300 жыл созылған қазақ-қалмақ соғысы тарихқа біржола еніп, орыс отарлауы жетпеген Жетісу өңірі үшін ХІХ ғасырдың басы ең бейқұт заман болды. Қой саудасы Орталық Азия көпестері арқылы Қытай, Иранға жетіп, ет, сүт, май өндіріп базарларда сатылды. ХІХ ғасырда Жетісу қазақтарының жер шаруашылығымен айналысуы да кең дами бастады. Жетісуды мекендеген қазақтар – бидай, сұлы, арпа егіп, суармалы жүйе арқылы жақсы өнім алатын болған. Осындай саяси-әлеуметтік жағдайда Жетісуға ән жанры қайтадан оралып, әншілік мектебі қалыптасады.
Жетісу әншілік музыка мектебінің бастауы Дәурен сал Құдабайұлы шығармашылығында Жетісу ән дәстүрі тек өзіне тән музыкаму элементтерімен, ерекшеліктерімен біржола тұрақталған. Ол дәстүрді жалғастырушы әнші-композиторлар Бейсебай Қаратаев, Пышан Жәлмендеұлы, Иса Тергеусізұлы, Шүкітай Әбдікерімов, Тәбия Қаражанова, Омарқұл Итаяқов, Сәдіқожа Мошанұлы, Қапез Байғабылұлы сияқты даналар, бергенінен берері көп шамада, қайғы-қасіретке ұшыраған, трагедиялық жағдайда өмірі үзілген. Олардың шығармалары «халық әні» делініп, басқа авторлар атынан айтылып, бұзылып, бүлініп, бізге үзім-үзім жеткен.
Соңғы жылдары, қандастарымыз ата-баба жеріне қайта оралғанда, сол әндердің бір шамасын ала келді. Бірақ олардың айтуында олар шыққан елдің үні әуен иірілімдерінде, ырғақ суретінде баршылық, басымшылық болып, түстікте жатқан халықтар мәдениетінің лебі естіледі. Соның бәрін жіктеп, талдап, өз орнына орнату – алда шешетін мәселе. Жетісу әншілік музыка мектебінің көрнекті өкілі Кенен Әзірбайұлы. Кенен атаның ұзақ ғұмыр кешкенінің арқасында оның өз әндері де, Кенен ата айтып жүрген бауырлары-әріптестерінің әндері де бүгінге бұзылмай, сол қалпында жетті.
Дәурен сал Құдабайұлы (1817-1889) – Жетісудағы әншілік музыка мектебінің бастауы. Жүзден астам әннің авторы. Бүгінгі күні отыз жеті әні сақталған. Құрбысы, досы Сүйінбай Аронұлы сияқты аты елге ерте тарап, 25 жасқа толғанда Сал атағына ие болған. Күнделікті тұрмысқа мән бермей, шаруашылықтан беймәлім, нағыз сал-серіге тән кербез бейнесі отызға келмей жатып Дәурен сал атын Алатаудан Балқашқа дейін, Шымбастан Күнгеске дейін аңызға айналдырған. «Өзі Іленің арғы жағына өткенде белбеуінің бір ұшы өзеннің бергі жағында жатады-мыс» деген сөз Дәурен сал туралы айтылған. Композитор даңқы қазақ-қырғыз арасына бірдей тарап, қырғыз музыкаға де біраз ықпалын жасаған.
Дәурен сал әндерінде әуеннің тетрахорлық желісі, гексатоника мақамы сияқты Жетісу әніне тән музыка элементтері біржола тұрақталған. Сал мұрасын зерттеген шақта, шығармаларынан оның өмір жолын, көңіл-күйін анық аңғаруға болады. Композитор әндері бірнеше топқа бөлінеді. Жастық шаққа тән лирикадан басталған шығармашылығы кейін терең философиялық дүниелермен тоқталады.
Бейсебай Қаратаев (1865-1937) – ақын, композитор. Алматы уезінің Күрті болысында, Қазыбек тауының баурайында туған. Әйгілі Қазыбек бек Тауасарұлының шөбересі. Суырып салма ақын ретінде талай айтыстарға қатысқан. Ақының жеңіл әзілін, қандай жағдай болса да көтеріңкі көңілін ескере отырып, оны көбінесе қыздармен айтысқа түсіретін. Айтысқа түскен қыздардың да ең тілге тиек жері ақынның бет-жүзі болған. Қыздар мазақтап оның бетінің жалпақтығын, аяғының маймақтығын айта берген. Оған сасқан Бейсебай болмаған, шамданбай, ашуланбай, күліп жауап қайтарып отырған. Әсіресе елдің есінде қалғаны Тұмар, Зейнепия деген қыздармен өткен екі айтысы. Бұл айтыстардың толық мәтіні кейін Әсімхан Қосбасаровтан жазылып алынған.
Б.Қаратаев 1937 жылы Ораз Жандосовтың ағасы делініп, репрессияға ұшырап, атылып кеткен. Кезінде Оразға арнап шығарған «Қайран Ораз» әні өзіне, Оразға, бүкіл қазақ зиялыларына, қуғын-сүргін құрбандарына айтылған жоқтау болып қала берді.
Пышан Жәлмендеұлы (1883-1921) – ақын, композитор. Заман тәлкегі – Қазан төңкерісі кезіндегі тап тартысының құрбаны. Айдап тастаған малы кең далаға сыймаған үлкен феодал, Пышан Ұлы Жүз Жалайырдың Байшегір руынан шыққан. Ақындық, әншілік қасиеті бойына дарыған ірі тұлға. Пышанды бүгінгі күнге жетелеп жеткізген байлығы, ел сұраған болыстығы емес, оның аз да болса қалдырған өнері.
Пышан суырып-салма айтыскер ақын. Пышан әндерінің негізгі мазмұны серілік философиясы деуге келеді. Қыздарға қырындау («Әшіркүл, Зейнеп»), жеңешемен әзілдеу («Ақ шәйнек, сары самаурын»), шабандоз жігіттікке салу («Дүние шіркін, өтеді бір күн») ж.т.б. Заманнан айтысып-тартысып, арыздасып-құрыздасып жүрген біраз бақас-тақастардың дегені түбінде болып, Пышан тұтқындалады. Пышан Кеңес түрмесі қорасында атылып кетеді. Өлім жазасын жер аударуға ауыстырылған үкім Пышан өлімінен екі сағаттан кейін жетті. Мұны қастастар әдейі ұстаған екен деген сөз де бар.
Шүкітай Әбдікерімов (туған жылы белгісіз – 1932) – әнші, ақын, композитор, Дулат елі, Жаныс тайпасының Жайылмыс руынан, Үш Қоңыр жайлауында дүниеге келген. Айтыскер ақын ретінде Шүкітай Сүйінбай-Жамбыл мектебіне жатады. Жамбыл шәкіртінің бірі болып, Үмбеталы, Кенен, Нұрила қатарында талай айтысқа қатысқан. Тұрмысы кедейлікте, жалшылықпен өтсе де, өзінің біртуар азамат екенін жақсы білген.
Шүкітай Бекболат Әшекеевтің жақын інісі, ол ағасы бастаған 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске белсене қатысып, жанында жүрген хатшысы болған. Бекболаттың сенімді серіктері – ұзын саны 100-ден астам адам түрмеге жабылады, ішінде Шүкітай да бар. Ол «бүлікші» деген айыппен өлім жазасына кесілген, бірақ 1917 жылдың ақпан төңкерісі басталып, ол үкім орындалмай қалады.
Шүкітай Қазақ жерін жаулаған нәубет – 1932 жылғы аштықтың құрбаны болды, бар қалдырған мұрасы бүгінде ұмытылмаған, Жетісу әншілік музыка мектебінің дәстүрімен шығарған төрт әні.
Тәбия Қаражанова (1900-1968) Сара мен Ырысжан, Ақбала мен Күнбала, Тоғжан сияқты ақындар – топтан озған жүйріктер қатарындағы айтыскер ақын, әнші. Ол бүгінгі Алматы облысы Қаскелең ауданы Жандосов ауылының түлегі. Жасынан айтысқа қатысып, талайды жеңген. Жайлауда өткен бір тойда ауылдасы Омарқұлмен айтысып, бұл айтыс кейін төңірекке тарап кеткен. Оны 1936 жылы ақын Саяділ Керімбеков Тәбияның өз аузынан жазып алған. Сәбит Мұқанов айтыс жинағына жазған алғы сөзінде бұл айтысты «қыз бен жігіт айтысының классикалық үлгісі» деген.
Тәбия бірнеше әннің авторы, оның ішінде ең әйгілісі «Бүлдірген» әні. Күйеуі мен жалғыз ұлы соғысқа аттанып, қайтпаған. Содан болу керек, музыкалық шығармаларының әуені де, сөзі де мұңға, зарға, сары уәйымға толы.
Омарқұл Итаяқов (1896-1944) Қазақстанның еңбегі сіңген артисі, әнші, актер, айтыскер ақын. Алатау бөктерінде, қазіргі Қарасай ауданының жерінде туған.Ұжымдастыру кезеңінде өндіріс бригадирі, 1933 жылдан соғыс басталғанша Алматыдағы қазақ драма театрінің актері. Актер ретінде оған көбіне домбыра шегіп, ән салатын, импровизацияға бейімді ролдер берілген. Көрген жұрт, О.Итақов әсіресе екінші қатардағы кейіпкерлер ролін жақсы сомдаған, деп еске алатын. «Амангелді» киносының эпизодында түскен.
Омарқұл салт айтысының шебері. Оның атағын шығарған Тәбиямен өткізген айтысы, бұл көркемдік шығарма Біржан мен Сара жыр сайысынан кейінгі әлеуметтік сарыны өткір көркем айтыстардың бірі болып саналады. Омарқұл бүгінгі ақындар айтыста айтып жүрген сарын мен мақамдар авторы. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан.
Сәдіқожа Мошанұлы (1895-1923) Албан елінің Қожбанбет ішінде Ағымсары руынан, Кетпен ауылында дүниеге келген. 1916 жылғы Ұзақ батыр бастаған Ұлт-азаттық қозғалысына қатысып, алдыңғы шебінде болған. Кейін ірі бай ретінде конфискацияға ілініп, содан қашып, Қытай ауып кеткен. Әндері барлық Жетісу авторларына тән мұң мен зарға, сары уәйімға, сағынышқа толы. Әнші-композитордың шырғалаң тағдыры оның «Сары бидай», «Ахау, айым», «Сағынсаң, қалқа, өзің кел» сияқты өзіндік өрнек-нақышымен ерекшеленетін сұлу сазды әндерінен анық аңғарылады.
Қапез Байғабылұлы (1896-1939) – әнші-композитор, сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбаны. Кегеннің Ақтоғай ауылында туып-өсіп, ауыл молдасынан сауат ашып, 15-17 жасында өзі құралыптас Сауытақын (ұйғыр) және Шөршікенмен бірге Стамбул медресесінде оқып қайтады. Ағартушылық жолды тандап, Жетісу өңірінде бірнеше мектеп ашып, елді сауаттандыру ісімен айналысады. Әншілік өнерін де тастамайды. 1931-33 ж. ашаршылық кезінде 60 үйлі «Облатком» ауылының басын қосып, адамдарды аштықтан аман алып қалу шараларын ұйымдастырған. 1937 жылы «халық жауы» деген жалған жаламен тұтқындалып, екі жыл өте Коми АКСР-інің Ухта қаласында атылып кеткен. Қапездің бізге жеткен «Ай-қай», «Дүние-ай», «Қоштасу», «Үш Меркі» әндері пішіндік-мазмұндық соны сипатымен ерекшеленіп, жиі айтылады.
ИСА ТЕРГЕУСІЗҰЛЫ (1882-1940) – ақын, композитор, Алаш қозғалысының қайраткері, ағартушы.
Иса-тілмаш, Иса төре, Иса ақын… ел есінде осылай қалған. «Әділет іздеген, арызданған қазақтың бәрі Алматыға барып, Иса-тілмашты жағалайтын» деп ауыл қариялары, ақырын ғана сыбырлай айтатын. «Исаның әні» деп сағынышқа, сары уәйымға толы әуендерді сала отырып, әжелер көзін сүртіп қоятын. «Исаның өлеңі» деп олар ұлтшылдық иісі аңқып тұрған үш шумақ өлең оқитын, кейін, 40 жыл өте, ол Мыржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» өлеңі екені белгілі болды.
Иса Тергеусізұлы Жетісу әншілік музыка мектебінің жарқын өкілі. Исаның музыкалық шығармашылығы оның білімділігін, сауаттылығын, Еуропа мәдениетімен жақсы таныс екенін дәлелдейді. Бізге жеткен әндері туған елге, жерге деген сағынышқа толы. Әдемі әуенін езілген лирика емес, жігіттік сарын деуге болады. Шығармалардың өзіндік музыкалық формасы бар.
Жастық шақ кезінде шығарылған Иса Тергеусізұлының әні «Жер жаннаты – Жетісу». Мұнда жайбарақат жатқан елдің өмір-салты, табиғат сұлулығы бейнеленіп, әуені сөзіне сай көтеріңкі, көңілді берілген. Бізге жеткен Иса әндерінің музыкалық үні, ырғағы, жалпы стилі бірыңғай болғанымен, бұл ән қуанышты, дархан сезімімен ерекше келген.
«Көріп пе едің Құмбелдің қызыл белін,
Құмбел жайлап, той жасап, түсір келін.
Көкпар тартып төсінде Көкайрақтың,
Жасыл көлде жай тартқан қалың елің.
Жер жаннаты – Жетісу,
Жетісумен бетің жу,
Ақсу, Көксу, Аягөз,
Қаратал, Лепсі, Іле, Шу,
Алатаудың аясы
Жер жаннаты – Жетісу.
Жасыл көлді жайлаған қалың Дулат,
Тарт кермені, бәйге шап, дулат-пулат.
Қымыз ішіп, қызыққа бата түсіп,
Мен жатайын аулыңда аунап-қунап».
1918 жылдың басында Верный қаласында кеңес билігі орнайды. Жаңа билік Жетісу облысындағы Уақытша үкімет мүшелеріне, кулактарға, казактарға, сондай-ақ Алаш Орда қайраткерлеріне қарсы жазалау-репрессиялық әрекетін бастап кетеді. Әскери-төңкерістік комитет Жайнақов, Сабатаев, Әлжанов және Тазетдинов сияқты алашшыларды қамауға алып, бірақ құқыққа қарсы ештеңе таппаған соң бір ай өте босатады. Жай халық кімнің дос, кімнің қас екенін, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін білмей сарсалаң болады. Сол тұста Иса ақын реніш білдіріп, күйзеле отыра, мұндай өлең шығарады:
«Заманымның тозғаны-ай,
Аттан байтал озғаны-ай,
Арыздасып ағайын
Қазағымның тозғаны-ай».
1921 жылдың басында Қарқаралыда Алаш белсендісі Сатылған Сабатаев белгісіз жағдайда қаза тапты деген суық хабар Жетісуға жетеді. Бұл Алаш қайраткерлерінің жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз қамауға алынғанының басы еді.
Ибраһим Жайнақов пен Иса Тергеусізов басқа алаштықтармен бірге Қытайға эмиграцияға кетеді. Бір түн ішінде көтеріліп, көшіп кеткен Исаның Жетісумен қоштасқан әні артында қалған жұртының есінде сақталып қалған.
«Қайран ел ойнап-күліп жүретұғын,
Сағындық иттің дауысын үретұғын,
Пендесі жұмыр басты не көрмейді
Адамзат тағдыр салса көнетұғын.
Ахау, Елім-ау,
Жетісу менің жерім-ау,
Ит жүгіртіп, құс салған
Қайран да менің көлім, көлім-ау.
Қайран жұрт, қалды-ау артта қайран елім,
Қайғы-мұң – қара жылан, іште желім.
Мұзартқа шығып алып кешке жақын
Әнменен шығарайын іштің шерін».
Исаның «Жетісу, менің жерім-ау» әні еуропалық түрдегі шығарылған көлемді формалы романс сияқты. Бұл әнді композитор Балнұр Қыдырбек «Реквиемінде» пайдаланған. Жоғарыда айтылған Иса өлеңінің орнына композитор либретто желісіне байланысты Қазыбек бек Тауасарұлының «Сары төсек болғанда» дастанынан үзінді алған.
Иса Тергеусізұлының Қытайдағы өмірінен білетін мағлұматымыз жұлым-жұлым. Иса төре туралы 50-ші жылдары Алматыға Қытайдан көшіп келген қандастарымыз жалтақтап өздері айтуға қорыққан, ал талай репрессиядан өткен бұл жақтағы ағайындар ашық сұрауға батпаған. Бірақ сол үзінді-кесілді мәліметтен де Исаның ірі тұлғасы айқын көрінеді.
Иса Тергеусізұлы бас сауғалап барған Құлжа қаласында да бекер отырмаған. Мұнда ағартушылық, адвокаттық жұмыстармен шұғылданды. Елге деген сағыныш, Қазақстанда қалған туған-туысқа деген ықылас, сары уәйімге айналып, сол шамадағы Иса шығарған әндерден анық аңғарылады:
«Елім көшті Күртіден сал Кегенге,
Жері жақсы дейді ғой мал жегенге.
Тірі айрылған жерінен жаман екен,
Желім болды жеген нан Ел дегенде.
Ат жібердім беделге,
Жері жайлы дегенге,
Ішкен асым не болды
Құрбы-құрдас дегенде.
Жылқыда жал қалмады, түйеде қоң,
Ерімейді мұз болып көңлім де тоң.
Тірі айрылған жерінен жаман екен
Жүре алмаймын теңселіп шыққандай сом.
Байлық-бақыт шалмады-ау,
Жебір дүние жалмады-ау,
Қытайға ұлық болсам да
Қашқын атым қалмады-ау».
Иса Тергеусізұлы әндері Таңжарық ақын шығармашылығы қатарында Қытай қазақтары арасында кең тараған. Бүгінгі талдап отырған әндерді жазушы-журналист Балғабек Қыдырбекұлына 1955 жылы реэмигранттардың бірінші легімен Қытайдан келген Әмина және Балқаш Бафиндар айтып берген. Кейін, 10 жыл өте магнитофонға жазылып алынған. Сол әннің бірі «Шамалған, туған жерім» әні қайырмадан басталып, қайырмамен бітеді. Бұл автордың қойылған сауалдарға жауап жоқ дегені.
«Алатау мен қайтейін биігіңді,
Ойнаған баурайыңда киігіңді,
Бірге өскен кішкентайдан жан жеңеше
Басамын қайда барып күйігіңді.
Қайырмасы:
Газет-қағаз келген соң,
Уәйім-қайғы жеген соң,
Елім қашты Қытайға
«Берсін солдат» деген соң.
Шамалған, туған жерім, өскен елім,
Қайнайды іште қапа, қайғы-шерім».
Иса Тергеусізұлын Қазақстан жағынан соңғы көрген Бектенбай Қосынов болған. Қазақстанның мемлекет және партия қайраткері Бектенбай Қосынов 1938-1941 жылдары Қазақ КСР Совнаркомы жанындағы өнер ісі бойынша басқарма бастығы болып қызмет етті. 1939 жылы Қытайдан Гоминдаң үкіметінің сапартобы Мәскеуге екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастыққа арналған жиынға келеді. Қытай делегациясы құрамындағы аудармашы Иса Тергеусізов екен. Бектенбай ата қатаңдау, ұстамды келген кісі еді. Бірақ сол кездесу туралы айтқанында көзіне жас оралып, дауысы дірілдей кететін. «Исаның жанындағы төрт қытайдың төртеуі болмаса да, үшеуі тыңшы, менің қасымдағы орыстар да әр қимылымды бағып отыр… Екі күн келіссөз жүргізіп отырып бір-бірімізге тікелей қарай да алмадық, сөйлеспек тұрмақ» деп Бектембай ата сол кездесуді қиналып еске алатын.
Иса Тергеусізұлының көркем шығармашылық мұрасы әлі де толықтырылып, зерттеледі деген үміттеміз. Ал бүгін Иса Тергеусізұлы Жетісу әншілік музыка мектебінің көрнекті өкілі деп баршаға жария саламыз.
Қуат БАҒЫСБЕК, музыкатанушы, өнертану ғылымдарының магистрі
Қолданылған әдебиет:
- Қазақстан композиторлары. Алматы, 2011 ж.
- Қазақ композиторлары. Алматы, 2013 ж.
- Жетісу энциклопедиясы. Талдықорған 2008 ж.