Қатар жеткен қос мерейтой

Ақтөбеде үлкен өнер мерекесі өтті. Ахмет Жұбанов атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрі 15 жылдық мерейтойын атап өтті.

Атақты Қазанғап Тілепбергенұлы, Ахмет пен Ғазиза Жұбановалар сияқты қазақ музыка өнерінің алыптары дүниеге келген Ақтөбе өңірінде осыдан 15 жыл бұрын Қазақ ұлт аспаптар оркестрі құрылғанда халықтың қуанышында шек болмады. Ал оркестрді ұйымдастырған, Республика көлемінде музыка мамандарын даярлау ісіне үлес қосқан, көркемдік жетекшісі, профессор Қайырғали Үсенғалиұлы Қожанбаевтың 80-жылдық мерейтойының оркестр тойымен тұспа-тұс келуі де тегін емес.

Жұбанов атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрі

Академик Ахмет Жұбанов кезінде Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі құрамында өнер көрсетіп, ерекше дарынымен көзге түскен Қайырғали Қожанбаевтың болашағына үлкен үміт артқан болатын. Ақтөбе өңірінде Қожанбаев бір-екі рет оркестр ұйымдастырып та көрді, бірақ оның арты қаржы тапшылығынан тұйыққа тіреле берді. Ақтөбе музыка мамандарының алтын бесігі секілді А.Жұбанов атындағы арнаулы оқу ордасының ашылуына мұрындық болған, жиырма жылдай оны басқарған Қайырғали Қожанбаев бұл өңірде оркестр құруға негіздің барлығын ылғи да тілге тиек ететін. Енді бір осы асыл арманға Қ.Қожанбаев облыс әкімінің қолдауы арқасында араға қырық жыл өткен соң қол жеткізген болатын. Оркестрдің тұсаукесеріне сонау Алматыдан ат арытып Н.Нүсіпжанов, Ғ.Есімов, Р.Жұбатыровалар келді. Оркестрдің құрылғанына олар да қуанды, халық мейірін қандырар әндер айтты. Сөйтіп, Ақтөбеліктер үлкен олжаға кенелді, қазақтың дәстүрлі музыка өнерін жалғастыратын оркестр дүниеге келді.

Ахмет Жұбанов атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрі

2006 Жылы ЮНЕСКО көлемінде Ахмет Құанұлы Жұбановтың 100 жылдық мерейтойы тойланған кезде оркестрге осынау ұлы тұлғаның аты берілді. Бұл жағдай ұжымға көптеген міндеттер жүктеді.

Оркестр 15 жылдық өмірінде Қазақстанның барлық облыстарында өнер көрсетіп, халықтың ризашылығына ие болды. Көршілес Ресейдің астанасы Москва және Орынбор, Екатеринбург, Магнитогорск, Уфа қалаларында концерттер қойды. Өткен жылы Франция елінің астанасы Париж қаласында өз өнерін көрсетті. Магнитогорск қаласында өткен халықаралық «Европа-Азия» оркестр және ансамбльдер арасындағы конкурстың Гран-при жүлдесіне ие болды. Атырау қаласында өткен ұлы күйші Құрманғазының 190 — жылдық мерейтойына арналған «Гиннес рекордтар кітабына» енген 1000 адамдық оркестрдің құрамында ойнады. Осы оркестрге дирижерлік еткен жеті дирижердің қатарында Қ.Қожанбаев та болды.

Ахмет Жұбанов атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрі

Оркестрдің осындай жоғарғы дәрежеге жету жолында үлес қосқан жандарды атап өтпеуге болмайды. Солардың ішінде оркестрдің құрылған күнінен бастап домбырашылар тобының концертмейстері, оркестр репертуарынан Қазанғап күйлерінің ойып орын алуынан өз үлесін қосқан атақты күйші, зерттеуші – Жайлау Асылханов.

Жайлау Асылханов

Осы жолда оркестрді құру мақсатында көп қызмет атқарған Қ.Қожанбаевтың шәкірттері, әрі үзеңгілес серіктері болған, консерватория бітірген жоғарғы білімді азаматтардың аттарын атап өткен жөн болар.Олар: белгілі қобызшы Дәмелі Таубекова, қазіргі таңда оркестрдің бас дирижеры қызметін атқарып жүрген Мәдина Қабижанова,Серік Әбілханов,Төребек Мустафиндер болатын.

Ақтөбе оркестрі дегенде көптің көз алдына Қайырғали Қожанбаевтың бейнесі келеді, ал Қайырғали Қожанбаевты айтқанда, алдымен оркестр еске түседі. Екеуін бір-бірінен бөліп-жарып айта алмаймыз.

Рухани құндылықтарды қадірлей алған ел ғана өзгеге үлгі бола алады. Өнерлі Ахмет Жұбанов атынөлкенің айтулы өнер ұжымының өнердегі өрелі ісіне тағзым ету, өнегесін жас ұрпаққа ұлықтау – мәртебелі іс деп білеміз.

Ахмет Жұбанов атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрі

Құрманғазы атындағы
Қазақ ұлттық консерваториясы,
Халық музыка факультетінің
4 курс студенті Аманқыз ЖАНШИНА

,
Один комментарий на “Қатар жеткен қос мерейтой
  1. Оте керемет жазылган екен.жаналыктын жарсысы болып, жаста болсанда иги ис жасап отырганына жарайсын дегим келеди.бул онирдин урпагына берери коп, жазар адамга жаналык одан да коп.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *