Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, ұлағатты ұстаз, домбырашы Ермұрат Үсенов таяуда 70-жылдық мерейтойын атап өтті

Ермұрат Үсенов –композитор, республикалық композиторлар байқауларының лауреаты, ІІ дүркін Гран-При иегері, дәулескер домбырашы, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, «Мәдениет қайраткері» (2007), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2010), ұстаз.

Ермұрат Үсенов

Ермұрат Үсенов 1952 жылы 25 шілдеде Алматы облысы, Кеген ауданында, Қарқара жайлауында дүниеге келген. Ұзынбұлақ ауылында он жылдық мектепті аяқтаған. Оныншы сыныпта домбыра шертуді үйреніп, сонымен қатар сурет салып, спортпен шыныққан. 1968 жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының дайындық курсына, кейін 1970 жылы домбыра сыныбына оқуға түседі. Еңбек жолы Жезқазған музыкалық училищесінде оқытушы ретінде басталып, алғашқы шығармалары жазыла бастайды. Бір жыл еңбек етіп, 1979 жылы Ұлттық консерваторияға екінші мәрте оқуға түседі, бұл жолы музыкатану мамандығы бойынша аяқтайды. Консерваторияда Қали Жантілеуов, Уәли Бекенов, Бақыт Қарабалина, Латиф Хамиди, Кенжебек Күмісбеков сынды ұстаздардан сабақ алған. Ал Нұрғиса Тілендиевтен тәжірибе жағынан кеңестер алып, ұлы ұстаз ретінде қабылдаған.

1979 жылдан композитордың шығармалары байқауларда жүлделі орын алып, Қазақстанның барлық оркестрлерінің репертуарларынан берік орын тапты. 1981 жылы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбль құрамына қабылданып, бас концертмейстер болды. 1988 жылы Тәттімбет күйлерін тұңғыш рет «Саржайлау» атты жинақ етіп шығарып, радио қорына өз орындауында жаздырды.

1991 жылы «Домбыра мен фортепианоға арналған шығармалар», 1988 жылы «Бозінген» партитуралар жинағы жарық көрді. Оркестрге түсірудің жетік маманы ретінде республикамыздың көптеген ансамбль, оркестр ұжымдарына симфониялық оркестрге, үрмелі және халық аспаптары оркестріне, хорға, жеке аспаптарға көптеген шығармалар жазды. Композитордың шығармаларын А. Мұсаходжаеваның басқаруындағы «Академия солистов» камералық оркестрі АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия т.б. шет елдерде орындады. Сазгердің ән-күйлерін Майра Мұхамедқызы, Мақпал Жүнісова, Кенжеғали Мыржықбаев, Майгүл Қазтұрғанова, Рамазан Стамғазиев, Гүлмира Сарина сынды айтулы өнерпаздар сомдап жүр.

1990-1994 жылдары Алматы музыка училищесінде, кейінірек Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында кафедра меңгерушісі болып еңбек атқарды. Қазіргі таңда Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы РҚМММИ-да және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында болашақ композиторларды тәрбиелеуде. Ұстаздық қызметінде тәрбиелеген шәкірттері республикамыздың әр түкпірінде еңбек етуде.

— Сәлеметсіз бе, Ермұрат аға! Бізбен бүгін әңгімелесуге келгеніңізге алғыс білдіреміз. Сіздің шығармашылығыныз жан-жақты, алғашқы ұстаз болып бастаған кезіңізден елу шақты жыл өтіпті. Бүгін де біз Сіздің өміріңіздің осы бөлігі жайында сөйлессек. Алғашқы оқытушы қызметіңіз Жезқазған музыкалық училищесінде басталыпты. Сол жайында айта кетсеңіз.

Иа, дұрыс, алғашқы ұстаздық Жезқазған училищесінде басталды. Сол кезде консерватория бітіргендерді міндетті түрде жолдамамен алыс-алыс облыстарға, аудандарға жіберетін. Біз сонда педагогикалық училищеде музыка бөлімін ашып, сол жақтың программасымен жұмыс жасадық. Кейін музыкалық училище ашуға ұсыныс тастап, сол облыстың әкімдігінің қолдауымен Жезқазған қаласынан музыкалық оқу ордасын аштық. Жақсы оқушыларды тәрбиелеп, консерваторияға оқуға дайындадық.

— Консерваториядағы ұстаздарыңыз жайында айтсаңыз. Олардың Сізге қандай ықпалы тиді және олардың ұстанған әдісі Сізге қалай әсер етті?

Мен консерваторияда екі мамандық бойынша білім алдым. 1977 жылдан бастап 7 жыл домбырада оқыдым, 1983 жылы музыкатану бөлімін бітірдім. Мен домбырашы ретінде Қали Жантілеуов, Уәли Бекенов, Бақыт Қарабалина сынды ұстаздардан білім алдым. Ал аспаптану бойынша Күмісбек Кенжебек ағайдан сабақ алдық. Л. Хамиди, М. Қойшыбаев, Б. Жұманиязовтар да ұстаздарымның қатарында болды. Музыкатану мамандығы бойынша дәріс берген ұстаздарым мықты еді. Мысалы, гармониядан Л. Быкова, сольфеджиодан В. Мавриди, заманауи гармониядан М. Ермолов, музыка тарихынан Ю. Аравин сабақ өткізді. Дипломдық жұмысымның жетекшісі — әйгілі музыкатанушы, өнертану кандидаты, профессор Жұмалиева Тамара Қажығалиқызы болды. Классикалық музыка тарихы, джаз гармониясы сабақтарын толықтай меңгеріп шықтым. Алған білімім болашақ композитор болып қалыптасуымда үлкен рөл ойнады.

— Сіздің ойыңызша қазіргі Қазақстандағы заманауи композиторлық қызметтің жағдайы қандай?

Кеңес үкіметі құлап, Қазақстан егемендігін жариялағаннан кейін Композиторлар одағының жағдайы нашарлап кетті. Себебі, бұрын Кеңес, Ресей композиторлары Одақ жағынан қаржыландырылатын, жазылған шығармалары үшін қаржы төленетін. Қаржыландыру тоқтатылып көп қиыншылықтар туды, композиторлар жазу мүмкіндігінен айырылды. Кейбір ішінара сұраныстар болып, киномузыка жазбаса, композиторларға шығармаларын өткізіп гонорар алатын жағдай жоқ. Көркемдік кеңес ашу жайында мен талай рет мәдениет министрлігіне жазғанмын. Композиторлардың шығармаларын қабылдап, қолдау көрсету керек. Астанада Композиторлар Одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров біраз жұмыстар атқарып жатқанын айта кету керек: кездесулер, конкурстар өткізіліп жатыр.

Ермұрат Үсенов

Алтай Құсаинов және Ермұрат Үсенов

 

— Өзіңіз білетіндей бүгінгі күні композиторлық жұмыс көп жастарда қызығушылық тудырмайды, ал осы мамандықты игеруге келгендерді қолдау жоқтың қасы. Осы мәселені қалай шешуге болады?

Композиция мамандығы көп студенттер оқитын мамандық емес. Консерваторияда композиция сыныбында саны шектеулі, бірақ оқып жатқан жастар бар. Талантына қарай жастардың ішінен көзге көрініп шығып жатыр. Білім жетілдіріп, композиция жағынан шығарма жазу, оны оркестрге түсіру, орындату деген шаралар бар. Осы жағынан жас композиторларға туындыларын орындату жағынан қиыншылық бар. Бұрын Композиторлар Одағы филармонияның оркестрімен келісімшарт жасап жастардың шығармаларын орындап отыратын. Ал қазір жақсы жазылған шығармаларын композиторлар орындата алмайды. Көбінесе қазір үлкен классикалық білім алып, консерваторияны бітіргендер жеңіл музыка жазуға кетіп жатыр. Бірақ бұл барлығына қатысты емес, дегенмен келешекті жастар бар. Мысалы, Арман Жайымов, Әліби Әбдінұров, Тасқын Жармұхамет өз жолын тауып, жемісті еңбек етіп жүр. Мен А. Жұбанов атындағы музыкалық мектебінде композициядан сабақ беріп жүргеніме алты жыл болды. Алғашқы шәкіртім Есіркеп Аружан мектеп бітіргеннен кейін Астанада Серікжан Әбдінұров сыныбы бойынша Қазақ Ұлтттық Өнер Университетін аяқтады. Биыл Алматы консерваториясында Бейбіт Дәлденбай сыныбына магистратураға түсті. Тағы бір шәкіртім консерваторияда 3 курста оқып жатыр. Қазіргі оқушым Әліби Жанат талантты болашағы зор, үміт артатын жастарымыздың бірі. Біраз шығармалар жазып, бүгінгі күні трубаға арналған шығармасын симфониялық оркестрге түсірумен айналысып жатыр. Халық аспаптар оркестріне шығармасы сахнада орындалып шықты. 9 сыныптан сабаққа жазылып жатқан жасөспірімдер бар. Бірақ қаншалықты сәтті болатыны болашақта көре жатармыз.

— Соңғы жылдардағы атқарып жатқан қызметіңіз және шығармашылығыңыздағы жаңалықтар жайында айтсаңыз.

Мен 5 желтоқсанда 70-жылдық мерейтойыма арналған арнайы авторлық кешімді өткізгелі жатырмын. Халық аспаптар оркестрімен бірге Қазақстанның әртүрлі аудандарында концерттерімді өткізген болатынмын. Осы ұжымға арнап көп шығармаларым жазылған еді. Қазір туындыларым, жеке шығармаларым облыстық оркестрлерде, шет елдерде – Ресейде, Қытайдың Үрімші, Құлжа аймақтарында, Өзбекістанда орындалуда. Сұранысқа ие композиторлардың бірімін деп ойлаймын. Өйткені маған үнемі жеке шығармаларға тапсырыстар, оларды оркестрге түсіру сияқты жұмыстар келіп жатады. Осы уақытқа дейін 3000-ға жуық оркестровка, партитураларды жасаған екенмін. Олар халық әндері мен күйлері, қазіргі композиторлардың шығармалары. Соңғы өз тундыларымның арасында өмірден ерте өтіп кеткен дүлдүл күйшіміз Қаршыға Ахмедияровтың рухына арналған «Қаршығаның төкпесі» жеке домбыра мен фортепианоға және үлкен оркестрге түсірілген. Ақын қызымыз Фариза Оңғарсыноваға арнап «Ақжелкен» атты күй жаздым. Оны Айгүл Үлкенбаева жарыққа шығарып орындап жүр. «Кербез сұлу» көп орындалатын шығармаларымның бірі. Бірталай әндер жазылды, бірақ олар жетілдірілу үстінде. Алдағы концертте симфониялық шығармаларым орындалмақшы. «Қорқыт-қобыз дастаны» атты симфониялық поэма сынды күрделі шығармамның премьерасы болады. Ол жерде Қорқыт жайында, қобыз туралы баяндалады. Бақсылардың жын шақыру көрінісін бейнелеймін. Көрермен өз бағасын бере жатар. «Туған елім» атты жаңа ән де орындалады. Концертте ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяровтың жетекшілігімен студенттік симфониялық оркестр, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ян Рудковскийдің жектекшілігімен студенттік хор, Халықаралық байқаулардың лауреат студенттері өнер көрсетеді. Алда шамам келгенше әлі де шығармалар жазу, жастарды тәрбиелеп оқыту жоспарда бар.

Ермұрат Үсенов— Бүгінгі сұхбатыңызға рахмет! Сізді тағы да мерей тойыңызбен құттықтай отыра, зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!

Ермұрат Үсеновтың ұстаз ретіндегі портретін толықтыру үшін оқушысы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының композиция мамандығы бойынша оқып жатқан 3 курс студенті Ниязбек Ертайдан сұхбат алдық.

Сәлеметсіз бе, Ертай! Көңіл күйіңіз қалай? Өзіңізді таныстырып кетсеңіз.

Сәлеметсіз бе! Көңіл күйім жақсы, рахмет! Менің атым Ниязбек Ертай Әсемханұлы, 21 жастамын, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының композиция мамандығы бойынша 3 курс студентімін.

Ермұрат ағайдан қалай сабақ алып бастадыңыз? Ол кісінің оқыту ерекшеліктері қандай?

— Мен Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің 8-ші сыныбында оқып жүргенде мектепте композиция факультативі ашылған болатын. Сонда әкем міндетті түрде бар деп, ұстазбен алдын ала келісіп алып мені жіберді. Содан 2015 жылдың қазанында өзімнің бірінші композиция сабағыма барып Ермұрат ағаймен таныстым.

Ертай, қазір консерваторияда оқып жатырсыз, ағайыңыздың шығармашылығыңызға қандай әсері болды?

— Ермұрат ағай менің композициядан алғашқы мұғалімім болғандықтан әсері өте көп. Сазгерлікке көңіл аударып, домбыра мамандығынан композицияға ауысуыма ықпал еткен еді. Оқу барысында алғашқы шығармаларымды шығарып, орындатып бастадым. Қазақтың халық және дәстүрлі музыкасына деген махаббатымды оятқан ұстазыма алғысым шексіз. Жалпы композициядан ең маңызды, ең негізгі білімін беріп, орысша айтқанда «базамды» құрып берді.

Өзіңіздің болашаққа композитор ретінде қойған қандай мақсаттырыңыз бар?

— Өзіме үлкен бір мақсаттар қоюға әлі шыны керек қорқақтаймын. Бұған бірнеше себептер бар. Бірі әлі оқу барысында болғандығымнан, заманның жан-жақты дамып бара жатқанына қарап әр түрлі қызығушылықтар пайда болғандығынан және бұл өте үлкен жауапкершілікті талап ететіндігінен мақсат жағынан әлі ізденудемін. Ары қарай көрерміз деп ойлаймын. Бірақ музыка шығарумен өмір бойы айналысатынымды анық айта аламын.

Ертай, бүгінгі әңгімеңізге көп рахмет! Болашақта Қазақстанның ғана емес, шет ел сахналарында Сіздің туындаларыңызды естиміз деген ойдамыз.

Ермұрат Үсенов

Ермұрат ағай оқушылары Аружан Есіркеп және Ертай Ниязбекпен бірге

Тәмамдай келе, Ермұрат ағамыздың жан-жақты тұлға, еліміздің өнер саласының дамуына үлкен үлес қосып жатқан тұлғалардың бірі екендігіне көзіміз тағы бір жетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Халықаралық, республикалық композиторлар конкурстарының бірнеше дүркін лауреаты, ұлағатты ұстаз, биік парасат иесі композитор Ермұрат Үсеновты шын жүректен 70-жылдық мерейтойымен құттықтаймыз!

«Музыкатану және композиция» кафедрасының 4-курс студенті
Дильназ Бақтығұлова
жетекшісі – «Музыкатану және композиция»
кафедрасының доценті Ғалия Қалымова

, , ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.