Шертер – үш ішекті, шертіп ойнайтын, қазақтың аспаптық музыка мәдениетіндегі көне аспаптардың бірі. Шертер көбінесе ән-жыр, дастандарды қостауға арналған, бақташылар арасында кең таралған аспап. Қариялардың әңгімелеріне қарағанда шертердің құрылысы мен формасы негізінде домбыраға ұқсас болған, мойыны қысқа, қыл ішек тағылған, үлкендігі қобыздай. Аспаптың шанағы жартылай көң терімен қапталған, сондықтан да дыбысы қоңыр да жағымды. Аспапта үш ішекті домбыраның күйлері еркін ойналады.
Ертеректе қазақ халқының тұрмысында шертер аспабы болған деген мәліметтер XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген орыс этнографтарының еңбектерінде көрсетілген. Бұл аспап көрінісі жөнінен қарапайым. Ертеде шертердің мойыны имектеу, басында шайтан тиегі жоқ ойық болып келген. Бұл аспап Семей өңірінен табылған үш ішекті домбыра сияқты, тек тұрқы жөнінен домбырадан кішілеу, шанағы көн теріден қапталғандықтан дыбысы домбырадан гөрі қоңырлау. Аспаптың «шертер» аталуы өзінің аты айтып тұрғандай «шертіп ойнау» деген ойнау әдісінен алынуы мүмкін.
XIX ғасырдың орта шенінде орыс этнографы С.Болотов «Сырдария» атты еңбегінде қазақта гитараға ұқсас аспап болған деген болжам айтты, бұл аспаптың шертер болуы әбден мүмкін. 1870 жылдары Орта Азия халықтарының музыкалық мұраларын зерттеуші Август Эйхгорн темір сылдырмақтары бар қыл-қобыздың бірнеше түрлерін табумен қатар, екі ішекті шертіп ойналатын аспапты тауып, оның шанағының көн терімен қапталғанын, мойынында перне жоқ екенін, ал басында бір құлағы бар екенін суреттеп жазған. Бұл аспапты ғалым «қобыз» деп атап кеткенімен, құрылысы жөнінен көне шертерге өте ұқсас. Оның көлемі: ұзындығы – 74 см, шанағының ені – 12 см, тереңдігі – 6см.
Қазақтың көне музыкалық аспаптарының пайда болуы мен дамуын, олардың дыбыс тербелісін зерттеген, ерекше ұлттық үнін қалпына келтіру барысында үлкен еңбек еткен, белгілі этнограф, фольклор зерттеуші-ғалым Болат Сарыбаев.
Қазіргі түрлі ансамблдер, оркестрлер құрамында кеңінен пайдаланып жүрген саз-сырнай, жетіген, шертер, қыл-қобыз, сыбызғы, шаң-қобыз, ұрмалы аспаптарды дәстүрлі қазақ ұлттық музыкасының аспаптану ғылымының дамуы барысындағы үлкен жетістіктер деп айтуға болады.
Шертердің түрлері:
Осы аталған аспаптарды жарыққа шығарған, қайтадан жаңғыртқан ғалым-этнограф Б. Сарыбаев ағамыздың сөзімен айтсақ: «Аспап тану ғылымы енді өркендеп келе жатыр» (Б. Сарыбаев. «Қазақтың музыкалық аспаптары» 6-ші бет)
Б. Сарыбаевтың ерен еңбегінің нәтижесінде қазақтың көне аспаптары қазіргі кезде кеңінен қолданысқа ие болды, бұл аспаптарда жеке күйлер ойналумен қатар, әуендер мен классикалық шығармалар ойналады, ансамбль, оркестр құрамында әр аспаптың өзінің ерекше дыбыс бояуы арқылы күйлер мен шығармалар айрықша көркемделіп отырады.
Шертер аспабы өзінің шертіп ойнау ерекшелігімен Хакастың – хомыс, Алтайдың – топшуур, Туваның – допшулур чанзы, Якуттың- қырымпа, өзбектің – рубаб, Азербайжанның – тара аспаптарына ұқсас келеді. Осы аты аталған аспаптарға жалпы тән қасиет – бұл терімен қапталған шанақ. Ленинградтағы СССР халықтарының Мемлекеттік этнографиялық музейінде шертер аспабына ұқсас аспаптың кездесуі, бірақ барлық құжаттарда осы аспаптың қобыз деп көрсетілуі – осы шертер аспабының қазақтың көне аспаптарының бірі болып қалыптасқанын дәлелдейді. Фольклорлық аспаптарды байырғы үлгілері бойынша жетілдіру – бұл заңдылық. Көне аспапты қайта жаңғырту және олардың ойнау әдістерін қалпына келтіру орындаушы-ұстаздың көп жылғы тәжірибелік жұмыстарының жемісі. Ертеде шертер аспабы әнді сүйемелдесе, бертін келе уақыт талабына сай шертерге перне тағылып, барынша жетілдірілді, аспапта күйлер ғана ойнап қоймай, арнайы лайықталған шығармалар да ойнала бастады.
Қазіргі шертер аспабы жетілдірілген аспап, ескі шертерде күйлер мен шығармалар ойнау мүмкін болмағандықтан, аспаптың мойынына перне тағылып, көлемі жөнінен де үлкейтіліп, барынша жетілдірілді. Аспаптың көлемінің үлкейтілуі дыбыс көлемінің ұлғайуына да мүмкіндік берді. 1988 жылдан бастап шертер аспабы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында арнайы кәсіби дәріс беру класы болып ашылды. Бұл аспаптың музыка саласындағы алғашқы кәсіби қадамы. Шертерді дамыту және насихаттау барысында еңбек етіп жүрген азаматтар да баршылық.
Доценттер: Өтепберген Хамзиннің, ҚР мәдениет қайраткерлері Ерсайын Басықараның, Зәмзәгүл Ізмұратованың, ҚР еңбегі сіңген қайраткер Жарқын Шәкәрімнің шертерді насихаттау барысында жасаған еңбектері шертер тарихында өздерінің тиісті орнын алары сөзсіз. Зәмзәгүл Ізмұратованың «Шертердегі орындаушылық өнер» (1999ж), Ерсаин Басықараның «Шертерге арналған шығармалар» (2 кітап), 2009 жылы Зәмзәгүл Ізмұратованың шертер аспабына арналған алғашқы «Шертер үйрену мектебі», 2011 жылы Өтепберген Хамзаұлы мен Ерсаин Басықараның «Шертер үйрену мектебі» атты шертерге арнайы жазылған еңбектер жарық көрді. Сонымен қатар шертер аспабының дыбысының тазалығын қадағалап, шанағындағы терінің сапалылығын анықтап, аспапты зерттеп, шертерді өз қолымен жасап жүрген шебер, аспап зертеуші Нұрлан Абдрахмановтың еңбегі де ұшан-теңіз. Осындай шертер аспабының жанашырлары аспаптың әрі қарай зерттелуіне көңіл бөліп, аспап жайлы ғылыми еңбектер жазуға ат салысып, аспапқа арнайы күйлер мен шығармалар лайықтау барысында көп еңбек жасауда.
Шертер Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің – Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің, барлық облыс орталықтарындағы оркестрлерінің құрамында жеке топ болып қалыптасты, ал ансамбльдер үшін шертердің орны ерекше, аспап домбыра, саз сырнай, қыл қобыз сияқты аспаптармен үндесе кетеді. Консерватория студенттері шертер жайлы рефераттар, мақалалар жазып, ұстаздар үлкен жиындарда, конференцияларда докладтар оқып, аспапты зерттеу қолға алынуда.
Консерватория ұстаздары жеке концерттер беріп, аспапты көпшілік қауымға кеңінен таныстыруда. Шертер жайлы болашақта оқулықтар да көбейіп, деректер де толықтырылады деген ойдамыз. Теледидар арқылы аспапты насихаттап, көпшілік көрерменге шертерді таныстыру да жолға қойылған. Оған дәлел доценттер Е.Басықара мен З.Ізмұратованың, Ж.Шәкәрімнің,А.Құдайбергеновтың орындауындағы түсірілімдер. Теледидар архивінде сақталған «Ғасырлар үні» ансамблінің орындауындағы шығармаларда шертердің үні ерекше естіледі, шертер аспабында шығармалар орындаған доцент Ө.Хамзин, ал ансамбльге жетекшілік еткен ғалым-этнограф Болат Сарыбаев.
Шертер аспабы қазіргі кезде Астана музыка академиясында, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Өскемен, Семей, Көкшетау саз колледждерінде арнайы класс болып ашылып, дәріс берілуде.
«Домбыраның дамуы шертермен тығыз байланысты сияқты» деп жазды Б.Сарыбаев. Бұл сөздердің растығы уақыт өте келе анықталып келеді. «Шертіп ойнау» деген сөзден шыққан шертер аспабында, әсіресе шертпе күй дәстүріндегі күйлерді осы аспаптың қоңыр да сазды үнін жоғалтпай, пайдалана отырып орындауға болады, сонымен бірге үш ішекті домбыраның күйлері де аспапқа ыңғайлы, әсіресе теріс бұрауда ойналатын күйлер ерекше құлпырып шығады. Шертпе күй дәстүріндегі күйлер шертер аспабына лайықталып, ерекше дыбыс бояуымен өрнектеледі, мысалы: халық күйі «Ой толғауы», Байжігіттің күйі «Көксерке», Тәтімбеттің «Бес төре» күйі, халық күйлері «Қара жорға», «Сал күрең», «Сары өзен». Әшімтайдың «Қоңыр қаз» т.б. Шертерде сыбызғы күйлері де лайықталып ойналады, мысалы Кәлектің күйі «Арман» және халық күйі «Арбиян қоңыр» шертерде ерекше естіледі.
Шертерде күй ойналуымен қатар түрлі жанрдағы шығармалар да орындалады. Бүгінде аспапта Қазақстан композиторларының шығармаларымен қатар, орыс және Кеңес, шетел композиторларының шығармалары да орындалып, осы шығармалар аспаптың дамуына, орындаушылық мүмкіндіктің кеңейуіне, шыңдалуына, орындаушылық шеберлікті арттыруға үлкен септігін тигізеді. Жетілдірілген шертер аспабында күрделі шығармалар ойналатындықтан аспапқа ескіше қыл ішек тағылмай, арнайы капрон ішек тағылады, шығарма ойнағанда арнайы медиатор (оймақ) қолданылады. Шертерді дамыту, жетілдіру барысында көптеген іс шаралар жасалып келеді. Бүгінгі күні шертер аспабы қазақтың ұлттық аспабы ретінде кең қолданысқа ие болып келеді. Ол кәсіби орындаушылық сайыстарға да енгізілді. Дина атындағы сайыста, Халықаралық «Шабыт» фестивалінде, Құрманғазы атындағы Республикалық сайыста шертер аспабының жеке орындауда өзін-өзі дәлелдеуі аспапты дамыту барысындағы жасалған құтты қадамдар болды. Аспапты кәсіби меңгерген жас орындаушылар да баршылық, олардың қатарынан Дина атындағы Республикалық сайыстың лауреаты Сания Сабырғалиеваны, дипломанты Салтанат Қожбанованы, «Шабыт» фестивалінің лауреаты Елеубай Кенжалиевті, шертерде күй ойнау тәсілін жетік меңгерген орындаушылар Айбол Құдайбергеновті, Бағдат Құдайбергеновті, Өтеміс Бәйділдаевты, Құрманғазы атындағы Республикалық конкурстың лауреаттары шертер мамандығы бойынша алғашқы ассисент-стажер Анар Байметованы (лауреат, 1 орын 2004 жыл) және Аяулым Жұмкенованы (лауреат, II орын 2008 жыл) Салтанат Жарқымбекованы (лауреат, III орын 2008 жыл), Смакова Заринаны (Республикалық Құрманғазы атындағы конкурсының лауреаты, Астана, II орын, 2010 жылы), Байзолдина Жанеркені (Республикалық Құрманғазы конкурсының лауреаты III орын, Астана 2010 жылы) Қазиев Артурды (Республикалық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, 2009 жылы Астана), (Құрманғазы атындағы Республикалық конкурстың лауреаты 1 – орын) атауға болады. Шертер аспабының оқу-әдістемелік бағдарламасы (авторы доцент Е. Басықара), типтік оқу бағдарламасы (авторлары доценттер Е. Басықара мен З. Ізмұратова) жасалып, оқу процессінде белгілі бір жүйемен, арнайы репертуарымен дәріс беру жолға қойылған. Осы оқу бағдарламалардың негізінде музыка колледждері мен арнайы музыка мектептерінде шертер аспабы жеке мамандық ретінде оқытыла бастады. Шертер мамандығы бойынша магистратураға арналған оқу бағдарламалары да жазылып, шертерші магистранттар тәжірибелі ұстаздардан дәріс алуда.
Шертердің құрылысы
Әдістемелік құрылысы
Шертерге үш ішек тағылады және ол мынадай негізгі үш бөлімнен тұрады: аспаптың шанағы, мойыны және басы. Шертердің шанағына жататын бөліктер мыналар: бет қақпағы, шанағы (кеудесі), тері, тиек және ойық. Жетілдірілген шертердің мойынында пернелер тізбегі саны 22 (ал көне шертерде пернелер болмаған). Аспаптың басында, үш үш ішекті болғандықтан, үш құлағы бар.
Шертер шанағының төменгі жағында үш түймесі бар, бұл түймелерге үш ішек бекітіледі. Шертердің ең негізгі ерекшелігі оның шанағының жартылай терімен қапталғандығында, осы терінің сапасына байланысты дыбыс тербелісі де әртүрлі болады. Шертерге ешкі мен түйенің терілері иленіп, өңделіп тартылады.
Аспаптан жағымды да сапалы дыбыс шығару үшін шанағындағы теріні арнайы күтіп баптаған жөн. Бұрынғы кезде шертердің ішегі домбыраның ішегі секілді қой мен ешкінің ащы ішегінен жасалған, бірақ бұл ішектер көп уақытқа шыдамайтын болғандықтан кәзіргі кезде жуандығы әр түрлі (0,70; 0,75; 0,80; 0,90) болып келетін жасанды (синтетикалық) ішектер пайдаланылады. Үш ішегі үш түрлі дыбыс шығаратындықтан, шертердің әр ішегіне әр түрлі жуандықтағы ішектер тартылады. Ішектер оқу процессінде мынадай сандармен белгіленеді: ми ішегі – 3 санымен, ля ішегі – 2 санымен, ре ішегі – 1 санымен белгіленеді. Аспаптың тиегі өте аласа немесе өте биік болмай, орташа биіктікте болғаны дұрыс, өте биік орналасқан тиек аспапта ойнау барысында оң қолға кедергі жасайды, ал төмен болса пернелерге тиіп, жағымсыз дыбыстар пайда болады. Аспаптың жақсы болуы тек теріге ғана емес, оның жасалған ағашына да байланысты.
Орындаушы шеберлігінің жақсы дамуы үшін аспаптың мойыны (грифі) өте жуан болмай, орташа қалыңдықта болғаны дұрыс.
Шертерде күй орындау барысында оң қолмен шертіп ойнау әдісі, яғни шертпе күй дәстүрінше қолды жазыңқы ұстап қағу жиі қолданылады, ал шығарма орындау барысында медиатор (оймақ) пайдаланатындықтан, оның өзіндік тәсілдері бар. Шертерге лайықталып өңделген шығармалардың күрделене түсуіне байланысты жетілдірілген шертердің перне саны да көбейуде. Оркестр, ансамбль құрамындағы шертер дыбысының анық естілуі үшін жетілдірілген шертердің шанағы үлкенірек болып жасалуда. Мұндай аспаптағы орындаушылық шеберліктер барынша өсе түскенін мойындамасқа болмайды. Шертердің ішегінің домбыра ішегінен көптігіне байланысты аспаптың шығарма ойнаудағы мүмкіндігі көбірек, өйткені шертер диопозоны кіші октаваның ре дыбысынан, үшінші октаваның ля дыбысына дейін кеңейтілген. Аспапта әр түрлі дыбыс алу мүмкіншілігі басқа аспаптарға қарағанда көбірек. Үш ішекті аспаптарда орындалатын шығармалардың шеберлік ауқымымен қатар, көркемдік деңгейі де айтарлықтай жоғары деңгейде болатыны белгілі.
Шертер – орындаушыларымен қатар аспап жасаушы шеберлер үшін де әлі толық ашылмаған құпия сыр. Бұған дәлел әр кездегі өзгертіліп тұратын бет – пішіні. Жылдар өткен сайын шертердің формасы өзгеріп, дыбыстарына көп мән беріледі десе болады.
Жыл өткен сайын аспап көлемі үлкейіп, оркестр, ансамбль құрамында дыбысы жақсы естілетін болды. Шертер аспабы тұрақты орындаушылары болмағандықтан аспапты музыка тарихында көпке дейін дамымай қалды десе де болады. Қазіргі кезде аспапты зерттеу барысында көптеген қиыншылықтар да жоқ емес. Аспапты қолдамайтындар да, аспаптың тарихын жоққа шығаратындар да кездеседі. Бірақ бұл аспаптың тарихта болғанын дәлелдейтін гравюралық суреттер, осы аспаппен қатар қазақ тарихында болған саз-сырнай, сыбызғы, жетіген, қазақтың тұрмыс салтымен тығыз байланыста болған ұрмалы, үрмелі аспаптарды жоққа шығаруға бола ма? Бұл Б.Сарыбаевтың еңбектерін жоққа шығару деп те түсінуге болады. Б.Сарыбаевтың көп ізденуінің арқасында аспаптық музыка тарихында осы аталған аспаптар өмірге қайта келді десе де болады. Шертер аспабын алға қарай дамыту орындаушыларына байланысты, аспап әдемі қоңыр дыбысымен тарихта қалады деген сеніміміз бар. Шертерде қазіргі кезде домбыра күйлерімен қатар, шетел классиктерінің шығармалары, өз еліміздің классиктерінің шығармалары орындалады. Аспапты насихаттаушы ұстаздар, консерватория ұстаздары әр оқушының мүмкіндігіне байланысты жоспар жасап, оқушыны сынақ, емтихан тапсыруға бейімдейді. Аспапта күй ойнау барысында күйлердің орындалу мәнерлерін зерттеп, ондағы қолданылатын түрлі әдіс-тәсілдерді меңгеру шертерші-күйші үшін негізгі әдістемелік бағыт болуы тиіс.
Зәмзәгүл ІЗМҰРАТОВА, ҚР мәдениет қайраткері, доцент
Автордың жазғандары өте күмәнді әрі ұшқары. Тіпті «шертер» сөзінің этимологиясы мен семантикасына да үңіле алмаған. Қысқартып айтқанда, шертер — чартар, яғни төрт ішек деген ұғым береді. Қайшылық осыдан-ақ басталады. Ол иран халқының мәдениетінде жиі кездеседі. Егер чартар — 4 ішекті аспапқа қатысты болса, оның қазақшаланған нұсқасы шертер неге үш ішекті? Ал дамыған аймағы, музыкалық репертуары қайда? Ойбай-ау, мақала жазғаннан кейін ғылыми талаптарға жауап бере білу керек қой? Құр босқа шертер — қазақ халқының музыкалық аспабы дегеннен не шығады?