамен емес, тек ұлттық му­зы­ка­мыз­бен ғана таңғалдырып жүргендігін айта­ды. Классиканың шыққан отаны өнерімізге таң­дай қағып отырса, демек, біздің му­зы­ка­ның да классикалық болғаны ғой?!

Осы орайда қазіргі уақыттағы жалпы қазақстандық классика өнері туралы опера өнерінің шебер әншісі, Абай атындағы МАОБТ жетекші әншілерінің бірі, ҚР еңбегі сіңген Мәдениет қайраткері, майталман Жәмилә Төлегенқызы Баспақовамен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Жәмилә Төлегенқызы, әңгімемізді бастамас бұрын, ең алдымен өзіңіз туралы оқырман қауымға қысқаша таныстырып өтсеңіз?

― Мен Қарағанды облысы, Теміртау қаласында жай шаруа отбасында дүниеге келдім. Бала жасымнан зерек болсам да, ойын баласы едім. Уайымсыз өткен балалық шағым мен үшін тәтті түс ретінде қала бермек. Өсе келе өмірге деген көзқарасым да тереңдей түсті. Әр адам баласына тән қасиеттерім де пайда бола бастады. Уакқыт өте музыкаға деген әуесім ұлғая түсті. Отбасымыздан тек мен ғана өнер жолын аңсадым. Мектепті тәмамдап, музыкалық техникумға жеке ән бөліміне оқуға тапсырдым. Жасыма байланысты оқуға түсу сәл қиындықтар туғызғанмен де, оның бәрі артта қалып, көп ұзамай техникум студенті атандым. Нар тәуекел деп оқудағы барлық қиындықтарды жеңе білуге тырыстым. Өмірдің ағымымен онан соң соң өнер ордасы – консерваторияны да тәмамдап, қазіргі күнде өздеріңізге белгілі адамдардың санатында екеніне тағдырыма ризамын!

Осы алдымызда өткен қыркүйек айында Абай атындағы МАОБТ – ның жаңа маусымы ашылды. Сонымен қатар, біраз спектакльдердің тұсаукесерлері де өтті. Солармен бөліссеңіз?

― Әрине, жаңа оқу жылымен қатар, біздің театр да жаңа маусымға құлшыныспен кіріседі. Ал театрдың шығармашылық репертуарына келер болсақ, А.Қ. Жұбанов пен Л.А. Хамидидың «Абай» операсының тұсаукесерінен соң, неміс композиторы Карл Орфтың «Кармина Бурана» (Мирские песни для исполнения певцами и хорами, совместно с инструментами и магическими изображениями) кантатасын жаңаша әдіспен көрермен назарына ұсынды. Яғни, егер бұған дейінгі қойылымдарында тек хор, жеке әншілер және симфониялық оркестр ғана болса, бұл жолы оған қоса балет труппасы да қосылды. Қысқасы, синтезді қойылым болды. Ең қызығы, мен бұл тұсаукесерде осымен 3-ші рет басты партияны айтып отырғаным мен үшін үлкен сый! Ең алғаш мен 2002 жылы Б.А. Жаманбаевтың жетекшілігімен, 2006 жылы Ренат Салаватовтың қолдауымен айтсам, ал биыл дирижер Нұржан Байбосыновтың жетекшілігімен өткіздік.

Бұл жолғы тұсаукесерге балет труппасының қосылуының белгілі себептері де болған шығар. Қайткен күнде де бұл тапсырыс Мәдениет министрлігінен емес, Софья Иманғалиқызы Тасмағамбетованың пікірі бойынша жүзеге асқан іс. Спектакльді қоюшы режиссер Гүлжан Төркебаева болды. Сондықтан, бұл спектакль – коммерциялық проект екені айдан анық.

Осы спектакльге сіз бірден басты рөлді иемдендіңіз бе?

― Әрине. Себебін айта кетер болсам, әр ұжымдағыдай біздің саламызда да 2–3 жетекші әншілер (примадонна) болады. Солардың бірі болғандығымнан мен бұл жолғы тұсаукесерге де бірден түстім.

Қазіргі таңда опера сахнасында жас әншілер көбеюде. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Бірақ, сол әртіс атағын алып жүрген жас буын профессионалды тұрғыдан алғанда қаншалықты қабілетті?

 ― Өте қисынды сұрақ. Бұл сұраққа жауаб беруден мен ең алдымен өзімнен бастайын. Біздің оқу кезімізде театр жанынан арнайы опералық студия бар еді. Сонда консерватория қабырғасында оқып жүргенімізде, өз басым сол ұжымда кейбір кішігірім партияларды орындап, тәжірибе жинап жүрдім. Яғни, опералық студияға да көрермен халық операларды көруге келіп тұратын. Ал қазіргі күні жас әншілер ешқандай тәжірибесіз келіп, көптеген қиындықтармен шығармашылықта бетпе-бет кездеседі. Олардың әрқайсысының мінезі, музыкалық қабілеті қаншалықты керемет болса да тәжірибенің жоқтығы қиындық туғызады. Әрине, студияның болмауы үлкен қателік екені рас.

Сіздің ойыңызша біздің елімізде классикалық музыка, сонымен қатар, қазақстандық классика қаншалықты дамыған?

― Орта Азия халықтары сияқты бізде де ұлттық музыкамыз бен фольклорымызды насихаттау ең алдыңғы қатарда. Ал Қазақстанда жалпы классикалық жанрдың дамуы қарқынды екпін алуда. Тек менің өзіме түсініксіз жәйт осыдан біраз жыл бұрын Ақтау қаласына гастрольдік сапармен барғанда өзіміздің ұлттық операларымыздың дұрыс бағаланбауына куә болдым. Егер бірінші күні П.И. Чайковскийдың «Лебедийное озеро» балетінде зал халыққа лық толы болса, ертесіне А.Жұбанов пен Л.Хамидидың «Абай» операсына залдың тек 40% ғана толды. Сондай-ақ, үшінші күні Д.Вердидың «Травиата» операсына зал қайтадан лық толса, ертесіне М.Төлебаевтың «Біржан Сара» операсына тек жарты зал толды. Ащы болса да шындық….

Ал негізі, бүгінгі күнде жоғарыда аталған опералармен қатар, Е.Г.Брусиловскийдың «Қыз Жібек» операсы ғана театр сахнасында әлі де қойылуда.

Шығармашылық жолда белгілі тұлға ретінде қалыптасуға септігін тигізген жан болды ма?

― Әрине. Ең алдымен, өзімнің ұстазым С.Ғ.Құрманғалиева мен Б.А.Жаманбаев сынды ҚР халық әртістері болса, театрға шетелден шақырған дирижерлармен жұмыс жасау – мол тәжірибе болды. Әр музыкант өзіне тән қабілетке ие болатынын білеміз. Сондай адамдармен жұмыс жасауда өзімнің профессионалды қабілетімді толықтыра түстім.

Қазіргі күнде Халық әртісі сынды атақты алып тастағанына қалай қарайсыз?

― Өз басым бұл жағдайға оң көзқараспен қараймын. Мүмкін мұнда да белгілі себептері болған шығар. 1998 жылы елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен жоғарыда айтылып өткен лауазымды шендеріналып тастағанмен, бүгінгі күнде тек Еңбегі сіңген қайраткері сынды лауазымын қалдырды. Егер Кеңес дәуірінде облыстық конкурстардан және Глинка атындағы конкурстан бас жүлдені иемденсе Еңбегі сіңген әртіс атағын берген, ал халықаралық конкурстардан жүлдегер болғандарға Халық әртісі атағын бірден беретін болған. Ал біздің уақытымызда ең алдымен әртістің профессионалды қабілетіне қарай беру керек деп ойлаймын. Әртіс атағын алған соң жұлдыз ауруымен ауырмай, өзінің профессионалды қабілетін одан әрі шыңдай түсуі қажет.

Қаталеспесем, сіз Өзбекстан Республикасына еңбегі сіңген әртіссіз. Сол жөнінде айта кетсеңіз?

― Театрға жұмыс жасауға алғаш келген жылдарда гастрольдік сапарлар көп еді. Бірақ, жұмыс барысында 1992 жылы профессионалды тәжірибелігімді шыңдауда Италияға 2 жылға оқуға аттандым. Сол жылдары туған елден, жерден қашықта уақыттар өте берді. 1994 жылы елге оралғаннан кейін алғаш гастрольдік сапармен Ташкент шаһарына бардым. Онда Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан Республикасының күндеріне арнайы ұйымдастырылған концертінде композитор Алябьевтың «Соловей» романсын өзбек халқына шырқап едім. Сол сапарымда ӨР еңбегі сіңген әртіс атағы аяқ астынан берілгеніне қатты қуанған едім. Мен үшін тағдырдың тосын сыйы еді!

― Осы күнде театрдың жетекші әншілерінің бірі, белгілі өнер қайраткері бола отырып, ұстаздық жұмыс туралы ойлаған сәттеріңіз болды ма?

― Әрине, сан рет ойға шомдым. 2002 жылы консерватория ректоры ҚР Халық әртісі, профессор Ж.Я.Әубәкірова да ұсыныс жасап еді. Бірақ, ұсыныстан бас тартуымның себебін барымша түсіндіруге тырыстым. Басқа музыкалық мамандықтарға қарағанда, адамның жанды дауысымен жұмыс жасау өте қиынға соғады. Ал, аспапшылармен жұмыс жасау әлдеқайда оңай. Олар өздеріне берілген тапсырманы ұстаздың көмегінсіз дайындап келе алса, дауысы бар бойжеткен немесе бозбалаға ондай тапсырма аспандағы аймен теңдей десем қателеспеспін.

Қазіргі театр директорының басшылық жұмысына көңіліңіз тола ма?

― Өзгені сынға алғанша, өзіңді шыңдап ал деген дана сөзге жүгінсек, өз басым ол кісі туралы артық сөз айтудан аулақпын. Бір ғана айтарым, мұндай лауазымдағы адамдар ең алдымен театр өмірімен күн кешулері қажет. Әртістердің жағдайын жасайтын менеджер ретінде жұмыс атқарулары тиіс. Әрине, қисыны қиын сұраққа қисынды жауаб та табылмас…

Бәсекелестік деген сөзге қалай қарайсыз?

― Онсыз өмірдің мәні де болмас. Барлық ұжымдарда кездесетін әдетті жағдай. Ал біздің театрға келсек, ол сан қилы әңгіме…

Сіз әрқашан да жайдарлы, эмоционалды болып жүруіңіздің құпиясы неде, сонымен бөліссеңіз?

― Мұнда ешқандай да құпия жоқ. Табиғатымнан холерик темпераментіндегі жанмын. Талмай жұмыс жасаудан жалықпаймын. Жазғы демалысымды еліміздің барлық өңірінде демалғанды ұнатамын. Мүмкін, бір жағынан, демалыстарымда осынау байтақ қазақ жерінің кеңдігінен де рухани байлыққа кенеліп жатқан болармын…

Өзіңіздің шығармашылық жолыңызда ең алғашқы қойылымдарыңыз есіңізде ме?

― Әрине, ол спектпкльдер әлі күнге дейін менің көз алдымда. Ең алғашқы басты рөлім – Е.Рахмадиевтың «Алпамыс» операсындағы Гүлбаршын партиясы. Сол кездегі Валерий Дмитриевич Руттердың көмегі кейінгі шығармашылық өміріме көп септігін тигізді.

Ал қазіргі таңда уақытысында өткізіп алған мүмкіншіліктеріңіз немесе өкінішпен ойлайтын сәттеріңіз бар ма?

― Білесіз бе, болған да шығар. Ұстазым сан рет Мәскеудегі Үлкен театрға лирикалық-колоратуралық сопрано дауысы жетпейді, сондықтан міндетті түрде барып тыңдалып көр деп ақыл айтқан еді. Бір жағынан, сол кездегі жолға жарататын ақшаның тапшылығы болса, екінші жағынан, ішімде патриоттық сезімнің кішкене де болғаны деп ойлаймын.

Қайткен күнде де, мен бүгінгі күнгі өміріме ризамын. Мен Өзімді бақытты жанмын деп санаймын. Сүйікті мамндығыммен айналысуым, халқымның аман, елімнің тыныш болғаны мені қатты қуантады!

P.S. Әрине, бұл сұхбаттан көп сұрақтарға жауаб алмаған күнде де, біраз қинаған сұрақтардың астарлы жауаптарын білдік деп ойлаймын. Өзімнен қосарым, рухани байлығымызды одан әрі байытып, саналы жастармыздың санын арттыру!

 Сұхбатты жүргізген Қуаныш РЫСҚҰЛОВ

,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *