Ғұн патшасы Аттила Сарыарқаға қайта оралды

Әлем тарихында Еуразия кеңістігін мекен еткен көшпенділер адамзаттың даму баспалдақтары мен қоғамдық қарым-қатынастарды алға бастыруда әлемдік тарих атты алып диірмен тасының дөңгелегін қозғалысқа түсіріп, өзіндік қайталанбас өркениетті дүниеге алып келді. Осындай іргелі өркениетінің заңды жалғасы болған қазақ халқы ХХ ғасырға дейін көшпелі өмір сүрді. Халқымыздың жүріп өткен жолын ұлан байтақ Еуразия кеңістігін мекен еткен көне тайпалардың тарихынан, мәдениетінен, салт-дәстүрінен бөліп алып қарауға болмайды. Демек, бұл тарих алып құрлықтың бел ортасындағы кең байтақ жерді еншілеген қазақ халқының да төл тарихы. Біздің бұл тарихқа, оның даңқты ұлдары мен қыздарының ерлікке толы жорық жолдарына байланысты келер ұрпаққа айтарымыз, мақтанарымыз, үлгі тұтар ұлағаттарымыз да жеткілікті.

опера Аттила в Астана-опера

Көшпенділер өркениетінің бел ортасы болған Сарыарқа төсінде қазан айының 21, 23-ші жұлдызында «Астана Опера» театрының әлемдік тұсаукесері еліміздің мәдени өмірінде маңызды шара ретінде кеңінен аталынып өтті. Бас қаламызда жаңадан бой көтерген «Астана Опера» театрының ашылуына астаналықтар мен қала қонақтары назарына әйгілі қазақ композиторы Мұқан Төлебаевтың Қажым Жұмалиев либреттосына жазылған «Біржан – Сара» операсын ұсынған. Театрдың ашылуына Елба­сының өзі қатысып бұл шараны биыл көрнекті композитор М.Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуіне тоқталып, бұл тарихи сәт екендігіне ерекше мән берген. Қазақ топырағына ту тіккен жаңа опера және балет театрының беташар қойылымы ұлттық репертуардың інжу-маржаны болған М.Төлебаевтің «Біржан – Сара» операсынан бастауы өте орынды шешім болды.

Енді міне театр өзінің кезекті қадамы – әлемдік тұсаукесеріне биыл туылғанына 200 жылдық мерейтойын дүние жүзі өнерсүйер қауымдастығы кең көлемде өткізіп жатқан итальяндық талантты композитор Джузеппе Вердидің «Аттила» операсын таңдапты. Бұл опера шын мәнінде әлемдік деңгейдегі танымал театрлар репертуарынан орын алып келген сүйекті туынды. Мұны Астаналық жас театрдың бет алысын, алдына қойған биік межелерін бағындыруда жасалған нық қадамы, Еуразия кеңістігінде опера өнерінің орталығы болуға ұстанған жолына сай берік ұстаным деп білдік. Театрдың алдына қойған межелері осыны аңғартады. Әрине, бұл бағытта әлі көп жұмыстар істелініп жас театр әлі талай асулардан асу керек. Театр директоры Төлеген Мұхамеджанов сұхбатында осы жобаны ұсынған идея авторы жайлы: «–Операның премьерасын 21 қазанда көрсету идеясын Валерий Гергиев осыдан бір жыл бұрын ұсынған болатын. «Аттиланы» қазақ сахнасында қоюды да алғаш айтқан сол кісі…., бұл жобаны Елбасымыздың тікелей өзі қолдаған болатын» [«Шаңырақтың шамшырағы» // Егемен Қазақстан, 19.10.2013.] — дейді.

Қазақ театрының еліміз көне тарихының сарғайған беттеріне үңілуі, драмалық, музыкалық театрда кеңестік дәуірде ресми идеологиялық мекемелер тарапынан аса қолдау көре қоймаған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда бұл тақырыпқа деген қызығушылық жанданып сала берді. Өткен тарих, одан қалған аз-кем құжаттар мен дереккөздері, керемет сахналық қойылымдарға арқау болды. М.Әуезов атындағы қазақ драма театрының сахнасына Замятиннің романы бойынша режиссер Ю.Коненкин қойған «Еділ патша» (1997), Абай атындағы академиялық опера және балет театрының сахнасына Б.Жандарбековтың романы негізінде Л.Иманғазина либреттосына А.Серкебаев музыкасын жазған «Томирис» (2008) операсы секілді т.б. туындыларда аттары аңызға айналған тарихи тұлғалармен көрермен сағыныса қауышты. Бұдан 170 жыл бұрын жазылып Еуропа сахнасында бүгінде үлкен сұранысқа ие итальяндық композитордың төл тарихымызға тікелей қатысы бар шығармасын қазақ көрерменіне ұсынуын біз осы бағыттағы айтулы жаңалыққа баладық. Еуропалық классик композитордың көшпенді ғұндар тарихынан сыр шертетін оқиға желісі, Еділ патшаның музыкалық бейнесі сахнадан қалай көрініс табатыны сөзсіз көрерменнің қызығушылығын арттырғаны белгілі. Спектакльге келген әрбір көрермен (басым бөлігі жастар) керемет әсем салынған театр сахнасына қойылған жарқын спектакльден ойына қозғау салар аз-кем ұшқын алып, отандық тарих пен өз халқының өткені жайлы қызығушылық танытып ойға қалса, театр өзінің алдына қойған бір міндетін орындалғаны.

Операның басты кейіпкері ғұн патшасы Аттила біздің өткен көне тарихымызбен тонның ішкі бауындай өрілген, халқымыздың жас ұрпаққа аңыз қылып айта жүретін даңқты қолбасшы. Заманында ерекше танымал шығарма болған неміс ақыны Ц.Вернердің «Аттила, ғұндар патшасы» трагедиясы негізінде дүниеге келген Джузеппе Вердидің «Аттила» операсының тарихы әріден бастау алады. Атағы жер жарған Еділ патша Еуропа тарихы, әдебиеті, өнеріне сыналай енген, өзіндік ерекше жолы бар, сан түрлі трактовкалармен жазылған танымал кейіпкер. Әрине, Аттила бүкіл Еуропаны жаулап, оның биік өркениеті мен дінінің темірқазығы болған Рим қаласына дейін барып тізе бүктіргені, еуроцентристік көзқарастағы тарихты жазушыларға ұйқы бермей, ірі тарихи тұлғаға деген көзқарасты, оның жаулап алушылық жорықтарын бұрмалап сан-саққа жүгірткені де белгілі. Дегенмен, Еділ патша Еуропаға Рим империясының құрсауынан құтқарған тәуелсіздікке, сар даланың еркін самал желін алып келді деген пікір басым болғандығын көреміз. Композитор ХІХ ғасырдың ортасында бұл тақырыпты таңдап операсын дүниеге әкелген жылдар өз отанында азаттық үшін күрестің қызу белең алған кезі болатын. Барлық итальян халқы шетелдік басқыншылар құрсауынан босану үшін бас көтерген күресіне үн қосқан бұл опера тақырыбы тәуелсіздікке ұмтылған халықтың арман тілегіне толық жауап берді. Сонымен бірге бұл кезең жас Дж.Вердидің композиторлық жазу шеберлігін ұштаудағы ізденістері мен өсу жолы болатын. Драматургиялық желіде, музыкалық бейнелерді жүйелі дамыту мәселелерінде жекеленген жетіспеушіліктеріне қарамастан есте қаларлық ариялар, ансамбльдер, хор бөліктері мол операда кесек тарихи тұлғалар әрекет етіп бақытты өмір, ел бірлігі мен тәуелсіздігі, махаббаты үшін күреседі. Автор музыкасында бүгінгі көрермен қызығушылығын тудырып сезіміне шоқ салатын әсерлі де әуезді музыка, драмалық тартыс, нәзік лирикалық сезім тербеністерге толы. Бұл шығарманың әлемнің қазіргі ең үлкен әрі алдыңғы қатарлы: Санкт Петербургтің «Мариин», Нью-Иорктің «Метрополитен Опера», Миланның «Ла Скала» т.б. секілді сахналарында көрсетілуі де осындай жас композитордың жалынды сезімге толы шығармасына деген қызғушылығының толастамауынан.

Операны қоюшылар мен орындаушылардың халықаралық құрамда болуы бұл іс-шараны еліміз өміріндегі ерекше мәдени құбылыс деп бағалатты. Айналасы бірнеше күн ішінде біз куә болған әлемдік деңгейде өткен мәдени іс-шаралар қатардағы көрермендер мен арнайы шақырылған қонақтардың есінде ұмытылмастай болып қалды. Қоюшы ре­жис­сері, спектаклдің сырт келбетін жасаған суретшісі әрі костюмдер эскизі бойынша суретшісі болып белгілі италияндық Пьер Луиджи Пиццидің жұмысын көрдік. Жалпы спектакльдің сахнадағы қойылымы, оның сырт келбеті мен киген киімдері бір қолдан шыққандықтан ала-құлалықтан ада, жүйемен, сыпайы бір кілтте жасалған. Сахна ашылғанда жаңа театрдың кең әрі еңселі сахнасында бой көтерген үлкен аркалы тас қаланың зәулім қабырғасы, Империяның ақ мәрмәрлы баспалдақтары, зәулім ғимараттарының сұлбасы, үлкен жылқыға қойылған ескерткіш статуя, операның оқиға өтетін орны Мәңгілік қала Рим төңірегінде өтіп жатқандығынан хабардар етеді. Ғұн патшасының тегеуріне шыдамай қаһарлы империя армиясы тас-талқан болып жеңіліп, дала барысының соңғы секірісін үрейлене күткен римдіктердің пышақтың жүзіндегі сәтінен хабардар етеді. Көрермен сахна ортасында және сол қанатында лапылдап жағылған от алауына қолына түскен құндылықтарды өртеп жатқан жеңімпаз ғұндардың масайраған ортасына түсеміз. Италиялық режиссер-суретшінің жасаған ғұндардың костюмінде өзгеше этнографиялық дәлдік, бояуы мен нақтылы элементтерін көрсетуден гөрі көне дәуір тақырыбына жақындатылған жалпылама стилизациялау басым. Сонымен бірге далалықтар мен қалалық адамдар ара жігін нақтылы бояу, түстермен ашып бере алған.

Койылым аяғына дейін спектакль декорациясы өзгеріссіз қалып, оқиға өтетін орын ауысарда аз ғана бутафориялық детальдермен толықтырылады. Режиссер сахнада таза музыкалық спектакль жасауға баса назар аударып хор, жеке әншілерге партиясын айтуға ыңғайлы нүктелерді белгілеген. Басы артық көпшілік-хордың сапырылысқан жүрістері, әр топтың психологиялық әс-әрекеттері секілді мизансценалық шешімдер жоққа тән. Есесіне, көрермен назары толығымен музыкалық драматургияның даму желісіне ауып таза музыкалық қойылымнан алатын эстетикалық жағымды әсерді еселей түскен. Спектакльдің түйінді сахналарында оқиға желісіне бұрылыс беретін жаңа кейіпкерлердің шығысы, немесе маңызды драматургиялық шешімдер болатын сәттер ортада тұрған Арка астынан басталып өрбиді. Режиссер Атилланың түс көретін сахнасын (І перде, 2 көрініс), алау оттармен көрінетін әйелдер хорының әдемі дөңгелене орналасқан сахналық композициясын (ІІ перде 2 көрініс), тойға дайындық сахнасында Аттилаға у бермек болғанда кенет дауыл тұрып қараңғылық орнауын (ІІ перде, 2 көрініс) автор музыкасына сай ұтымды мизансценалар, жарық құралдарының көмегімен әсерлі әрі көрнекі жасалған.

Опера спектакліне қатысқан орындаушылар құрамның күшті дауыстары, образ жасауда музыкалық трактовкасы басы артық сахналық іс-әрекеттері мен жаттанды қойылатын мизансценаларға назар аударуды қажет етпейді. Көрермен автор ойын ашуда дирижердің сыйқыршыдай жасаған музыкасына, ән орындаушыларының таза вокалды өнерінен құлақ құрышын қандырып, сахнада талғаммен жасалған спектакльден көз тойдыратын көріністерден өзіне қажетін алады.

Театрдың әлемдік тұсаукесерінде «Аттила» операсын алыс-жақын шетелдік биік орындаушылық өнерімен танымал болған сахна шеберлерінің өнерін тамашаладық. Операның екі кештегі көрсетілімінде де бас дауысының иегері, әнші Елдар Әбдіразақов ғұн патшасы Аттиланың бейнесін сомдады. Бүгінде Санкт Петербургтегі Мариин опера және балет театрының жетекші әншісі, дүние жүзінің ең үздік опера сахналарында өнер көрсетіп жүрген Е.Әбдіразақов бұл партияны Еуропа мен Америка құрлығындағы белгілі театр сахналарында танымал дирижерлер, режиссерлер жетекшілігінде жасаған. Әнші бұл қойылымда дала қабыланының ер жүрек, батыл, мәрт тұлғасын сомдады. Дене бітімі, тұрпаты батыр қолбасшыға тән келісті де келбетті орындаушының жүрісі нық, сахналық іс-әрекеті буырқанған қызуқандылыққа толы. Музыка авторының негізгі ой-идеясына сай сомдалған Аттила бойында ауыздық бермес күш-жігер мен қайратты қолбасшылық кейіпте көре алдық. Жеңімпаз Атилла жеңіліс тапқан тұтқындарға адамгершілікпен, мәдениеті мен сенім-нанымына сыйластықпен қарайтын қолбасшы. Сонымен бірге ол терең ойға беріліп мұңая, құсалықпен қайғыра алатын сезімтал жан болып шыққан.

Еуропалық режиссер Астана сахнасында Еуропаны жаулай келген көшпенділер патшасының ішкі сезімгі мен эмоцияға толы әр түрлі қырынан ашуға күш салған. Аттиланы алғашқы сахнада шапанымен лапылдаған алау отты сөндірген әрекетімен, руханилықтың белгісі болған құнды кітаптарды өртеп құртуға жол бермейтін өмірге кең көзқараста қарайтын пейілі дархан жан болып көрінеді. Аттиланың түсін көрсететін сахнада режиссер әрекет кеңістігін еуропалықтарға тән минималистік кілтте, аса көп іс-қимыл мен басы артық бутафорияға орамай нақтылы әрі салмақты шешкен. Бұл жерде де режиссер орындаушыдан партияның ішкі музыкалық желісіне көлеңке түсірмей алып шығуы арқылы сыртқа музыканың қуат күші мен эмоциялық әсерін көрерменге барынша жақсы жеткізуге талпынысын көреміз.

Ортаға Одабелла бастаған тұтқын әйелдердің шығуында хор халықтың басы артық сахнада қимыл әрекеті сезілмейді. Реалистік театрдың психологизмге құрылған сезімдік хал-күйлері көзге көп ұрмайды. Есесіне спектакльде музыкалық театрдың шарттылықтарына құрылған мизансценалық көріністер нақтылы. Жүрекке қатқан дағы бар Одабелланың кек алуға деген құлшынысы Аттиланы екі жүзді сатқындықтың құрбандығына айналдырады.

Итальяндық баритон дауысты әнші Клаудио Сгура Рим қолбасшысы Эционың партиясында жақсы өнер көрсетті. Қайда болмасын Аттиланың жанынан табылып көшпенділердің тегеуірінді соққысынан тізе бүккен Римді өзі билемекке, билікке Аттиламен келісімге келу арқылы жетуді көксеген мақсаты бар қолбасшының вокалдық тұрғыда толымды, образын жасады. Эцион хатпен жалғыз отырып бастайтын сахнада (ІІ көріністе) әншінің зор, әдемі дауысы, бойы, келбеті, басы артық антураж керек қылып тұрған жоқ. Жаулап алған жерлерді (Римді) екіге бөліп алып билік етуге Аттиланы көндірмек сахнада (І көрініс) Римдік Эцион мен Аттила екеуінің тамаша дуэтінде екі орындаушы да дауыстық ара салмағы деңгейлес, сахнада бірі екіншісіне тең қарсыластар ретінде көріне алды.

опера Аттила в Астана-опера

Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Мариин театрының тамаша әншісі Анна Маркарова Одабелла партиясында өнер көрсетіп, Аттиланың ғашық болған музасы, да опера соңында өмірін өз қолымен қиятын тажалы да бола білді. Әншінің дауысы кең диапазонды, ұшқырлығымен өзге партиялардағы орындаушылар даусымен тең деңгейде көрерменге жетіп жатты.

Италиялық Лучано Ганчи – Форесто партиясын орындады. Кең диапазонды, күшті дауысты әнші өзінің сүйіктісі Одабелланы сүйе де, қызғана алатын, махаббаты үшін ештеңеден тайынбайтын жан етіп көрсетті. Әнші дауысы сахнаның қай нүктесінен болса да тыңдарманға анық естілді. Дауысы жарқын да жағымды естілер тенор дауысты қонақтың сомдаған бейнесі мен сахнадағы қимыл қозғалысында аса белсенділік болмаса да, әдемі де күшті дауысымен залды ұйыта алды.

Спектакльде өнер көрсеткен қазақстандық екі әнші Аттилланың құлы Ульдино – Жан Тапин мен римдік қария Леоне партиясында – Ескендір Әбжановтар операда режисер сызып берген сахналық желіден шықпай өздерінің вокалдық және актерлік қырларымен спектакльдің негізгі концепциясынан алшақтамай толықтырып отырды.

Спектакльдің музы­калық жетекшісі әрі дирижері болып есімі өнерсүйер қауымның аузында жүрген Валерий Гергиевтің болуы тұсаукесер қойылымға салмақ пен маңыздылық бере түскен. Танымал маэстро алғашқы кеште дирижерлік пультте тұруының өзі қазақ опера сахнасының мәртебесін көтеріп мәдени оқиғаның маңыздылығын арттыра түсті. Елбасы тұсаукесер қойылымын тамашалаған осы маэстроның жетекшілігінде болған оркестр, спектакльдің жалпы жоғары деңгейде өтуі осы кештерді Астана қаласының әлемдік музыка дүлділдері жиналған орталығы еткенінің куәсі болдық.

Екінші тұсаукесер қойылымда спектакль тізгінін ұстаған итальяндық Марко Боэми де дирижерлік пультте жинақы тұрып, опера партитурасына еркін жетекшілік жасады. Осы күндері «Астана Опера» театрының оркестріне, хор ұжымына, жеке әншілермен жасалған жұмысына берілген жоғары бағалардың осы музыканттың еншісін тікелей тиесілі екендігін атап өтеміз. Маэстро опера партитурасын жетік меңерген және сан түрлі бейне жасаушы көркемдік құраларын еркін қолдана білді. Дирижер іс-қимылында қолында жеңілдік, нақтылық анық сезіледі. Астаналық «Аттила» спектаклі еуропалық үлгіде жасалған әрі музыкалық тұрғыда жан-жақты салмақтылықпен таразыланып орындалған қойылым болып шыққан.

Спектакль Астана тұрғындары мен қонақтарына шынайы эстетикалық сезім, үлкен серпіліс сыйлағанын көрдік. «Астана Опера» театры жоғары деңгейдегі сахналық қойылымымен, әлемдік деңгейдегі орындаушылардың жұлдызды құрамымен межеленген биік деңгейден көріне алды. Бұл меже үлкен ұйымдастырушылық, дайындық, кәсіби жетілу, және үлкен материалдық қаржыландыруды қажет етуі белгілі жәйт. Жоғары еуропалық үлгіде жұмыс бастаған «Астана Операға» артылар жауапкершілік жүгі де салмақты. Осындай жауапты іске қол ұшын созған Бас демеушілер қатарында «Халық банкі», «Самұрық Қазына» секілді т.б. ұлттық компаниялардың болуы қуанарлық жәйт. Демеушілер логотипі бағдарламалар мен жарнамалардың бірінші беттерінде көрінуі заңдылық. Мұндай құбылыс жаппай барлық қазақстандық театрларымыз үшін қол жетімді, әрі үйреншікті жәй болса, жалпы қазақ театрының шығармашылық бет-жүзі де ерекше өзгеріп құлпыра түсері сөзсіз.

Осындай операның тұсаукесері аясында «Астана Опера» театрында «Қазіргі заманғы опера өнері: дәстүрлер, жаңашылдық және болашақ» атты Халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылуы да ерекше құбылыс ретінде қарастыруға болады. Оған Англия, Ресей, Қытай, Италия, Испания және Қазақстаннан т.б. елдерден баяндамашылар қатысты. Әлемнің ірі опера театрларының директорлары мен театр сыншылары қатысады деп күтілген конференция тақырыбы замануи музыкалық театрдың тыныс тіршілігін, өзекті мәселелерін қозғады. Театр еуропалық деңгейдегі жоғары сапалы опера және балет өнімдерін шығаруға, келешекте екі жақты тығыз да тиімді өзара шығармашылық байланыстар орнатудың алғашқы қадамдары жасалды.

Осыған қоса қазан айының 22, 24-і күндері шетелдік және отандық орындаушылардың қатысуымен үлкен гала-концерт өтті. Онда классикалық музыканың шеберлері пианист Денис Мацуев, биші Светлана Захарова, Сергей Накаряков, аты аңызға айналған әнші Елена Образцова сынды жұлдыздар театр сахнасынан өздерінің өнерін көрсетті.

Бұл тұсаукесер жалғыз театрдың ғана әлемге танылуы емес, жалпы Қазақстан атын дәріптеуге жасалған үлкен жұмыс пен жұмсалған күш жігер. Біз бұл жаңашылдық лебі тек «Астана Опера» театрымен шектелмей, өзге де көп санды қазақстандық театрларға жұғысты болғанын қалар едік. Бізге Астананың Бас театры бастаған жол мен озық үлгі алға басып, қалған театрлар да сол бағытта жағаласа жарысып, материалдық, шығармашылық жағынан қоңдана түскені керек.

Біздің облыстық әкімдер мен ондағы мәдениетті басқарушы мамандар, театр басшылары «Астана Опера» театрының ұйымдастыру, басқару жүйесінде жасалынған жұмыс-тәжірибеден, (киім ілгіштен бастап) пайдасы шаш-етектен сабақ алуына әбден болады. Мол қаражат та, сахнаға қойылатын сүйекті шығарма да көзін тауып ізденсе табылар-ау, тек оны жүйелі, сауатты басшылықпен іске асыратын білікті маман басшы, заманауи менеджментке қол жеткізе алмай келеміз. Кезінде кәсіби, ұлттық сахна өнерінің болашағына шынайы жанашыр бола білген: Т.Жүргеновтей, І.Омаровтай, Ө.Жәнібековтей басшылардың болмауы, кәсіби менеджерлерге зәрулік етегінен тартып сахна өнерін алға бастырмай қоя ма деген қауіп бар.

Қорыта келгенде театр басшылары осындай жауапты іс-шараны өткізуге жан-жақты дайындықпен келгендігі көрініп тұр. Маңызды мәселе төңірегіне әлемдік деңгейдегі аттары мәлім опера өнерінің мамандарын тарту, орындаушылар құрамына бүгінгі таңдағы белгілі опера сахнасының танымал өнерпаздарын шақыру, осы өнердің ғылыми-тәжірибелік түп негізіне үңілуді де ұмытпай халықаралық конференция ұйымдастыру жұмыстары дайындық жұмыстарының қызу өткендігін көрсетеді. Әрине мұндай ауқымды шаралар өткізуде әр түрлі көзқараста «бірақ, алайда» деп басталатын сөздерден кейін сын ескертпелер де айтылып жатады. Біздің ойымызша театр халықаралық қауымдастықа ұсынған Қазақстанның жаңа брендіне айналатын «Астана Опера» театрының әлемдік тұсаукесерін биік кәсіби ұйымдастырушылық деңгейде өткізді. Осындай іс-шаралардың темірқазығы болған «Аттила» операсының тұсаукесері қазақ музыкалық театрының жарқын белесі болып тарих бетіне жазылып қалмақ.

Аманкелді МҰҚАН

өнертану кандидаты, доцент

фото: http://www.astanaopera.kz

, ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.