Роза Жаманова – қазақ опера өнерінің майталманы

Роза Жаманова өнер жолын Орал қаласының музыкалық училищесінде габой аспабында сабақ алудан бастаған. 1953 жылы Алматы консерваториясын «Жеке ән салу» мамандығы бойынша профессор А.Кургановтың класынан бітіріп , сол жылы опера және балет театрына солист болып кабылданады. Театрда Роза Үмбетқызы алғашқы рет Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсындағы Ақжелеңнің партиясын орындаған. Ал Ақжүністің партиясын аты аңызға айналған Күләш орындайтын. Осылайша, Күляшпен бірге бір сахнаға шығып, оның батасын алып, шабыттана бастайды.Күләш сол күннен бастап, Роза Үмбетқызын еркелетіп, оған «кішкентай » деп ат қояды.

Театр басшыларының, әртістердің, тыңдармандарының көңілінен шыққан Роза Үмбетқызы көптеген опералардың басты рөлдерін айта бастайды. Олар – Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібектің партиясы, «Жалбыр» операсындағы Қадишаның, И. Коцыктың «Айман- Шолпан» операсындағы Айманның, И. Надировтың «Терең көл» операсындағы Раушан, АК. Зильбердің «Бекет» операсындағы Зеренің, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Ажардың, Е.Брусиловский мен М.Төлебаевтың «Амангелді» операсындағы Банудың, М. Төлебаевтың «Біржан-Сарасындағы» Сараның, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Төлеген Тоқтаровындағы» Любаның, Е.Брусиловскийдің «Дударайындағы» Марияның, «Мұрагерлер» операсындағы Райханның, Қ.Қожамияровтың «Назығұмындағы» Назығұмның, «Садыр Палуанындағы» Шавханның, Қ. Қожамияров пен Н.Тілендиевтің «Алтын тауларындағы» Қалиманың, Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлуындағы » Қамардың , «Алпамысындағы» Гүлбаршынның , С. Мұхамеджановтың «Айсұлуындағы» Айсұлудың, Ғ. Жұбанованың «28 панфиловшыларындағы» Валяның, Дж. Пуччинидің «Чио-чио-сан» операсындағы Мадам Баттерфляйдың, Дж. Вердидің «Дон Карлосындағы» Елизаветаның, «Бал-маскарадтағы» Амелияның, «Аидадағы» Аиданың, «Трубадурдағы» Леонораның, В.А. Моцарттың «Көпшіліктің қарекеті» операсындағы Фьордилиджидің, Деспинаның «Дон-Жуанындағы» Эльвираның партиясы.

1956 жылы Мәскеуде Қазақ мәдениетінің екінші онкүндігі қарсаңында Үлкен театрда өткен М.Төлебаевтың «Біржан — Сарасындағы» Сараның партиясын Роза Үмбетқызы асқан шеберлікпен , әр сөзін қорғасындай құйып, сомдап шығады. Мәскеуліктер әншінің дарынын «ғажайып құбылыс» деп бағалады.Сол сапардан кейін Роза Жамановаға «КСРО халық әртісі» деген атақ беріледі. Міне, осындай жоғары атақты әнші Күләштан кейінгі алған, оның ізін басқан, қазақтың мақтанышы – Роза Үмбетқызы. Кейіннен Дж. Пуччинидің «Чио-чио-сан» операсындағы Мадам Баттерфляйдың партиясын Мәскеудің Үлкен театрында орындайға шақырту алады. Онда кейіпкері- Баттерфляйдың жан тазалығын, мінезін, жүріс-тұрысын шынайы шеберлікпен сомдап, тағы да көрермендердің қошеметіне бөленеді. Осылайша әнші Роза Үмбетқызы сахнаның ханшайымына айналады.

Өз басым Роза Үмбетқызымен 1966 жылы 24 жасымда кездестім.Ол кезде ол кісі белгілі әнші болатын. Одан кейін 30 жылдай бірге жұмыс істедік. Роза Үмбетқызымен жұмыс істеп жүрген кездерімді еске түсірсем, өзімді ертегі әлемінің кейіпкеріндей сезінемін. Себебі ол кісі маған театрдың ішіндегі бірден — бір жан — дүниесі кіршіксіз таза, мамандығын сүйетін, еңбекқор, періштедей көрінетін. Әрбір қойылымға өзінің жоғары музыкалық философиялық талғам — мәдениетімен, яғни улкен дайындығымен, ізденісіменен кірісетін. Айтып тұрған әрбір партиясын композитордың айтқысы келген ойымен ұштастырып, өзінің тұла бойынан өткізетіндігімен таңғалдыратын. Роза апай вокалдың қыр-сырын жетік меңгергендігімен, дауыс бояуымен ерекшеленді. Әрбір дәуірдің шығармаларына құдіретті күш бере білетін. Ой-өрісі кеңдігінің арқасында музыкалық форманы терең сезініп, тыңдаушыларын ұйыта білетін. Ол халыққа өзіне ғана мәлім кәсіби құпиясымен шығатын. Оның бұл сырға толы құпиясын ешкім шеше алмады. Орындайтын партияларын дәрігерлер секілді егжей-тегжейлі зерттеп алатын. Операның мазмұнына, әр сөзінің сырына үлкен мән беретін. Сахнада кейіпкерінің өмірін сүретін. Кейде маған бүкіл ғұмырын операға ғана арнаған сияқты көрінетін. Тіпті спектакльдің соңында тыңдармандарының көрсеткен қошеметіне иіліп, олардан өзіне ғана мәлім қателіктері үшін кешірім сұрап тұрғандай әсер қалдыратын. Жалпы бір сөзбен айтқанда, Роза Үмбетқызы өмірде өзіне сенімді, басқан қадамы нық жан еді.

Менің театрдағы дирижер болған алғашқы спектакльім Е.Брусиловскийдің «Қыз — Жібек» операсы болатын. Роза Жаманова Жібектің партиясын сомдады. Сондағы қойылымда арман құшағындағы сұлу арудың бейнесін Роза Үмбетқызы өзіне тән сыпайылықпен,шынайылықпен, шеберлікпен көрерменге жеткізе білді. П.И. Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсындағы Татьянаның рөлін өте табиғи, асқан шеберлікпен орындайтын. Одан кейін де көптеген спектакльдерді бірге өткіздік.

Роза Үмбетқызының шетелдердегі гастрольдік сапарлары жемісті өтетін. Шебер әншінің орындаған шығармалары қандай мемлекетте болмасын тыңдаушыларының көңілінен шығып, жүректеріне жететін.

Қазақ елінің өнерін дәріптеген, ұлы музыканттардың сенімінен шыққан Роза Үмбетқызын театрда еркелететін.Ол сахнаға шыққанда көрермен, ұжым тұрмақ, театрдың ғимараты қуанатын. Не деген құдірет!

Тағы бір айтайын дегенім, образға берілгендігі сонша Ю. Мейтустың «Ағайынды Ульяновтар» операсындағы Мария Александровнаның образына үйінен гримін жасап, театрға жарқ етіп, тура М. Александровнаға ұқсап кіретін. Осылайша өзінен кейінгі жас әншілерге үлгі бола білді.

Осындай дәрежесімен үйренуден ещқашан жалықпаған әнші бір күні қарапайымдылығы сондай маған келіп, «Аиданың партиясын, Амелияның партиясын тыңдашы жоғарғы ноталары аса дұрыс шықпай жатыр, көмектесші» деп өтінді. Мен қолымнан келер көмегімді бердім. Осылай дирижерлермен де, режиссерлермен де тығыз байланыста болып, білімін шыңдап жүретін. Мен үшін осындай жауhардай жарқыраған, талантымен елімізге көрік берген , қазақтың классикалық өнерінің дамуына зор үлесін қосқан әншімен замандас болу ұмытылмас ғажайып кезең болып ғана қоймай, қатарлас әріптестерін, студенттерін, жалпы ол кісімен араласқан музыканттарды өз ісінің шебері болуға ықпалын тигізген тұлға – Роза Үмбетқызы.

Роза Жаманова

Әрине өнер жолында көңілі қалған кездері де болды. Германиядағы театрдың гастрольдік сапарында опералардан партия орындағысы келді. Бірақ белгілі бір себептермен концерттік бағдарламаға ғана қатысып, К. Вебердің «Сиқырлы мерген » операсынан Агатаның ариясын айтқан.

Роза Үмбетқызы опералық қойылымдарға ғана емес концерттік репертуарларға да көп көңіл бөлген. Оның орындауындағы радио, теледидардан еңсесі биік, тынысы кең әндер мен романстарды естіген халық риза болып жататын. М. Төлебаев Роза Жаманованың дауысына арнап, керемет «Ақмарал сұлу еркем» деген әнін жазған болатын. Бұл ән әлі күнге дейін орындалып келеді.

Жеке өмірінде Бақыт аға үлкен тірек бола білді. Бақыт аға Роза Үмбетқызын қатты жақсы көріп, аяулы алақаны мен құшағында қорғады. Ешкімді қасына жолатқан емес. Кішкентайынан балалар үйінде өсіп, махаббатты аңсап өскен Роза Үмбетқызы өмірде өзінің сүйенішін тапқанын айтып, мақтанатын. Былайша сахнадан тыс өмірде Роза Үмбетқызы сондай қарапайым, тұйық адам болатын. Кез келген адам қасына жақындай алмайтын. Тек қана өзінің жақсы білетін адамына ғана ашылатын . Көшеде көрген адам оны актриса деп те ойламайтын.

Роза Жаманованың ұстаздық еңбегі де орасан зор. Біраз студенттері театрда өзінің ізін басып келеді. Студенттерін жақсы көргендігі соншалықты, сол студенттерінен басқалар көрген кемшілікті көргісі келмейтін. Соңғы рет театр Роза Үмбетқызының 85-жылдық мерейтойына арнап, Дж. Вердидің «Бал-маскарад» операсын қойды. Сол операдағы Амелияның партиясын студенттері Балапан Жұбаева I, II-актілерін, Дина Дүтмағанбетова III-актісін орындады.

Артындағы ұрпаққа , еркелеткен еліне өшпес із қалдырған, қазақ опера өнерінің шебері Роза Жаманова 2013 жылы 27 желтоқсанда елімен қоштасып, мәңгілік сапарға аттанды. Жатқан жеріңіз жайлы болып, жаныңыз жәннатта болсын, Роза Үмбетқызы! Халқыңыз сізді ешқашан ұмытпайды.

Базарғали Әжіұлы ЖАМАНБАЕВ
Қазақстан Республикасының халық әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор

,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.