Қашанда қазақ елі өзінің әдет-ғұрып, салт — дәстүрімен ерекшеленген. Осындай ерекшеліктердің арқасында қазіргі таңда бүкіл әлем бізге таңырқап, қызығушылықтарын арттыруда. Кезінде бүкіл дүйім -жұртты тамсандырған Әміре Қашаубаевтың дауысы әлі күнге дейін ел есінде. Қазіргі таңда Әміре атамыздың және тағы басқа аға буын өкілдеріміздің жолын басып келе жатқан жас буын өкілдері біздің Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясында тәрбиеленіп жетілуде.
Осыған байланысты Сәуірдің он бесінші жұлдызында киелі қара шаңырақ консерваториясында Дәстүрлі ән кафедрасының 3-4 курс студенттерінің қатысуымен шығармашылық кеш өтті. Кештің негізгі мақсаты көнерген әндерді насихаттау болып табылады . Концертте әр мектептің (Арқа мектебі, Жетісу мектебі, Батыс Қазақстан мектебі,Сыр мектебі, Мұхит Мералиев мектебі) сирек кездесетін әндерін орындап халықтың құлақ құрышын қандырды. Орындаушы студенттер жастыққа қарамастан әннің терең ойын, мазмұнын, мектептік стиль ерекшелігін жеткізе білді. Орындау барысында әр орындаушының көзінен бір ұшқынның бар екендігі және орындаушының беріліп орындағанын халық бақылап бағалады.
Бұл кеште тек әнмен шектеліп қана қоймай студенттер өздерінің әртістік шеберлігін паш етті. Студенттер Біржан салдың , Балуан Шолақтың рөлін сомдап әнін керемет дәрежеде орындады. Кешке жиналған көрермен қауым жоғары баға берді.
Осындай дәрежедегі концертті студенттер Алматы шахарындағы бірнеше мектептерде өткізіп жас келешек ұрпаққа қазағымыздың дәстүрлі мұрасын насихаттауға өз үлестерін қосты.
Әрине, халықтың осындай жақсы тілек алғысын иелену баршаның қолынан келе бермейді. Студенттердің осындай биік дәрежеде ән шырқау себептерінің бірі, бұл өнер ордасында қазақ өнеріне еңбегі сіңген өз үлесін қосып жүрген өнер майталмандары болып табылады.
Осындай майталмандарымыз тұрғанда дәстүрлі әніміз жастарға дарып өз жалғасын табатынына шүбә келтірмейміз. Болашақта осындай өнер ордасында ән кештері молынан болып жатса мәдениетіміздің жаңа бір жаңғырғаны болып табылады.
Шерхан МҰХАМБЕТЖАНОВ, музыкатанушы, 3 курс студенті