Жетпіс жылдық тарихы бар біздің киелі өнер шаңырағымыз — Құрманғазы атындағы Казақ ұлттық консерваториясы елдің мәдени өміріне еңбегі сіңген талай дарын иелеріне кәсіби музыкалық білім беріп шығарғаны көпшілікке белгілі. Аталған өнер ордасында тәрбие алып жатқан таланттар легі жыл сайын көбейіп келе жатқаны да ақиқат. Сондай жастардың бірі — Республикалық конкурстардың лауреаты, Дәстүрлі музыкалық өнер факультеті «Домбыра» кафедрасының 4-ші курс студенті Данияр Рысбеков.
— Жақында өткен шығармашылық концертіңіздің сәтті өтуімен құттықтаймыз! Бұл концертті тыңдау барысында көрерменнің толықтай көңілінен шыққаныңызды байқадық. Сіздің шығармашылық кешіңіздің өтіп жүрген басқа концерттерден қандай айырмашылығы болды?
— Бұл менің «концерттік орындаушы» бағдарламасымен 4 жыл оқығанымның есеп беру кеші болды. Негізі, кейбір орындаушылар арнайы бір композитордың туындыларын алып, бағдарламасын сол тұлғаның шығармашылығына бойлап, лекция- концерт өткізеді. Енді біреулері концертіне ансамбль қосады. Менің концертімнің әріптестерімнің кештерінен үлкен айырмашылығы болмады. Концертте әртүрлі мектептердің күйлерімен қатар, фортепианоның және ансамбльдің сүйемелдеуіндегі шығармалар орындалды. Солардың ішінде ансамбльмен бірге тартылған екі жаңа күй болды. Концерттің бар айырмашылығы осында.
— Сіз күйшілік өнерге қалай келдіңіз?
— Ең бірінші мені өнерге 5 жасымда әкем әкелді. 1997 –ші жылы Астанадағы Музыка академиясы ашылғанда, әкем сол жаққа оқуға апарды. Әке- шешем жас кездерінде музыкант болған. Академияға саксофон класына құжаттарымызды тапсырдық. Оқуға түстім, бірақ қаражат жағдайына байланысты оқуды әрі қарай жалғастыра алмадым. Сөйтіп мектепте жүріп хор, домбыра үйірмелеріне қатысып жүрдім. Уақыт келе, Арқалық қаласындағы Нәзипә Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжіне «Домбыра» мамандығына түстім. Осылайша атам мен әкемнің арманын орындадым десем болады.
— Түрлі конкурстарға қатысқаныңыз белгілі, осы конкурстарда қандай қызықты жағдай болды?
— Негізі, колледжде оқып жүріп Алматыға үш рет конкурсқа келгенмін, соның бірінде П.И. Чайковский атындағы колледжде Республикалық конкурс болып, соған келдік. Бізді бір шағын кобиниетке алып келгенде, мен жалғыз болмадым, конкурсқа қатысушылар- әртүрлі аспап иелері болды. Сондағы болған қызық жағдай — сол аспаптарда ойнайтын қатысушылармен бірге бөлмеде дайындалу кезеңі болды. Бұл — мен үшін естен кетпейтін өте қызық кез.
— Казіргі таңдағы дәстүрлі музыка өнерінің деңгейі қандай?
— Өз ойымша, казіргі таңдағы дәстүрлі музыка өнері өте жоғары деңдейде. Киелі қара домбырамыз еліміздің түкпір-түкпірінде насихатталып қана қоймай, күйлеріміз шет елдің сахналарында орындалып, «көрерменнің көзайымы» болып жүргені баршаға мәлім. Мысалы айтып кететін болсақ , «Тұран», «Ұлытау» ансамбльдері өздерінің гастрольдік концерттерін шет елде қойып, дүйім жұрттың көзқарасын біздің мәдениетке қарай бұруда. Сондықтын, дәстүрлі музыка өнерінің жаңа орыгдаушылық формадағы өте жоғары деңгейін байқауға болады.
— Қазіргі заманда күй өнерін жалғастырушы және Қазақстанға аты кеңінен тараған аға буын өкілдерінен кімнің атын атар едіңіз?
— Әрине, бізің елде аты кеңінен тараған аға буын өкілдеріміз баршылық . Ол кісілердің қатарына Біләл Ысқақов, Айтқали Жайымов, Жанғали Жүзбаев, Айтжан Тоқтағанов, Кәрима Сахарбаева, Айгүл Үлкенбаева , Салтанат Құдайбергенова,Қуаныш Жұмағали, Арман Жүдебаевті т.б айта кетуіміз керек.
— Концерттіңізде екі жаңа күй орындалды дедіңіз, сол күйлер жайында айтып кетсеңіз?
— Бұл күйлер, негізі, ұстазым Жұмағали Қуныш Ізімұлының шығарған туындылыры. Бірінші орындаған күйім -«Көңіл толғауы». Бұл күй «шертпе» стилінде жазылған. Күйдің негізгі мазмұны адамның ішкі толғауын , жан дүниесін білдіреді. Ал екінші күй — «Қуаныш Ақжелең», керісінше, «төкпе» стилінде шығарылған. Шаттықты, қуаныш сезімін білдіретін және шебер орындаушылықты талап ететін композиция.
— Бүгінде домбыраға арналып шығарылған салмақты күйлер бар ма?
— Аттары аңызға айналған Кұрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина сынды керемет күйші-композиторлардың күйіндей болмаса да, заманына байланысты сол форманы сақтай отырып туған күйлер бар. Өзім орындаушы болғандықтан, қазір шығарылып жатқан күйлердің «жағдайы төмен» деп айта алмаймын. Өзіме ұнаған және табиғатыма сай келетін композитордың шығармасымен қашанда танысуға асықпын.
— Өзіңіз туып өскен Торғай өіңірі дәстүрлі музыкасының қазіргі хал- ахуалы қандай?
— Әрине, өз елімізді қашанда мақтан тұтып жүреміз. Торғай елін білмейтін азамат жоқ деп ойлаймын. Бұл киелі топырақтан керемет ақын — жазушылыр , жыршылар мен жыраулар шыққан. Солардың кіндік қаны тамған жерінде дәстүрлі музыканың дамымай қалуы мүмкін емес. Ол кіәсілердің ізін жалғастырып жүрген аға буын өкілдері бар, яғни, дәстүріміз өз жалғасын табуда. Туған жердің топырағымен, ананың сүтімен келген өнер мені қазіргі таңда осы киелі шаңыраққа алып келді.
— Данияр, бізбенен шығармашылығыңыз жайлы жаңалықтарыңызбен бөліскеніңіз үшін Сізге көптен-көп рахмет! Шығармашылығыңызға табыс тілей отырып, биік шыңдардан көрінуіңізге тілектеспіз!!!
Шерхан МҰХАМБЕТЖАНОВ, музыкатанушы, 3 курс