Батыс Қазақстан күйшілік дәстүріндегі қыз-келіншектер

XIX ғасырда ұлттық өнер биікке шарықтап, тарихта «Алтын ғасыр» атанған, күй атасы – Құрманғазыдан бастап, Дәулеткерей, Дина, Қазанғап, Тәттімбет т.б. күй тарландары халық мұрасын жаңғырта дамытты. Күйшілік дәстүрде негізінен ер-азаматтар жағы басым болса, кейін келе, төрде ілулі тұрған домбыраны әйел адамдар да шертіп қарап, өз қызығушылығын арттырды, болашақ ұрпаққа мұраны жеткізуде үлестерін қосқан дүлдүл күйші аналарымыз да бар.

Бұл тұрғыда, шығыс халықтарына қарағанда көшпелі мәдениетте өмір сүрген қазақ халқы үшін қыз балаға деген құрмет, қарым-қатынас анағұрлым жоғары деңгейде болды. Тарихта өткен небір шапқыншылықтарда, соғыстарда ер-азаматтармен бірге атқа мініп, жауына қарсы шығып, осындай ерлікке барған әйел затына сыйластықпен қарап, еркіндікте болуына жағдай туды. Дей тұрғанмен, әйел – ошақ басы, отбасының ұйытқысы, ер-азамат – тірегі деген қағиданы қатаң ұстанған елде кішкентай кезінен домбыраны серік етіп келген күйші қыздарымыз үшін оңай болмады. Сол жаққа өткен шағында сүйікті ісімен амалсыздан қош айтысуына тура келді. Ислам дінінің қағидаттарына байланысты, әкенің айтқанын тыңдау, ер-азаматтың алдына түспеу секілді жағдайлар күйшілік дәстүрдегі өнерлі қазақ қыздарының есімдерін уақыт өтісімен елеусіз қалуларына әкеп соқтырды.

Мына бір аңыздарда жоғарыда айтылған мәселелерге тоқталамыз. Құрманғазының күйі болып аталып жүрген «Айжан қыз» күйін алып қарасақ, күй Құрманғазы стиліне жақын, ал Айжан күйші – тек аңыз беттеріндегі кейіпкер ретінде қаралады. Ал А.Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» еңбегінде Дина Нұрпейісованың әкесі Кенже домбыра тартқан және де «Айжан қыз» күйін автордың өзінен үйреніп, кейін қызына үйретті деген дерек те бар[1, 48]. Яғни, бұл жерде Айжан деген күйші болған ба, болмаған ба деген де сұрақ туады?!

«Құрманғазы жолаушылап келе жатып, Адай үйіне қонақ болып түседі. Бұл үйдің қызы да өнерден құралақан болмаса керек. Екеуі күй тартысады. Сонда, Адай қызы – Ақмаңдай домбырашы қыздың тартқан күйі – “Адай”, ал Құрманғазының тартқаны – “Серпер” екен» [1, 49].

Күйшілік дәстүр тарихындағы осындай мәліметтерден соң, көбіне көп санамызда қыз-келіншектер – тек қарсылас ер-азаматпен тартысқа түсіп, жеңісті қолдан беріп отырған аңыз беттеріндегі кейіпкер ретінде, одан қала берді, «домбырасын – оқтауға» айырбастаған ошақ басындағы әйел болып қалыптасты.

Қазақ тарихындағы төкпе күйдің көшбасшысы, күй атасы – Құрман баба, ер-азаматтар бастаған Батыс Қазақстан күйшілік дәстүріне деген жаппай қызығушылық – қыз-келіншектерді де сол қатардан көруіне мүмкіндік туғызды. Ұлы күйшінің бірегей шәкірті – Дина Нұрпейісованың күйшіліктегі орны, алдын Ақжелең, Алтынай, Ақбикеш, Орыншалардан бастау алған қыз-келіншектердің бүгінгі деңгейі ер-азаматтар орындаушылығымен иық тіресе бір қатарда тұр.

Дана Бақтығалиева диссертациялық жұмысында ер-азамат күйшілер шығармашылығындағы қыз-келіншектер мәдениетінің бастамасы мен гүлдене құлпыруы, ол – Ақжелең жанры деп келтірсе [2], қазақ аспаптарын алғаш зерттеуші, ғалым Болат Сарыбаев кенже қалған аспаптарды жіктей келе, дәстүрлі орындауда аспапты қолдану ер-азаматтар мен қыз-келіншектердің орындалуына байланысты болып екіге бөліп қарастырады[3, 58] .

Әлеуметтік жағдайларда, шапқыншылық, әскерде – дабыл, ұран, керней, мүйiз сырнай, шыңдауыл, т.б.аспаптарда ер-азаматтар ойнаса, қыз-келіншектер – өзі дыбыс шығаратын аспап түрлерімен қоса, кішкене тілді аспап – шаңқобыз, қоңырауда ойнады. Б.Сарыбаев айтуынша, шаңқобыз ойнаған кезде қыз-келіншектер саусақтарына қоңырау іліп ойнайтын болған. [3, 152] Шаңқобыздың қаптары қыздар аяқ-киімдері, яғни, кебіс (тақалы туфли) бейнелес болуы тегін емес шығар. Бұл ретте қара домбырамыз екі жаққа тепе-тең аспап болып саналғанымен, тарих беттеріндегі жағдайларды жоғарыда атап кеткендей, ер-азаматтар мен қыз-келіншектер орындаушылығы салыстырмалы түрде қаралады.

Жалпы домбырашы қыз-келіншектердің өмірін, өскен ортасын аз да болса халыққа танытып, жақындатып, зерделейтін зерттеулер бізде жоқ емес. Өз өңірінің күйшілік мектебін жете меңгерген дүлдүл күйші аналарымызға тоқталсақ, Ақжелең – шамамен XVI-XVII ғғ. өмір сүрген. «Қазақтың халық музыка қазынасында «Ақжелең» атты күйлердің сериясы бар. Солардың шығуы жайында домбырашылар мынадай жайды айтады. Өткен заманда Ақжелең деген домбырашы қыз болыпты. Қазақта адам тамырын алпыс екі деп санауына байланысты, ол қатарынан сонша тамырдың барлығы иімейінше күйді тарта береді екен»[1, 230]. Қыз-келіншектер тақырыбына арналған, сылқым жүріс-тұрысты бейнелейтін бірден-бір тармақты күйлер жанры – Ақжелең күйші есімімен аталған. Бұл тақырыпқа соқпай кеткен күйші-сазгерлер кемде-кем. [4, 73] [2] .

Ақбикеш – XIX ғасырдың орта кезінде өмір сүрген. Соқыр Есжан күйшімен өнер жарыстырған. Автордың «Айнам қалды» күйі Соқыр Есжан күйімен диалог іспеттес [5, 296 ].

Ханым – XIX ғасырда Орал облысында өмір сүрген. Күйшінің «Айнам қалды» күйін 1965 жылы Сапар Жұмағалиевтің орындауынан жазып алған [5, 308 ].

Осы жерде екі бірдей сазгер шығармашылығында «Айнам қалды» күйінің кездесуі сұрақ тудырады. Бұл тұрғыда айтарымыз, қазақтың күйшілік өнері ауызша тарағандықтан, көбіне аңыздардың желісі ұқсас болып келеді. Осындай ұқсастық — «Айнам қалды» күйінде де орын алған. Яғни, күйдің шығу тарихында көрсетілгендей [5, 296; 308;], екі күйдің аңызында – ертедегі ата заңды аттамай, сүйгеніне емес, өзгенің жары атанған қыз тағдыры суреттеледі. Ақбикеш пен Ханым күйшілердің «Айнам қалды» күйлері аттас, аңыздары ұқсас болғанымен, әр сазгердің өзіндік қолтаңбасын көрсететін, күй мазмұны тіптен өзгеше, әдемі туынды.

Балбике – XIX ғасырда Атырау облысында болған домбырашы. 1963 жылы Жолдасбаев Тұржаннан күйшінің «Бал бұрауың» атты күйін жазып алған [5, 309].

Ұлбосын – XIX ғасырдың II-жартысында Орал облысында өмір сүрген. Оның «Ақжібек» күйін 1964 жылы Мина Оразалиеваның орындауынан жазып алған [5, 302 ].

Алтын – XIX ғасырдың II-ші жартысында Орал облысында болған домбырашы. 1964 жылы Мина Оразалиева автордың «Қосалқа» атты күйін жаздырған [5, 313].

Алтынай –XIX ғасырдың орта шені, Атырау жері, Орал облысында туып өскен. Күйшінің «Алтынай Акжелең» деген күйі ғана белгілі [6, 762]. Алтынай әйгілі күйші Есбаймен өнер өрлестірді деген дерек бар. Қазақтың күйшілік өнер тарихындағы ең көрнекті күй айтыстарының бірі – 1903 жылы Қаналы төре асында Кіші жүздің үш арыс елінің күйшілері күй сайысына түскенде Алтынайдың шәкірті 18 жасар Науша қыз әйгілі Есбаймен өнер сынасқан. Осыған қарап, Алтынай күйшінің өнерпаздығын жазбай тануға болады[4, 75-76].

Бұл өнерпаздардың басым көпшілігі XIX ғасырды қамтыса, екі ғасырдың куәсі болған, жалпы Батыс Қазақстан күйшілік дәстүріндегі қыз-келіншектердің орындаушылығы мен шығармашылығының биік шыңы, ұлы Құрманғазының тікелей шәкірті Дина Нұрпейісова (1861-1955) – Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының Бекетайқұм жерінде туған. Жасынан серік еткен домбырасын Нұрпейіс ауылына келін боп түскен шағында да оған түсіністікпен қарағандықтан, домбырасымен қоштаспады. Туындылары әртүрлі тақырыпта, орындаушылық шеберліктің жоғары деңгейін талап етеді. «Бұлбұл», «Байжұма», «Ана бұйрығы», «Жігер», «Әсем қоңыр» т.б. күйлер.

Орындаушылық өнердегі қыз-келіншектердің ізбасарларына келер болсақ, бұл қатардан Дина шешейдің көзі тірісінде өзінен тәлім алып, артында қалған шәкірті көре алмаймыз, немесе көптеген еңбектердің авторы, әдіскер-ұстаз, зерттеуші, профессор К.Сахарбаеваның «Атырау ән-күй мұхиты» еңбегіндегі [7, 58] «Құрманғазы және оның шәкірттері» сызбасында Дина апайымыздан тікелей сабақ алған шәкірттер қатарында қыз-келіншектер есімі аталмайды. Бірақ, Т. Мерғалиев «Домбыра сазы» атты кітабында мынадай деректі келтірген – «1915 жылдың көктемінде Бекетай құмының балық аулайтын теңізшілеріне ілесіп елге шыққан атақты күйші Дина Нұрпейісова, жолшыбай Минаның аулында қалады. Осы жолы Мина Динадан және кейінірек ел арасындағы домбырашылардан көптеген күйлер үйреніп, олардың шығу тарихы жайлы әңгімесін тыңдайды» [4, 288].

Мина Оразалиева1906 жылы Орал облысы, Нарын құмында кедей отбасында дүниеге келген. 1964 жылы Мина апай – Құрманғазының «Кішкентай демалыс», «Ақсақ құла», «Қапы», «Қош, аман бол», Ұлбосынның «Ақжібек», Бірәлінің «Жетім бала», Алтынның «Қос алқа» күйлерін тарихымен бірге хабарлап жеткізуші.

Барша Хасенова (1906-1938) – күйші, домбырашы. Күйшінің «Ақ ілме», «Ақжелең», «Айнам қалды» күйлері бар. Сіңлісі — Зәмзәм Есжанова, Ахмедияр Көшалиевтар күйлерін жеткізген [7, 324].

Зәмзәм Есжанова (1913-1993) – Атырау облысының Махамбет ауданында дүниеге келген. Қыз-келіншектердің арасынан Динаның ізін басып, күй шығарумен айналысқан Зәмзәм апайдың – «Каспий толқыны», «Ақ Жайық», «Шашу», «Шаттық» деген сәтті шыққан терең ойлы күйлері бар [8, 12].

Күріш Қожаққызы (1914-1956) –Атырау облысы, қазіргі Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік ауылынан 100 км қашықтықта орналасқан Үштаған ауылында дүниеге келген. Репертуарында көбіне Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, т.б. туындыларын орындаған. Күйшінің «Кезқұлақ» атты төл күйі бар. 1956 жылы өткен Атырау облыстық конкурсында күйші І-орынды иеленіп, Алматыға баруға жолдама алады. Қайтарында жол апатына ұшыраған күйшінің бұл сапары — өмірде де өнерде де соңғысы болды .

Жұмағыз Дүсіпова1914 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданына қарасты Бақсай селосында дүниеге келген. Күйшілігі мен әншілігі қатар өнерпаз анамыздың репертуарында Құрманғазы, Дина, Мөңке, халық күйлері және дәстүр-салт жырлармен қоса, қара өлеңдерде болған. 1939 жылы Мәскеудегі онкүндікте, 1957 жылы фестивальда I — орынға ие болған [ 7, 326 ].

Бәтіш Дәненова 1920 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданында туған. Репертуарында — Құрманғазы, Дина күйлері, Есбайдың күйлері, соның ішінде «Кербез қыздың жүрісі-ай», «Түйдек Ақжелең», ‘Шалқыма» күйлерін орындап, жеткізген [ 7, 326].

Әсима Ізмұхамбетова (1926-2007) қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Мақаш күйшінің «Байжұма», Мүсірәлінің «Ақжелең» т.б. күйлерін сол кісіден үйреніп, жеткізуші. Құрманғазының «Қарт жігер», «Көк ала ат» күйлерінің бүгінге жеткізушісі.

Бақыт Қарабалина(1937-1991) – Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Халық арасында екінші Дина атанды. 1965 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Күй анасы туралы түсірілген екі сериялы көркем фильмде басты рөл – Дина Нұрпейісова бейнесін сомдаған.Өз орындауында жеті күйтабақтың авторы [9, 125].

Кәрима Сахарбаева – 1952 жылы Атырау облысының Махамбет ауданы, Бабан ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын аяқтаған [9, 126]. «Желкілдеп өскен жас құрақ», «Домбыра дастан», «Атырау ән-күй мұхиты», «Домбыра үйрену әдістері» және М. Хайрушевпен бірлесе жазған «Күй – ғұмыр» атты еңбектердің авторы. 2005 жылы консерваторияның Халық музыкасы факультетінің 60-жылдығына орай Мәликәһ студиосында жазылған «Дәулеткерей күйлері» үнтаспасына Бапас күйлерін жазды .

Роза Айдарбаева – 1952 жылы Маңғыстау ауданындағы Тұщыбек аулында дүниеге келген. 1975 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Репертуарында Құрманғазы, Дәулеткерей, Есір, Құлшар, Есбай, Өскенбай т.б күйші туындылары бар. «Маңғыстау күйлері», «Ақжарма» нота кітаптарының құрастырушысы және «Балдырған» күйінің авторы [ 9, 126].

Айгүл Үлкенбаева – 1962 жылы қазіргі Атырау облысының Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмәмдаған. Бірнеше халықаралық, республикалық конкурстардың иегері [ 9, 127].

Ер-азаматтармен салыстыра келтірсек, қыз-келіншектердің орындаушылығы бірдей деңгейде. Десек те, мәселен Құрманғазының «Төремұраты», Жантөренің «Шалқымасы» т.б. адуын күйлер нәзік жандылардан соншалықты күш-жігерді талап ететіні айқын. Немесе керісінше жағдайда, лирикалық, философияға бай күйлер қатарына ер-азаматтар тарапынан нәзіктік жетіспей жатады. Бұл тұрғыдан да бітімге келу оңай емес. Себебі, кейде күш-жігерін үнемдей жұмсап, күй табиғатын жеткізе білетін қыз-келіншектер орындаушылығы – ер-азаматтар қатарынан кем түспейді.

Ал, бүгінгі күні домбыраны халыққа насихаттай жүріп, түрлі қолданыста, синтезаторға қосып, домбырада ойнаудың қыр-сырын меңгерген қыз-келіншектерде орындаушылық жағы алға шығып, сазгерлікпен айналысу артқа кетті. Осы тұрғыда автор ізденімпаз жастардың талантын сазгерлікке бағыттауда мынадай ұсыныстарды жолдайды: 1. Екі бағытты қатар ұстауға – арнайы музыкалық білім ордаларында, еуропалық оқу бағдарламаларымен қатар, сазгерлікке тікелей қатысты — этносольфеджио, суырып салма пәндерінің толықтай меңгерілуіне жол ашу. 2. Әр емтихан кезінде алдымен аңыздарын, содан соң күйді орындау, туынды мазмұнын аша түсіп, орындаушының қиялын оятады, және сол тақырыпта суырып салмалық нұсқаларды дамыту күйшілік дәстүрді кеңірек ұғындырады. 3. Әртүрлі деңгейдегі дәстүрлі түрде өтіп тұратын күйшілер додаларына қатысушыларға – тақырыпты арқау етіп, өз туындысын дайындауды талапқа енгізсе, екі бағытты қатар ұстанған Дина Нұрпейісова ізімен келе жатқан қыз-келіншектер күйшілік дәстүрдің жалғасын табар еді!

Батыс Қазақстан күйшілік дәстүріндегі қыз-келіншектер арасында Дина күйшіден кейінгі, сазгерлік өнерді қатар меңгерген Зәмзәм Есжанованың (1913-1993) – «Ізбасар жастардың өсіп келе жатқанына қуандым, ер-жігіттердің жолы бөлек, қыздарымның домбырашы-күйшілерінің көбейе беруін тіледім», деген осынау бір тілегі қабыл болып, ізін жалғар қыздар қатары көбейе түскен. Әзірге, жандарынан күй шығарумен айналыспаса да, орындаушылық өнердің майын ішкен қыз-келіншектерді атасақ, С.Ерғалиева, Ш.Жаменова, Б.Игілік, С.Құдайбергенова, Ж.Файзуллина, А.Батырхайырова, Д.Нұрбаева, С.Бибатырова әртүрлі деңгейдегі байқаулар мен Дина атындағы сайыстардың жүлдегерлері. Ал, кешегі Д.Нұрпейісованың 150-жылдығына орай ұйымдастырылған дәстүрлі түрде өтіп тұратын «Бұлбұл домбыра» атты қыз-келіншектер арасындағы сайыстың жүлдегерлері Ә.Алина, А.Сақұпова, А.Тоқтағандар күйші қауымының бүгінгі ізбасарлары.

Мақалада түрлі мәлімет көздері мен ауызша деректерде сақталған кейбір ғана домбырашы қыз-келіншектер туралы мінездеме беруге жұмыстандық. Өкінішке орай, күйшілердің өмірі мен шығармашылығына байланысты мағлұматтарды жинақтау үшін ауқымды ізденіс жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Жергілікті және Қазақстан, Ресейдің Мемлекеттік мұрағаттарына жүгіну қажет. Ол үшін Мемлекеттен қаржылай қолдау болғаны жөн.

Қорытындылай келе, Ақселеу Сейдімбек ағамыздың сөзімен аяқтасақ, «Ең керемет ән, күй, өлең, жыр сияқты арқалы өнерімен дүйім жұртты таң қалдыратын ару қыздары еркектерімен табан тіресіп айтысқа түсетін дәстүрі орныққан ел!»[10, 616].

 

Мөлдір ҚИСАМЕДЕНОВА

 

Әдебиеттер тізімі:

 1. Жұбанов А. Ғасырлар пернесі. – Алматы, Дайк-Пресс, 2002.

2. Бахтигалиева Д.С. Жанр Акжелен в инструментальной (домбровой) культуре казахов /Автореферат– Алматы, 2008.

3. Сарыбаев Б. Қазақтың музыкалық аспаптары. – Алматы 1980.

4. Тоқтаған А. Күй – тәңірдің күбірі. – Алматы, 1996.

5. Мерғалиев Т. Домбыра сазы. – Алматы, Ғылым,1972.

6. Сейдімбек А., Қазақтың күй өнері.– Астана, 2002

7. Сахарбаева К. Атырау ән-күй мұхиты. – Алматы, 2001.

8. Сахарбаева К. Күй ғұмыр – Алматы-1977

9. Ахмедияров Қ., Ахмедияров Ғ.Дина Әсем қоңыр. Алматы,1997.

10. Сейдімбек А. Қазақтың күй өнері.– Астана, 2002.

,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.