Аспаптар шеруі (Халықаралық «Ғасырлар сазы» фестивалі туралы)

Биылғы жылдың оқу жылы басында Алматыда қыркүйек айының 23-25 аралығында Халықаралық «Ғасырлар сазы» фестивалі аясында ансамблдер конкурсы өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бұл фестиваль дәстүрлі аспапты музыканы насихаттау барысында Алматы әуендері концерттік бірлестігінің бастамасымен, осы мекеменің басшысы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Сазген сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі Бағдат Тілегеннің тікелей басшылығымен ұйымдастырылып, өте жоғары деңгейде өтті.

Этнограф – ғалым Болат Сарыбаевтың ерен еңбегінің арқасында ғасырлар қойнауынан табылған көне аспаптардың шеруі Алматы аспанында бірнеше күн бойы қалықтады. Оған дәлел Қазақстанның түкпір түкпірінен осы фестивалға арнайы келген фольклорлық ансамбльдердің әр түрлі жанрда орындаған шығармалары.

Фестивальдің алғашқы ашылу салтанатында көрермен қауым 2013 жылы өткен Халықаралық «Ғасырлар сазы» фестивалінің гран при иегері «Сазген сазы» фольклорлық ансамблінің концертін тамашалау үшін Орталық концерт залына көп жиналды, концерттің өте жоғары деңгейде ұйымдастырылуы, ансамбльдің кәсіби біліктілігі, ансамбльдік орындаушылықтың биік деңгейі, репертуардың дұрыс жолға қойылуы көрермен ықыласынан – ақ белгілі болды. Залға жиналған халық дәстүрлі халық музыкасымен қатар халық аспаптарының орындауында классикалық шығармалар тыңдау құқына ие болды және орындалған шығармалар халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Ансамбль құрамында еңбек етіп көп жыл жиналған, көп жылғы ансамбль басқарған тәжірибеме сүйеніп тыңдарман ретінде айтарым: «Сазген сазы» ансамблі заман талабына сай репертуарын жыл сайын байытып, қазақ өнеріне үлкен үлес қосуымен қатар, ансамбль мүшелері үздіксіз дайындықтың арқасында үлкен жетістіктерге жеткен, деңгейлері өскен, консерватория қабырғасынан алған білімдерін еңбек майданында шыңдаған, сахнада ысылған. Мен бұл концерттен қазақтың дәстүрлі музыкасының, оның ішінде аспапты музыканың даму кезеңін, аспапты музыканың негізін қалаушылардың бірі және бірегейі Болат Сарыбаевтың асыл армандарының орындалғанын сезгендей болдым.

Келесі күні ансамбльдер конкурсы басталып ақ кетті, тәңертең басталған конкурс түн жарымында бір ақ бітті. Республиканың барлық өңірлерінен келген өнер шеберлері (әр облыстың бетке ұстар ансамбльдері) фестивальдің талабы бойынша 4 шығармадан орындап, өз өнерлерін көрсетті. Осы тұста айта кететін жайт қазылар алқасы жөнінде: фестивальдің қазылар алқасы өнерде өз орындарын ойып алған өнер майталмандарынан құралған, тек қана Қазақстан өнер қайраткерлері емес шет мемлекеттердің өнер қайраткерлерінен құралған құрам ансамбльдерді әділ бағалап өз дауыстарын берді. Фестивальді ұйымдастыру барысында барлық жағдай тиянақты түрде ескерілген, ол жан жақтан келген қонақтарды қарсы алу,орналастыру, ансамбльдердің залға шығу кестесі, залдың безендірілуі, әр шығарма орындалу барысындағы видео көрсетілім барлығы дерлік дәлме дәл уақытылы, үлкен талғаммен жасалған. Өнер көрсеткен әр ұжымда 15-20 орындаушы болғандықтан фестивальға қатысқан 40 ансамбль мүшелерінің сахнаға кіріп шығуы, киінуі, шығатын кезегінен кешікпеуі сияқты техникалық жақтары да өте жақсы шешімін тапқан.

«Сарын» фольклорлық ансамблі

Жалпы дәстүрлі халық музыкасы саласында жеке орындаушылыққа көңіл көбірек бөлінетіні анық, оған дәлел Халықаралық «Шабыт» фестивалінде, Құрманғазы конкурсында жеке орындаушылар додаға түсіп жатады, ал ансамбльдық конкурсты «Шабыт» фестивалінен кейін осы «Ғасырлар сазы» фестивалі аясында конкурсты ұйымдастырушылар жеке ансамбльдік конкурс ретінде екінші мәрте өткізіп келеді. Алғашқы өткізілген конкурстан айырмашылығы қатысушы конкурсанттардың санының артуы, ансамбльдердің сапалы орындаушылығы, әр түрлі жанрда орындалған шығармалардан құрылған репертуардың тартымдылығы, қазылар алқасының құрамының әр мемлекеттен келген майталмандармен толығуы – осы айтылған жетістіктер фестивальді ұйымдастыру комитетінің дұрыс жолға қойылған жұмысы жайлы айтылған пікірлер.

Биылғы өткізілген фестиваль – конкурстың тағы бір ерекшелігі – Халықаралық статусына иеленуі, конкурсқа шет мемлекеттің бетке ұстар ансамбльдері қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Қырғыз Республикасының тәжірибесі мол, өз елінде ғана емес дүние жүзіне атақтары жайылған фольклорлық «Қамбархан» ансамблі көрерменнің ықыласына бөленіп, тыңдарманды тәнті етті, Алматылық «Нава» ұйғыр ансамблі де сахна саңлағы екендігін дәлелдей білді. Түркия мемлекетінен және Өзбек ағайындар да жоғары деңгейде өнерлерін көрсетті. Ансамбльдер арасындағы достық көпірі орнығып, Алматы тұрғындары, студент қауым, музыка жанашырлары көне түрік тектес елдердің аспаптарының үнімен танысты.

Республикамыздың барлық өңірлерінен келген ансамбльдер жол қиындықтарына мойымай (кейбір ансамбльдер өз қаражаттарымен келген), кей өңірлерде фольклорлық аспаптарда орындаушылар жоқтың қасы, дегенмен бір орындаушыға бірнеше аспаптарды меңгертіп, ұлттық киім мәселесі де жақсы жолға қойылып – фольклорлық музыкаға көңіл бөліне бастағаны көңілді жұбатады. Халқымыздың ән күйлерін ансамбльге лайықтау, репертуар таңдау жөні де жақсы жолға қойылып келеді, осы тұста ансамбльдердің көркемдік жетекшілерінің қиын да қызықты еңбектерін атап айтып кету керек.

Конкурс болғандықтан сын айтушылар да, сайыс барысында сынға ұшырап, төмен баға алушылар да кездесті, бұл әрбір конкурсқа тән құбылыс, жеңген де жеңілген де осындай додалардан кейін шабыттанып, болашаққа жаңа жоспарлар құрып, бір бірінен үйренерлері көп екенін түсінулері керек ақ. Сайыстан өте алмаған кейбір ансамбльдердің жетекшілері ұйымдастыру мүшелеріне сын айтып, бұрын соңды болмаған осындай конкурстың мәртебесін түсіруге тырысқандар да болды, бірақ біткен іске сыншы көп деген ғой ата бабаларымыз, осындай экономикалық дағдарыс меңдеп тұрған кезеңде осындай бастама көтеріп, саналы өмірін осы ансамбльдік орындаушылыққа арнап, осы саламен бітісіп келе жатқан «Сазген сазы» ансамбліне, оның жетекшілері Бағдат Тілегенге, Марат Жалбыровқа, Ықылас Нұрғалиевқа алғысымыз шексіз!

«Ғасырлар сазы» фестивалі жайлы мақалалар баспасөз басылымдарынан жарық көрді, өнер ұжымдары мен музыка зерттеушілері, өнер жолында өз еңбектерін сарп етіп келе жатқан ұстаздар қауымы да осы фестиваль жайлы толық мағлұмат алса деген оймен қолыма қалам алдым.

Осы сәтті пайдаланып Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық музыкасы факультетінің «Сарын» фольклорлық ансамблінің осы конкурста бағы жанып, лауреат атануы мен үшін үлкен мәртебе! Осы жеңісіміз бізді әрі қарай да үлкен жетістіктерге жетелейді, осы алдымыздағы 2016 жылы «Сарын» ансамблінің құрылғанына 15 жыл толады, Халықаралық «Шабыт», «Жұбанов көктемі», «Возрождение» фестивалдарының лауреаты «Сарын» ансамблінің қоржынына тағы да бір жүлде байланды, осы жеңіспен барлық ансамбль мүшелерін, факультет ұстаздарын құттықтаймын!

Халықаралық «Ғасырлар сазы» фестивалі «Сарын» фольклорлық ансамблі

 

Дәстүрлі фольклорлық музыка мерекесі мәжесіне жеткенімен тыңдаушы қауым осы мерекені көпке дейін ұмытпасы анық. Аспаптардың үні мәңгілік жаңғырып, тарих қойнауында алтын әріптермен жазылып сақталса, жас ұрпақ қазақтың тілі мен ділін, мәдениетін көз қарашығындай сақтап болашаққа аманат етіп жеткізсе – міне осы шараны өткізу барысындағы нәтиже болып табылады.

Қазақтың қара домбырасы мен қобызын, төл аспаптарын насихаттау барысында жасалып жатқан әрбір істеріңіз тек нәтижелі болғай! Фольклорлық аспапты музыка саласы осындай мерекелермен өрнектеліп, аспаптарымыздың шеруі Республикамыздың әр өңірінде де жалғасын тапсын!

«Ғасырлар сазы» фестиваліне ақ жол!

Зәмзәгүл ІЗМҰРАТОВА,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті

ҚР мәдениет қайраткері

, ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.