Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының білім беру бағыты жылдан жылға студенттерге жаңа мүмкіндіктер береді. Қазіргі уақытта консерватория шетелдік оқу орындарымен байланысты дамытып жатыр. Консерватория білім алушылары бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Erasmus+халықаралық стипендиялық бағдарламасымен іске асырылатын академиялық ұтқырлық бағдарламаларының тұрақты қатысушылары. 2019-2020 оқу жылында бюджет қаражаты есебінен 8 бакалавриат студенті академиялық ұтқырлық аясында оқуға кетті. Атап өтсек, Польшаның Вроцлав қаласындағы К. Липинский атындағы музыка академиясы, Испанияның Виго консерваториясында толық гранттық қаржыландырумен, яғни ұшуға, тұруға, сондай-ақ ай сайынғы стипендиясы бар грантты жеңіп алып, білім алуы осы ойымыздың дәлелі.
Осындай студенттердің бірі – Мұхтар Сәтқозы Оразалыұлы. Сәтқозы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дирижерлеу кафедрасының 3 курс студенті.
Сәтқозы бала кезінен өнерге құмар болып, домбырамен ән салып бастаған. Осы жолға жас баланы алып келген Аманкелді Ұзақбайұлы Күзеубай, қазіргі таңда Құрманғазы атындағы ҚҰК «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі. Осы кісінің арқасында Сәтқозы көптеген Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаты, әрі жеңімпазы атанған.
Өнер жолын жалғастыру үшін, ол 2016 жылы Қарағанды қаласының Тәттімбет атындағы өнер колледжіне қыл-қобыз мамандығы бойынша оқуға түседі. Сол жерде Жұмабеков Жаңқаш Ықыласұлынан 4 жыл бойы дәріс алып, қыл-қобыз аспабын меңгереді.
Колледждегі оқуын сәтті аяқтап, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына дирижерлеу мамандығына құжат тапсырып, 2020 жылы консерваторияның студенті атанды. Оның тәлімгерлері Құрманғазы атындағы ҚҰК дирижерлеу кафедрасының профессоры Жарасов Нұрлан Салауатұлы және «Қазақстан Камерата» оркестрінің бас дирижері Тарасевич Павел Евгеньевич. Сәтқозы 2021 жылы, 1 курста оқып жүргенде Конрад Аденауэр атындағы халықаралық SUR PLACE стипендиясының иегері атанып, сол жылы «Игеру» ансамблінің мүшесі ретінде құрамға кіреді.
Осы сәтті пайдаланып, жас дирижердан жеке сұхбат алуға шешім қабылдадық.
― Сәтқозы мырза, қайырлы күн! Бізге уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге ризашылығымызды білдіреміз. Уақытты созбай сұхбатымызға кірісейік. Сізге қарасақ, өмір бойы музыкамен айналысып жүрген адамға ұқсайсыз. Өнерге қалай келдіңіз?
― Қайырлы күн. Мені шақырғандарыңызға рахмет. Барлық сұрақтарыңызға жауап беруге тырысамын. Мен 7 жасымда домбыра тартатындарға қызығып, аспапта ойнауды үйренгім келді.
― Сіздің мамандық ауыстыруыңызға не себеп болды?
― Менің дирижерлікке келгеніме үлкен әсер еткен бір тұлға болды. Ол Қазақстандағы білікті, білімді дирижерлердің бірі, Қазақстанның 100 жаңа есім жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей. Қазіргі кезеңде ол Қарағанды қаласының Тәттімбет атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері. Сол кісіге еліктеп, бастапқы білім алып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түстім. Осы кісінің қолдауымен әртүрлі байқауларға қатыстым. «Сенен үлкен үміт күтемін», – деп жетелеген ұстазыма алғыс айтамын. Колледжде оқып жүргенде Атыраудағы Рысбай Ғабдиев атындағы ІІІ Республикалық байқауға барып, оркестрмен жұмыс жасағаннан кейін мен мамандық ауыстырамын деп шештім.
― Осындай жан-жақты болғаныңыз бізді қуантады. Консерваторияға түскен кезде Академиялық ұтқырлық жайлы қалай білдіңіз? Шетелде қай университетте оқыдыңыз? Ол жерде сабақтар қалай өтеді?
― Консерваторияға келгеннен кейін Академиялық ұтқырлық туралы Консерватория сайтынан білдім. Негізі бір аптадан кейін мен шетелге шығудың амалын іздедім. Солай жүріп 2021 жылы 1 курста оқып жүргенде Конрад Аденауэр атындағы халықаралық SUR PLACE стипендиясының иегері атандым. Республика бойынша 46 жеңімпаздың қатарында болып, сол жылдың 1 ақпаны мен 31 мамыры аралығында мені Польша елінің Краков қаласындағы К. Пендерецкий атындағы музыкалық Академияға оқуға жіберді. Ол жердегі сабақтар өте қиын, бірақ қызықты өтеді. Қиындықтар көбінесе тіл кедергісімен байланысты. Польшада фуга, көне музыканың орындаушылық мәселелері, контрапункт, XX және XI ғасыр контрапункті, композицияның заманауи техникалары, оркестрмен жұмыс жасау, киномузыка, бидің тарихи түрлері деген қызықты сабақтар өтті.
― Сол жақтағы оқудан қандай әсер алдыңыз? Біздің оқу процесімен салыстырғанда айырмашылықтарын айтып берсеңіз.
― Ол жақтағы оқу формасы әрине қиын, бірақ өте тиімді деп айта аламын. Менің оқу жоспарыма 9-10 пәндер кірді. Теориялық сабақтарға өте қатты мән беріледі. Тағы бір айта кететінім, Польшаның музыкалық академиясының бакалавриат бөлімінде тек 3 жыл білім алады. Мысалы музыкалық талдау, гармония, сольфеджио сияқты сабақтар 3 жыл бойы өтеді. Оқу үрдісі жақсы құрастырылғандықтан музыкамен байланысты ғана пәндер жүргізіледі. Бұл жақтағы сабақ кестесі маған өте тиімді болды, күніне ары кетсе 2-3 қана лекция өтеді. Музыкалық Академияда мұғалімдер мен студенттер арасындағы субординация жақсы сақталған. Былайша айтқанда, ұстаздар студенттерге тек шәкірт сияқты қарамайды, керісінше адам ретінде, жеке тұлға ретінде қабылдайды.
― Сіз енді шетелге оқуға екінші рет барып жатыр екенсіз, осы жолы қай елде білім алып жатырсыз? Неге Сізді екінші рет өздері шақыртып алды? Оған не себеп болды?
― Екінші рет мені Краковтағы Музыкалық академиясы тағы 2 семестрге келуге ұсыныс жасап, шақырып алды. Сол үшін қайтып келдім. Себебін айтатын болсам ұстазым менімен тағы бір рет толықтай жұмыс жасағысы келді. Өйткені мен сабақтардан қалмай, үлгерімім жақсы болып, осылай менімен өзі байланысқа шықты.
― Сол жақтағы профессорлар туралы толығырақ айтып беріңізші. Ұстаздарының дәрежесі, деңгейі қандай? Жеке сабақтардан қандай әсер алдыңыз?
― Бұл жердегі барлық ұстаздардың деңгейі жоғары. Біздің Консерваторияның аға ұстаз немесе доцент сияқты дәрежелі оқытушылар жоқ, тек қана профессорлар сабақ беріп, солармен жұмыс жасайды. Профессорлардың студенттермен қарым-қатынасы өте жеңіл. Студент пен ұстаздар тең. Сенімен кәдімгідей жылы сөйлеседі. Барлығы өте қарапайым, сыпайы кісілер. Әрдайым сенің қал жағдайыңды сұрап жүреді.
Менің ұстазым профессор Станислав Кравчиньский – Польшада берілетін ең үлкен марапаттың бірі – ең үздік ұстаз деген марапаттың иегері. Бұндай ұстаздар саусақпен санарлық деп айтса болады. Ол кісі хормен дирижерлеу мамандығын аяқтаған. Бірақ жасы 67-ге келсе де, әлі де оркестрмен концерттерде өнер көрсетеді. Тәжірибелі дирижер болып саналады. Ұстазым 6 тіл біледі – француз, неміс, поляк, орыс, ағылшын және итальян тілдерінде еркін сөйлейді. Өте білікті, білімді профессор және абыройлы адам.
― Польшадағы академияның дирижерлік әдіснамасы және техникасы бойынша айтып берсеңіз
― Бұл жақтағы дирижерлік техника жартылай орыс және жартылай неміс мектептеріне сүйенеді. Менің ұстазым профессор Станислав Кравчиньский Польшаның атақты композиторы Кшиштоф Пендерецкийдің тікелей шәкірті болған. Сол себептен профессор Кравчинскийдің әдіснамасы өте мықты және барлық техникалық қиындықтарды қамтиды.
― Сіз кімді және не себептен үлгі тұтасыз?
― Мен Карлос Клайбер деген үлкен керемет дирижерді үлгі тұтамын, және Герберт фон Караян сияқты дирижерлердің шығармашылығы менің әрі қарай дамумыма үлкен шабыт береді. Қазақстандағы ұстазым Тарасевич Павел Евгеньевичтан маңызды дирижерлік техникалық ақпараттарды алдым. Және сол кісіге үлкен алғыс айтамын. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Жарасов Нұрлан Салауатұлына да алғыс айтамын.
― Біздің консерватория студенттеріне қандай кеңес бересіз.
― Студенттерге айтатын ақыл-кеңесім, міндетті түрде ағылшын тілін оқып, үйрену керек. Өйткені ағылшын тілісіз Академиялық ұтқырлық болмайды. Тіл білу болашақта үлкен жолдар мен мүмкіндіктерді ашады.
― Дирижер ретінде қандай шығармалар орындадыңыз? Қандай бағдарламалар болды? Ол шығармаларды практикалық жүзінде оркестрмен орындадыңыз ба?
― Дирижер ретінде Ф. Шопеннің № 2 фа минор концертін және К.М. фон Вебердің «Эврианта» операсынан увертюрасын, Ф. Шуберттің № 8 симфониясын, И. Брамстың № 2, В.А. Моцарт № 40, Л. Бетховеннің № 1,3 симфонияларын өттім. Қазір А. Понкьеллидің «Джоконда» операсынан «Сағаттар биі» деген номерін және П.И. Чайковскийдің № 6 симфониясын өтіп жатырмыз.
Әрине практика жүзінде мен студенттік оркестрмен Бетховеннің № 3 симфониясын орындадым. Ұстазым колледжде сабақ береді, сол себептен мен аптасына екі рет колледждің оркестрімен жұмыс жасадым.
― Оркестрмен жұмыс жасау барысында қандай қиыншылықтар, ерекшеліктер болды?
― Оркестрмен тәжірибе барысында біршама қиындықтар болды. Музыканттармен тіл табысу дирижердің негізгі қызметі болып табылады. Оларға сөзің өту үшін ең бірінші дирижердің өзі білімді болуы керек. Партитураны талдау, штрихтардың ерекшеліктерін меңгеру керек. Мысалы, үрмелі оның ішінде валторна, труба, тромбон, фагот сияқты аспаптармен жұмыс жасау барысында біршама қиындықтар пайда болады. Өйткені оларға дер кезінде «ауфтакт» яғни біздің тілде «дем беру» дұрыс көрсетілмесе, біршама жаңылысуы мүмкін. Оркестр бір бүтін организм, егер бір жерден қателік кетсе, ол бүкіл партитураға кері ықпалын тигізеді.
― Сіздің ең сүйікті композиторыңыз кім?
― Ең сүйікті композиторларым Густав Малер және Петр Ильич Чайковский. Осы екі ұлы тұлғаның № 6 симфонияларын өте қатты жақсы көремін.
― Қазір Сізде қандай жаңалықтар бар?
― Мені музыкалық Академия тағы да бір семестрге, яғни жазға дейін қалдырды. Сондықтан да оқуымды осы Краков қаласында әрі қарай жалғастырмақпын.
Тағы бір жақсы жаңалық, қазақ композиторларының шығармаларынан құралған концерт беруді жоспарладық. Ол іс-шара биыл желтоқсанның аяғында болып қалуы мүмкін. Концертте Қуат Шілдебаевтің шығармаларын орындайтын боламыз, оның ішінде «Қара кемер» күйін оркестрдің сүйемелдеуінде өзім қобызда орындайтын боламын. Одан басқа Абай Құнанбайұлының «Айттым сәлем қаламқас» әнін және Қ. Шілдебаевтің «Хорал» деген керемет шығармасын орындайтын боламыз. Осы партитураларды маған беріп жатқан Алматыдағы ұстазым Тарасевич Павел Евгеньевичке үлкен алғыс айтамын. Және сол кісінің арқасында мен осындай биік жетістіктерге жеттім.
― Мүмкін Сіздің бір мақсатыңыз, арманыңыз бар шығар. Сол туралы айтып берсеңіз.
― Жақын болашақтағы арманым Германия елі Берлин қаласындағы Ханс Эйслер атындағы Жоғарғы музыка мектебінде магистратура оқуына түсу.
― Сәтқозы мырза біздің қонағымыз болып, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге алғысымызды білдіреміз. Сізге тек шығармашылық табыс тілейміз. Жолыңыз әрдайым ашық болсын.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының
«Музыкатану және композиция» кафедрасының 4-курс студенті
Балнұр Таңсықбаева
Жетекшісі — «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті Ғалия Қалымова