Туысқан түркі халықтарының театр фестивалі

2015 жылдың сәуір айының 18–30 аралығында Түркия Республикасына (Стамбул, Анкара, Кония қалалары) іс-сапармен бардық. Негізгі мақсатымыз Кония қаласында өтетін түркі халықтарының театр фестиваліне қатысу, өзіміздің жоспарлы зерттеу жобамызға қажетті материалдар жинақтау, түркі халықтарының театр мерекесінің атмосферасына тереңдеп ену болатын.

Фестивальге шақыру алу, іс-сапарға шығуға қозғау салар тетіктерді іске қосу нәтижесінде Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы шақыруымен біз фестивалді толық болмаса да өз көзімізбен көріп қайтуға мүмкіндік алдық. Осы аралықта Анкара және Стамбул қалаларындағы театрлар жұмысымен де таныстық.

Туысқан түркітектес халықтарының Кония қаласындағы Халықаралық театр фестивалі үстіміздегі жылдың 20-30 сәуірі аралығында 8 рет өткізілді. «Мың тыныс, бір үн» деген ұранмен жылда өткізуді дәстүрге айналдырған бұл театр мерекесінің басты мақсаты, түркі тілде сөйлейтін халықтар сахна өнерін өзара ықпалдастыру, тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болуын қамтамасыз ету. Туыстас халықтардың көне салт-дәстүр мен заманауи тыныс тіршілігін көрсететін қойылымдарымен танысу. Географиялық тұрғыдан кең байтақ Еуразия кеңістігінде шашырай орналасқан түркі халықтарының  түбі бір бай тілдік қоры мен әр түрлі реңкке ие өзіндік ерекшеліктерімен сөйлету. Осы топырақта көрермен ешқандай аударма құралдарынсыз сахнадан түркі тектес туысқан халықтар тілінің үндік, бояу, екпіндік, т.б. ерекшеліктеріне терең бойлайды. Туысқан халықтар мәдениетімен терең танысады. Осы сахнада бауырлас халықтардың биік театр өнері, жоғары сөйлеу мәдениеті қалың көпшілік назарына ұсынылады. Кәсіби театрлардың жаңа шығармашылық жұмыстары көрсетіліп тың әсерлер алынады. Мұндай туысқан халықтарды біріктіріге бағытталған ірі мәдени шара Халықарлық ТҮРКСОЙ ұйымының тікелей қолдауымен және Кония қаласының мемлекеттік драма театры ұйымдастыруымен өткізілуі заңдылық.

түркі халықтарының театр фестивалі

Театр фестивалі қатысушыларының Конья қаланың далаларында шеруі

Биылғы фестиваль репертуарында 10 мемлекеттің өнер ұжымдары әкелген 15 спектаклі көрсетілді. Олар: Әзірбайжаннан Шеки мемлекеттік театры (Мольер «Сараң»), Қазақстаннан М.Әуезов атындағы Мемлекетік академиялық қазақ драма театры (М.Отарбаев «Сұлтан Бейбарыс»), Түркменстаннан Молла Непес атындағы Түркмен мемлекеттік театры (Ж.Данатаров «Абыл мен Қабыл»), Солтүстік Кипр Түрік республикасынан (Музаффар Изгу «Өтінемін! Қызыма үйленесіз бе?», Метин Качан «Ауыр роман»), Косоводан (Х.Танер «Көздерімді жұмамын, міндетімді атқарамын»), Ресей Федерациясының субъектілерінен: Дағыстанның Теректі ауданынан Ноғай театры (М.Кәрім «Ай тұтылған түн»), Башқұртстаннан Салават Юлаев атындағы мемлекеттік драма театры («Қорқыт атаның соңғы жыры», Хакасия драма этникалық музыкасының  Читиген театры (Қорқыт ата дастаны бойынша «Бейреке аңызы»), және Түркия Республикасының мемлекеттік театрлары: Анкарадан («Нешеде ғашық»), Бурсадан («Қанды Нигар»), Сивастан (Г.Лорканың «Қанды той»), және Кониядан («Егіс құсы Джульетта») келген театрлар өнері көрсетті.

Түркі халықтарына ортақ он екі бөлімнен тұратын «Қорқыт ата дастанын» ТҮРКСОЙ ұйымына кіретін мемлекеттердің театрларына бөліп беріп, әр жылы бірнеше қойылымнан көрсетіп келеді екен. Бұл жолғы башқұрттар мен хакастар алып келген екі спектакль осы жобаның аясында жасалғанын көрдік. Үлкен ортақ дастанды түгелімен әр түрлі театрлар қолтаңбасымен сахналауды мақсат еткен осы жоба  арқылы туыстас халықтардың бірлігіне, көнеден келе жатқан тамырымызға бет бұра отырып жаңаша кезеңде қайта жақындасуға деген ниеті құптарлық.

түркі халықтарының театр фестивалі

Султан Бейбарс рөлінде бір аттас спектаклінде актер Азамат Сурапбаев

Уақытымыз шектеулі болып фестивалдің алғашқы бес күнінде көрсетілген спектаклдерді ғана тамашалай алдық. Осы жерде бүгінгі түрік театрларының шығармашылық хал-жайынан хабардар ететін бірнеше театрларының қойылымдармен таныстық. Фестивалді аяғына дейін көрмегесін айтар ойымыздың толық та тұтас болмасы белгілі. Десекте, фестиваль жайлы толық өзіміздің жеке басымыздың алған алғашқы әсерлерімен бөлісе кеткенді жөн көрдік.

Өкінішке орай, біздің қазақ оқырмандары мен көрермендері түрік театры, оның драматургиясынан хабарымыз аз, жоқ десе де болады. Кеңестер дәуірінде кең насихатталып аударылған түрік әдебиетінің санаулы өкілдері: Әзиз Несин, Фазил Искандер, Назым Хикмет шығармашылығымен ғана азды-көпті таныстығымыз бар екен. Ал одан кейінгі кезеңде қазақ театры және бір талантты түрік драматургі, қазақстандық бірнеше театрлар сахнасына қойған «Көшкін» драмасының авторы Түнжер Жүженоғлының шығармашылығымен танысты. Әрі қарай меңіреу тыныштық. Олай дейтін себебіміз ТҮРКСОЙ шешіміне сәйкес жазушы драматург Халдун Танердің шығармашылығы жайлы материал іздегенімізде өзге түрік авторларының есімдері біздің театр репертуарында мүлдем кездеспеуі. Өзімізше тақырыпты ашуға іздену барысында және «Қазақ әдебиеті» газетінде (№ 20, 22.05.2015) жарияланған Нұрғали Ораздың «Танермен танысу» мақаласымен  таныса отырып ойымыздың дұрыстығына көзімізді жеткізе түстік.

Кония қаласына келген қонақтар арасында ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ, Түркия мемлекеттік театрларының Бас директоры Неджат Бирежик, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Омероглу т.б. болды. Кештің құрметті қонағы болып залда Халдун Танердің жұбайы Демет Танер қатысып  ТҮРКСОЙ ұйымының осы мәдение іс шараға арнайы дайындаған «Халдун Танер жылы» медалін Бас хатшысының орынбасары Ф.Пурташтың қолынан алды.

түркі халықтарының театр фестивалі

ТЮРКСОЙ бас хатшысы Д.К.Касейiнов фестивальдің Қазақстандық және Тәжік қатысушылар арасында

Х.Танер демекші, биылғы 2015 жыл ТҮРКСОЙ және Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі тарапынан танымал жазушы, драматург Халдун Танер жылы болып белгіленуі. Танымал түрік жазушы-драматургінің құрметіне осы жерде халықаралық жаңа пьесалардың бәйгесі жарияланып осыған барша түрік әлемінің драматургтерімен бірге жаңа пьеса бәйгесінің мәресіне қазақстандық авторлар да қалың шоғырымен жетеді деген үміттеміз. Пьесалар қазақ тілінде қабылданады. Жанрына, тақырыбына, т.б. шарттылықтарына мүлдем шектеу қойылмайтын бұл бәйгенің басты шарты бұрын жарияланбаған (қойылмаған) жаңа туынды болуы керек.

Қазір бәйгеге қатысушылардан қабылданып жатқан жаңа туындылар 2015 жылдың 30 қыркүйегінде аяқталмақ.  Конкурс нәтижесі осы жылдың 15 қарашасында қорытылып жеңімпаздар анықталады. Нәтижесінде түркі халықтары театр сахнасы заманауи үлгіде жазылған пьесалармен толығады деп күтілуде. Бұл жаңа пьесалар түркі халықтары театрлары үшін шығармашылық байланыс, пікір алысу алаңы, біріккен жобалар жасау, мәдени алыс-берісті жандандырады деген ойдың жаны бар, әрі ұйым жұмысын жаңа деңгейге көтеретін қажетті іс-шара екен.

Кония фестивалі 20 сәуірде Түркияның Бурса қаласындағы мемлекеттік театры сахналаған Садык Шендилдің «Қанды Нигяр» (Kanli Nigar) спектаклімен ашылды. Қоюшы режиссері Али Дүйсенкалкар қойылымды түрік ұлттық театрының элементтері болатын «орта ойыны» дәстүрі мен заманауи театр ойынының үлгілерінен қатар өреді.Тұрмыстық драма мен лирикалық комедия жанрларының қилысында жазылған пьесада түрік қоғамы мен өмірінің ішінен этнографиялық әр қилы ұлттық кейіпкерлер галереясы молынан көрініс берген. Шағын музыканттар тобынан құралған ансамбльдің сүйемелдеуімен жүретін спектакльде көп музыкалық бөліктерде, жеңіл, көңілді, ой салатын түрік халық әуендері орындалып қойылымның көркін келтірген. Түрік халқының дәстүрлі өмірі мен тыныс-тіршілігін жан-жақты көрсететін сахналар режиссер мен суретшінің қиялынан туындаған көркем де әдемі көріністерімен есте қалды. Қоғам өмірінің өзекті мәселелері мен әлеуметтік проблемаларды көтерген бұл спектакльде негізгі типаждар мен кейіпкерлердің басым бөлігі жоғарыда айтылған халықтың дәстүрлі «орта ойыны» мен «қарагөз» ойындарының кейіпкерлері көрініс береді.

Фестивалдің екінші кешінде көрсетілген қойылым испан драматургі Гарсия Лорканың «Қанды той» (Kanli Dugun) атты танымал туындысын Түріктің Сивас мемлекеттік театры дайындап фестивальге алып келген екен. Қоюшы режиссер Бариш Ерденк сахналық қойылымның тілін, ондағы әрекет алаңындағы оқиға желісін барынша жинақы беруге тырысқан. Спектакльде уақиға өтетін уақыты, орны нақтылы әрі анық. Сахна алаңқайының үйлесімді кесіп-пішілуі, мизансценалардың жүйелі ойластырылуы, жарық партитурасының орнымен шешілуі басы артық көріністерді алып немесе қосардай артықтық немесе кемшілікті көрсетіп тұрған жоқ. Спектакльдің трагедиялық кілтін ашуда режиссер, суретшінің сахнаға жарық беруі мен костюмдеріндегі қоңыр бояудың басымдығы, қойылымның тұмшаланған атмосферасының басынан аяғына дейін бір кілтте шеше алған. Актерлердің шебер жұмысы, олардың сахнадағы тыныс-тіршілігі орынды, режиссердің ой тұжырымынан шығып тұр. Орындаушылар сахнада өзара үйлесімді әрекет етеді және барлық әрекет қойылымның негізгі айтпақ ойын ашуға бағытталған.  Бойларынан қызуқанды испандық темперамент төгілген орындаушылар қанды тойдың болу себебін, оның алғышарттарын көрерменге сахнаның алғашқы сәтінен соңғы трагедиялық финалына дейінгі аралықта нанымды, зор қызуқандылықпен баяндап бере алды. Спектаклдің актерлік ойындары мен хореографиялық шешімі де атап өтуге тұрарлық. Испандық би қимылдарын, би ырғағының табиғатын терең түсінуге ұмтылған шығармашылық ұжымда бар компоненттер спектакльдің көркемдік келбетін ашуға көмектесіп тұр. Спектаклдің және бір ажырамас компоненті қойылымның ырғақтық тынысына қан жүгіртетін, жалпы қойылымға ерекше бояу, үн беретін 8 музыканттан тұратын шағын музыкалық ансамблдің жұмысы. Айтылатын ән де, биге жасалынатын музыкалық сүйемелдеулер де кәсіби деңгейде жасалғандығы көрініп тұр.

Кония театр фестивалінің жұмысына тұңғыш рет қатысқан Солтүстік Кипр Түрік республикасынан келген түрік театры түрік жазушы Метин Качаннның «Ауыр роман» шығармасы бойынша қойылған спектаклін консерваторияның сахнасында көрсетілді. Тақырып ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарындағы қисыны кеткен қоғам өмірінің көлеңкелі сәттерін суреттеген. Жазушының баяндау тілі мен стиліндегі постмодернистік ізденістер, халықтың тіліне тікелей көшуі, фантастика-мифологиялық  атмосферадағы ертегінің элементтерімен жазылған роман оқиғасы бұған дейінгі түрік жазушылар ортасында бар стильдік бағыттарына сай келмейтін тың туындылар қатарына жатады. Кейіпкерлердің тілім-тілім болған сана-сезімі мен жан-дүниесі қоршаған ортадағы бейберекет сәйкессіздіктермен үндесетін  сипаты көрінеді.

Ауыр тақырыпты театр ұжымы да ауыр қойғандығын көрдік. Спектакль екі бөлімнен тұрады. Сахнаға көп санды кейіпкерлерді шығарылған. Оқиға әрекеті созылыңқы және әрбір сурет арасы қайта-қайта жарықтың сөндіруімен үзіліп отыруы оқиғаның еркін өрістеуіне кедергі келтіріп отырды. Осы созылыңқы сахналарда кейіпкерлерді өлтіретін қанды көріністер көп орын алған. Қоғамдағы күннің көзі түсе бермейтін ең төменгі сатысында жасайтын адамдардан бәрі теріс айналған ортада, жазылған заң күші емес, көше заңы, жуан білектің күші билік орнатқан жердегі адамдар (тобыр) арасындағы қарым-қатынастар натуралистік шынайы бейнеленеді.

Жергілікті көрермендердің театр ұсынған сахналық ойын әрекетіне сенуі, күлетін, жылайтын жерлерде шынайы беріле тамашалауы бұл спектакль түрік қоғамында болған, әлі де бар көріністерді сәтті көрсете алағанын көреміз. Десекте, театрдың бұл жұмысы Халықаралық фестиваль репертуарына енгізілетіндей үздік жұмыс болғанын көреміз. Керісінше, ауыр сахналанған, көркемдік сапасы сын көтермейтін қойылым ретінде есте қалды.

Жазушы-драматург Х.Танердің 1964 жылы жазылған «Көздерімді жұмамын, міндетімді атқарамын» шығармасын Кониядағы театр фестиваліне Косовадан келген Нафиз Гюрджуали атындағы Призрен мәдениет үйінің түрік театры алып келген екен. Шетелдегі түрік тілінде жұмыс істейтін театр жұмысымен танысудың да мүмкіндігі туды. 80 миллион халқы бар түрік қандастардың Түркиядан сыртта жасайтындарының ана тілін сақтау, дамыту,  қалыпты қолданыста болуы ол жердегі мәдени орта – театрдың белсенді жұмыс істеуіне тікелей байланысты екендігін осы жерде анық көреміз. Косовадан келген театрдың көркемдік жетекшісі Зекир Сипахидің айтуынша Косовода театр өнерін дамытып, тұрақты жұмыс жасаудың арқасында ғана мұндағы түрік диаспорасы өздерінің ана тілінде сөйлеу, тіл тазалығын сақтау секілді ұлттың өзіндік ерекшеліктерін сақтауға мүмкін болып отыр. Кездесіп жатқан көпеген кедергілерге қарамастан мұндағы ұлттық театр өнері арқылы Еуропадағы түрік ұлты өзіндік бояуы мол ана тілін келер ұрпақ бойына дарытып, сақтап келеді.

Тарихи отанынан сырт жерде құрылып жұмыс істеген театр сол халықтың – киелі орны. Ол орта сол халықтың ана тілінің, ұлттық өнері мен мәдениетінің қайнаған ортасы. Оны біз өз еліміздің мысалында анық көреміз. Қазақстандағы ұйғыр, өзбек, кәріс театрлары сол диаспоралардың сахна өнерін дамытумен ғана шектелмей, барлық өнер мен мәдениеттің түрлерін жан-жақты дамытатын рухани орталықтарына айналған. Әзірге шетелдегі жалғыз қазақ театры болып есептелетін Моңғолияның Баян Өлгийіндегі Қазақ музыкалы драма театры да осындағы қандастарымыздың мәдени, рухани орталығы міндетін атқарып келеді. Қытай (1,5 млн.), Өзбекстан (1 млн. жуық), Ресей () секілді алып көрші мемлекеттердегі тығыз орналасқан қазақтар өз ана тілінде сөйлейтін театр құруды талайдан бері аңсап жүргені анық. Бірақ оған қол жеткізуге мүмкіндіктері болмай келеді. Тарихи отанынан шетте жүрген қазақ қандастарымыздың арман-тілектері де осы бір жеке мемлекет болып орныға бастаған Косовоны мекен еткен түрік ағайындардың ниеттерімен үндесетінін байқаймыз.

Спектакльде Виждани мен Эфруз атты екі баланың кішкентай кезінен бастап қартайған шағына дейінгі қатар өткізген өмір жолы суреттеледі. Бір ортада қатар өскен екі түрлі мінезді, темпераментті достың екі түрлі өмірі. Бірі еті тірі, ашық, өмір сүруге икемді, екіншісі ұялшақ, бет моншағы үзіліп тұратын ұяң, нәзік балалардың өсу жолы, өмір баспалдақтары, қызығы мен шыжығы мол белестерден тұратын керемет сәттері театр қойылымының жекеленген сахналарда рет-ретімен сипатталады. Спектакль залдағы көрерменді қызыққа толы балалық шағына жетелеп, ми қыртысының есте ұстайтын қатпарларында ұмытылып қалған көптеген сәттерді қайта тірілтеді. Театрдың актерлер құрамы режиссер ұсынған ойын шеңбері аясында көрерменге таныс, ерекше бір тәтті сәттерді жеңіл де жұмсақ әзілмен шым-шымдап жеткізе алды.

Фестивальге қазақпен түбі бір тамырдан бастау алатын туыстас Ноғай театры М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» спектаклін алып келіпті. Көршілес Ресейдің жас театрлардың бірінен саналатын бұл өнер ұжымының құрылғанына да 15 жыл болыпты. Театрдың аяққа тұруы әр түрлі қиындықтар мен кедергілерге қарамастан сәтті басталып, өзінің шектеулі көрермендерімен жұмысын жалғастырып келеді екен. Репертуары негізінен аударма пьесалардан тұратын театрдың ұлттық тілде жазатын драматургтері жоқ. Театрдың шығармашылық құрамында екі-үш кәсіби арнайы білімі бар актерлерден өзгелері колледж, көркемөнерпаздар үйірмелерінен қанатын қомдаған талантты жастар. Театрды ұлттық кәсіби мамандармен қамтамасыз ету жұмысында қиындықтар бар екен. Өзіндік ерекшелігі мол ұлттық туындылар дүниеге келтіру мәселелсі жолға қойылмаған. Соған қарамастан, Дағыстан Республикасында орын тепкен, 9 тілде өнер көрсететін аз ұлттар театрлары ішінен Ноғай ұлтының мемлекеттік театры көптеген  қиындықтарды жеңе отырып Түркиядағы Халықаралық фестиваліне қандастар ортасына келіп өз өнерлерін көрсетуі және осы күндері Анкара қаласында болған үлкен іс шараның концерттік бағдарламасына қатысуы өнер ұжымында бар таланттар шоғырын түркі әлемімен таныстырды. Бірнеше мемлекеттер жерін құрлық арқылы автобуспен басып өтіп үлкен ерлікке санауға болады. Кония қаласының үлкен бір ауданын басқаратын әкімі Мұстафа Асылташ сол жерді мекен еткен 4500 санды ноғай ұлтының өкілі, театр ұжымын қабылдап ұжымға өзінің құрметін білдірді.

Фестивалдің бел ортасынан аса – 25 сәуір күні Қазақтың М.Әуезов атындағы Мемлекетік академиялық қазақ драма театры «Сұлтан Бейбарыс» спектаклін көрсетті. Бұған дейінгі қойылған Башқұртстанның, Косованың және қабылдаушы Түркияның үш спектакльдерінен кейін біздің академиялық театрдың қойылымы ерекше ынтамен, қызығушылықпен күтілгені рас. Себебі, тарихи тақырыпқа қойылған, және ол ірі тарихи тұлға барша түрік-мұсылман әлеміне белгілі Бейбарыс сұлтанмен байланысты болғасын  фестивальге жиналған театр өнерпаздары арасында қызу әңгіме тудырғаны белгілі.

Қазақтың академиялық театрының бұл жолғы Кония фестиваліне үшінші мәрте келісі екен. Спектаклді өзінің стационар сахнасында бірнеше мәрте тамашалаған бізге, сыртта өзге көрермендер талқысына түскен осы қойылымнан не байқадық деген сұраққа келсек, алдымен айта кетер тұсы актерлік орындаушылар құрамының барын салып жақсы өнер көрсетуге әрекет еткендігі. Басты рөлдерде өзіндік ойын өрнегімен көрінген театрдың белгілі шығармашылық құрамы: Б.Қаптағаев, Б.Тұрыс, Ш.Жанысбекова, А.Сатыбалды,  т.б. актерлік құрамы сөзсіз мақтауға тұрарлықтай еңбектеніп көрермендер ризашылығына бөленді. Спектакль жоғары жылдамдықта бір деммен басынан аяғына дейін өтіп көрермендерге жақсы әсерлер қалдырды.

Десекте, жоғарыда атап өткендей спектакль осы театр сахнасының техникалық мүмкіндігіне сай ықшамдалған. Театр ұжымы өзінің стационардағы сахнасындағы спектакльдің толық нұсқасын қысқартып, жергілікті сахна мүмкіндігіне сай аз ғана декорациясымен, қойылымды ықшамдап берілген. Әрине одан бұл қойылымның көркемдік тұтастығына, режиссерлік шешіміндегі, актерлік ойынындағы кейбір тұстардың толық ашылмай жатуы белгілі жәйт болса керек. Театрдың өз сахнасында спектакль оқиға өтетін орны бірнеше өзгеріске түсетін, оркестр ойығы ашылып маңызды бірнеше сахна осы ойықты ойнатумен, теңіз тұңғиығы, жартас басы т.б. міндеттер атқаратын еді. Осы сахналарда актерлер монологтарын оркестр ойығының орнына орындықтары жақын орналасқан көрермен залының төбесінен төніп айтуы әу баста құрылған режиссерлік мизансценаның  желісін бұрмалап, режиссер ойын толық көрерменге жеткізіп тұрған жоқ. Сонымен бірге басты кейіпкерлердің би сахналары, әскерлердің сапқа тұрулар, сахнадағы сайыстар созылыңқылығымен спектаклдегі оқиға желісін іркіліске түсіреді.

Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан осы театр фестивалінің ұйымдастырушыларының алдыңғы сапында жүрген ТҮРКСОЙ  халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов осы кешке арнайы келіп тамашалады. Ол өз жерлестерінің өнерін көріп өнерпаздарға құрметі мен ізетін білдірді.

түркі халықтарының театр фестивалі

Д.К.Касейнов М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының театртанушыларымен: Гүлнар Жумасейітова, Анар Еркебай және Аманкелді Мұқан

Қорыта айтқанда, бүгінгі Түркия елінің көне тарихи орны Кония қаласында ту тіккен бұл театр мерекесі сахнадан көрерменге ерекше ой айтамын деген барша туыстас түркілердің жинала келіп қызыға тамашалайтынан сахна алаңына айналған. Жылда көне Кония қаласында өтуі дәстүрге айналған театр фестивалі театр мамандарына не берді дегенде алдымен, бұл өнер мерекесі барша түрік  халқының сан түрлі бояуға малынған өзіндік үнін бір фестиваль аясында есітуге мүмкіндік береді. Фестиваль аясында жылда әр түрлі жанрда, формада, тың сахналық шешімде жаңа спектакльдер көру мүмкіндігі бар. Түркі халықтарының бәріне ортақ тақырыптарда (Абыл мен Қабыл, Көроғлы, Қорқыт, Алпамыс, Қобланды, Қозы Көрпеш – Баян Сұлу т.б.) әр елдің дүниеге алып келген бірнеше сахналық қойылымдарын тамашалап, тамыры бір түркі халықтарының бірлігі мен өзіндік ерекшеліктерін салыстыра қарастыруға мүмкіндік бар.

Сонымен бірге биылғы фестивалді ұйымдастыруда біздің көңілімізден шықпаған тұстарды да атап өткенді жөн көрдік. Алдымен, фестиваль репертуарын жасақтауда әлі де болса кәсіби біліктілік танытып үздік қойылымдарды іздеп тауып фестиваль көрермендеріне ұсынар болса құба-құп болар еді.

Екіншіден, биылғы  VIII фестивалдің ерекшелігі (кемшілігі) көрсетілген спектакль соңында не кейін театр мамандары тарапынан арнайы талқыланбауы бұл мәдени шараның әрі қарай өсіп өркендеуіне мұрындық болып тұрған жоқ. Спектаклдің көркемдік сапасы кәсіби театр мамандардың талқысына түспеуі, әркім өз қойылымын өзгеден артық санаған қалпы тойдың тарқауына алып келді. Жүлделі орындарды бөліп бермейтін фестивальдің ұстанымын жөн екен дей отырып, қойылымнан кейін еркін ой бөлісу, кәсіби пікірталастар болуы керектігі жетпей жатқаны көңілімізден кетпеді. Түркі халықтары театрларының деңгейі биік кәсіби өсу үшін мұндай талқылаулар жасау қажет деп білеміз. Ол фестивальге келген өнерпаздарды, театр мамандарын кәсіби тұрғыда ширатып, ұйымдастыру жұмыстарын жетілдіруге жұмылдыра түспек.

Келесі бір көңілге қонбаған жәйт спектакль көрсетілімдері бір кеште бір мезгілге екі сахнада қойылуы фестивалге қатысушы театрлардың қойылымдарын толық тамашалауға мүмкіндік бермеді. Бірнеше қойылым қатар көрсетілген кезде қайда бару керектігін ойланып тура келді. Бұл да болса ұйымдастырушылар тарапынан жіберілген ағаттық деп білдік. Көш жүре түзеледі десекте, қатарынан сегізінші рет өтіп жатқан фестивальдің қалыптасқан дәстүрі, өзіндік қайталанбас екеркшеліктері айқын көрініс беретін кез болған секілді. Бұл пікірлеріміз фестиваль ұйымдастырушыларына да айтылды. Сондықтан келесі фестивальді өткізу аясында жоғарыда айтылған ескертпелерді назарда ұстайды деген ойдамыз.

Алматыға қайтар жолда Стамбул қаласында «Зорлы» заманауи өнер орталығының үлкен залында бір айдан аса көрсетіліп жатқан ағылшын композиторы Эндрю Ллойд Уэббердің  «Операдағы елес» (The Phantom of the Opera) мюзиклін тамашаладық. Үлкен шаһардың тұрғындары мен қонақтарына арналған танымал мюзикл өзінің музыкалық материалымен, қойылымның техникалық және көркемдік сапасымен үлкен әсер қалдырды. Ширек ғасырдан аса тарихы бар Бродвейдің сахнасынан түспей келе жатқан танымал туындыны бұған дейін 130 миллионнан астам көрермен тамашалаған екен. Бұл жердегі қойылымды көрсетуге де үлкен шығармашылық күштер жұмылдырылған көрдік. Сахнада 150 кісіден тұратын орындаушылық құрам,  арнайы тігілген 230 костюмдер, 281 балауыз шамдары, 160 тоннадан асатын декорация мен өзге де көптеген құрылымдар көрерменге ұмытылмас сәттер сыйлады. Заманауи техника жетістіктерін кең қолдана отырып жасалған спектакль декорациясы, арнайы айтуға тұрарлық сахналық эффектілер, талантты жас орындаушылар зал толы көрерменге үлкен әсер етті.

Бұл спектакль-жобаның ұстанымы ақша табуға негізделген коммерциялық бағыт. Кониядағы Түркі халықтар театр фестиваліне немесе, басқа да театр фестивальдеріне мүлдем ұқсамайтын тұстары бесенеден белгілі жәйт. Десекте, театр табиғаты, оның атқаратын негізі функциялары көрерменді таңдандыру, оларға ұмытылмастай ғажайып сәттер сыйлау, ойланып қайтатындай тақырыптарды көтеру, т.б. Осы маңызды функциялар орнымен қолданып, негізгі ұйымдастырушы – режиссер шабытымен қойылатын спектакльдің көркемдік сапасы биік туындылар дүниеге келер болса, театр көрермендер қалың нөпірінен көз аша алмай, фестивальдерге шақырудан шаршап бару-бармасын ойланатындай күндер туатын белгілі жәйт. Қазақ театры үшін сондай күндерді асыға күтейік ағайын.

 

Аманкелді МҰҚАН

 М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

Театр және кино бөлімінің меңгерушісі

,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.