Ұлы дала оркестрі

Ұлттық музыка мәдениетіміздің мақтанышы, Қазақстанның еңбек сіңірген ұжымы, дүниежүзілік және халықаралық конкурстардың лауреаты, Халықтар достығы орденіне ие болған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестріне биыл 85 жыл толып отыр. Бұл оркестр Қазақстанның аспаптық музыкалық өнерінің тарихында елеулі орын алатын тұңғыш оркестр. Сондай-ақ бүкіл әлемге қазақ халқының саз өнерін, бірегей қазақ музыкалық аспаптарын және дала әуендерінің сұлулығы арқылы танытқан шығармашылық ұжым.
Оркестр алғаш іргетасы қаланғаннан бастап-ақ ұлттық болмысымызды әлемге танытып, шығармашылық терең ізденістерге ден қойып, алға ұмтылыстар жасап, уақыт өте келе баспалдақтай көтеріліп, толыса кемелдене өсу үстінде.
Оркестрдің тарихына шолу жасап кететін болсақ, іргетасы 1933 жылы Ахмет Жұбановтың оркестрдің дирижері мен көркем жетекшісі болып тағайындалған кезден бастау алады. Алғашқы ансамбль он бір домбырашыдан құрылған болатын. Мұның құрамына белгілі халық күйшілері Махамбет Бөкейханов, Ганбар Медетов, Лұқпан Мұхитов және т.б. кірді. Осылайша оркестр алғашқы концертіне шығып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленеді. 1934 жылдың маусымында Алматыда өткен халық таланттарының Бүкілқазақстандық слетіна ансамбль де қатысып, сайыс нәтижелерін қорытындылау барысында ұлт аспаптар оркестрін құру жоспарланып, содан кейін оркестр Қазақстан Орталық Атқару комитеті КазЦИК атындағы ұлттық оркестр деп аталады. Біртіндеп оркестрдің репертуары кеңейіп, құрамына жаңа аспаптарды қосуға тура келді. Онда музыкалық аспаптарды дауысқа бөлу тәртібіне және олардың жаңа түрлерінің (тенор, пикколо, прима, бас, контрабас
домбыралары, альт, бас, контрабас қобыздары, сырнай, дауылпаз, т.б.) жасалуына орыстың В.Андреев атындағы оркестрі негіз болды. Оркестр әр жылдарда жас маман кадрлармен толықтырылып отырды.
1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өткізілді. Ол кезде оркестрдің құрылғанына екі жыл болған. Оркестр өнер сынына қатысып, сынақтан сүрінбей өтеді. Ендігі мақсат оркестрдің мүмкіншілік деңгейін арттырып, құрамын әлі де өнерлі музыканттармен, әр түрлі аспаптармен толықтыру, репертуарды жаңа шығармалармен байыту, орындаушыларды нотамен ойнауға үйретіп сауаттандыру, орындаушылық шеберліктерін шыңдау болды. Оркестр репертуарына орыс, шетел композиторларының шығармалары енгізілді. Атап айтқанда, Ф.Шуберттің «Музыкалық сәті», М.Глинканың «Руслан мен Людмила» операсынан фрагменттер, Кеңес Одағы композиторларының күрделі туындылары тағы басқа шығармалар орындалатын болды. Сондай-ақ Құрманғазы, Тәттімбет, Ықылас, Қазанғап, Сейтек, Сүгір, Дәулеткерей, Динаның шығармалары кеңінен қамтылды. 1935 жылы Жамбыл атындағы филармониясы құрылып, оркестр соның қарамағына өтеді. А.Жұбанов филармонияның көркемдік жетекшісі және директоры болады. 1938 жылы оркестрге композитор Л.Хамиди шақыртылып, оған оркестрге жетекшілік ету тапсырылады. Бірақ бұл жұмыстың барлығы А.Жұбановтың басты назарында болып, ғұмырының соғына дейін ол оркестрдің қамқоршы басшысы болады.
1944 жылы оркестрдің 10 жыл толуына орай оған күйші-композитор Құрманғазының аты беріледі. Алғашқы оркестр құрылғаннан бастап оның репертуарының негізін құраған Құрманғазы күйлері болғандықтан, күйші мұрасын жинақтап, нотаға түсіріп бір жүйеге келтіру, оркестрге лайықтап өңдеу жұмыстары А.Жұбановқа тиесілі болды. 1942 жылдан бастап біраз жыл бойы білгір маман Л.М. Шаргородский оркестрге жетекшілік етеді. Бұл дирижердың келуімен оркестр жұмысы қарқындай түседі. Ол тек оркестрге дирижер болып қана қоймай, ұжымға ұстаздық өнегесін көрсетіп, сауаттылығын арттыруға көмегін тигізеді, композитор С.И.Шабельскиймен тығыз байланыста болып, оркестрдің репертуарын түрлі шығармалармен байытуға атсалысады. Екеуінің бірігіп еңбектенуінің нәтижесінде авторлық шығармалары – «Тойбастар» поэмасы, «Қазақ» симфониеттасы, «Қазақстан», «Алатау» поэмалары дүниеге келіп, оркестр репертуарын жаңаша толықтыра түсті. Л.Шаргородскийдің дирижерлік мектебін көрген жас буын Ш.Қажығалиев, Ф.Мансуров, А.Мырзабеков, М.Әубәкіровтар оның әдіс-тәсілдік принциптерін өз бойларына сіңіреді. Сондай-ақ ұлттық кәсіби музыкамыздың өркендеуіне жаңа серпін тудырып, жедел дамуына М.Төлебаев, Қ.Мусин, Б.Байқадамов, Қ.Қожамьяров, Н.Тілендиев, Х.Тастанов, К.Күмісбеков, Ғ.Жұбанова, Е.Рахмадиев секілді мақтан тұтар композиторларымыз өз үлестрін қосып, Құрманғазы оркестріне тартымды мол туындыларын тарту етті. Оркестр репертуарының алтын қорына А.Жұбановтың «Абай», «Қазақ» сюитасы, «Тәжік билері», «Ария», «Көктем» шығармалары, «Қарлығаш», «Ақ көгершін» әндері; Е.Брусиловскийдің «Думанда», «Румын әуендері»; М.Төлебаевтың «Қазақстан» увертюралары, «Қазақ фантазиясы»; Қ.Мусиннің «Жайлауда», «Мереке» поэмалары; С.Мұхамеджановтың «Балқадиша» вариациялары, «Қыз қуу» суреттемесі, «Шаттық Отаны» поэмалары; Н.Тілендиевтің «Ата толғауы», «Мұрагер» увертюралары, «Көш керуен», «Алтын дән», «Махамбет» поэмалары, «Алатау», «Саржайлау», «Өз елім» әндері; Е.Рахмадиевтың «Дайрабай», «Құдаша думан» поэмалары мен әндері, сонымен қатар М.Қойшыбаев, Х.Тастанов, К.Күмісбеков, Д.Ботбаев, М.Маңғытаев және т.б. композиторлардың шығармалары күні бүгінге дейін тыңдармандарымыздың құлағының құрышын қандырып, олжалы болып келеді.
1950 жылдары Құрманғазы оркестрі бүкіл дүние жүзіне танылып, шарықтау шегіне жеткен кезі деуге болады. Бұл жылдар А.Жұбановтың тәрбиесін көрген жас маман Шамғон Қажығалиевтің дирижер таяқшасын қолына алып, оркестр тізгінін ұстаған кезі болды. Алғашында Алматы, кейіннен Ленинград консерваториясын бітірген ол өзінің кәсіби біліктілігімен оркестр ұжымының артқан үмітін ақтап, сенімдерінен шықты. Дирижер Ш.Қажығалиев оркестр тарихында А.Жұбановтан кейінгі екінші дәуірінің өмірбаяндық өрнегін салған айтулы тұлға болды. Оркестрдің осы кезеңдегі есте қаларлық сәттерін айта кететін болсақ 1953 жылы Румын халық республикасында өткен «Дүниежүзі демократиялық жастары мен студенттерінің IV-фестиваліне» қатысып, Ш.Қажығалиев басқаруымен фестивалдің лауреаты атанып, алтын медальмен марапатталуы ұжымның әлем аясында алатын орнын көрсетіп берді. Сол жылы Бухарест қаласында өткен халық аспаптар оркестрінің дүниежүзілік конкурсында Ш.Қажығалиевтің 1-дәрежелі Диплом мен алтын медальға ие болуы оркестр беделін тағы бір көтеріп тастады. Шын мәнінде Ш.Қажығалиев басқарған тұста оркестр шарықтау шегіне жетіп, халықаралық дәрежеде өскенін көрсетті. 1957 жылы оркестр Қытай Халық Республикасына гастрольдік сапармен барып, Пекин, Шанхай, Шеньян, Нанкин, Харбин қалаларында үлкен табыспен өткен концерттер береді. «Қытай халқының ұлттық театрында Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалған сәтте бүкіл халық аяғынан тік тұрып, тапжылмастан тыңдады. «Сірә, музыка мұхитын сапырғандай естілетін, алапат адуынды «Сарыарқаны» қазақтың гимні деп қабылдаса керек» – дейді белгілі композитор Дүнгенбай Ботбаев. Осы кезде шығармашылық ұжым мен Ш.Қажығалиевке «тамаша оркестр, талантты дирижер» деген айдар тағылып, Қытай халқы оркестрді болашақта өздеріне үлгі етіп алатындарын айтқан екен.
50-ші жылдардың екінші жартысында Қазақстан шетелдердегі Мәдениет күндерінің өтуін тұрақты әдетке айналдырды. Бұл шараға Құрманғазы оркестрі тұрақты қатысып отырды. Мәселен, 1959 жылы Венгрияда, 1973 жылы Польшада, 1975 жылы Францияда, 1976 жылы Италияда, 1982 жылы Португалияда, 1983 жылы Ауғанстанда тағы басқа Еуропаның сексенге жуық қалаларында концерттер беріп, қазақ музыка мәдениетін биік белестерден көрсетті.
1960-1962 жылдары Құрманғазы оркестрін хас шебер домбырашы, композитор, дирижер Н.Тілендиев басқарады. Н.Тілендиев басқарған жылдары қазақтың классикалық үлгідегі шығармаларының кең таралуына көп көңіл бөледі. Н.Тілендиевтен кейін кезекті дирижер А.Мырзабеков те өз жұмысын тыңғылықты атқарды. А.Мырзабеков біршама тың шығармаларды оркестрге өңдеп, репертуарын байыта түсті.
1964 жылы оркестрдің 30-жылдығы аталып, үш жыл өткен соң 1967 жылы оған Қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік халық аспаптар оркестрі, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген ұжымы» деген құрметті атағы берілді. 1978 жылы Академиялық оркестр, 1984 жылы «Халықтар достығы» орденінің иегері атанады.
1991 жылы Тәуелсіздік алуымызбен қатар, Құрманғазы оркестрінде де жаңа шығармашылық кезең басталады. Оркестр басшылығынан бастап, құрамы да жаңартылып, талантты жастар легі келіп толықтырылды. Дирижерлыққа күйші, композитор, дирижер Айтқали Жайымов, Еркебұлан Мүсіреп директоры болып тағайындалады. Оркестрдің шығармашылық басшылық міндетін қолға алған А.Жайымов заман талабына сай құрамын жас таланттармен толықтырып, репертуарын жаңа шығармалармен байытып, бұрындары оркестрде пайдаланылмаған жаңа аспаптарды енгізу сияқты жұмыстарды жасады. Оркестрдің орындаушылық деңгейін көтеру мақсатында 1992 жылдан бастап жас музыканттар арасында конкурстар ұйымдастырылатын болды. Сондай-ақ оркестр бүгінгі күнге дейін көптеген игі іс-шараларды жүргізіп келеді. Атап айтсақ, жас жеткіншектерді тәрбиелеу мақсатында оларды музыканың бай мұраларымен таныстырып, мектеп оқушыларына үшін абоненттік концерттер ұйымдастыру әдісі қолданылып келеді, аға оркестр ретінде әр аймақтағы дирижерларды тағылымдамадан өткізіп отыру да жыл сайынғы игі дәстүрге айналған. Сонымен қатар оркестр Қазақстан Композиторлар одағымен, Жазушылар одағымен, авторлар қоғамымен, композитор, журналист, ақын, жеке автор, әншілермен, басқа да шығармашылық ұжымдармен тығыз байланыстар жасап тұрады.
Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі мен А.Андреев атындағы орсы халық аспаптар оркестрі арасындағы достық қарым-қатынас, шығармашылық байланыс бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. 2000 жылы Ресей мәдениеті мен өнерінің Қазақстанда өткен онкүндігінде А.Андреев атындағы оркестрдің бас дирижері Дмитрий Дмитриевич Хохлов Құрманғазы оркестріне дирижерлық етіп, оркестр музыканттарының орындаушылық шеберлігіне жоғары баға берді. Ал шетел композиторларының классикалық туындыларын орындаудағы оркестрдің профессионалдық шеберлігіне дән риза екендігін білдірген екен.
Жаңа ғасыр еліміздің тәуелсіздігінің 10 жылдығымен тұстас келді. Әр дәуірдің өзіне тән өзгерістері мен жаңалықтары аясында, Қазақстанның қалалары мен аудандарында қаншама өнер ошақтары бой көтеріп, Құрманғазы оркестрі де сенімді серпінмен ілгері басты. Оркестр құрамындағы музыканттардың шеберлігін шыңдау, сондай-ақ шебер, озық музыканттармен толықтыру мақсатында конкурс жарияланды. Соның арқасында шебер орындаушылармен, жаңа концертмейстерлер, пультке жауаптылардың орындары белгіленді. Репертуары жаңа бағдарламалармен толықтырылды. 2003 жылы ақпанның 17-20 аралығында оркестр ұжымы «Ресейдегі Қазақстан жылының» ресми ашылуына қатысып, Ресей халқына өнерін паш етіп қайтты. Мәскеу халқы үшін бұрын соңды көрмеген, естімеген жаңалық «дәстүр жалғастығы» айдарымен Қаршыға Ахмедияров пен Айгүл Үлкенбаеваның орындауларындағы күй тартысы тыңдармандарын таң тамаша етті. Осы кеште орындалған Б.Тілеуханның «Молдабай» әні мен Жаннат Бақтаеваның орындауындағы Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», Н.Тілендиевтің «Махамбеті», Құрманғазының «Сарыарқасы» тыңдарманды зор ілтипатқа кенелтті.
Құрманғазы оркестрінің бүгінгі өміріне келер болсақ 2013 жылдан бастап ұжым басшылығына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуешов Нұрғиса тағайындалды. Алдыңғы буын ағаларымыздан кейін Төлепберген Әбдірашев, Жалғасбек Бегендіков, Дүйсен Үкібай жалғастырып, бүгінгі жас буын Арман Жүдебаев оркестрдің өрлеу жолындағы тізгінін қолға алып, жемісті еңбек етіп келеді. Оркестрдің шығармашылық ұжымының бүгінгі күні әлемдік сахналардан жиі көрінуі талмай еңбектенудің жемісі десек қателеспейміз. Осы орайда 2013 жылы Атырауда өткен Құрманғазының 190 жылдығына орай «Жау жүрек мың бала» атанған мың күйші музыканттың стадионда өнер көрсетуі жоғарғы дәрежеде өтті. Осылайша құрамында мың адам ойнаған оркестр өнері «Гинесстің» рекордтар кітабына енгізілді. Сонымен қатар 2015 жылдың 7-қыркүйегінде Астанадағы «Барыс» стадионында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қайталанбас тарихи салтанатты жиында оркестр өнер көрсетті. 550 домбырашы концерттік бағдарламаны Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен бастады. Концерт өте жоғары деңгейде өтіп, тарихта елеулі орын алды. Бұл шара қазан айында 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласында жалғасын тапты. Ұлы оркестр EXPO-2017 Қалықаралық көрмесіне «Қазақ күйінен әлемдік классикаға дейін», «Әлем халықтарының музыкасы» және «Ұлы дала әуендері» атты концерттер топтамасын ұсынды.
2018 жылы Құрманғазы оркестрі Абылайхан даңғылындағы Қазақконцерт ғимаратына көшірілді. Осы жылы ел күнтізбесінде жаңа мереке – Домбыра күні енгізіліп, оркестр Астана қаласында Ұлттық дрмбыра күнін алғаш рет атап өтті. Атаулы мерекеге еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам күйшілер қатысты. 2019 жыл Құрманғазы оркестрі үшін ауыз толтырып айтарлық маңызды іс-шараларға толы болды. Оркестрге биыл 85 жыл толды. Жастар жылы аясында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру мақсатында және 85 жылдық мерейтойға байланысты оркестр көрермен қауымын жаңа жобаларын ұсынды. Қаңтар айында «Қазақ-Қырғыз тартуы» атты Қырғызстанның халық әртісі, профессор, дирижер Бақтыбек Тилегеновтың шығармашылық кеші, «Қорқыт сарыны» атты қыл-қобыз обының концерті, «Оркестр түні» әлемдік хит шығармалар концерті, «Классикалық музыка кеші» атты дирижер А.Тілепбергеннің концерті, «Күй шашу» домбырашылар тобының концерті, әйелдер мерекесіне арналған «Миллион, миллион раушан гүл» мерекелік концерті, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры мен оркестрдің бірлескен «Концерт-спектакль» жобасы жүзеге асырылды. 2019 жылдың шілдесінде оркестр директоры болып өнер саласында тәжірибесі мол «ҚР Мәдениет саласының үздігі» Мұханғалиев Қуанышбек Жанболатұлы тағайындалды. Оркестр құрамында шамамен 90-ға жуық музыканттар еңбек етуде, репертуарлық қорында 4000-нан аса шығармалары бар. Оркестрдің болашақтағы өшпес тарихын келесі ұрпақ жоғарғы деңгейде насихаттап жалғастыр арына кәміл сенеміз!

Құрманғазы атындағы  Қазақ Ұлттық Консерваториясы

 «Музыкатану»мамандығының 2 курс магистранты Адилбаева Д.Б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *