«Сендей ел жоқ мынау жердің бетінде»…

Мамырдың 19 күні Астана төріндегі «Қазақстан» орталық концерт залы көрерменге лық толды. Кең байтақ еліміздің әр өңірінен келген әнсүйер қауым Астана аспанында әнін қалқытқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісованың бөлек болмысы мен тамаша талантына тағы да тәнті болды.

Өнер қайраткерінің «Мен қашанғы жүйрігің» атты концерті Елбасының Астана қаласын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынған шаралардың аясында Астана қаласының әкімдігінің мәдениет басқармасының басшысы Б.Б.Мажағұловтың тікелей қолдауымен өтті.

Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнімен басталған кеш Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» фольклорлы ансамблінің сүйемелінде халықтық «Сәулем-ай», қырғыздың «Таң сыры» әндерімен жалғасты. Бұдан кейінгі кезекте Ғарифолла Құрманғалиевтің «Әнші даусы», Тынышбай Рақымның «Алқалы жұртым, армысың!», Нұрым Шыршығұлұлының «Мен қашанғы жүйрігің…» термелері орындалды.

Сарай сахнасында Сәуле Стаханшылқызының класынан тәлім алған, бүгінгі республикамызға танымал Э.Жаңабергенова, А.Мақашова, А.Елшібаева,Ө.Айниязов, Б.Сауытова секілді дарынды музыканттар легі ән-шашуымен өнерлерін паш етті. Олар тыңдармандардың ыстық ықыласына бөлене отырып, бір-бірін қайталамайтын дауысы мен мәнері, өздеріне ғана тән аймақтық дәстүрдегі ән-жырларын төкті. Осы қатардағы тағы бір шәкірт – Қарақат Әбдильдинаның ұстазымен үйлесімді дуэті көрерменге жаңа музыкалық леп сыйлады. Илья Жақановтың «Толағай» әнін шырқағанда үш ішекті домбыра мен жетіген аспаптарының және екі дауыстың тембрлік-регистрлік үндесуі әнсүйер халықты бейжай қалдырмады. Сонымен бірге кештің ең жас өнерпазы Қуаныш Табын осы концертте анасы Сәулеге арнаған Т.Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Ана» әнін тарту етті. К.Байсейітова атындағы республикалық дарынды балалар музыка мектеп-интернатының оқушысы, скрипкашы Қуаныш 2011 жылы алғаш рет үлкен сахнада өзінің тырнақалды «Бұлттардың жазған жазуы» (сөзі Б.Жақыптікі) әнінің тұсауын кесіп, қалың қауымды ерекше баураған еді. Жас талаптың әдемі әндерінің саздық сипаты оның ұлттық дәстүрлі музыкамен бірге еуропаның классикалық, заманауи музыкасымен сусындағанын аңғартады.

Бүгінде Сәуле есімін дәстүрлі өнерді сүюшілер Мұхиттың «Айнамкөзінен» бөле-жармай қарайды. Оған ақын Маралтай Райымбектің Сәулеге арнаған:

 

Жаратқан саған бар олжасын қиып салғандай,

Күй кешесің бір түрлі өрт ішінде қалғандай.

Өксік, ыза, өкініш, аңсау сүю… армандай,

Өзіңе-өзің үңіліп… мұң басады малмандай.

 

деп басталатын «Айнамкөз» деген арнау өлеңі де куә.

Бұл концертте де Сәуле өз шығармашылығының отыз жыл бойы жалғасқан дәстүрін бұзбай, «Айнамкөзді» шалқытты… «тембрі көркем, орындаушылық, қағыс жағынан Сәуленің шеберлігі өте жоғары» деп Қайрат Байбосынов бағалағандай регистрлердің тең, толыққанды дыбысы, шалқыған диапазон мен қою, әсем тембр, өлкелік мектеп дәстүрінің айрықша домбыра қағысы, бәрі-бәрі биік деңгейде, көркемдікпен көрінді.

Концертті тамашалай отырып көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевтың 1995 жылы «Сәулені қазіргі ұлттық ән өнеріндегі ең шұрайлы шығармаларды бойына жинай білген, қазақтың сүйегіне біткен сыр мен сымбатты келістіріп, жеріне жеткізіп орындай алатын саңлақ әнші деп білемін» деген пікірі осы кештен соң айтылғандай әсерде болдық.

Кештің айрықша жаңалы Сәуленің дәстүр ізімен шыққан жаңа әндері болды. Авторлық музыкалық шығармалар:

 

Алатау сен де биік, мен де биік

Қосылса қосылғандай шерге күйік.

Сені күн, мені күншіл менсінбейді,

Тұрған соң табанымыз жерге тиіп

 

– деп адам болмысының қайшылықтары жырланатын лирикалық-философиялық «Алатау» әнімен басталды. Музыкант жүрекжарды туған әрбір әннің тарихына қысқаша тоқтала отырып, Т.Айбергеновтің сөзіне жазылған, өнерпаздың өз жүрегімен, тағдырымен үндесетін «Ортаңа келді өз балаң» мен жаңа әуендік-интонация мен өзіндік қолтаңбасын байқататын «Ақ Жайық» әндерін домбыра сүйемелімен, А.Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Кіммін мен?» әндерін дәстүрлі орындауда ұсынды. Сонымен бірге кеш қонақтары танымал эстрада жұлдызы Ө.Айниязов Сәуленің «Жас ғасыр, жаңа замана» (сөзі: М.Райымбек), ал Г.Сарина «Япыр-ай» (сөзі: М.Мақатаев) ән-термелерін ерекше шабытпен орындады.

«Оның шығармашылығына қарап отырып, әндерін тыңдай отырып бұрыннан келе жатқан дәстүрдің жалғастығын көремін» дей келе, Сәуленің төл туындылары туралы алғаш пікір айтқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер, профессор Айтқали Жайымов былай деді: «Сәуленің әндері – өміршең туындылар болады деп ойлаймын. Ұлттық музыканың алтын діңгегі халықта болса, соған сүйене отырып, қай дәстүрді алмасын, соның жазылмаған заңдылығынан шықпай, жаңа леп, жаңа әуен шығарған. Ол халық таланттарының ізімен келіп, әннің музыкалық құрылысы, ырғақтық, өлшемдік, әуендік желісіне бүгінгі заман адамының шығармашыл қолтаңбасын қояды. Жаңалығы бар әп-әсем әндер шығара білген».

Кеште әуелеген «Ақ жаңбырлар» (сөзі: Т.Айбергенов), «Шағала-арман» (сөзі. Б.Үсенов), поэзия падишасына арнаған «Фариза – жыр биік» (сөзі: Г.Ниетқалиева), әйгілі «Тараз-триосымен» бірігіп салған «Қаратау» (сөзі: Т.Рахым) әндері тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.

Концерт Сәуленің Отанға деген сүйіспеншілік сезімін паш ететін, патриоттық рухтағы Б.Жақыптың өлеңіне жазылған «Тұғыр» атты әнімен аяқталды:

 

Қазақстан – сенсің менің аспаным,

Сенсің менің таусылмайтын дастаным.

Бұлағыңдай бүлк-бүлк еміп төсіңді

Еркебұлан сапарымды бастадым.

 

Кеш соңында сахнаға шыққан Мәжіліс депутаты Оразгүл Асанғазиева үлкен тебіреніспен әншіні құттықтай келе былай деді: «Бір кездері қазақтың аяулы ақыны Сәкен Сейфуллинді еске алу кеші үшін әсем, кең сарайды сұраған кезде, «Ол кім еді сонша, еске алу кешін мұндай жерде өткізетін? Лайық емес» деп залды бермеген еді. Міне, Тәуелсіздігіміз – ұлттық өнеріміздің бағалануы! Үш мың жарым орынды залда ине шаншар жер жоқ. Мынадай зәулім сарайда дәстүрлі музыка кештері өте бермейді. Ол үшін концерт қоятын артистің қарым-қабілеті, күш-қайраты, бағдарламасы бұндай сарайға лайықты болу керек. Жарайсың Сәуле! Халқыңды қуанттың, келер ұрпаққа үлгі-өнеге көрсеттің. Мұндай өнер иелері бар кезде қазақ өнері мәңгі жасай бермек!».

Бергенінен берері мол шығармашылық иесі осы уақытқа дейін әншілігімен қоса өзін өнердің актерлық, журналистік, зерттеушілік салаларында таныстырған болса, бұл жолы бойындағы сазгерлік дарынын өз деңгейінде, биіктен көрсете білді.

 

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА,

өнертану кандидаты, музыкатанушы

,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.