Әнші, ұлағатты ұстаз Дәнеш Рақышевтың шығармашылығыӘнші, ұлағатты ұстаз Дәнеш Рақышевтың шығармашылығы

Таяуда ҚР Мәдениет қайраткері, Дәнеш Рақышевтың төл шәкірті, Талдықорған қаласындағы Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің аға оқытушысы Абылайхан Қармысовтан «Дәнеш Рақышевтың шығармашылық жолы» тақырыбында сұхбат алынды.

Абылайхан Қармысов

Абылайхан Қармысов

— Абылайхан аға, өзіңіз жайлы айтып кетсеңіз, осы Талдықорған қаласындағы Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің «Дәстүрлі ән» сыныбының Дәнеш Рақышевқа қандай қатысы бар?

Өте дұрыс сұрақ! Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің «Дәстүрлі ән» бөлімі Дәнеш ағаға тікелей қатысы бар. Кезінде Дәнеш аға көзі тірісінде сонау 1991-ші жылдары бұл колледж бар болды, бірақ біздің Жетісу Мемлекеттік Университеті ол кезде Талдықорған педагогикалық институты болатын. Сол университеттің ректоры Жомарт Жаппаров сол жерге Дәнеш ағаны шақырып халық әні сыныбын ашыңыз деген ұсыныс жасады. Содан аға Жетісу Мемлекеттік Университетінде класс ашты. Онда 15-16 бала оқыды. Негізгі мамандығы музыка болғанымен қосымша пән ретінде әнге тәрбиеледі. Сонда оқыған мысалы, Нұржан Жанпейісов, Нұржан Батпақбаев және көптеген ұлдар қыздар оқыды, алды Нұржан Жанпейісов мінекей сол кездегі шәкірті тәлім алған үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Бұл кісі 1992 жылы қайтыс болып кетті де сабақ тоқтап қалды. Орнына Мырзахмет Мукаманов ағамыз Дәнеш ағаның алғашқы шәкірттерінің бірі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі сол кісі екеуімізді шақырып ары қарай біз жүргіздік. Ол кезде мен әлі жаспын, сабақ бердім, өзім Дәнеш ағадан әнді енді-енді түсініп, үйреніп айтып жүрген кезім. Бір жылдан кейін қысқартулар болып (ол кезде жағдай қиын еді ғой), біреуіміз қысқаруға тура келді, әрине Мырзахмет Мукаманов ағамыз жасы үлкен, еңбегі сіңген әртіс болғаннан кейін сол кісі қалды да класты ары қарай жүргізді. Кейіннен қалай екенін, қаражаттың жоқтығынан да сол класс ақыры жабылды. Нұржан Жанпейісов әйтеуір әрең дегенде бітірді бірақ енді әнші болып бітірген жоқ. Кейіннен Консерваторияға түсіп ары қарай әнші болды ғой. Дәнеш ағамыздан бір жыл ғана сабақ алды, қалған 3 жыл меннен сабақ алды. Ал енді Дәнеш аға қайтыс болғаннан кейін Талдықорған облысы тарады, осы өнер саласында жүрген азаматтар бәріміз ойланып осы дәстүрлі ән сақталмай Ағамен бірге кетер ме екен, қалай болар екен деп ойлап жүргенде, осы колледжге Әділхан Қылышханұлы директор болып келгеннен кейін, шіркін ай, осы колледжге дәстүрлі ән ашсақ деп көп ақылдасатынбыз. Жоғары жақтан нұсқау болмай, көмек болмай, қаражат болмай ашылмайтын дүние екен. Ақыры Амандық Ғаббасұлы Баталов деген кісі Алматы облысының әкімі болып келген кезде ол кісі үлкен мәдениет саласындағы адамдарды жинап жиналыс ашты. Онда көптеген мәселелер көтерілді, мен сонда Дәнеш ағаны бетке ұстап осы өңірдегі жалғыз Қазақстанның халық әртісі, өзіндік Жетісуда мектебін қалыптастырған Дәнеш ағаның класы ашылса деп өтініш жасап едім ол кісі қолдап осы класс ашылды. Алғаш Дәнештің сыныбы ашылып мен сабақ бердім. Казіргі кезде шәкірттеріміздің көбі сахнада жүр, филармонияда, өнер мектептерінде жұмыс істейді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына, Т.Жүргенов атындағы Академиясына, Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түсіп, білімдерін жалғастырып жатыр. Бізді Қазақ ұлтын айшықтайтын тілі, дәстүрлі әні, күйі осы үш ақ нәрсе. Біз бұл құндылықты сақтауымыз керек. Енді бүгінде Дәнештің әншілік орындаушылық мектебін ашып ұстазымыздың арманын орындап отырмыз. Мінекей тікелей қатысы деген осы!

Дәнеш аға шығармашылығының бастаулары туралы атап өтсеңіз?

Дәнеш аға шығармашылығының бастаулары негізінен әкесінен, ауыл-аймағы жақындарынан тәлім тәрбие алды ғой. Қандай өнер болмасын ата-ананың қанымен, Алланың қалауымен келетін дүние ғой. Жер шарында жеті миллиард халық бар олардың бәрі ән салса да соның ішінде Дәнештің үні, Дәнештің әні орындаушылық мектебі ерекшеленіп тұрады. Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержановтарды ұстаз тұтқан, олардың бәрі бір-бір мектептің атасы, ал Жетісудың ән мектебінің атасы Дәнеш. Негізін сол Қытай қазақтарының әндерінен, әкесінен, ауылынан үйренсе, кәсіптік деңгейді Әсет Найманбайұлының Мәмет Бабасұлы, Қалихан, Рахымжан деген шәкірттерінен үйренген. Бешпет бидің бұрынғы ауылына Әсетті қайта-қайта шақырған себебі, сол Бешпет бидің немересі Рахымжан бала кезінен су қараңғы соқыр екен. Ары бері қыдырып ел аралап айта алмайды бірақ, Әсеттен ән үйренсем деп армандаған екен. Дәнеш аға Мәметпен ілесіп жүргенде Бешпет бидің ауылына барып Рахымжаннанда ән үйренген екен. Рахымжанның дауысы өте биік, Әсет әндерін керемет орындайтын адам болған екен. Дауысы Мәметтенде, Қалиханнанда биік деп айтады. Бешпет бидің ауылында екі ай жатып ән салып, бір жағынан өзі бай, өзі би елдің бәрі келіп жатады. Күнде бес алты қой, қаншама жылқы сойылып жатады. Халық биге амандасамыз деп бір жағы, ән тыңдап арқа-жарқа болған екен. Бешпет бидің ауылы тіптен ойын сауық ән мен күйдің сал серілердің ортасы сияқты болған деседі. Рахымжан өте келбетті, жігіт ағасы болып қалған кезі, көзі көрмейді, бірақ Әсеттің әндерін майын тамызып тұрып айтады екен. Міне бастауын осылардан алған. Кейіннен 19-20 жасында Құлжада ұйғыр-қазақ театры құрылады, кейіннен қазақ театрыда ашылып, сонда шақырылып Қазақстанға өткенге дейін әртіс болып жұмыс істейді. Сол кездерде Қытайдың үлкен Пекин, Харбин қалаларында концерт қояды. Сол кездері Қайытбек Байтасов деген осы жақтан өтіп барған Арқаның әнін керемет айтатын әншіні өзіне ұстаз тұтады. Дәнеш ағаның осындай дәрежеге жетуіне өзінің жүрген ортасыныңда әсері көп болды. Бұл жаққа келгеннен кейінде халық театрынан бастаса, кейін осы Талдықорған филармониясында дүниеден өткенше жұмыс атқарды. Бұл жаққа Отанға келгеннен кейін үлгі тұтқан адамы Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтар болды. Ал енді Манарбек Ержановты ұстаз тұтқан.

Домбырасы қандай үлгіде болды (визуальді бейнесі, перне ерекшеліктері)?

Домбырасындай ешқандай ерекшелігі жоқ. Домбырасы Алматыдағы аспаптар музейіне қойылған, сол жерге барып көруге болады. Домбырада өте шебер ойнайтын. Домбырасын бір қызығы көп гастрольдерге алып жүрмейтін. Бақберген деген ағамыз бар еді күйші, сол кісі домбырасын алып жүреді, соның домбырасымен айта беретін. Бір күні домбырасы сынып қалыпты. Содан сасқалақтап қалдық, кешке 500 адам жиналатын концерт. Содан сол жерден бір домбыра таптық, бірақ оның бет тақтайы сынып тұр екен, содан Бақберген ішектерін тағып, жөндеп, сол домбырамен шықтық. Осындай қызық кездерде болды. Бір екі ғана домбырасы болды. Кейіннен өзіне арнайы үлкен домбыра жасатты. Оны көп ұстағанда жоқ, бір екі жылдан кейін қайтыс болып кетті.

Қандай жанрларда шығармашылық ізденістері басым (ән, жыр, толғау)?

Халық әндері, халық композиторлар әндері, сонымен қатар Әсет, Біржан сал, Ақан серілердің нұсқасын ұстанды. Кейіннен осы жастарға арнап би ырғағына келетін әндері де болды. Сол кездерде жаңадан шығып жатқан мысалға «Ақбұлақ» әні, Алтынбек Қоразбаевтың, Тілендиевтің әндерін, сол кездегі совет композиторларының да әндерін айтты. Әуесқой композиторлардың ішінде Базархан Жақыбаевтың әнін айтты. Дәнеш аға айтқаннан кейін сол әндердің бағы жанды деуге болады. Өйткені ол кісі дәстүрлі нұсқамен өзіндік мәнеріне салып айтқанда әндер өзінше бір құлпырып шыға келетін. Арқаның кең тынысты әндерін де, Батыстың да әндерін, сонымен қатар қырғыз әндерінде айтты. Жәнібек Кәрменовтың өзінің шығарған Толғауы кішкене солғындау болды содан Дәнеш аға оны оқып көрді де өзінше оған ән шығарды. Бұл Жәнібек Кәрменовтің өзінің шығырғанынанда керемет болды. Радиоларда өзінің орындауында бар. Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменовпен жақсы араласқан, әсіресе Жәнібекпен. Жәнібек Кәрменов сол кездерде Консерваторияда кафедра меңгерушісі болды, Дәнеш ағаны Алматыға жұмысқа шақырады. Содан май айында Жәнібек Кәрменов қайтыс болды деп естідік. Мен келіп көңіл айттым. Дәнеш аға жатып қалыпты жылап: «Қап жас кетті-ау, қазақтың ән өнерінің шаңырағын ұстап тұрған азамат еді, енді заман не болар екен?» – деп қатты қайғырды. Содан бір айдан кейін Дәнеш ағада қайтыс болып кетті.

Абылайхан Қармысов ұстазы Дәнеш Рақышевпен

Абылайхан Қармысов ұстазы Дәнеш Рақышевпен

Дәнеш ағаның күй жанрына жақындығы (қай стиль жақындау болды төкпе, шертпе)?

Дәнеш аға жас кезінде күйде шығырған. Өйткені Халық ансамблінде жұмыс істеп соның басшысы болғаннан кейінде партия туралы, ел туралы, жер туралы күй шығаруға тура келген. Ол кісінің оңай, қарапайым «Үшарал», «Салкүрең» деген күйлері болған. «Үшарал» деген күйі халық театрын құрған ауылына арналған күйі. Бірақ аға оларды құнттап нотаға түсірмеді. Сырнайды да жақсы тартқан. Дәстүрлі әнге толығымен келгеннен кейін олардың барлығын қойды. Суырып салмалық ақындығыда болған. Халық әндеріне, сонымен қатар өзінің әндеріне де сөзін өзі жазып жүрген.

— Өз замандастарынан қандай әншілердің шығармашылығы жақындау?

Композитор ретінде Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержановтардың шығармашылығы жақын болды. Бір-бірін қатты құрметтеп, сыйласқан композитордың бірі Нұрғиса Тілендиев болған.

Халық әні дегенде біз музыкатану ғылымында жіктелген мектептерді еске түсіреміз (Арқа, Батыс, Жетісу, Сыр мектептері), осы мектептердің қайсысына автор шығармашылығы жақын?

Дәнеш ағаның негізін алған Жетісу ән мектебі, тәлім алған кәсіптік деңгейге көтерілген мектебі Әсет мектебі, яғни Арқа мектебі. Бірақ таза Арқамен кетіп қалмай өзіндік Арқа мектебінен тәлім алып, Жетісу мектебін араластыра отырып өзіндік Жетісудағы орындаушылық мектебін қалыптастырды. Оның ішінде Қытай қазақтарының да сарынын қосты. Олардың әндегі сарындары бөлек. Бұны алғаш байқаған Мұхтар Әуезов болды. Мұхтар Әуезов: «Ойпырым-ай сен біздің елге бұл жақта естілмеген, тың, өзінше бір сарын әкеліпсің. Өзінше бір мектеп боласың», — деп батасын берген екен. Мінекей сол кісінің айтқаны дәл келіп бүгінде жеке мектеп болып қаланды.

Әсет Найманбайұлының ән мұрасын қазақ еліне әкелуін ерекше атап айтқанымыз жөн. Шамамен он беске жуық әндерді паш етті әлде одан көппе?

Он беске жуық ән нұсқалары бар. Дәнеш аға бұл жаққа келгенге дейін Әсет Найманбайұлының «Інжу маржан» деген әні ғана белгілі болды. «Інжу маржан» Әсеттің өз сөзі емес, Ілияс Жансүгіровтың сөзімен айтылып жүрді. Дәнеш аға өз нұсқасын алып келді. «Інжу маржанның» төрт түрі бар. «Мақпалдың» төрт түрі бар. Әр әннің бірнеше нұсқалары бар. Әсет Найманбайұлы Біржан сал, Ақан сері сияқты замандастарын қайталамай өзіндік ән нұсқасын жасау ойы болды. Әсет ән негізін Арқадан алғанымен Жетісудың Қытай жерінің сарындарын қосты. Әсет сарыны кішкене бөлектеу. Оның дастандары бар, терме, толғаулары, арнау әндері бар. Осылардың негізгі нақты нұсқаларын алып келген Дәнеш Рақышев.

Сіздің ойыңызша Дәнеш аға Әсет әндерін насихаттаушы ма әлде мектеп жалғастырушысы ма?

Әсет әндеріннің түп нұсқасын алып келуші, өмір бойы оларды насихаттап өтті. Арқаға ұқсатын себебіде сол Әсет әншілік мектебінің жалғастырушысы. Әсет әндерін зерттеп, мен шәкірт болып жүргенде жасы алпыс алтыда, сол кездің өзінде мына жерінде былай айту керек екен деп өлер өлгенше түзеп өтті.

Дәнеш аға шығармашылығына Сәдіқожа Мошанұлының қандай қатысы бар?

Сәдіқожа Мошанұлыныңда әндері біз жақта айтылмаған әнші. Неге десеңіз баяғы заманда 1931 жылы колхоздандыру саясатының ықпалынан еріксіз Қытайға туған-туыстарымен бірге жат жерге қоныс аударып, сол жақта 1946 жылы сүзек ауруынан қайтыс болды. Артына 7-8 ән қалдырған. Бір ғана «Сары бидайдың» өзі неге тұрады. Басқада әндерін Дәнеш аға Қытайда жүргенде Албан елінің азаматтарынан үйреніп айтып жүрген екен. «Сары бидайды» айтып жүрді бірақ таза сөзін таппай жүрді. Жақсылық Мырқаев деген әнші Жәнібек Кәрменовтен бітірген, содан сенің дауысың Дәнеш Рақышевқа келеді деп ағадан ән үйренуге жібереді. Шәкірттерінің бірі болады. Жақсылық Нұрқайып «Сары бидайды» айтады сонда Дәнеш аға сөзін алады. Көбіне халық әні деп айтылып жүрді. «Бекзатым-ай» әнінде Қытай қазақтары халық әні дейді, ал негізінде авторы Сәдіқожа Мошанұлы. «Сары бидайды» қалай Дәнеш аға радиоға берді солай «Сары бидайдың» бағы жанды. Сәдіқожа Мошанұлын халыққа кеңінен таныстырған, әндерінің бағын ашқан Дәнеш аға.

Абылайхан Қармысов

Сұхбаттық жұмыс үстінде

Нұржан Жанпейсов, Мұрат Әбуғазы Дәнеш ағаның «Саясында алманың» атты ән жинағын шығарғанын білесіз, Сіздің ойыңызша осы жинақтың артықшылыға мен кемшілігі неде?

Екі азамат үлкен іс тындырды. Кезінде Дәнеш ағада бірнеше кітап шығарған. Өзі нота білмеді бірақ білетін адамдармен бірге жасаған. Бұрынғы адамдардың сауаты нашар болды. Фортепиано, баянға түсірген оны айту үшін тональдігіне түсіріп қиналатынбыз. Біріншіден бұл кітаптың артықшылығы — сол бірден домбыраға әр әнді өзінің тональдігінде домбыраға түсірді. Екіншіден, Дәнеш ағаның әндерін айшықтап, жинап шығарған екі азаматқа рахмет! Оқулық ретінде пайдаланып жүрміз. Кемшілігі кейбір жерлерде нақты ән нұсқадан ауытқып кеткен тұстары кездеседі, баспаданда қателіктер болды. Нақты Дәнеш ағаның әндерін білгендіктен әндердің мүлт кеткен жерлерін бірден байқап білеміз. Осындай азды көпті қателіктер кездесіп жатады. Ең кереметі осы кітаптың шыққаны, халыққа ұсынылғаны жаңалық болды деп ойлаймын.

«Саясында алманың» жинағында Дәнеш ағаның «Аяулым менің арайлым» атты авторлық әні бар, басқа толығымен өзіне тиесілі қандай әндері бар?

Иә, Дәнеш ағаның «Аяулым менің арайлым» атты әнінің авторы толық өзі. Осы бір ән ғана. Тағы бір «Жетісу» деген халық әні бар, соған сөз жазған. Енді Дәнеш аға барлық әнінің сөзін өзі жаза берседе, күй шығара берседе болар еді. Бірақ нақты дәстүрлі әннің соңына түсіп, соның шыңына жетуді ойлады. Өзінің әндерін өмір бойы түзеп өтті. Маған алғаш үйреткен әндерінің бірі «Сағындым ғой». Осы әнді қалай үйретсем солай айтпа, негізін бұзба, бірақ өзіндік нұсқаңды қосып, әдемілеп жаса деп айтатын. Әнді шығаратын автор бір автор болса, ақыны бір автор, орындаушы бір автор. Сондықтанда кейбір әндердің бағын әншілер ашып жатыр ғой.

Жалпы ағамыздың репертуарында қанша ән болған, төл жанынан шыққан жүзге жуық әні болды деген сөзді растайсыз ба?

Дәнеш аға шығарған әндерінің бәрін нотаға түсіріп халыққа ұсынған жоқ. Соның ішінде ілікке жарайды деген әндерін айтып, нотаға түсіріп, Шәкірттеріне үйреткен. Солардың ішінде 60-70 әндерін айтуға болады, елге танымалы 30-40 ән.

Аға, уақытыңызды бөліп, сырлы сұхбат бергеніңізге көп рахмет! Сіздің жеткізген құнды мәліметтеріңіз қазіргі музыкатанушыларға өте пайдалы. Сізге шабыт, шығармашылық табыс тілейміз!

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының
«Музыкатану және композиция» кафедрасының
4 курс студенті Дариға Мұқият
Жетекшісі – «Музыкатану және композиция» кафедрасының
доценті Ғалия Қалымова

, , ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.