Академик – Ахмет Жұбанов

ХХ ғасыр – қазақ халқының тарихында үлкен сілкіністерді бастан кешкен аумалы-төкпелі кез. Алдымен, дала төсіне үлкен қозғалыс алып келген ақ патшаның солдатқа қазақтан ер азаматтарды алу туралы «маусым жарлығына» қарсы ұл азаттық көтеріліс. Ізін ала бай, кедей деп бөліп-жармай, жалпыға бірдей «бостандық», «теңдік», «тыныштық» ұрандары сар даланы кеулеген төңкерістің екпінімен алып империяның орнына келген жұмысшы-шаруалар үкіметінің орнауы. Көшпелі дала салтында тән, қалыптасқан дәстүрлі өмір ағымы манаураған өзінің үйреншікті сылбырт ұйқысынан серпіле оянып, жаңа өмірге бет бұрды. Мол жаңалығымен келген бұл тарихи кезең ұлттың өмір-салтын жаңа арнаға бұрып, жаңа көкжиектерге көз салдырды. Елі мен жерінің жарқын болашағы үшін жанкешті еңбек еткен халқымыздың көзі ашық, оқыған абзал азаматтары қамшының сабынан да қысқа аз ғана берілген «бұ дүниелік» өмірінде алаш туы астына халықты біріктіруде, ұлттық идея төңірегінде үлкен-үлкен істерді тындырды. Сол тамаша бастамалардың аяқсыз қалғандары қаншама дерсің? Әттең, елдің бетке ұстар серкелері күш алып қаһарына міне бастаған кеңестік жазалау машинасының табанына жанышталып тәуелсіз ел болу, өркениетті мемлекет құруды армандаған таудай талаптары аяқ асты болды.

Басында, бағыт-бағдары мен асқақ идеясы жоғары межелерді көздеген жаңа үкімет терісін теріс айналдырып халықтың өзіне тап беріп, қан қақсатқан кеңестік «қызыл террорға» айналды. Осы асқақ идея үшін толарсақтан саз кешіп, ауыздықпен су ішкен ел серкелерін қырғиша бүріп қанды шеңгеліне алды. Міне бұл кез ұлттық интеллигенциямыз үшін үлкен сын болған кезең. Жазықсыз қара күйе жағылып нақақтан жазаланған қазақтың асыл да ардақты азаматтары қызыл империяның қанға тоймайтын қомағай кеңірдегінің құрбаныны болып кете барды. Бір емес бірнеше мәрте айналып соққан жазалау нәубеттері өз халқының болашағы үшін жол көрсеткен марқасқаларын аса ерекше тұрақтылықпен қағып тастап отырды. Олардың аттарын халық жадынан мүлдем өшіріп тастау үшін ғылыми еңбектері сөрелерден алынды, аттары өшірілді, тыйым салынды, шындықты айтып бас көтергенді қудалап жазалауға ұшыратты. Олардың туған туыстары, үрім-бұтақтары да «ерекше» органдардың ерекше назарда болды. Осындай нәубеттерден «халық жауы» болып жазаланып құртылғандар саны көп те, аман қалғандар саны азшылық болатын. Сол азшылықтың ішінен де тоталитарлық жүйенің ауыр азап, үркітулерінен сынбай, рухының биіктігімен аман қалып еліміздің әдебиетіне, ғылымына, мәдениетіне елеулі үлес қосқандар: М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Сәтбаев т.б. сынды көкірегі ояу азаматтар. Бүгінде сол кеңестік дәуірдің зіл батпан ауыртпалығына жаншылылса да өзіндік адами келбетін жоғалтпай ұрпақтары аузына мақтаныш сезімімен ілінетін, бәріміз мақтан тұтқан, артында ауыз толтырып айтарлық істерімен танылған ұлттық мәдениет қайраткерлерінің ішінен бір ғасырлық мерейтойы аталып өтіп жатқан Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, өнертану докторы, профессор, Қазақстанның халық әртісі Ахмет Қуанұлы Жұбановтың есімі ерекше аталады.

Ахмет Қуанұлы Жұбанов қазіргі Ақтөбе облысының Мұғаджар ауданы Қосуақтам қыстағында 1906 жылы, сәуір айының 29 жұлдызында дүниеге келді. Оқуға ынталы, ән күйге жастайынан жақын болуы, сауатын ерте ашуы және естігенін зеректігімен зейініне тоқи білуі жас Ахметті оқу-білімге жетеледі. Алғашқы ұстазы Қ.Әжіғалиев бала Ахметті тек оқып-жазуға баулып қоймай, оның музыкаға деген ықласын байқап, халықтың дәстүрлі домбырасын тартумен бірге, қалың қазақ ортасына жаңадан ене бастаған: скрипка, балалайка, мандолино секілді еуропалық саз аспаптарында ойнауды да үйретті. Сонымен бірге Орынбор медіресесінде шәкірт болған үлкен ағасы Құдайбергеннің де Ахметтің білім алуы мен өмірге көзқарасының кеңейуіне оң әсері мол болды.

Ахмет жастайынан еңбекке араласып аумалы-төкпелі кезеңнің ыстық-суығында да өміріне серік еткен музыкасын тастамайды. Ақжар мектебіндегі мұғалім бола жүріп көркемөнерпаздар үйірмесіне белсенді түрде қатысады. 1928 жылы Ақтөбе қаласына оқуға келіп кәсіби скрипкашы Н.Чернюктен музыкадан тәлім алып келесі жылы ағасы Құдайбергенмен бірге музыкалық білім алуға Ленинград қаласына келеді. Революция бесігі болған Ленинград қаласы Ахметтің болашақ өнер мен мәдениеттің көп саласында жемісті еңбек етуіне жол ашты. Ол осы қаладағы өнер оқу орындары: М.И.Глинка атындағы музыка техникумында А.А.Этигонның скрипка класында, Н.А.Римский-Корсаков атындағы консерваторияда Ф.А.Ниманның гобой класында, Өнер зерттеу академиясының музыка бөлімінің аспирантурасында сол кездің танымал профессорлары: Б.Асафьев, Ю.Тюлин, Р.Грубер, А.Оссовский, Х.Кушнарев, Е.Гиппиус, З.Эвальд, сынды ғалым зерттеушілерден тәлім-тәрбие алып кәсіби музыкатанушы маман, фолклорист болып қалыптасты. Өзінің ұстазы Ф.А.Ниманның В.Андреев атындағы орыс халық аспаптар оркестрінің жетекшісі болғандығын пайдаланып сол өнер ұжымының күнделікті өтетін дайындықтары мен концерттеріне тұрақты барып жүрді. Қазақ халыққының музыкалық аспаптарын жинап оркестрін ұйымдастыру идеясы да Ахметке осы жерде пайда болған секілді. Консерватория қабырғасында оқып жүріп 1931 жылы музыкатану ғылымындағы өзінің алғашқы қадамы, «Музыка сауатының әліппесін» еңбегін қазақ тілінде жазып шықты.  Консерваторияны 1932 жылы аяқтап Өнер зерттеу институтының аспирантурасында оқуын жалғастырады. Бірақ, елдің маман кадрларға деген тапшылығы А.Жұбановтың аспирантурадағы оқуын тоқтата тұрып, жас республиканың кәсіби мамандарын дайындайтын Алматыдағы алғашқы өнер ошағы музыкалы-драмалық техникумына жұмыс істеуге шақырды.

1933 жылдың ақпанынан басталған А.Жұбановтың еңбек жолы қазақ өнері мен мәдениетінің қалыптасуы, дамуы және өркендеуі жолында алтын әріптермен жазылған жемісті беттеріне айналды. Бұл кезең жаңадан қаулап пайда бола бастаған оқу, мәдени-өнер ордаларының құрылуы мен кәсіби ұжымдардың қалыптасу кезеңі болатын. Бүгінгі таңда құрылғанына 70, 60 жыл толған республикалық деңгейдегі: Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялыќ ұлт-аспаптар оркестрі, Жамбыл атындағы филармониясы, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваториясы және сол жерде қазақтың халық аспаптар кафедрасы,  Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы, ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты құрамындағы Өнертану секторы қазақ  мәдениетінің ірі қайраткері Ахмет Қуанұлы Жұбановтың тікелей араласуымен және жетекшілік етуімен өмірге жолдама алған ұжымдар.

А.Қ.Жұбановтың жетекшілігімен музыкалы-драмалық техникум жанынан ашылған қазақ фолклорын ғылыми тұрғыдан зерттеу кабинеті алғаш құрылған күнінен бастап Алматыға кең байтақ республиканың түкпір-түкпірінен жиналған өнерпаздардың орындауындағы ән-күйлерді нотаға түсіріп қор жинай бастады. Жазылып жиналған бұл халықтың баға жетпес музыкалық байлығы халықтың өлмес мұрасы болып келер ұрпаққа қалды. Ұлттық музыка аспаптарын жетілдіру шеберханасы ұлт аспаптар оркестріне қажетті музыкалық аспаптар, домбыра мен қобыз, өзге де халық аспаптарының үлгілерін жинап, сол үлгіде жасау мен олардың сапасын жетілдіру жұмыстарын оң жолға қойды. Кәсіби оркестрге сапасы жоғары музыкалық аспаптар қажеттігін уақытылы түсінген А.Қ.Жұбанов бұл мәселеге ерекше мән береді. Осы саланың жауапкершілігін өз мойнына алған ол тәжірибелі шеберханаға композитор Е.Брусиловскийді, ұлт аспаптарын жасаушы шеберлері – ағайынды Р. және Э. Романенколарды арнайы жұмысқа шақырды. Бұл есімдердің қазақ музыка өнерін дамытуға, «қара домбыраның» үні жетіліп, әуезі, дыбыс бояуы, диапозонының өсіп бүгінгі таңдағы орындау мүмкіндігі мол аспапқа айналуына сіңірген еңбектері өзінше бөлек тақырып.

Ќұрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің негізін ќалап көркемдік жетекшісі және бас дирижері болған А.Жұбанов дала салтында бұрын болмаған ұжымдық орындаушылық дәстүрінің негізін қалады. Алғашында саусақпен санарлық қана өзіндік орындаушылық мәнерлері бар жеке домбырашылардан жиналған ансамбль аз уақыт аралығында бойына шығармашылық күш жиып халық ілтипатына бөленді. Бұл еңбекке орынды баға берген Ғ.Мүсірепов:  “Зерттеу жұмысымен айналысуға мүмкіндік берерліктей болмашы ғана  жағдайлар жасалғаннан кейін бірер жыл өтпей-ақ, күлден көтерілген Феникс сияқтанып қазақтың ұлт аспаптар оркестрі пайда болды. Мен Ахмет Қуанұлының көп дауысты ұлттық оркестрді құруы – аса елеулі, сонымен қатар тарихи еңбек деп санаймын. … Ұлт оркестрінің кіндік атасы – Ақаң.”-дейді [А.Жұбанов “ Ғасырлар пернесі” 6б.] /бөлектеу автордікі М.А./  Қазақ өнері мен мәдениетінің зор жетістігі болған Құрманғазы оркестрі сөзсіз 1936 жылғы алғашқы декададан бастап ұлттық мақтанышымызға айналды. Қазақ прфессионалды өнерінің қай саласына болмасын тән құбылыс болған қалыптасу кезең музыкалық ұжым құруда да айқын байқалады. Халық арасынан іріктеліп шыққан тума таланттардың алғашқы шоғыры: Махамбет пен Науша Бөкейхановтар, Дина Нұрпеиісова, Лұқпан Мұхитов, Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Қамбар Медетов т.б. сынды тамаша домбырашы-күйшілер халық музыка мәдениетінің таусылмас кені болатын. Олардың әрқайсысының шебер орындаған күйлері мен оны шығарушы композитор және күйдің шығу тарихы жайлы айтқан әңгімелері Ахмет Қуанұлының болашақ ғылыми-зерттеу жұмыстарының да таусылмас тақырыбына айналған секілді.

Өзі қабырғасын қалаған және он жылдан аса аса көркемдік жетекшісі және бас дирижері болған  еткен ұлт аспаптар оркестріне лайықты мұрагер табуда Ахаң көрегендік танытқан. Орындаушылық шеберлігі өсіп, өнерімен елге танылған оркестрді жас та болса бойында ұжымға жетекшілік етуге қабілеті бар, талантты да жігерлі музыкантты таба білді. Ахмет Қуанұлының берген ақ батасымен оркестрдің дирижерлік таяқшасын Шамғон Қажығалиев өз қолына алып, үзіліссіз 40 жылға жуық көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. Өткен ғасырдың екінші жартысындағы оркестрдің көтерілген көркемдік биігі, халық композиторлары мен классикалық, бүгінгі композиторлардың шығармаларын орындаудағы жетістіктері қазақ мәдениетінің тарихына алтын әріптермен жазылған кез. Қазақтың бай музыка мұрасын дүниенің төрт бұрышына жеткізіп насихаттаған нөмірі Академиялық оркестрге айналды.

Үстіміздегі жыл – Наурыз мерекесін тойлау аясында ел ордасы Астана қаласында өткен қазақ халық аспаптар оркестрлерінің бірінші республикалық «Сарыарқа» фестивалі оркестрмен орындау шеберлігінің республикада жоғары деңгейге көтерілгендігін және бір мәрте көрсетті. Бірі-екіншісіне ұқсамайтын өзіндік қолтаңбалары бар Алматы, Астана, Қарағанды, Семей қалаларынан жиналған өнер ұжымдары тыңдарман қауымға тамаша өнер мерекесін тарту етті. Бұл Республикамызда А.Жұбанов салған  дәстүрлі ұлт аспаптар оркестрлерінің бағыт-бағдарын бағамдауға, жетістіктеріміз бен кем түсіп жатқан кәсіби шеберлік мәселелеріне сын көзбен жіті қарауға мүмкіндік берген есепті шара болды. Кәсіби тұрғыда көркемдік орындаушылық деңгейі көңіл қуантарлық құлаққа жағымды жетістіктерімізбен бүгінгі алған бағытында шығармашылық  тоқырауға бой алдырған, бабына келе алмай жүрген «әттеген-айларымызды» да көрсетті. Өкініштісі, бүгінгі ұлт аспаптық оркестрлердің көшбасшысы болуға тиіс Құрманғазы атындағы Академиялық оркестрдің шығармашылық мүмкіндігін бар қырынан толық көрсете алмауы болды.  Мамандар қазақ оркестрлерінің көркемдік деңгейін көршілес жатқан Ресей және Өзбекстаннан келген осы тектес үздік оркестрлер деңгейімен салыстыра қарауға мүмкіндік алды. Қажетті қорытындыны осы салаға жауапты мамандар шығара жатар. Ал бізді Ахмет Қуанұлы Жұбанов негізін қалаған, репертуарын жасаған, жан-жақты дамытқан ұлт аспаптар оркестрі жалқыдан-жалпыға айналып ұлт оркестрлерінің ұлы көші түзеліп, салтанатты шеруі бүгінгі таңда республиканың түкпір-түкпірінде қанат жайып алға басып бара жатқандығы қуантады.

Ел арасында өнерпаз әнші-күйшілердің орындауында кең тараған халық композиторларының ән-күйлерін жүйелеп жинап, хаттастыру ісі жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында кең қанат жайды. Осы жерде халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таралып келген мәдени мұраларын өзге халық өкілдерінен шыққан зерттеушілердің сұрыптап, жинаған қажырлы еңбегін ерекше атап өткен орынды. Қазақ музыкасының үлгілерін жинап, жазып баспаға дайындауда қазақ музыкасын зерттеудің алыбы, фолклоршы А.В.Затаевичтің сіңірген еңбегі, қосқан үлесі ұшан теңіз. Өз өмірінің 16 жылын қазақ музыкасына арнаған ол салып кеткен жинаушылық және өңдеушілік дәстүр қазақтың ауыздан-ауызға беріліп келе жатқан ән-күйлерін жүйелі түрде зерттеп-жазуға  жол ашты. Ол нотаға түсіріп, жеке кітап қылып баспадан шығарған «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты еңбектері кейінгі қалыптаса бастаған, қазақтың кәсіби музыка мәдениетінен сусындамаққа бас қойған композиторлар мен музыка зерттеушілерінің жата-жастана оқыған кітаптарына айналды. Осылай басталған А.В.Затаевичтің қазақ музыкасына арналған көлемді жұмысы Ахмет Қуанұлының ғылыми-зерттеу еңбектерінде жүйелі жалғасын тауып толыққанды аяқталған формаға ие болады.

Қазақтан шығып Республикадағы музыкатанушылық ілімінің негізін қалаған А.Қ.Жұбановтың ғылыми-зерттеу жұмыстары қазақ халық композиторлық-орындаушылық мектебінің үздік өкілдерінің  өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеді. Қазақ халқының кең тараған аспаптық және ән орындаушылық дәстүрлерінің халық жадында қалған танымал тұлғаларының шығармашылық жолына арналған «Ғасырлар пернесі» және «Замана бұлбұлдары» атты монографиялық туындылары жеке кітаптар болып басылып шықты. Өмірлік тақырыбына айналған «Құрманғазы» монографиясы кезінде алғашқы буын зерттеушілерден кеткен олқылықтарды жан-жақты толықтырып ұлы күйшінің есімін биікке асқата көтерді.  Бұл еңбектер қазақ музыкатану тарихына, қазақ даласында қалыптасқан композиторлық, ән-орындаушылық шеберлік пен аспаптық күй орындаушылық дәстүрлер жайлы мол мағлұматтар беретін А.Жұбанов қалдырған ғылыми, публицистикалық еңбектер біздің қымбат қазыналарымыз. Белгілі өнертанушы Б.Ғизатовтың «Ғасырлар пернесі» мен «Замана бұлбұлдары» қазақ музыкасына қойылған үлкен ескерткіш іспеттес» деп айтқан пікіріне алып қосарымыз жоқ.

Құдіретті күй өнері дегенде бұл жанрда қайталанбас өзіндік із қалдырған Құрманғазы есімі ерекше аталады. Құрманғазының ұлан-ғайыр күйлерін жинақтап, оларды ғылыми тұрғыдан зерттеп, саралап, күйшінің өмірлік-шығармашылық жолы жайлы салихалы пікір айтқан, тұңғыш ұлттық кәсіби композиторлық мектеп негізін қалаған академик Ахмет Жұбанов болатын. «Құрманғазы және оның өмірін зерттеудегі А.Жұбановтың қызметі» атты мақаласында өнер зерттеушісі З.Қоспақов «Көркем әдебиетте Абай бейнесін сомдаған М.О.Әуезов болса ұлы домбырашы, күйші Құрманғазының музыкалық тұлғасын жасаған қазақ өнерінің көшбастаушысы академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов болды. … Құрманғазыны айтқанда аузымызға Ахмет Жұбанов есімі қатар оралатындығы да сондықтан.» дейді. [«Қазақтың әншілік өнері.» А. «Өнер» 1999 170 б.]

А.Жұбановтың ғылыми ізденістері Құрманғазы шығармашылығы домбыраның қос ішегіндей қабаттаса өріліп өмірлік тақырыбына айналды. Қазақтың белгілі қаламгері Ғабит Мүсірепов замандасы Ахмет Жұбановтың  Құрманғазы жайлы зерттеулерін тілге тиек ете отырып: “Ұлы күйшінің сүйікті бейнесін жасау үшін ол өмір бойы жұмыс істеді десе болады. 1936 жылы шыққан кішкентай кітапшадан осы операға дейінгі аралықта Ақаң Құрманғазыны бір де күн жадынан шығарған емес” [А.Жұбанов “ Ғасырлар пернесі” 8 б.] дейді. Шынында да, әр жылдары жарық көрген көлемді мақалалар мен кітапшалар: «Қазақтың халық композиторы — Құрманғазы»/1936ж./, «Құрманғазы туралы жаңа мәліметтер»/1942ж./, «Құрманғазы жаңа зерттеу тұрғысында»/1952ж./, жаңадан табылған тың деректер мен нотаға түсіріліп, сұрыпталған күйлер жинақтала келіп, ұлы күйші шығармашылығына арналған “Құрманғазы күйлері” (1960ж.) атты жинағына баспадан шықты.

Ахмет Жұбановтың суреткерлік арманы, қуғын-сүргінді көп көріп, бас бостандығы үшін күрескен, зор қажыр-қайрат иесі, сахараның “ең үлкен жұлдызы Құрманғазы бейнесін музыкалық театр сахнасына шығару болатын” дейді қызы  Ғ.Жұбанова [Мир мой — Музыка, 34 б. аударма автордікі М.А.]  Бұған дейін 1944 жылы Л.Хамидимен бірге ұлы «Абайды» опера сахнасынан сәтті сөйлеткен А.Жұбановтың келесі шығармасы етіп «Құрманғазыға» тоқталуы заңдылық болатын. Біріншіден, бұл ұзақ жылдық зерттеудің қортындысы. Автор Құрманғазы өмірі мен шығармашылық жолын бүге-шігесіне дейін айқындап, жазылатын опера кейіпкерінің өмір сүрген ортасы мен тарихи кезеңін толық меңгерді. Екіншіден, опера либреттосын “…бір жазса, М.Әуезов жазады”  [бұл да сонда, 47 б.]   деген тұжырымға келуі болды. Себебі, өзінің алғашқы сахнаға қойылған “Абай” операсының сәтті шығып бірнеше онжылдықты кейінге тастап зор табыспен сахнада орындалып келе жатуына білгірлікпен жазылған М.Әуезов либреттосының маңызы зор болғанын композитор дұрыс бағалаған еді. Сахнада 62 жылдық тарихы бар қазақтың классикалық «Абай» операсы жайлы кезінде баспа бетінде көп жазылғасын біз бұл шығармаға көп аялдауды жөн көрмедік. Заңғар жазушымен бірлесіп жазыла бастаған “Құрманғазы” операсының либреттосы көп ұзамай драматургтің денсаулығына байланысты іркіліп, кейін ол дүниеден қайтқанда мүлдем тоқтап, ұзақ мерзімге артқа шегіндірілді. Осындай себептермен аяқталмай қалған операны бітіруді “перзенттік парызым” деп білген Ғазиза  Жұбанова белгілі ақын Х.Ерғалиевпен бірге оны қазақтың тұңғыш радиооперасы етіп жазып (1971ж.), кейін оған қосымша сахналар кірістіріп 1986 жылы үш актілі “Құрманғазы” операсының толық сахналық нұсқасын аяқтады.

Шығармадан-шығармаға жаңашылдық принциптерімен көріне білген Ғ.Жұбанова “Дала Моцарты” Құрманғазы бейнесін толымды етіп музыкалық театр сахнасына шығаруда композитор алғаш рет қазақтың төл музыка аспабы домбыраға арналған күйлер негізінде опера жазуды жүзеге асырды.

Күй атасы атанған Құрманғазының өмір жолы мен оның шығармашылығына арналған операда жоғарыда айтқандай қазақ композиторларының арасында жаңа сүрлеу жол салынды. Күй енді тек оркестрлік бөліктерде ғана емес, кейіпкерлер ән-арияларында, вокалдық ансамбльдерде, хормен өтетін көлемді көпшілік сахналарда күйшінің “өз тілінде” қолданыс тапты. Ал кейбір жеке сахналар тұтастай бір күй тақырыбы негізінде жазылған. Күйші күйлерінің операда қолданылу тәртібі Ахмет Қуанұлының әдепкіде айқындаған жоспары бойынша сақталды. Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың осы операсымен құлаққа сіңісті болған “әннен-операға, күйден-симфонияға” деген дәстүрлі сөз тіркесінің көбесі сөгіліп, мән-мағынасы толысып, дәстүрлі музыка мен кәсіби музыканың өз ара қатынасының көкжиегі кеңейе түсті.

Күй өнері — қазақтың өз бойына ұлттың тарихы мен бар болмысын толық жинақтаған “қасиетті хаты” [Есенұлы А. Күй-тәңірдің күбірі. А., “Даик Пресс”, 1997, 5б.]. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы бабамыз Құрманғазының күйлері — сол асыл мұралардың інжу-маржаны. Бұл күйлердің профессионалды музыканың күрделі саласы — опера жанрына ауысуы және Құрманғазы бейнесінің үлкен сахнаға шығуы республиканың мәдени өміріндегі елеулі құбылыстардың бірі болды. Шығарманың басты кейіпкері Құрманғазының операдағы музыкалық образы халқымыздың ғасырлар бойы егемендікті армандап еркіндікке ұмтылған батыр да қайсар өнерпаз ұлдарының толымды тұлғасы болып шықты. Бұл бейненің дер кезінде сахнаға жарқ етіп шығуы қиын-қыстау кезеңде халқымыздың рухын көтерді. Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың “Құрманғазы” операсы — ұлы күйшінің күрескерлік өмірі мен мұраларын дәріптеп, кеше мен бүгіннің рухани қазынасын болашақ ұрпаққа жеткізер айтулы шығарма.

А.Қ.Жұбановтың композиторлық қыры 30-шы жылдар екінші жартысынан  бастау алады. Ұлт аспаптар оркестріне арнап өңдеген халық күйлері мен орыс және батыс композиторларының туындыларымен көрінеді. «Аманкелді» атты қазақтың тұңғыш көркем фильміне арнап М.Гнессинмен бірге шығармашылық одақта музыка жазды. Бұдан басқа да елге кеңінен танылған: фантазия, сюита, марш, увертюра, ән-романстар, хорлар мен камералық, аспаптық туындыларында А.Жұбанов-композитордың лирикалық табиғаты жан–жақты ашылды. Жүректі жаулап алатын нәзік әуен ырғағы оның лирикалық шығармаларының бастау көзі.  Көлемді симфониялық оркестрге арналған туындылары қатарына 5 бөлімнен тұратын «Абай» сюитасын, «Төлеген Тоқтаров» фантазия-увертюрасын, М.Әуезовтың «Абай» спектакліне музыка, Л.Хамидимен біргелікте «Абай» және «Төлеген Тоқтаров» операларын жазып шықты.

«Абай» операсы қазақ опера репертуарының маңдай алды классикалық туындыларының бірегейі. Алматы қаласындағы Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера және балет театры сахнасының 72 жыл бойы  маусымдық ашылуын «Абай» операсымен бастауы қазақ өнері тарихында композитор А.Жұбанов қалыптастырған дәстүрдің негізі берік қаланғандығын көрсетеді. Бұл операмен қазақ әлемге өскен өнерімен мақтанып, қазақтың бірнеше ұрпақ әншілері сахнадан қайталанбас жұлдызды сәттерін басынан өткерді. Сахнадан қолына шам алып айналасындағы қараңғылыққа жарық шашуға ұмтылған /алғашқы қойылымның финалындағы режиссуралық шешімі/ тұңғыш Абайды сомдаған аты жер жерған халық әртісі Р.Абдуллиннен бастап бүгінге дейінгі орындаушылардың бәрі де жұртын елдікке, бірлікке шақырып келеді. Ұлы Абайдың аузынан айтылар сөзі, әні, музыкасы бәрі де бүгінгі күннің тыныс тіршілігімен терең астасып жатыр. Халқының жадында сақталып ауыздан-ауызға беріліп келген музыклық мұраларын келер ұрпақ үшін тірнектеп жиып-теріп, енді ұмытылмастай етіп хаттап кеткен А.Жұбановтың төл туындылары да сол дала абыздарының жолын жалғастырушы, келешекпен байланысып жатыр.

Артында өшпестей мәдени жол салған академик композитор А.Жұбановтың бізге мұра етіп тастап кеткен туындылары келер ұрпағымен бірге жасап, үшінші мыңжылдыққа да аяқ басты. Мұндай құрмет, мұндай шығармашылық табыс сирек болатын құбылыс. Өзінің барлық білімі мен ақыл-ойын, күш-жігерін қазақ кәсіби музыка өнерінің дамуына сарп еткен шынайы талант иесіне берілетін халқының нақтылы бағасы да зор.  Қазақ халқының кәсіби музыка өнерімен, мәдени өмірімен бірге өсіп, кәсіби шеберлік қарымы бірге жетілген Ахмет Қуанұлы Жұбанов есімін келер ұрпақ ерекше құрмет, алғыс сезіммен еске алады.

 

Аманкелді МҰҚАН

Өнертану кандидаты

, , , ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.