М.Төлебаевтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» атты аяқталмаған операсы жөнінде

Биыл туылғанына 100 жыл толған қазақтың талантты композиторы Мұқан Төлебаевтың шығармашылығы барша жұртшылықтың назарында. Оның туындылары вокалды, аспапты музыка жанрларында кеңінен таныс десекте, кең арна болып көрініс берген опера жанрында жазған еңбектерінің орны бір төбе. Қазақ музыкалы театрын танымал еткен «Біржан – Сара» операсынан басқа туындыларының тағдыры қалай болды?

Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының репертуарына енген қызықты қойылымдармен бірге осы сахнаға арнап жазыла бастаған, алайда, бұл   шығармашылық   жоспарын   толық   жүзеге   асыруға   үлгере алмаған Мұқан Төлебаевтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсының орны ерекше.

Қазақ музыкалық театр сахнасының классикалық туындысына айналған композитор М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара» (1946 ж) операсы кезеңдік туынды. Сан алуан музыка жанрларының өзге саласын сәтті игсре отырып толымды еңбек еткен М.Төлебаев опера саласында да үлкен ізденіс үстінде болатын. Композитор шығармашылығын ұзақ жылдар бойы зерттеп қолжазба, архив қойнауларынан қызықты құжаттармен оқырманын таныстырып жүрген Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Н.С.Кетегенова енбектері бізге біраз жайдың бетін ашады. Композитордың Е.Брусиловскиймен бірігіп жазған «Аманкелді» операсынан басқа И.Есенберлин либреттосы бойынша «Нияз бен Раушан» опера клавирінің 14 беті (1948 ж.), «Айдар»операсының үзінділері (1950 ж.), «Достық әні» операсынан Айғаныс ариозасының партитурада 6 бет (1954 ж.), «Ыбырай Алтынсарин» операсымен жұмыс бастағанын айтады. Алайда бұл опералар аяғына дейін жазылмаған. Зерттеуші бұл шығармашылық жоспарлардың іске аспау себебін сапалы либреттоның жоқтығы мен әдеби негіздің болмауы деп түсіндіреді. Мұқан Төлебаевтың айтқан ойы осы пайымдауды айқындай түседі. «Консерваторияны бітірген соң тағы бір операға кірісудің арманы тұр алдымда. Қазақ ауыз әдебиеті таусылмайтын алтын қор емес пе. «Ақан сері – Ақтоты», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қобыланды», «Еңлік – Кебек» сыяқты дастандар опера жазуға дайын тұрған дүниелер, тек либретто болсын. Бірақ ол жоқ. Оны жазатын адамдар бар, жазғылары келмейді. Менің көп ойлайтыным «Қозы – Көрпеш», түбінде соған бір кірісемін» — деп студент күнінен армандаған болатын. Бұл аталған шығармалардың түгелге жуығы кейінірек, М.Төлебаевтың ізін басып келе жатқан екінші буын қазақтың профессионалды композиторлар шоғыры: Ғазиза Жұбанова, Сыдық Мұхамеджанов, Еркеғали Рахмадиевтердің жазуымен опера партитурасына айналды. Ал М.Төлебаевтың үлкен арманы композитордың өмір жолының соңғы кезеңінде іске аса бастаған болатын. Ол бұл жайлы — «Менің қазіргі творчестволық жоспарыма жақын арада кіргелі тұрған жұмыс — бұл осы қазір құрып жатқан жоспармен ғана шектеліп қана қоймай, яғни әр партитурамен дәйекті, жүйелі түрде жұмыс жүргізу. Себебі: менің сонау бір сәттен армандаған ой-мақсатым қазақ халқының белгілі жыр аңызының өкілдері махаббат сезімінің сенімділігіне бас иген қос жас — Қозы Көрпеш пен Баян сұлуды өз музыкама арқау етіп, опера жазу еді. Дәл қазір мен осы еңбек жолында бірінші актіні аяқтап, екіншісімен   жұмыс жасаудамын. Жарыққа шығаруға тұратын осы бір құнды шығарманы аяқтап шығу арманым» -дейді.

Алғашында 4 акті 5 суреттен тұратын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»  опера либреттосын жазушылар осы аттас трагедия авторы белгілі қаламгер Ғ.Мүсірепов пен Н.Баймұхамедовтар болатын. Композитор архивінен табылған қолжазбалардың ұзын саны 114 беттен тұратын операның бірінші көрінісінің толық нұсқасы мен Қодардың екі ариясы. Толық емес қолда бар материалды сұрыптап зерттеуші Н.С.Кетегенова өзінің еңбегінде М.Төлебаевтың бұл операсы «… қазақ музыкалы-театрының жаңа айтар сөзі болуға тұрарлық шығармасы»-деген ой айтады. Шынында да назар аударуға тұрарлык пікір. Кезінде біраз опера шығармаларының басын бастап аяқсыз қалдырып келген тумысынан ән табиғатына бір табан жақын тұрған композитор М.Төлебаев өзінің таланты мен шығармашылық мүмкіндігін толық пайдаланар жанына жақын, көңілден шығар тақырыбын, сол тақырыпты музыкалық театр – опера либреттосына айналдырған авторларын табуы болатын.

Опера желісі Ғ.Мүсірепов трагедиясындағы сахналар ретін ұстанбаған. Шығарма Қозының тау арасындағы ауылынан емес, сұлу табиғат аясында сылдыраған бұлақ, күміс көлдің жағасындағы гүлге толы алаңқайда сайран салған Баян сұлудьң құрбы қыздарымен бірге бақытты, шадыман сәтінен хабардар қылар әнімен басталады. Бұл көріністе композитор күнәсіз пәк жанның қоршаған табиғат-анаға, өмірге ынтыға тоймай құштар көзбен қараған жас арудың бозбалалық бақытты жайынан сыр шертеді. Сондықтан, Ғ.Мүсірепов трагедиясындағыдай барлық кейіпкерлерді операның бірінші суретінде біз толық кездестіре алмаймыз. Мұнда бізге Сұлу Баян мен белгілі мақалды бұрып айтқанда «жаным малымның садағасы» — деген ұстанымдағы әкесі Қарабай, оның кейде көлеңкесі, кейде қулық-сұмдығы мол қатыгез әміршісі болатын, мал дәулеттің құлы Жантық, әділеттілікті белінен басқан ұр да жық дүлей күш иесі Қодар, атағын алыстан естіп бір көруге ынтыға келген ер жігіт Айдар және Баян, Қодар, Айдардың құрбы қыздары мен серік жігіттері.

Қыздар хорынан соң сахнаға шығатын дүниенің бар қызығын малға айырбастауға дайын, қорасындағы үйір-үйір жылқыларын жалғыз перзентінен артық санап, оның дүниеге келгеніне өкініш білдірген Қарабай бай шығады. Қарабайдың осындай пасықтығып көрсетер партияның музыкалық портретін композитор оркестрдің мол мүмкіндігін толық пайдаланып шебер бере білген.

Операның орталық кейіпкерлерінің бірі, оқиғаның драматургиялық желісін алға дамытуға және оқиғаны шиеленістіруге себепкер айлакер, қу Жантықтың сахнаға шығысымен Қарабай ауылына, оның қызы Баянға сөз салып құда түсуге қаптап келе жатқан қалың нөпір, қаһарлы да айбатты, кара дүлей күш иесі Қодар мен Айдардың келе жатқандығын хабарлайды. Бір-біріне дес бермес екі топтың сахнаға баса көктеп кіріп өзара сөз таластырып қыр көрсетулерін композитор оркестрдің әр алуан дыбыс мүмкіндіктері: әуенінің, дыбыс күшінің, дыбыстар бояуының, әуен ырғағының т.б. мол мүмкіндігімен тамаша суреттейді. Айтысып бір мәмілеге келе алмай шаршаған екі жақ та Баян сұлудың өзі шығып төрелік айтуын талап етеді. Құрбылар қоршауындағы Баян сұлудың топ алдына шығып, екі жаққа да басу айтып бірі-екіншісіне қайта дауыс көтере  алмайтындай сый-сияпатпен құрметтеп, үш жүздің өкілдеріне шапан жабады. Ақылмен іс қылып қоразданған араз топты мәмілеге келтіреді.

Бірінші көрініс соңы Баянның ақылы мен көркінен мысы басылған, иықтарына жабылған сый-сияпатқа түсіне алмай аң-таң болған топты, әдемі де сыпайы жасалған салт жоралғыға аңыраған топты селт еткізетін тосын драматургиялық бұрылыспен аяқтайды. Сөзге тоқтай білген бір топ атының басын кері тартса, Баяннан тілері мұдай сый емес, жас сұлудың өзі екенін шегелеп айтып, ізетпен берген сыйын кері лақтырып тастап, ортадан тасырлықпен кететін Қодардың едіреңдеген  әрекетімен аяқталады.

Композитор операда халық әндері мен халық композиторларының ән-күйлерін кеңінен қолдана білген. «Біржан – Сара» операсында автор халық композиторлары мен операның басты тұлғасы Біржан салдың әндеріне сүйенгенін жақсы білеміз. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсында да автор өзінін осы ұстанған жолынан ауытқымайды. Алғашқы күрделі операсын жауда, оны қайталап редакциясын жасауда тапқан композиторлық ұсылдарын одан әрі дамыта отырып, халқымыздың мол мәдени-музыкалық мұраларын кеңінен қолданады. Оған мысал: Баянның бірінші ариозасында Ақан Серінің «Маңмаңгер» әнімен үндесер әуен құлаққа естілсе, кейін келетін Қодардың ариясынан «Мақпал» әнінің интонациясын кездестіруге болады. Мұндай композиторлық әдістер операның табиғатын халықымыздың ән-күй мәдени мұраларының бастау көзіне жақындата түскен. Композитор М.Төлебаев бұл қағиданы жетік меңгерген және өзіне тән суреткерлік түйсікпен шебер жазып берген. Сондықтанда, ол өз халқының әуендік-интонациялық, ырғақтық тілімен жақын туыстық қатынаста қайталанбас сазды шығармаларын дүниеге әкелген біртуар тұлғалардың бірі болып қазақ кәсіби композиторларының көшінің басында болып келеді.

Композитор опера кейіпкерлері: Баянның құрбыларын — халық бейнесін қыздар хоры арқылы көрсетсе, ария, ариозалар арқылы жеке кейіпкерлер: Баян, Қодар, Жантық, Айдарлар секілді бірі-екіншісіне ұқсамайтын алшақ кейіпкерлер ішкі жан дүниесін дөп басып ашады. Хор-би нөмірлері бар сахналар арқылы композитор халық өмірі мен салт-дәстүрін көрсетер әр алуан ортаға жатар қыздар мен жігіттер топтарының мінездерін айқын, дөп басып бере білген.

Өкінішке орай мезгілсіз келген ажал М.Төлебаевқа ұзақ ізденіс, мол шығармашылық тәжірибеден кейін жаңаша серпінмен бастаған осы операны аяқтап шығуына кедергі болды. Соған қарамастан бұл операны жазу барысында композитор өзінің көптеген музыкалық ойларын айтып үлгерді. Ұлттық ән мен күй әуеніне оранған тамаша музыканың бойында кең тынысты эпикалық ағын, өте тереңнен келе жатқан дәстүр жалғастығын көреміз. Негізгі драматургиялық салмақ күш опера бойында терме, желдірме секілді речитативті формалармен өрнектеліп үйлесімді естіледі. Бұл шығарманың басты ерекшелігі, музыкасы көп планды әрекетті қамтиды, кейіпкерлер мінез құлықтарын қайталанбас кесек тұлғалар етіп сомдап шығуы.

Осыдан ондаған жыл бұрын халқымыз ауыз әдебиетінің үздік үлгісі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» лиро-эпосының 1500 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Драма театр сахнасында 70 жылдан аса уақыт зор табыспен қойылып келе жатқан Ғ.Мүсіреповтың трагедиясы қатарына М.Төлебаевтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсын аяқтап сахна рампасына шығарар болса, халқымыздың, барша өнерсүйер қауымның қызыға тамашалайтын туындысы тіріліп, көптен күткен арманы да орындалар еді. Осы бағытта М.Төлебаевтың туғанына 80 жыл толуына орай мерекесі кезінде әңгімелер көтерілген де болатын.

Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті музыка факультетінің студенттері мен ұстаздарының және Абай атындағы опера және балет театрының артистерінің күшімен дайындалып қойылған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсы көрерменге тұңғыш рет сахнадан 1993 жылы көрсетілді. Талантты композиторымыздың тамаша басталған туындысы құлақтан кіріп жүрекке тікелей жол тапқан опера алғашқы тактісінен тыңдарманды үлкен әсерге бөлейді. Тамсандырып барып кілт үзілген операның жалғасы жоқ дегенге келісу қиын. Сол кезде драматургиялық желісі өрілген М.Төлебаевтың аяқтап үлгермеген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсының соңғы аккордын қоймаққа бел шешіп кіріскен жас композитор Серік Еркінбеков шығыпты дегенді естігелі де біраз жылдың жүзі болды. Әзірге тыныштық. Соңғы дерек бойынша ол аяқталмаған опера партитурасының оркестрге арнап дайындаған. Ал операны аяғына дейін жазып шығуға жүрегі дауламаған секілді. Дұрыс та шығар. Бұл заманауи композитор үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін ауыр жүк. Тамаша басталған операның аяқталған нұсқасын көруден үмітімізді үзбеумен бірге, біз осылай аяқталмағамн күйінде қала бергені дұрыс болар деген ойдамыз. Себебі әлем музыка өнері тарихында мұндай мысалдар жиі кездеседі десекте (Моцарт «Реквием», Дж.Пуччини «Турандот» А.Жұбанов «Құрманғазы» т.б.), бір актісі ғана аяқталған, қалған үш актісін жазып шығу композиторға тұтастай жаңа жығарма жазумен пара-пар ауыр жұмыс. Онан да дәл сол либреттоға өзінің соны операсын жазу композиторға анағұрлым тиімді болар. Қайткенде де М.Төлебаевтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсы аяқталмаған күйінде де өзінің сүйекті туынды екенін танытып, композитордың бүгінгі тыңдармандары үшін қол жетпес арманда болып қала бермек. Бастысы биыл туғанына бір ғасыр толған композитор Мұқан Төлебаевтың аққу әні болған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсы аяқталмаған үздік туынды болып қала бермек.

Аманкелді МҰҚАН

өнертану кандидаты, доцент

, ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.