Опера өнеріне арналған ғылыми конференция

Қазан айының 21, 23-ші жұлдызы күні «Астана Опера» театрының әлемдік тұсаукесері еліміздің мәдени өмірінің маңызы жоғары шара ретінде БАҚ бетінде кең көрініс тапты. Бас қаламызда жаңадан бой көтерген «Ас­тана Опера» театрының тұсаукесерінде астаналықтар мен қала қонақтары назарына әйгі­лі қазақ композиторы Мұқан Төлебаевтың Қажым Жұмалиев либреттосына жазылған «Біржан – Сара» опера­сын ұсынған. Театрдың ашылуына Елба­сы өзі қатысып бұл шараны биыл көрнекті композитор Мұқан Төлебаев­тың 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуін атап, бұл тарихи сәт екендігіне ерекше тоқталған. Қазақ топырағына туын тіккен жаңа театрдың ұлттық репертуардың інжу-маржаны болған «Біржан – Сара» операсынан бастауы өте орынды қадам болды.

конференция в Астана опера

Міне театр енді өзінің кезекті маңызды қадамы – әлемдік тұсаукесеріне биыл туылғанына 200 жыл толған мерейтойын дүние жүзі өнерсүйер қауымы кең көлемде өткізіп жатқан итальяндық талантты композитор Джузеппе Вердидің «Аттила» операсын таңдапты. Операның тақырыбы біздің көне тарихымызбен үндескен, орындаушылары және қоюшы құрамымен танысқаннан кейін бұл іс-шараны еліміз мәдени өміріндегі ерекше құбылыс боларын сезініп асыға күткеніміз рас. Ол үмітіміз ақталды. Айналасы бірнеше күн ішінде біз куә болған мәдени іс-шара әлемдік деңгейде өткен операның тұсаукесерін қатардағы көрермендер мен арнайы шақырылған қонақтардың есінде ұмытылмастай болып қалған секілді.

Осындай айтулы операның тұсаукесері аясында «Астана Опера» театрында «Қазіргі заманғы опера өнері: дәстүрлер, жаңашылдық және болашақ» атты Халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылуы ерекше құбылыс ретінде қарастыруға болады. Оған Англия, Ресей, Қытай, Италия, Испания және Қазақстаннан т.б. елдерден баяндамашылар қатысты. Әлемнің ірі опера театрларының директорлары мен театр сыншылары қатысады деп күтілген конференция тақырыбы замануи музыкалық театрдың тыныс тіршілігін, өзекті мәселелерін қозғады. Театр директоры Төлеген Мұхамеджанов конференция қатысушылары мен қонақтарына арнаған сөзінде «Жас театр үшін аталған форумды өткізу өте маңызды. Пікірталаста музыкалық театр саласында шешімін күткен сұрақтарға жауаптар беріліп, шығармашылық өзара таным, опера жанрлары жоғары деңгейде қалыптасқан елдермен тәжірибе алмасы туындайды» — деген болатын. Сол күтілген үміт конференцияны ұйымдастырушылар тарапынан негізгі мақсатқа жеткен де сияқты. Ірі еуропалық опера компаниялары, олардың жетекшілері «Астана Опера» театрының алысты көздеген үлкен мақсаттары мен міндеттерін танып біліп, олармен шығармашылық байланыс орнатуға мүдделі екендігін білдірді. Қонақтар қазақ опера театрының бүгінгі мүмкіндігімен танысып кетті. Біздің ойымызша бұл театрдың еуропалық деңгейдегі жоғары сапалы опера және балет өнімдерін шығаруға, келешекте екі жақты тығыз да тиімді өзара шығармашылық байланыстар орнатудың алғашқы қадамдары жасалды.

Конференцияда опера өнерінің әлемдік мәдениет кеңістігіндегі алатын орны, оның бүгіні мен келешегі, ақсүйектік өнерді жастар мен жалпы көпшілік арасында насихаттау, жас мамандарды опера өнерінің жеткілікті дәрежеде дамыған Еуропа орталықтарында оқыту, халықаралық кеңістікке аты танымал болған театрларды басқарудың жаңа әдістері, тарихта өшпестей із қалдырған ұлы орындаушылардың теориялық мұрасы сияқты өзекті тақырыптар талқыланады.

Конференцияға қатысады деп алдын ала хабарланған кейбір мамандардың: Франко Сода (Испания), Рихард Мартет (Франция), Tомас Mиг (Германия) және басқалардың болмауына қарамастан конференция баяндамашылары әр саланы қамтыған, бүгінгі опера өнерімен бірге тыныстап, бірге өмір сүретін саланың ірі мамандары болды.

«Еуропа Опера» Халықаралық опера ассоциациясының директоры Николас Пэйн (Opera Eu­ropa) «Еуропа Опера» «Астана Операны» қарсы алады» атты баяндамасында Еуропаның опера театрлары атынан «Астана Опера» театрына мүшелікке өтуімен құттықтап, бүгінгі таңдағы Еуропада жүріп жатқан музыкалық театрдағы хал-жағдайға шолу жасады. Аталмыш өнер түрінің еуропалықтар өмірінен алатын орны, маңызы ашып көрсетті. Еуропалық әр мемлекет экономикалық дамуы, өзіндік дәстүрі мен дағдысына сай опера өнерін дамытып жатқанын, өзіндік ерекшеліктеріне сай қаржыландыру жүйесін қалыптастырғанын атап кетті. Соның ішінде алдыңғы бестікке кіретін опера театрларындағы хал жайдың барысына тоқталды. Мысал ретінде келтірген Германия жеріндегі опера театрларына қаражаттың бөлінуі қоғамның денсаулық сақтау, медициналық сақтандыру секілді т.б. әлеуметтік мәні бар бірінші деңгейлі маңыздылыққа ие бағдарламасы ретінде қаржыландыратыны бізге бұрыннан белгілі фактілер болса да ірі деңгейдегі ресми басшының аузынан есіту жаңаша әсер етті. Көп жылдар бойын қалдықты принциппен қаржыландырылып келген мәдениет пен өнеріміз Германияның бүгінгі деңгейіне иек арту үшін әлі талай уақыт өткізіп, талай тер төгу керек шығар деген ойға жетеледі. Қазақстандық опера театрының «Еуропа Операсы» ұйымына мүшелікке енуі әлемдік опера базасына (Operabase) толықтай қол жетімді болуына, бұрын болмаған жаңа мүмкіндіктерге жол ашапақ.

Азия кеңістігінде опера өнерін қарқынды дамытып жатқан ірі орталық – Шанхай опера театрының тарихы Еуропа операсы секілді бірнеше жүзжылдықтарды қамтымаса да бүгінгі әлемдік опера қауымдастығына кеңінен таныс. Өте серпінді қадаммен келе жатқан бұл музыкалық театрдың қалыптасуы, даму тарихына байланысты баяндама жасаған Шанхай үлкен театрының көркемдік кеңесшісі Шицзинь Цянь (Қытай) мырза көрші Қытай елінің операсының дамуы мен бағыт-бағдарынан хабардар ететін нақтылы сандар мен мысалдарды келтіріп өтті. Баяндамашы бүгінгі таңда Шанхай театрының өзге әлемдік іргелі театрларға қарағанда жетістіктері, салмақ жүгінің болмашы, шағын ғана үлесі бар екендігін мойындағанымен, аспан асты империясының даму қарқыны, ондағы бар материалдық және адам капиталының мол болуы бұл театрдың келешекте үлкен опера өнерінің орталығына айналатынына сендіргендей. Осы жайлы модератор Т.Мұхамеджановтың пікірі біздің де көңілімізге қонған секілді.

Төлеген Мұхамеджанов және конференцияның қонақтар

Төлеген Мұхамеджанов және конференцияның қонақтар

«As.Li.Co» Комо Қоғамдық театрының Президенті Барбара Мингетти (Италия) Еуропада «Шекарасыз театр» ұстанымын негізгі мақсат етіп, белсенді жұмыс жасап жатқан ұжымдардың бірі. Баяндамашы, қазіргі таңдағы әлемдегі опера театрын дамыту, өнерді жалпы көпшіліктің қажетіне жарайтындай етіп насихаттау мәселесін көтерді. Еуропа халқының діни нанымға қызығушылығы төмендеген кезде сахна өнері мен қоғамдағы адамдар санасына руханилықтың дәнін егетін театрдың рөлі артып, бұрынғы оғаштанған ақсүйектіктің орнына, баршаға ашық, білім беру, қоғамның сана сезіміне ағартушылық тұрғыда ықпал ететін құрылым ретінде қарауды ұсынды. Операға келген көрермен бір жақты бақылаушы болып қалмай, спектакль оқиғасына қатысушы, қойылымның белсенді кейіпкері болу жағы да жан жақты қарастырылып жатқандығы сөз болды. Басым бөлігі жастардан тұратын қоғамның назарына бүгінде ерекше қолданыстағы кино, видео т.б. техникалық жетістіктер көмегімен материалдармен араластырып ұсыну да қалың көпшілікті тобырлық мәдениеттен бір табан жоғары деңгейге көтеретін ықпалды құрал болары сөз болды. Біздің республикалық театрлар тарапынан бұл салада әзірге аса тұщымды жұмыстар жасалынып жатпағаны бәріміз де белгілі. Бірақ, ауызды құрғақ шөппен сүрте беруге болмас. Бір айта кетер жәйт, Қарағанды облыстық музыкалы комедия театрының көрерменмен жұмысын бірнеше жылдар бақылай жүріп байқағанымыз, сахнасында жүретін оперетта жанрын халық арасында кеңінен насихаттау, оған қарапайым халықты тартуда біраз іс-шараларды өткендігінің куәсі болып қуандық, сүйсініп басқа теарлардың неге осы бағытта жұмыс жасамайтындығына өкініш білдірдік. Театрда арнайы кастинг өтіп, халық ішінен шыққан өнерпаздарды репертуардағы классикалық спектакльге қатыстыруға дейін алып баруы, оған қызығушылық білдіргендердің көп болуы, жобаның халық арасында қызу қолдауға ие болғандығын көрсетті. Театр әкімшілігі бірнеше жылдар бойы осы салада маңызды жобаларды жүзеге асырып, оның нәтижесі қарапайым халықты театрға тарту, оны қалың көпшіліктің өнері ету жолында жасалған пайдалы жұмыстар болғанын атап өткенімізабзал. Өзге театрларымыз үшін де маңызды осы секілі жобаларды өткізуден көрермен де, театрдың шығармашылығы, кассасы да пайдаға кенелері сөзсіз. Театр басшысынан тек тынбай жұмыс жасауға деген құлшыныс, шыдам мен жігер керек.

Италия Опера театрлары ассоциациясының директоры Роберто Джиованарди «ХХІ ғасырдағы балет өнері» өзекті мәселелеріне тоқталды. Бүгінгі таңда посткеңестік кеңістіктегі опера мен балеттің егіз ұғым болып қатар жүруінің жақсы тәжірибесі Еуропалық театрлар үшін жоғалып бара жатқан үрдіс екендігін өкінішпен тілге тиек етті. Италия, Испания секлді т.б. Еуропа мемлекеттерінде бел алған бұл тенденция жалпы театр өнері үшін қауіпті құбылыс болатынын баса көрсетті. Және балет өзінің табиғатынан бөлек модернистік, инновациялық жат адам түсінігіне ерсі бағытта ізденістерге баруы негізі классикалық би өнерінің тамырына балта шабуы ықтимал екендігі жайлы жиналған қауымды сақтандырды. Өзінің баяндамасын шешен «Астана Опера» ұжымы мұндай көзқарастағы ұстанымдар мен басы артық экспериманттік қадамдарға бармайтын болар деген сенім білдірді. Біздегі музыкалық театр жүйе, орыс-кеңестік жүйеден шыққандықтан, түбегейлі өзгерістерге жақын арада бара қоймас деген пікірде болдық.

Фер­нандо Санс Ривьере (Испания), «Opera Actual» журналының Директор-редактор, сыншы «Опера: мәдениеттер арасындағы алшақтықты еңсеру» тақырыбында баяндама жасап бүгінгі таңда жекеленген мәдениеттер арасына түскен алшақтық пен түсініспестікті жақындастыратын, жалғастыратын тиімді құралдардың бірі опера өнері екендігіне тоқталады. Опера – Еуропа мен Азия мәдениеті арасындағы алшақтық пен түсініспестікті еңсеру үшін жасалынатын кездесу алаңқайына өте қолайлы орын. Опера композиторлар мен либреттистерге ғана емес, сонымен бірге мәдениет, әдебиет, тілге және тарихи оқиғаларға қызығушылықты тудырады; бұл – екі бағытта жұмыс жасайтын мәдени көпір. Сондықтан, жақында ашылған азиаттық опералар Еуропа мен Америкаға да ағысын бұруы өте маңызды дейді. Бұл қазақ операсының қарым қатынас шекарасын кеңейтуге ұстанған саясатымен үндесетін, әлемдік театрлар жүйесіне кірігуге бағытталған назар аударарлық ұсыныс біздің маманда тарапынан қолдау табады деп білдік.

П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Николай Кузнецов опера сахнасындағы актерлік шеберлік мәселесіне назар аудартты. Оның «ХХІ ғасырдағы Ф.И.Шаляпиннің теориялық мұрасының өзектілігі» атты музыкалық театрдағы орнындаушылық өнердің орны, образ сомдауда актерлік шеберліктің маңызды компоненттердің бірі екендігі жайлы қызуқанды баяндама жасады. Әрине, орыс сахна өнернің дәстүрі болып қалыптасқан К.С.Станиславскийдің атақты жүйесі, актер-педагог М.Чеховтың, әнші-актер Ф.Шаляпиннің реалистік үлгідегі орындау шеберлігіне құрылған теориялық жүйелері жайлы ойлары көңілге қонымды болып залға жиналған Өнер университетінің жастар аудиториясының ықыласына бөленіп жатты.

Десекте, дәл осы күндері театрдың орындаған «Аттила» опера спектаклі тұсаукесері барысында біз музыкалық спектакльдің басты компоненті вокалдық партияны орындаушыларың дауысының көркемдік сапасы, күші, музыкалық тұрғыда жетік игерілуі актерлік шеберліктің орындаушылардың сахнадан кейбір ескерілмей жатқан тұстарын толығымен көмкеріп кеткендігінің де куәсі болдық. Әлемдік опера сахнасының атақты әнші орындаушылары Монсеррат Кабалье, Лучано Паваротти т.б. секілді аузын ашса көрермен сахнада актерлік ойынның бар екендігін ұмытатын жәйттер де болатынын, еуропалық театрда күшті, әдемі әнші дауысының құдіреті орындаушының сахналық өзге компоненттерінен жоғары тұрарын халықаралық құрамдағы мықты орындаушылардан құралған спектакль барысында ерекше сезіндік.

Испаниялық Мариса Луиса Баскес-Шелли Мадридтегі «Реал» Корольдігі театрды демеушілерімен сыртқы байланыс және өзара әрекет бойынша директоры өзінің «Театрдағы маркетинг» тақырыбындағы баяндамасын Испания астанасында орналасқан өз театрының Астанадағы опера театрымен бел құрдас екендігін тілге тиек ете отырып, жүріп өткен шығармашылық жолындағы жетістіктерімен бөлісті. Негізінен Корольдік опера театрының сыртпен байланысты қамтамасыз ететін, демеушілермен жұмыс стратегиясын қалыптастырып оны жүзеге асыратын бұл баяндамашының тәжірибесі де біздің мамандар тарапынан қызығушылық тудырды. Мемлекеттік тараптан 60% ға дейін қаржыландырылатын корольдік театрға қажетті қаражаттың қалған бөлігін демеушілерді тарту арқылы жинайды екен. Және осы театрға демеушілік жасауға кезекке тұратындар жайлы есіту біздің өзге театрларымыз тарапынан ойланарлық жәйт. Бізде театрды, оның жекеленген қойылымдарына демеушілік жасауға баспай отырған ақшалы азаматтарды өнер мекемелерін демеуге жұмылдыру қажетті, түбінде болатын құбылыс. Осыны қазірден қолға алып, оның заңды негізін, нормативті-құқықтық актілерін дайындау артықтық етпейтінін айтпасқа болмайды. Алдыңғы қатарлы әлем театрларының басым бөлігі осы жолмен дамып, көркейіп жатқанын еске алсақ сол алдыңғы 30елдің қатарынан көрінеміз деген біздің де осындай бұрын баспаған соқпақты сүрлеулер салуға баруымыз заңдылық. Тек тағы да кейінге шегеріп көштен кеш қалып жүрмесек болғаны. Шетке алып шығып кетіп жатқан бизнес құрылымдар мен бизнесмендердің мол қаражатын өз игілігімізге, отандық өнер мекемелерінің гүлденуіне жұмсауға құқықтық тұрғыдан жағдай жасай алмауымыз біздің тағы бір қырсыздығымызды көрсетпесе екен дейміз.

Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, өнертану ғылымдарының докторы Үмітжан Жұмақова 80 жылдық тарихы бар қазақ операсының даму тарихына байланысты «Әлемдік мәдениет кеңістігіндегі Қазақстанның опералық өнері» атты баяндамасында ұлттық опера жайлы өз ойларын ортаға салды. Қазақ операсының даму тенденциясы, ерекшеліктеріне шолу жасап, бүгінгі таңдағы осы бағытта жүргізіліп жатқан шығармашылық әрекеттеріне, халықаралық аренаға шығуға талпыныстарына баға берілді. Тәуелсіздік кезіндегі қазақ опера өнерінің жаңа тынысына, даму қарқынына, мемлекет басшысы тарапынан жоғары деңгейдегі назар аударылуына байланысты өңірдегі театрлармен салыстыра қарастырып, жаңаша қарқынмен дамуы алдыңғы қатарға шығарғандығын атап өтті.

BBC World Neus елдерінде коммерциялық қызмет басшысы Сергей Становкин конференцияда «Астана Опера» театрының бренді Қазақстанның халықаралық имиджіне ықпалы» тақырыбына баяндамасы тыңдармандардың қызығушылығын оятты. Ол Қазақстанды, оның ұлттық құндылықтары, жетістіктері мен жеңістерін әлемге таныту жолындағы жұмыстарының бағытымен таныстырды. Ұлттық бренд болып табылатын алдыңғы қатарлы жобалар, мақтануға тұрарлық әлемдік деңгейдегі ірі бастамалар елдің экономикалық әлеуеті, қаржылық секторындағы мол табыстары дұрыс сарапталып, оң имидждік нәтиже беретіндей көзқараста әлем назарына ұсынылуы біздің әлі де болса әлсіз тұстарымыздың бірі. Осы бағытта жаңа опера театрының бренді де насихатталатын болса еліміздің еуропалық, әлемдік алдыңғы қатарлы дамыған елдерінің қатарынан көрінуге деген Қазақстан бағытының дұрыстығы айқындала түспек. «Астана Опера» театрының Қазақстанға танылуы тағы бір бірегей бәсекелестіктің артықшылығы деуге болады. Әрине, жылдар өте келе бренд атақ-бедел есебінен өсетіні анық, ол үшін бастапқы кезеңдерде бренд үшін жарнамалар форматында қолдау қажеттілігі талап етіледі. Енді жерде, «Астана Опера» үшін жауапты кезең – өзінің тамаша әрі әдемі әлеміне шақыру кезеңі болмақ. — деген баяндамашы өнер ордасының еліміздің атын шығаруға тигізер ықпалы да үлкен боларын баса көрсетті.

Итальян театры Дж.Вердидің «Аттила» операсының тұсаукесері аясында тұңғыш рет Ресейдің Үлкен театры мен италияндық «La Fenice» (Венеция) театры мұражайлары қорларының «Ұлы есімдер» атты көрмесі ұйымдастырылыпты. Көрме театрдың фойесінде орналасып онда Италиядан келген сарғайған көне жарнамалар мен суреттер, құжжаттар мен қолжазбалар 1846 жылғы «Аттила» операсының жазылу тарихы, Венецияның Ла Фениче театрында өткен тұсаукесерінен бастап күні бүгінге дейін әр жылдарда қойылған аталмыш спектакльдерінен хабардар етіп тұр. Ресейлік өнер жұлдыздары, опера және балеттің аттары аңызға айналған есімдерінің спектакльдерге киіп шыққан сахналық костюмдерін тамашалаудың сәті түсті. Бүгінде есімдері тарихқа айналған атақты әншілер: Ф.Шаляпин, Л.Собинов, С.Лемешев, Г.Вишневская, Е.Образцова, бишілер: Г.Уланова, М.Плисецкая, Н.Цискаридзе т.б. секілді орындаушылар сахнада ерекше орындаған партияларын еске салатын даңқты рольдеріндегі киген киімдері келушілер назарына ұсынылды.

Қазақстанның қатысушылар

Қазақстанның қатысушылар

Қорыта айтқанда театр әкімшілігі мен оның өнер ұжымы әлемдік тұсаукесерін жасауға тыңғылықты дайындалып жоғары деңгейде өткізді. Жан-жақты, сауатты ойластырылған тұсаукесер аясындағы гала концерттік бағдарламалар шақырылған әншілерді концерттік орындауда да тыңдап қалуға мүмкіндік берді. Бастысы, театрдың бүгіні мен болашағын бағамдауға арналған ғылыми конференция барысында өзіндік келбеті мен ұлттық бояуы айқын «Астана Опера» театрының келешекте биік межелерді бағындыру үшін алдына қойған таудай талаптарының бағыт-бағдарын айқындауға, дұрыс-бұрыстығына еуропалық мамандар көзімен межелеуге мүмкіндік алды. Театрдың ұстанған бағыты белгілі – әлемдік үздік театрлар қатарына еніп, сол үздіктер алдыңғы легінде көріну. Халқымыздың осындайда айтылатын «Болғың келсе – Бол!» деген сөзі бар емес пе. Ол қалай іске асады, сапасы қандай болады, халық қалай қабылдайды? бәрі алдағы уақыт сыншының еншісінде. Біз де әлемдік деңгейдегі ашылған жаңа «Астана Опера» театрының әкімшілігі мен өнер ұжымының бүгінгі қуанышына ортақтасып, үлкен өнер ордасына биік белестерді бағындыруына сәттілік тілейміз!                                                   

Аманкелді МҰҚАН

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты, доцент

 

,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *