Торғай өңірінің жанашыры Назарбек Бектемісұлы

Сонау ықылым заманнан бастау алатын Торғай өңірінің толыққанды шежіресі бүгінгі ұрпаққа жеткен деректер шамамен алғанда қазақ хандығы пайда болған XV ғасырдан басталады. Сөйтсе де соңғы жылдары туған тарихымызды екшелеуге көп бетбұрыс жасалғаны белгілі.

Торғай өңірінің мәдениеті қандай дәрежеде болды деген сұраққа Назарбек Бектемісов мұраларының салалы бағыттарының бірі оның Торғай ақындық мектебінің ғылыми-деректік топшылаулары мен зерттеу еңбектері жауап береді. Оның Торғай өңірінде туып-өскен Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Құбаша Шалбайұлы, Қашқынбай Қазұлы, Әбіқай Нұртазұлы, Күдері Жолдыбайұлы, Әбдірахман Иманқұл, Жүсіп Қияқбай, Шандияқ пен Нұрхан Ахметбеков, Ахметхан Әбіқаев, Сәт Есенбаев, Құтжан Қанжығалин, Ғаппас Тұралин сынды ақындардың шығармашылығына талдау жасаған еңбектерінде әр ақынның өзіндік жыр саптау ерекшелігі мен жыршылық дәтүрлері туралы ұтымды ойлары айшықты бейнеленген. Н.Бектемісұлының бұл еңбектері 2001 жылы « Ахмет ұшқан алтын ұя» деген атпен Астана қаласындағы «Елорда» баспасынан жинақ болып басылып шығады. Алғы сөзін Сері Тұрғынбекұлы жазған.

Қазақ музыка әдебиеті тарихында өзіндік көркем дәстүр нақыштарымен ерекшеленетін ақындық мектептер белгілі. Мысалы, Маңғыстау аймағындағы жыраулық мектеп, Сыр Сүлейлері, Қаратау Шайырлары, Арқадағы сал-серілер немесе әнші-ақындар мектебі, Абай маңына топтасқан ақындық мектеп. Осы ақындық мектептер қазақ поэзиясының құрамдас бөлігі ретінде бір-бірімен тығыз байланысты.

Көрнекті әдебиеттанушы-ғалым Е. Ысмайлов «Ақындар» атты монографиясында ақындық орта, ақындық мектеп туралы, оның қалыптасуы мен ерекшеліктері жайлы жан-жақты айта келіп, XIX ғасырдың 60-70 жылдарында Торғай өңірінде Ыбырай Алтынсарин бастаған ақындық мектептің болғандығын айтады.

Ақын – қоғамдық тұлға. Ақынның әдебиеттен алатын орны ақынның өмір сүрген қоғамдық ортасымен, заманымен тығыз байланысты. Ақын шығармашылығының құны өзі өмір сүрген замандағы қоғам мен өмір шындығын қаншалықты көрсете білді, қоғамға қаншалықты әсер ете алды, сонымен өлшенсе керек. Торғай ақындық мектебінің қалыптасу кезеңін сөз еткенде алдымен сол дәуірдегі қоғамдық-тарихи, саяси- әлеуметтік жағдайға тоқталып өткен жөн.

Кең-байтақ Қазақстан жерінің қай түкпірі болмасын мол қазына, бай мұраға кенде болған емес. Сондай бір ғажайып қазынаға толы, ежелден өлең-жыр қисса дастандардың ошағына арналған қасиетті өлке – Торғай жері екендігі бұл күнде екінің бірі біледі десек қателеспеген болар едік. Одан әрісін айтпағанда, берідегі Абай өлеңдерінен бастау алған Ахмет, Міржақып шаңырағын көтерген алып ордасын сыр-сандығында сақталған асыл қазыналарды айтсақ та жетіп артылары хақ.

Назарбек Бектемісұлы – дәстүр мен жаңаны ұштастыра білген айтыскер, қаламгер. Дәстүрде ол халық ақыны, тума дарын – Нұрхан Ахметбековтен үлгі алды. Ал, Нұрхан сусындаған бұлақ – Торғайдағы ақындық мектеп.

«Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы» атты зерттеу еңбегінде филология ғылымдарының кандидаты, ақын А.Қалиев: « Торғай ақындық мектебінің бастау көзі болып қазақтың ауыз әдебиеті және жыраулар поэзиясы, XIX ғасырдың басындағы ақындық шығармашылығы болып табылады. Торғай ақындары шығармашылығының дамуына әдеби байланыстардың да ықпалы болды. Көршілес ақындық мектептермен Батыс Қазақстандағы жыраулық дәстүрдегі ақындық ортамен, Сыр сүлейлерімен, Арқадағы ақындық мектеппен үнемі байланыстарда болған» деп орынды атап көрсетеді.

Нұрхан мен Назарбек Бектемісұлы шығармалары арасындағы сабақтастық – екеуінің бір топырақта тамыр жайуы, өмір ұқсастығымен тікелей байланысты.

Мысалы, Нұрған «Албарбөгет тоғаны, адамзаттың өріндей, адам айтса нанғысыз, табиғаттың теңіндей, ат шаптырым бөгетті, ерлерім соққан ерінбей…бұлықсып аққан асау су, еңбекке келіп бас иеді, ұялшақ жас келіндей» деп суреттесе, Назарбек:

 

      «Бір алып Айса бөгет Торғайдағы,

       Атақты алып деген қорғайды әлі.

       Көктемде көк сендермен алысуға,

       Қырандай қанаттарын қомандайды әлі.

       Қырық жыл топан суға үгітілмей,

       Тік тұр ол халқымның нық үмітіндей.

       Су соғар қанаттарын бойлай өскен,

       Көк орман Көкалаттың жігітіндей»

 

— деп төгілтеді. Ұстазы ағын суды ұялшақ жас сұлуға теңеді, шәкірті суды ұстап тұрған бөгенді серпінді жігітпен шендестірді. Назарбек теңеуі Нұрханның сөзін дамытып, ортақ образ тауып тұр.

Жоғарыда келтірілген өлең жолдарының поэтикалық формасы:

 

 3  4  4
 3  4  4
 3  4  4
 3  4  4

 

4 жолды шумақтық құрылым 11 буындық өлшемнің 3+4+4 түріне негізделген. Өлең теориясының белгілі маманы З.Ахметовтің поэзиялық «қара өлең» өлшемінің мұндай түрі XX ғасырда Кеңес дәуірінде кеңірек пайдалана бастағанын атап өткен.

Назарбек ағамыз – тұтас еңбектің алтын арқауы ежелгі Торғай өңірінің от ауызды, орақ тілді ақындары мен жыршы – жырауларының, шешендері мен көсемсөздерінің билік айтып беделін асырған халқының жүрегінде қапысыз қалған жас таланттардың қадір-қасиетін асыл парқын тайға таңба басқандай сақталып, саралап берген.

Н.Бектемісов Ахмет Байтұрсынұлының өскен ортасын сол себепті нысанаға алғанын баяндайды және осы арқылы біз Назарбек Бектемісовтің қанда         й бастауын сусындағанын аңғарамыз. Сондай – ақ Н.Бектемісов көнені жаңамен ұтымды ұштастыра білген жаңаша ақын. Ол өз өлеңінде:

 

          Торғайдың тулап аққан арасындай,

          Тұнбаған ақындықты алға асырмай.

          Күдері, Есенжол мен Жұмабайдың,

          Мен тұрмын жыр көгінде жалғасындай.

          Қатырып жыр жүйрігін ақтай мінген,

          Сүрінбей қия шыңды аттай білген.

          Атақты Нұрхан ақын інісімін,

          Мұрасын ағасының сақтай білген –

 

— деп тамырына туған өлеңінің түп-төркіні қайда жатқандығын осылай танытады. Бұл өлеңнің де көне «қара өлең» стильінде жазылып 4 жолды 11 буынды болып келетінін байқау қиын емес.

Назарбек ағамыздың «қара өлең» мен қатар ән мәтіні речитациясында кең тараған 7-8 буынды «жыр» өлшеміне сүйенгенін мына өлең жолдарынан байқауымызға болады:

 

Ақынды өлең жүдетпес

Тағдырыма сенемін,

Айтқызар деп сөзімді,

Емдеп күнде келемін,

Өлеңіммен өзімді.

Түспесін күн сіздерге,

Жан сырын ол сезе ме?!

Тарттыратын күн болар ма?

Соларды біз безбенге,

Аман болса Жер- Ана,

Кімдер келіп, кім кетпес,

Сүйенерім ел ғана

Ақынды өлең жүдетпес.

 

 

4 3
4 3
4 3
4 3
4 3
4 3
4 3
4 3
4 3
4 3
4 3
4 3

 

 

Мысалға келтірілген өлең 12 жолды шумақтық құрылым 7 буынды өлшемнің 4+3 түріне негізделген. Мұндай өлең өлшемі тақпақтап айтылатын балалар ойындарында, мақал – мәтелдерде, қара өлең қайырмаларында, т.б. жиі кездесетіні белгілі.

Тақырыбымызға арқау болып отырған Назарбек Бектемісұлы – өзі туып-өскен Торғай елінің арғы-бергі от ауызды, орақ тілді ақтангер, қанатты ақындарының өлең-жырларын жасынан жүрегіне жиып, санасына құйып, содан өмір бойы азық алған ақын. Жас ақын соларға еліктеп, үйрене отырып, келе-келе асыл тұлғаларды зерттеп, зерделеп, ақыры өзі де сол тұлпарлардың заңды жалғасындай ғұмыр кешті.

Қаламгердің мазмұны терең, көркемдігі кестелі, ойы ұшқыр туындылары талай ұрпақтың рухани азығына айналып, сан алуан зерттеулердің нысаны болып, өз мәнділігін мәңгілік жоймайтынына, талай оқырманның көкірек көзіне ой салып, көңілінен шыға береріне, сөз өнерінің қиын да күрделі жолына түскен өнер адамдарының бағыт алар темірқазығы боларына сеніміміз мол.

Шерхан Мұхамбетжанов, музыкатанушы, 3 курс студенті

,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.