«Телқоңыр» бағдарламасы туралы ой

Қазақ халқының асыл мұрасы, рухани жәдігерлерінің ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпаққа жеткен ән-күй қазынасын өз дәрежесінде дәріптеу, тани білу – ұлттың әрбір азаматының парызы десе де болады. Осы мақсатта қазіргі таңда эфирде әртүрлі форматтағы музыкалық шоу бағдарламаларының саны артуда, дегенмен солардың ішінде қазақтың иісі аңқыған жобалар аз. Олардың бірі жеңіл ойын-сауық, бірі ауқымы тар 20-30 минуттан аспайтын кішігірім бағдарлама болса, бірі белгілі себептермен тез жабылып, ғұмыры қысқа болды. Тележобалардың ішінде әлі жалғасын тауып, көрермен ықыласына ие болып келе жатқан, «Қазақстан» телеарнасында апта сайын жүретін «Телқоңыр» танымдық-музыкалық бағдарламасы қазақтың дәстүрлі музыка өнерін дәріптейтін бірден бір жоба болып табылады.

Ең бастысы бағдарламаның «Қазақстан» телеарнасынан берілетіні өте қуантарлық жағдай (басқа осыған ұқсас бағдарламалардың ғұмырының ұзақ немесе қысқа болуы арнаға тікелей байланысты болуы мүмкін).

Бағдарлама қазақтың ән-күй өнеріндегі жетістіктері мен олқылықтарын, өткенімізге үңіліп, өшкенімізді жаңғыртуы және олардың бүгінгі насихаты сияқты мәселелерді көтеріп, заман талабына сай қалың тыңдарман назарына ұсынады. Бағдарлама аясында ән мен күйдің тарихын, музыкасын ғалым-мамандар мен орындаушылар тұтас қарастырып, халық әндері мен күйлерінің, халық композиторлары мен жеткізушілердің өмір жолы, олардың өмір сүрген дәуірі, шығарманың шығу тарихы, орындаушының шеберлігі, аймақтық мектептердің ерекшеліктері туралы мағлұмат беріледі, шығармалардың таспаға жазылған бірнеше нұсқалары, сонымен қатар ән-күйлер бүгінгі эстрада өнер жұлдыздарының орындауында да ұсынылып, бағдарлама соңында орындалады. Жалпы қазақ дәстүрлі музыка өнерінде, әсіресе күйде – күйші алдымен шығарманың мәні, шығу тарихы туралы айтқан, соған байланысты сол дәстүрді жаңғыртып, жалғастыруда бағдарламаның қосар үлесі мол.

Сонымен қатар «Телқоңыр» әр бағдарлама сайын қазақ дәстүрлі музыкасын зерттеу кезіндегі ақтаңдақтарды, тың мәселелерді көтеріп, қазіргі музыкатану саласындағы зерттеушілерге жаңа тақырыптар ұсынады.

Бағдарламаға қонақ ретінде шақырылған мамандар бұрмаланған, өзгеріске ұшыра­ған әндерді егжей-тегжейлі талқылап, сүз­гіден өткізіп, айтылмай келген, жұрттың бәрі біле бермейтін біраз шындықтың бетін ашуға тырысады, мамандар – орын­даушы, жеткізушілерге қатысты дау­лы мәселелерде сын айтып, қатесі болса түзеп, жанашырлық білдіре алатын, айтары бар азаматтар.

Дегенмен, хабардың құныдылығы мен қатар кемшіліктер де жоқ емес, соған байланысты ұсыныс та туады. Айта кетсек, кейбір адамдардың «кездейсоқ адам шақырылады, бұл біздің деңгей емес» деген пікірлерін естіп жатамыз, өйткені келетін қонақтардың студияға келіп, «не айтамыз, не туралы өзі бүгін» деген сияқты орынсыз сұрақтар қойып, «әй, әйтеуір бірдеңе айтармыз қазір, шулап-шулап қайтармыз» деп селқостық көрсетіп жатады. Бағдарлама аяғында әркім өз бетімен дауласып, бұл салада ешқандай зерттеу жүргізбеген, ешқандай ғылыми еңбектерді оқымастан, ешқандай жазылған деректерге сүйенбестен, кереғар пікір айтушылар, тек жәй санды көбейтіп келіп-кетушілер де жоқ емес. Адамды жаңылдыратын ақпараттар кетпес үшін, нақты ғылыми тұрғыда зерттелген еңбектерге сілтеме жасап, соларға сүйене отырып, айтылған ойлар берілуі тиіс деп ойлаймын. Сондықтан шақырылған қонақтар жауапкершілікпен қарап, жақсы дайындықпен келіп, бір-бірін қайталамайтын қызықты әңгіме-пікірлер айтса жақсы болар еді.

Әрине, ол кітап, немесе зерттеулерді іздеп, оқып, оны қорыту үшін уақытты талап ететін еңбек және түсірілімге де көп уақыт кетеді, кейбір адамдар оған уақытын жұмсағысы келмейді, осы тұрғыдан гонорар төленсе деген ұсыныс туады, өйткені ақша төленгендіктен ешкім бас тарта қоймайды, әрі «ақша төленді» деген сөздің өзі маманға жауапкершілікті міндеттейді.

Жауапкершілік туралы сөз қозғағанда келген орындаушы қонақтар, әнші немесе күйшілерге қатысты айтар болсақ, ол кісілер бағдарлама аяғында шығарманы орындайтын болғандықтан және бұл бағдарлама Республика бойынша кең ауқымда көрсетілетіндіктен күнделікті киіммен келе салмай, концерттік, ұлттық киіммен жарқ етіп шықса қандай жақсы, неге десеңіз ұлттық киімдерімізді күнделікті тұрмыста киіп жүре алмаймыз[1], оны тек сахнадағы осы әншілеріміз бен күйшілеріміз кимегенде кім киеді?

Әр ән-күйді зерттегенде, талқылағанда әркім әртүрлі деректерге сүйенуі мүмкін, немесе алдында айтқандай өз жеке пікірлерін білдіріп, даудың туары айдан анық, сондықтан белгілі бір қорытындыға келу үшін хабардың түйінін айтатын сарапшылар болса.

Мұндай бағдарламалар жастарға өтімді болу үшін, жастар жұмылдырылса деген тілек бар. Қазір көп бағдарламалардан шоу жасау талап етіледі. Студияның декорациясын да өзгерту керек сияқты. Сондықтан келешекте бұл бағдарламаның форматы да өзгере жатар деген үміттемін.

Тағы бір айта кететін жағдай, тілге байланысты, шынын айту керек, бұл дәстүрлі музыка туралы бағдарлама болғанымен, көптеген орыс тілді (дәстүрлі музыканы ең бірінші орыс ғалымдары зерттеп, қазақ ғалымдарының көбісі орыс тілінде еңбектер қалдырған), ғылыми зерттеулер жүргізіп, мақала, үлкен еңбектер жазған, ғалым-мамандар, және насихаттаушылардың көзін көрген, дәстүрлі өнердің майын ішіп, жілігін шаққан адамдар әрі барлық ғалымдар әр аймақтарда тұратындықтан сырт қалып жатады, аймақтардан ғалым-мамандарды, орыс тілді, қазақ тілді музыкатану мамандарын шақырылса. Қазақ тілді маман сөйлегенде астына орысша аударма жіберіп, орыстілді маман сөйлесе, қазақша аударма титры жіберіліп, екі тілде бір хабар жүргізілсе, бағдарламаның тарауы одан ары кеңейер еді.

Ұлттық жобаның «Айқын» атты беделді, таралымы көп басылымымен серіктес болуы қуантады. Өйткені, бағдарламаны әркімде үзбей көруге мүмкіндік бола бермейді.

«Телқоңыр» бағдарламасының идея авторы, әрі жүргізушісі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ақан Әбдуәлі: «Қазынамызды байытып, асылдарымызды ардақтап, жауһарларымызды жарқыратамын деген азаматтарға Алланың нұры жаусын дейміз! Дәстүрлі өнеріміз өз елімізде ғана емес, өзге мемлекетте қолдау тауып жатса, бағдарлама ұжымының көздеген мақсатының орындалғаны» дейді[2]. Қорыта келе айтарым, осындай көрермені, жанашыры бар музыкалық-танымдық бағдарламаның ғұмыры ұзақ болып, көрермені көп ұлт­тық «Қазақстан» телеарнасы халқымыздың руханиятына қызмет етуін жалғастырады деген үміттеміз.

Баян ӘБІШЕВА, музыкатанушы,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының

кіші ғылыми қызметкері

 

[1] Әрине заманауи стильдеіг киімдерді киіп жүргендер бар, бірақ олар концерттік емес, ұлттық киімізді де жоғалтып алмайық.

[2] Қаншайым Байдәулет «Телқоңыр» кітап болып шықпақ. Айқын газеті. 13.08.2013

,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *