Шертер – үш ішекті, шертіп ойнайтын, қазақтың аспаптық музыка мәдениетіндегі көне аспаптардың бірі. Шертер көбінесе ән-жыр, дастандарды қостауға арналған, бақташылар арасында кең таралған аспап. Қариялардың әңгімелеріне қарағанда шертердің құрылысы мен формасы негізінде домбыраға ұқсас болған, мойыны қысқа, қыл ішек тағылған, үлкендігі қобыздай. Аспаптың шанағы жартылай көң терімен қапталған, сондықтан да дыбысы қоңыр да жағымды. Аспапта үш ішекті домбыраның күйлері еркін ойналады.
Ертеректе қазақ халқының тұрмысында шертер аспабы болған деген мәліметтер XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген орыс этнографтарының еңбектерінде көрсетілген. Бұл аспап көрінісі жөнінен қарапайым. Ертеде шертердің мойыны имектеу, басында шайтан тиегі жоқ ойық болып келген. Бұл аспап Семей өңірінен табылған үш ішекті домбыра сияқты, тек тұрқы жөнінен домбырадан кішілеу, шанағы көн теріден қапталғандықтан дыбысы домбырадан гөрі қоңырлау. Аспаптың «шертер» аталуы өзінің аты айтып тұрғандай «шертіп ойнау» деген ойнау әдісінен алынуы мүмкін. Белгілі ғалым – этнограф Болат Сарыбаевтың тың еңбегінің жемісі – шертер, саз сырнай, жетіген, сыбызғы және көптеген қазақтың төл аспаптарының қайта жаңғырып, қазіргі таңда белгілі бір бағытта дамуы мен оқытылуы. Шертер аспабы 1988 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жеке класс болып ашылып оқытыла бастады. Алғашқы жылдары кедергілер мен қиындықтар туындауы да заңдылық еді, аспапты қазақтың аспабы емес, ойдан шығарылған аспап деген жалаумен қарсы болған музыканттар саны едәуір болды. Оған қоса аспапқа арнайы жазылған шығармалар мен төл күйлері болмағандықтан репертуар мәселесі де қиындық тудырды. Дегенмен аспапты жақтаушылар мен фольклорлық музыка жанашырлары аспаптың қазақтың төл аспабы екендігіне күмән келтірмеді, уақыт өте аспапқа репертуар да таңдалып, шертердің бірнеше күйлері табылып, аспап өз алдына жеке оқытыла бастады.
Шертер аспабын Болат Сарыбаевтың басқаруымен құрылған ансамблде ұлағатты ұстаз Өтепберген Хамзаұлы алғашқы болып қолына алып, ансамбль құрамында шертер аспабының үнін естуге мүмкіндік туды. Әрине ол кездегі шертердің үні қазіргі шертерлермен салыстырғанда анағұрлым әлсіздеу еді, өйткені шертер аспабын жасайтын шеберлер жоқтың қасы еді.
Шертер аспабының дамуы мен оқытылу барысында осы аспаптарды насихаттаушы ғалым — ұстаздар Ерсаин Басықара мен Зәмзәгүл Ізмұратованың еңбектері зор. Алғаш рет аспапқа арнайы «Шертер үйрену мектебі» жазылып , екінші «Шертер үйрену мектебі» 2011 жылы жарық көрді. Осы еңбектердің негізінде Қазақстанның барлық облыстарында шертер кластары ашылып, консерваторияның түлектері дәріс беруде. Аттары аталған тәжірибелі ұстаздар шертердің репертуарын қалыптастырып, оқу процессін арнайы бір жүйеге келтіріп, типтік және оқу жұмыс бағдарламаларын жасауда көп еңбек сіңірді, сонымен қатар ғылыми конференцияларда аспап жайлы ғылыми жұмыстар оқылып, ақпарат құралдарында мақалалар жарияланды. Теледидар мен радио хабарлары жазылып, Е.Басықараның шертер аспабында орындаған шығармалары мен күйлері жазылған CD жарыққа шықты. Қазақтың 1000 күйі CD жинағында шертер аспабында орындалған күйлер жинағында З.Ізмұратованың орындауында «Ой толғауы», «Әсем толғау» ; Е.Басықараның орындауында «Қара жорға», «Бөкен жарғақ» күйлері жазылып енгізілген. «Шертерге арналған шығармалар» атты екі жинақ шертер аспабының репертуарын толықтыра бастады.
Шертер аспабының жетістіктерінің бірі Халықаралық конкурстарда арнайы номинация болып қалыптасып, кәзіргі кезде лауреат жастардың санының артуы бізді қуантады. Халықаралық «Шабыт» фестивалі мен Құрманғазы конкурсында шертер жеке номинация болып Республикамыздың барлық өңірінен шертершілер өздерінің бағын сынауда.
Республикамыздың көптеген облыстарында, мысалы: Қызылорда, Шығыс Қазақстан облысында (Өскемен, Семей), Ақтөбе, Атырау, Алматы облысы (Талдықорған), Павлодар музыка колледждерінде, П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінде, Астанада шертер кластары ашылып, оқытылып келеді. Жалпы музыка мектептерінде шертер мамандығы оқытылмағандықтан және музыка колледждеріне арнайы музыкалық білімдері жоқ оқушылар да қабылданатындықтан музыка колледжінің ұстаздары шертер аспабын оқушыларға үйретуімен қатар аспапты таныстырушысы да болып табылады, шертерші мамандардың басым көпшілігі консерватория түлектері. Атап айтсақ: Бозымбеков Нұрлан, Құдайбергенов Айбол (Талдықорған), Құдайбергенов Бағдат (Қызылорда), Түтінова Күләш (Павлодар), Бөкеева Арай (Өскемен), Ахметова Жанар, Тұрлыбекова Шынар (Семей), Үрбісінова Гүлфара, Қазиев Артур (Атырау), Мадина (Ақтөбе), аспапты дамыту барысында осындай ұстаздардың еңбектерін жоғары бағалауға болады.
Шертер аспабын ұзақ жылдар бойы зерттеп, аспаптың қыр сырына әбден қаныққан шебер Нұрлан Абдрахманов шертер аспабының кәсіби тұрғыда дамуына көп үлес қосты, шебердің аспаптары 25 жылдан астам уақыт ішінде, мамандармен ақылдаса отыра, көптеген өзгерістерге ұшырады, аспаптың шанағы үлкейтіліп, терінің көлемі кішірейтілді, өйткені аспаптың құлақ бұрауын (теріге байланысты) келтіру оңай бола бастады, мойынын сәл ұзарту, шанағын үлкейту сияқты өзгертулер аспаптың толық қалыптасуына ықпалын тигізді.
Шертер аспабын меңгерген мамандар Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаттары атанып, аспапты меңгеру мен дамыту жолында үлкен еңбек етуде, олар: Сабырғалиева Сания (Республикалық Дина конкурсының лауреаты), Қожбанова Салтанат (Республикалық Дина конкурсының дипломанты), Байметова Анара (Халықаралық Құрманғазы атындағы конкурстың лауреаты, гран-при), Жарқымбекова Салтанат (Халықаралық Құрманғазы атындағы конкурстың лауреаты, «Асыл мұра», «Мәңгілік Сарын» конкурстарының лауреаты), Алмағамбетова Құралай (Халықаралық Құрманғазы атындағы конкурстың дипломанты, «Асыл мұра», «Мәңгілік Сарын» конкурстарының лауреаты), Смакова Зарина (Халықаралық Құрманғазы атындағы конкурстың лауреаты 2 орын), Қазиев Артур (Халықаралық Құрманғазы атындағы конкурстың лауреаты I орын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты), Дарибаева Айнұр (Халықаралық Құрманғазы атындағы конкурстың дипломанты, «Шабыт» фестивалінің лауреаты I орын 2013ж), Смакова Зарина ((«Шабыт» фестивалінің лауреаты III орын 2013ж), Жұмағалиев Азамат (Құрманғазы конкурсының лауреаты 2014 ж).
Шертер аспабы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқытылумен қатар Астана қаласындағы өнер университетінде де арнайы класс болып ашылып дәріс берілуде. Қазақстанның барлық халық аспаптары оркестрлері мен ансамблдерінде аспаптың алар орыны ерекше, Торғай өңірінен құрылған «Шертер» фольклорлық ансамблі де шертер аспабының атымен аталған және бұл ансамбльдің құрылғанына да көп жылдар болды.
Консерватория бітірген шертершілер магистратураға түсіп білімдерін шыңдауда, магистратура талаптары бойынша Орта Азия халықтарының шертерге ұқсайтын аспаптарының ұқсастығы, аспаптағы орындаушылық ерекшеліктер, аспапта орындаушылар жайлы ғылыми жұмыстар жазылып, зерттелуде.
Зәмзәгүл Шәріпқызы ІЗМҰРАТОВА
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы халық музыкасы факультетінің домбыра кафедрасының доценті, ҚР мәдениет қайраткері
Пайдаланған әдебиеттер:
- Сарыбаев Б.Ш. // Қазақтың музыкалық аспаптары . Алматы, Өнер, 1988 — 12-15 беттер.
- Ізмұратова З.Ш. // Шертер үйрену мектебі Алматы. Мектеп баспасы. 2005 –5 бет.
- Ізмұратова З.Ш. // Шертердегі орындаушылық өнер Алматы.Консерватория баспасы. 1999 – 3бет.
- Басықара Е.Б , Хамзин Ө.Х. // Шертер үйрену мектебі Алматы , Консерватория баспасы.
- Басықара Е.Б. // Шертерге арналған шығармалар Алматы , Өнер, 1997ж.
- Гизатов Б. // Қазақтың музыка фольклоры Алматы. Ғылым. 1982- 12 бет.
- Состовитель Гизатов Б. // Казахская народная инструментальная музыка М. Музыка, 1988 ж.- 15 бет