Виртуоз орындаушы, маэстро А. Цыганковтың Қарағандыдағы концерті

Биыл да жылдағыдай елімізлің мәдени өмірі көптеген дүбірлі концерттер мен музыкалық кештерге толы болды. Солардың бірі әрі бірегейі Қарағандыда өтті десе болады. Мұнда мамыр айының 16-18-і күндері аралығында Қарағанды облыстық филармониясының басшылығының және Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Ерлан Бақтыгерейдің шақыруымен қазақстандық музыканттарға, оның ішінде халық аспаптарында орындаушыларға өте таныс есім – Ресей халық артисі, Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының профессоры, композитор, домра аспабының шебері Александр Андреевич Цыганков концертпен келді.

А.Цыганков пен Е.Басықараның дуэті.

Александр Цыганков пен Ерсайын Басықараның дуэті.

Оның келуі 18 мамырда Шалқыма концерттік залында өтетін Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің ХХІV концерттік маусымының жабылуымен тұспа-тұс келді. Концерттің бірінші бөлімінде оркестрдің бас дирижері Ерлан Бақтыгерей мен дирижері Әбілтай Шоқанбаевтың басқаруымен кәсіби өнердегі өз орны бар өнерлі ұжым өзінің бай концерттік репертуарынан көптеген аспаптық шығармалар мен әндер орындап, көрермендер ризашылығына бөленді. Ал, концерттің екінші бөлімінде сахнаға қонағымыз, домра аспабының дүлдүл орындаушысы Александр Цыганков шықты. Бағдарлама бойынша А. Цыганков өзінің бірнеше шығармасын орындады. Алғашқысы әрі ең күрделісі төрт бөлімнен тұратын «Балалайка мен оркестрге арналған концерт-симфония» болатын. Композитор өз туындысының домраға лайықталған вариантын орындады және бұл шығарма қырық минуттай уақытқа созылды. Одан кейін А. Цыганков барша музыканттарға танымал болған Н. Будашкиннің №1 Концертін, сонымен қатар, өзінің бірнеше шығармасын бірінен соң бірін асқан шеберлікпен орындап шықты. Атап айтсақ, орыстың «Перевоз Дуня держала», «Коробейники» және кубаның «Голубка» атты халық әндеріне жасалған концерттік вариациялар мен фантазиялары болды. Маэстроның орындаған виртуозды стильдегі шығармалары көрермен қауымды тәнті етіп, оның орындаушылық шеберлігі үлкен әсер қалдырды.

Сол күні күндіз сол залда А. Цыганков музыкант оқушыларға, студенттерге және жалпы кәсіби музыканттарға шеберлік сабақтарын (мастер класс) өткізген болатын. Осы шеберлік сабақтары мен кешкі концертті көруге жергілікті музыка сүйер қауыммен қатар Алматы, Астана, Көкшетау, т.б. қалалардан музыкант ұстаздар мен студенттер арнайы келген еді. Сабақтың басында ол музыка мектебінде оқитын Мәлика атты кішкентай бүлдіршіннің ойынын тыңдап, ақыл-кеңес берді. Ал, сабақтың негізгі бөлігін соңғы жылдары орындаушылығымен белгілі болып қалған музыкант, Республикалық конкурстардың бірнеше мәрте лауреаты, Н. Тлендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің белді артисі Аяулым Жұмкеновамен өткізді. А. Жұмкенова А. Цыганковтың «Тустеп» шығармасын ойнады. Маэстро шығарманың тарихына тоқталып, әр бөліктерін талдай отыра түсіндіріп, орындап көрсетті. Шеберлік сабағының соңында А. Цыганков осы мақала авторымен бірігіп Н. Паганинидің «Венеция карнавалы» шығармасын орындап шықты. Шығарманың басында, ортасында вариациялар алма-кезек орындалса, соңына таман бірге орындалып, шығарманың мазмұны карнавал іспетті онан сайын ашыла түсіп, шат-думанды, әсерлі аяқталды. Дуэтпен орындалған бұл шығарма да көрермендер көңілінен шықты. А. Цыганковпен сахнада бірге шығарма орындау – мақала авторы үшін де есте қаларлық, тарихи сәт деп есептеймін. Неге десеңіз, сонау 1985 жылы консерваторияның 5 курсында оқып жүргенде мен А. Цыганковтан өмірбаяны, шығармашылық жолы және фото суретін жіберуін сұрап, хат жазғанмын. Көп кешіктірмей, ол маған жауап хатын жазып, керек мәліметтер мен өз фото-суретін жіберген еді. Сол мәліметтер мен сурет кейін А. Цыганковтың шығармашылығы мен «Интродукция и чардаш» атты туындысы жөнінде жазған дипломдық жұмысыма енді. Сол жұмыс А. Цыганковтың шығармашылығы туралы жазылған консерваторияда және Қазақстандағы музыкалық оқу орындарында жазылған алғашқы жұмыс болып есептелінеді. Сондықтан, аты аңызға айналған үлкен орындаушы, «домра аспабының Паганиниі» атанған А. Цыганковпен бұл кездесуді және сахнадағы екеуіміздің алғашқы рет дуэтпен шығарма орындауымызды – мен және басқа да қазақстандық домбыра-примада орындаушылар үшін алғашқы, тарихи кездесу деп айтуға болады.

А. Цыганков орыс халық аспаптарында орындаушылар мен қазақстандық музыканттар, оның ішінде халық аспаптарының мамандары үшін үлкен тұлға, композитор, домра аспабында шебер орындаушы. Сонымен қатар, маэстро кезінде белгілі композитор Ю. Шишаковтан композициядан дәріс алған болатын. Ол өзінің қырық жылдан аса шығармашылық жолында композитор ретінде алғашқы «Травушка-муравушка» әуенінен бастап, көптеген орыс халық әндерін өңдеп, виртуозды концерттік пьесалар жазды («Гусляр и скоморох», «Плясовые наигрыши», «Частушки», «Белолица-круглолица», т.б.). Сонымен қатар, оның қаламынан академиялық стильде де ірі көлемдегі шығармалар шығып, өз репертуарында орындалып жүр («Поэма памяти Д. Шостаковича», «Концерт-симфония», т.б.).

Маэстро А.Цыганков А.Жұмкеновамен мастер-класс өткізуде

Маэстро А.Цыганков А.Жұмкеновамен мастер-класс өткізуде.

А. Цыганков үлкен музыкант, орындаушы әрі композитор бола тұра, өте қарапайым, кішіпейіл адам. Болашақта бұл кісімен кездесулер жалғаса береді. Құдай қаласа, алдын-ала келісіміміз бойынша, алдымыздағы оқу жылының желтоқсан айында А. Цыганков консерватория басшылығының шақыруымен біздің студенттер мен оқытушылық-профессорлық құрамға шеберлік сабақтарын өткізуге Алматыға келеді. Осындай концерттер жиі бола берсін, енді Алматыда кездескенше, құрметті музыканттар мен өнер сүйер қауым!

Ерсайын Басықара, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, Мәдениет қайраткері

Қуаныш РЫСҚҰЛОВ, журналист

, , ,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *