Жуырда ғана профессор А.Қ.Омарованың «Қазақ музыка тарихының бұлыңғыр беттері» атты кітабы өз оқырмандарына жол тартты. Бұл автордың соңғы жылдары жарияланып келе жатқан сериялық басылымдарынан кезектісі боп табылады. Ғалымның бұның алдындағы жарық көрген еңбектері туралы да мерзімді баспасөз бетінде жарияланған еді. Жаңа кітаптағы ғылыми зерттеулер қазіргі даңғырасы көп музыка кеңістігімізде, тереңге үңілуі аз муыкатану ғылымы саламызда, замандастарына берері мол, өскелең ұрпаққа көрсетер жолы бар автордың кәсіби ізденіс үлгісін тағы бір танытып отыр.
Өзекті мәселелерді көтеріп жүрген талай ғылыми-теориялық, ғылыми-танымдық мақалалардың авторы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстаз Ақлима Қайырденқызы соңғы жылдардағы ізденістерінде өз пікірін мұрағаттық мәліметтерге сүйеніп, мүлдем белгісіз боп келген материалдармен дәйектеп ұсынуда. Жаңа пайымдауларға толы кітапты оқып отырғанда он жыл әріптес болған академик С.Қирабаевтың: «мұрағатта жұмыс жасамай, тарихи деректер түпнұсқасын қолмен ұстап, оқып, үңілмей зерттеуші ғалым бола алмайсыңдар» — деп айтқан сөзі еріксіз ойға оралады.
Елбасының қайта жаңғыру бағдарламасы ұлттық руханиятымызды жаңаша көзқараспен зерделеп, тың деңгейге көтеруге бағыт берсе, аталмыш еңбектегі біраз мақалалар осы мақсатқа сай келгендей. Ғалым өткен ғасырдың 30-жылдарында «Казахстанская правда», «Социалды Қазақстан», «Социалды Алма-Ата» газеттеріндегі музыкалық сыни, көпшілік-танымдық мақалалардағы деректерге сүйене отырып, отандық музыкатану саласындағы әдебиеттерде кең тарап кеткен композиторлық шығармашылықтың бұлыңғыр тұстарын ашып, тың мәліметтермен тарихтағы біраз ақтаңдақтардың орнын толтырған.
Мәселен, қазақ операсының шығармашылық үрдістері мен ондағы тарихи ақтаңдақтарға арналған мақалада музыкатанушы В.П.Дернованың «1936 жылғы Мәскеу декадасындғы қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіндегі қазақ операсының салтанатты жетістігі Затаевичтің көпжылғы қазақ әнімен жасаған еңбегін біраз уақытқа ұмытуға мәжбүр етті, Қазақстанның композиторлық мектебі оның ықпалынсыз қалыптасты» деген жаңсақ пікіріне Е.Брусиловскийдің ««Қыз Жібекке» мен Затаевич жинаған музыкалық материалдарды қолдандым» деп жазған естелігін келтіреді. Яғни, Затаевич еңбегі музыкалық-этнографиялық ғылыммен бірге кәсіби композиторлық жанрлардың қалыптасуына да септігін тигізгендігінің көлеңкеде қалып қойғандығы, этнографтың толық шығармашылық келбетін осындай мәліметтерді жүйелі зерттеп, оның қазақ музыкасының өркендеуіне қосқан шынайы үлесін кеңірек қарастырғанда ғана толық түсінуге болатынын алға тартады. Сонымен бірге зерттеуші алғашқы қазақ операсының тұсаукесер күні туралы шындықтан алшақтап кеткен мәліметті ұсынады. Ол – «Қыз Жібек» операсының 1934 жылы 13-қаңтар емес, 1934 жылы 7-қарашада қойылғандығы жөнінде бұлжымайтын деректермен ұлттық классикалық шығарма мәртебесіне ие болған туындылардың тұсаукесер күнін шындыққа сай қайта түзетуді ұсынады.
Музыкатанушы қазақ камералық музыкасын бастаушы әйгілі этнограф еңбегін, отандық композиторлар мектебінің қалыптасуына ықпалын бүгінге дейін нақты деректік ғылыми тұрғыдан емес, әлі күнге дейін эмоциялық-психологиялық тұрғыдан ғана бағаланып келе жатқандығын алға тартып, ой салады. Бұл мақалаға автор әдеттегідей сирек мұрағаттық фотосуреттерді бірге ұсынған. Ол Ромен Роллан мен М.Горький, Затаевич пен Р.Роллан, т. б. бейнелері.
Затаевич қазақ операсы мен симфониясын жазбауы тарихи мүмкіндіктердің болмауынан болса, еліміздің экономикасы мен мәдениеті дамуы нәтижесінде қажетті мүмкіндіктер туғанда кәсіби ірі сахналық жанр үшін басты негізді даярлап кеткен этнографтың өмірден озғанын айта келе, «Затаевичтің композиторлық жұмысына лайықты бағасын берудің кезі енді келді» деген тұжырымды жарты ғасыр өтсе де айту қажет екенін жазады.
Ғалым енді бір зерттемесін Затаевич шығармашылығының ескерілмей келе жатқан тағы бір тұсы – оның фортепианолық арнау-пьесаларына арнапты. Этнограф өз өмір жолында кездескен қазақ тұлғаларына аспаптық өңдеулерін арнап отырғандығы туралы бізге толық деректің жетпей қалғандығы анықталды. Оларды әртүрлі қайнарлардан толық жинап, тізбектей келе А.Омарова саяси қуғынға ұшыраған тұлғаларға арнаулары мүлдем жарияланбай, ғылыми арнаға түспей, әртүрлі тарихи-саяси астарға себеп болып, көлеңкеде қалып келгендігін ашып жазған.
Зиялы қауым этнографтың 1925 жылы Орынбордан шыққан «1000 әнінен» қазақтың ұлтжанды қайраткерлерінен жүзге тарта ән-күйлердің жазылып алынғандығын біледі. Бұл кітаптың 1963 жылы Мәскеуден шыққан қайта басылымында репрессия құрбандарының есімдері түгел алып тасталғандығы да ақиқат. Ал Затаевичтің мына фортепианолық туындыларының жиырмаға жуығы – Ә.Жангелдин, С.Есова, Қ.Сәтбаев, А.Оразбаева, Б.Майлин секілді тұлғаларға арналғандығынан, 1920 жылдары жолданған пьеса-өңдеулердің музыкалық әдебиеттерде аталмай, тек ноталық мәтіні ғана сирек қорда сақталғандығы музыка мамандарына да беймәлім ақпарат болып отыр. Бұл басылым қазіргі уақытта библиографиялық тапшылыққа айналған екен. Осы ретте ғалым бұл материалдың зерттелуі өте өзекті екендігін және тарихи ескерткіш пен тарихи әділдік үшін жоғалтқанымызды орнына келтірудің маңыздылығын баса айтады.
Ғалым А.Омарова Б.Майлиннің «Шұға» музыкалық-сахналық қойылымына да назар аударып, жете зерттеген. «Айман-Шолпан» мен «Шұға» қойылымдары тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібекке» дейінгі театр сахнасында елеулі орын алған дүниелер. Өкінішке орай, ғасырға жуық уақыт өтсе де, бұл қойылымдардың маңыздылығына өз деңгейінде көңіл бөлінбеді және музыкалық талдаулар жасалынбады, ал оның драматургия желісінің сан рет өзгеріске түскендігі туралы мүлдем айтылмай келеді. Музыкатанушы «Шұғаның» бірнеше қойылым нұсқасын салыстыра отырып зерттеу музыкалық драманы сол қилы кезеңнің аясында кешенді қарастыруға мүмкіндік береді дейді.
Қоғам қайраткері Т.Жүргенов сол кезеңде осы «Шұға» жөнінде: «Майлин жолдас әлеуметтік жәйтті музыка арқылы қалай терең ұсынуға болатынын үлгі ретінде көрсетті» деп баға берген. Шұға — Күләштің бірінші трагедиялық рөлі болды, бұл рөл арқылы К.Байсейітованың әртістік бейнесі қалыптаса бастағандығы да ақиқат.
Еңбекте өзбек-қазақ театрларының ортақ мәдени шығармашылық байланыстарына көңіл бөлініп, зерттеулерінде қазақ опера сахнасындағы Жамбыл Жабаев бейнесі жан-жақты ашылған. Сонымен бірге музыка зерттеушісінің 2012 жылы қазақ бұлбұлы Күләш Байсейітованың 100-жылдығына арнаған байсалды ізденісі өзі құрастырған «Күләш Байсейітова» кітабының және қоғам қайраткері Зарап Темірбеков пен оның музыка зерттеуші қызы, қазақтың тұңғыш кәсіби музыкатанушысы Алма Темірбековаға арналған (2013) «Тағдырлар» кітаптарының Алғысөздері де еніпті.
Кітаптағы мақалалар екі тілде — қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған әрі әр мақалаға ағылшын тілінде түсінік түйін берілген. Еңбектің салмағын мәскеулік, бішкектік және отандық ғылым докторларының пікірлері дәйектепті. 30-жылдардағы мерзімдік басылымға автордың қызығушылығына академик Ажар Ахметқызы Жұбанованың «А.В.Затаевичтің қазақ әндер жинағымен таныстығым әкем Ахмет Қуанұлы Жұбановтың тағдыр жолының тоқсан пайызын шешті» деген естелігі мен «бұл кітапта деректерді кәсіби түрде жеткізу міндеті бірнеше рет ерекшеленген. Өткенді зерттейтін жаңа мүмкіндіктер көкжиегінің салынғанын құптай, сапар оң болсын деймін!» деген өзекжарды тілегі де еңбектің құндылығын айқындай түскен.
Ендеше, қымбатты оқырман, ғалымның қиянат пен әділетсіздікті көп көрген қазақ музыкасының бұлыңғыр беттеріне арналған кітабы Сіздерге жол тартты. Қабыл алыңыздар.
Бақыт Тұрмағамбетова,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің
оқытушысы, өнертану кандидаты