Ыдыс аспаптардан тараған сазды әуен («SazArtGroup» сазсырнайшылар ансамблінің тұсаукесер)

2017 жылдың 25 сәуірінде Ықылас атындағы Қазақ халық музыкалық аспаптар мұражайында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Домбыра кафедрасының аға оқытушысы Гүлфайруз Далбағайдың қос бірдей «Сазсырнай және окарина тектес үрлемелі аспаптар» — атты монографиясының және «Saz.Art.Grоup» сазсырнайшылар ансамблінің тұсаукесеріне арналған «Сырлы сазды — Сазсырнай» атты концерттік кеші зор табыспен өтті.

Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан қазақ халқының көрнекті ғалымы, өнертану кандидаты Болат Шамғалиұлы Сарыбаевты (1927-1984) еске алып ұлықтауға арналған бұл кеш ғалымның көптеген бастамаларының ішіндегі саздан жасалған үрлемелі аспаптарын дамыту ісінің жалғасы болған. Бұл сазсырнай және өзге де халқымыздың үрлемелі музыкалық аспаптарын дамытудағы қол жеткізген табыстарын көрсету, жасалған жұмыстарға есеп беру, жаңа жетістіктерін өнерсүйер қауыммен бөлісу кеші болатын. Кеш өзінің көздеген мақсатына жетті. Халқымыздың сазсырнай және өзге де окарина тектес үрлемелі аспаптарының бүгінгі таңдағы тынысымен, теориялық зерттелуі және тәжірибеде қолданыс аясының көлемімен танысты. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістіктеріміз бар екенін осы кеш көрсетті.

Ұлт музыка аспабын жинақтау, қалпына келтіру, тану, қайтадан кең қолданысқа енгізу ісіне ерекше үлес қосқан бірегей тұлға Б.Сарыбаев барлық саналы ғұмырын ұлттың музыкалық аспаптарын дамыту ісіне арнаған. Оның артында қалдырған мұрасы күні бүгінге дейін өзінің құндылығын жоғалтпай, әрі қарай даму үстінде. Оған орта буын, жас буын талантты музыканттар белсенді жұмыстар жасап шертер, жетіген, сыбызғы т.б. секілді аспаптарды қолданысқа түбегейлі енгізуі куә. Ағамыздың жанкешті еңбегінің арқасында көп санды қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының ішінен саздан жасалатын окарина (халықаралық атауы) тектес үрлемелі ыдыс аспаптар да өзіндік даму жолын бастан кешуде. Аспаптың орындаушылық мүмкіндігін арттыру, аспаптың дыбыстық сапасын, диапазондық шеңберін кеңейту, репертуарын дамыту ісіне бүгінде Құрманғазы атындағы ҚҰК Халық музыкасы факультеті Домбыра кафедрасының аға оқытушы Гүлфайруз Далбағай өз үлесін қосып келеді.

Концерттік кештің алдында мұражай фойесінде үрлемелі окарина тектес аспаптарды жасаушы шеберлер Азамат Бақия мен Ержан Мұқышевтың көрмесі мен шеберлік сыныбы өтті. Жас шеберлер қолынан шыққан саздан жасалған музыкалық аспаптардың көрмесінде сан алуан аң-құстардың формасымен жасалған үлгілері қойылды. Бұған дейін негізінен сазсырнай аспабы ғана кең танылып келгені мәлім. Бұл аспаптар тобында өзге де көптеген атаулармен қызықты дыбыстар шығаратын, формасымен ерекшеленетін аспаптарды көріп таңданарлық сәттеріміз көп болды.

«SazArtGroup» сазсырнайшылар ансамблінің тұсаукесер концерті Болат Сарыбаев туралы деректі фильм көрсетілімінен басталды. Бейнематериал белгілі өнертанушы музыкант, журналист Жарқын Шәкерімнің зерттеуші шығармашлығына арналған 1985 жылы дайындалған фильмі екен. Болат Шамғалиұлының көзі тірісінде музыкалық аспаптар мұражайына айналған өз үйінде жасаған. Зерттеушінің шығармашылық келбетін бейне таспаларға түсіріп, жинақтап, халқымыздың рухани мұрасына айналдырған Ж.Шәкерім ағамыздың жұмысынан ғалымның жанды бейнесі мен қазақтың үрлемелі аспапатарды дамытуға сіңірген еңбегі жайлы деректері осы кешке жиналғандарға жаңаша әсерлер сыйлады. Дәл осы күні Жарқын ағамыздың республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне Болат Сарыбаевқа арналған «Новатор» деген естелік мақаласы жарық көруін біз кездейсоқтық емес жақсы ырымға жорыдық.

«SazArtGroup» сазсырнайшылар ансамблі

«SazArtGroup» сазсырнайшылар ансамблі

 

Б.Сарыбаев бастап берген зерттеушілік жұмыс кең арна тауып қарқынды дамып келеді. Оның айғағы, сыбызғы, жетіген, шаңқобыз т.б. секілді дәстүрлі музыка аспаптарының ансамбльдер мен оркестр құрамынан ойып тұрып өзінің орнын алуы. Солардың ішінде окарина тектес үрлемелі ыдыс аспаптарының алатын орны ерекше. Аспапты дамыту ісінде Г.Далбағай өзінің жауапкершілігін жақсы сезініп, бүгінде осы бағытта біраз ауқымды істер тындырыпты. Көненің көзі, шығыстың жауһары атанған Отырар қаласынан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен табылған сырлы сазды сазсырнайдың және өзге де окарина тектес халқымыздың үрлемелі аспаптарының жаңа заманға сай түлеуі, үнінің жаңғыруына күш салады. Белгілі музыкант-ұстаз, зерттеуші ретінде өз шәкірттерімен бірге аспапты жетілдіруге жасаған жұмыстары бүгінде нәтиже беріп, әр алуан дыбыстық диапазоны бар сазсырнай, уілдеуік, шыңырау, тастауық, құссайрауық, үскірік т.б. аспаптарын толыққанды қатарға қосуға біршама еңбектенген. Үрлемелі аспаптарды жетілдіру ісін алға бастырып келеді. Г.Далбағайдың жетекшілігінде өзінің шәкірттерімен «SazArtGrоup» сазсырнайшылар ансамблі құрып, еліміз тарихында бүгінге дейін болмаған сазсырнай және өзге де окарина тектес қазақтың дәстүрлі аспаптарының жаңа тынысы ашылды.

Сазсырнайшы Гүлфайруз Далбағай

Сазсырнайшы Гүлфайруз Далбағай

Ұзақ жылдар бойы жүргізілген практикалық және теориялық зерттеу жұмысының нәтижесінде осы кеште қазақтың окарина тектес үрлемелі аспаптар тобы мен сазсырнай аспабының шығу тарихы әлемдік үрлемелі аспаптардың пайда болу, дамуы қоғамдағы тарихи-әлеуметтік процестерімен, көшпелі қазақ тұрмысында қолданыста болуы рөлі дерек көздері мен зерттеу еңбектеріне сүйене отырып сарапталып, байланыстыра қарастырылған «Сазсырнай және окарина тектес үрлемелі аспаптар» — атты Г.Далбағайдың монографиясының тұсауы кесілді.

Г.Далбағай осы кештің маңызына тоқтала келе: «Б.Сарыбаевтың 90 жылдығы, біз үшін ерекше дата. Өткен ғасырдың 60-80 жылдарында бұл кісінің өмірі мен шығармашылығы қазақтың көне аспаптарын қайта тірілту үшін болған күрес майданы десек артық айтқандық емес. Осы біз іс-шара өтіп жатқан мұражайдағы аспаптардың басым бөлігі сол кісінің күш жігерімен жинақталып, қалпына келтіріліп, қатарға қосылды. Қазақ музыка аспаптары бүгінде әрі қарай даму үстінде. Біз дәстүрлі аспапта орындаушы музыканттар Болат Сарыбаевты, оның орасан зор еңбегін бір сәтке де естен шығармаймыз» — деді. Расында да, қазақ халқы кеңестік дәуірдің идеологиялық көзқарас ықпалымен тарихына, өткен кезең мәдениетіне үстірт қарап, түркі дәуірдің мәдени құндылықтары жайлы ауыз аша алмаған кезде Б.Сарыбаевтың сол кезеңнің аспаптарын топырақтан аршып алып қатарға қосуы ерлік болатын. Халық ағамыздың бұл ерлігін есінде ұстауы керек. Бүгінде әр қайсысы бір аспаптың шебер орындаушысы әрі зерттеушісі, жоқшысы болып жүрген сазсырнайшы Г.Далбағай, жетігенші Н.Жақыпбек, шертершілер З.Ізмұратова мен Е.Басығара, сыбызғышыТ.Мұқышевтар аспаптанушы Б.Сарыбаевты ұмытпай, үлкен алғыс сезіммен рухына ылғи тағзым ететіні анық.

Жаңа кітаптың тұсауын кесу рәсіміне ҚР еңбек сіңірген қайраткері — Бибатырова Ғайникен мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі өнертанушы, қаламгер — Жарқын Шәкерім ортаға шығып, тұсаукесер рәсімін жасап жылы лебіздерін білдіріп, баталарын берді.

Қазақтың окарина тектес үрлемелі аспаптары

Қазақтың окарина тектес үрлемелі аспаптары

 

Алғашқы музыкалық «Керуен» композициясы қазақ елінің тамаша табиғатын, кең байтақ дала, тау мен тасының саздан жасалған музыкалық аспаптар үнімен айшықтады. «SazArtGroup» сазсырнайшылар ансамблінің тұсауын кескен бұл номерде сазсырнайшылар ел мен жердің сұлулығын, тылсым табиғаттың қайталанбас үнін, өзіне тән жүрек соғысын айшықтады. Кеште Қазақстанда дүниеге келіп тұсауы кесіліп жатқан «SazArtGroup» сазсырнайшылар ансамблімен, онда өнер көрсететін орындаушылармен және аспаптарымен таныстыру рәсімінде үрлемелі аспаптардың санының, сапасының өскендігін паш етті. Ансамбль мүшелері Бас сазсырнай –Уілдеуікте — Әділхан Жоламан, Тастауықта — Ержан Мұқышев, Үскірікте — Райхан Омар, Сазсырнайда — Гүлім Бағланқызы, Шыңырауда — Айсұлу Ниязова, Құссайрауықта — Райхан Омар және ансамблдің жетекшісі, сазсырнайшы – ұстаз, Мәдениет саласының үздігі Гүлфайруз Далбағай аспаптарының дыбыс бояуы, өзіндік үнімен жеке-жеке таныстырылымы болды. Өз аспаптарында ән-күйлерден үзінділер орындаған музыканттар тыңдарманды аталмыш аспаптардың өзіндік үнімен таныстырды. Ізін ала ансамбльдің орындауында Ермұрат Үсеновтің шығармасы негізінде өңделген «Абай әндеріне» поппуриі бұрынғы орындаулардан бөлек өзіндік үнімен ерекшеленді. Таза саз балшыұтан ыдыс түрінде жасалған аспаптардың топ болып орындауындағы дыбыстар үнідестігі бұған дейінгі ұлт музыкалық аспаптардан кездеспейтін жұмсақ дыбыс бояуымен, сезімге тереңнен әсер етуімен ерекшеленді.

Ансамбльдің музыкалық үрлемелі аспаптарының түгелге жуығы жас шеберлер Азамат Бақия мен Ержан Мұқышевтың қолынан шыққан екен. Жекеленген аспаптың дамыту сапалы музыкалық аспап жасау ісін жолға қоюмен тікелей байланысты екені белгілі. Шеберлердің концерт-тұсаукесер алдындағы шеберлік сыныбында аспаптың жасалу жолдары, әр алуан үлгідегі түрлері қызығушылық тудырды. Б.Сарыбаевтың өзі де кезінде осы аспаптарды қатарға қосуға көп эксперименттер жасағанын тарихтан жақсы білеміз. Г.Далбағайдың бұл мәселеге байланысты: «Жаңадан құрылған «SazArtGroup» сазсырнайшылар ансамблінің негізін қалаған жігіттер мен қыздардың бәрі менің студенттерім. Бұрын аспапты Атырау, Шымкент, Алматыдағы шеберлер жасайтын. Бірінің музыкалық білімі бар, бірінде жоқ дегендей, сапасы көңілдегіден шыға бермейтін. Бұл экспериментке баруға мүмкіндік бермей қолбайлау болды. Өздерің көргендей бүгінде аспапты өзіміз жасап, оны ойнайтын да өздеріміз. Қажет кезінде ойықтары, дыбыс қатары, аппликатурасына байланысты жетілдіру немесе толықтыруды өзара ақылдасып жасаймыз. Осында Азамат пен Ержан бүгінде аспаптың сан түрін өзіндік ерекшеліктерімен жасай алады және инновациялық жаңалықты лезде жүзеге асыруға бейім. Жұмысымыздағы ізденістеріміз қарқынды алға басып кетті. Б.Сарыбаевтың алғаш тапқан кезде үш дыбыстан тұратын сазсырнай аспабы бүгінде бірнеше дыбыстық диапазоннан тұратын сан алуан түрлері жасалып, музыканы ансамбль болып еркін ойнауға мүмкіндік берді. Бұл үлкен жұмысымыздың бастамасы деп білемін» -деген пікірінен, бұл үлкен істің бастамасы екендігін көріп қуандық. Бұл жігіттердің ізденістері аспаптың осы тобын әрі қарай тереңдете дамытуға, қызықты эксперименттерге бара алатындығына көзімізді жеткізді.

Ансамбльдің орындауында бұл кеште халық әндері мен күйлері, кәсіби композиторлар шығармалары, және өзге халықтардың музыкалық туындылары орындалады. Күйші-композитор Қуаныш Жұмағалидің «Күзгі әуені» Әпенова Асылайдың жетіген аспабымен сүйемелдеуінде Омар Райханның орындады. Мәлгаждар Әубәкіровтің домбыра және сазсырнай аспабына Қошқарбек Тасбергенов лайықтаған «Наркескен» күйін орындаған Сазсырнайда Кенжеғазиева Аяулым, домбырада Тұрлықбаева Анель, Әбдіәріп Мадина болды.

Қанат Мәлікайдардың фортепиано аспабында сүйемелдеуімен Арам Хачатурянның «Лезгинкасын» Омар Райхан, Ниязова Айсұлу, Жоламан Әділхан және Ермұрат Үсеновтің «Көңілді арбакешін» Мәдениет саласының үздігі Гүлфайруз Далбағайдың орындауында тыңдарман жылы қабылдады. Сазсырнай халқымыздың жетіген, сыбызғы аспаптарымен бірге классикалық аспаптың сүйемелімен де сахнада толыққанды көріне алады екен.

Халықаралық конкурстардың лауреаттары Салтанат Құдайбергенованың домбырада орындаған Қаршыға Ахмедияровтың «Абай толғауы», Әйгерім Қарсақбаеваның қобызда орындаған Сүгірдің күйі «Тоғыз тарау» және Әпенова Асылайдың жетіген аспабында орындаған Ықластың «Жезкиік», сыбызғыда Бақия Азаматтың «Кербез қыз» (ІІ түрі) күйлері концерттік кештің сәнін кіргізіп негізгі ұлттық музыкалық аспаптарымыздың үнінің молдығын, орындаушылардың шеберліктерін сан қырынан көрсетті.

«SazArtGroup» сазсырнайшылар ансамблінің орындаушылар құрамы Шаңқобыз аспабында орындаған «Дала сазы» композициясы көрерменге ерекше әсер етті. Орындаушылар деммен, тыныспен, ауыз қуысындағы дыбыс шығаруға әсер ететін барлық органдардың қатысуымен шаңқобызда орындалатын әр алуан дыбыстарды, ырғақтық әр алуандылықты көрсете алды. Бұл композиция да бүгінгі музыкалық номерлердің ішіндегі таптауырын болмаған ансамбльдік орындаудағы жаңалықтардың бірі. Шаңқобышылар тобының бұл шығармасын дәстүрлі музыкалық аспаптар орындауын көрсететін соны музыкалық композиция ретінде атап өткеніміз жөн.

«SazArtGroup» ансамблінің Қытай Халық Республикасына белгілі «Тұмар» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің репертуары арқылы кеңінен танылған Думанның «Үш теке», Қазанғаптың «Ақ желең», «Балапан қаз» күйлері, Алтай қазақтарының «Қарғаш-ай», «Жорғатай» секілді Нұртас Бекбосынның жеке орындауында халық әндері, ансамбль мүшелерінің әр қайсысы халқымыздың бірнеше музыкалық аспаптарын игергендігінің куәсі етті. Сазсырнай секілді окарина тектес үрлемелі аспаптардың табиғатына жақын, айтуға ыңғайлы бұл халық әндері мен күйлері кештің жалпы атмосферасын, окарина тектес үрлемелі аспаптардың дыбыс табиғатын аша түсті. Алғашқы концерттік бағдарлама репертуарына осы үлгідегі шығармаларды енгізу арқылы студент жастардан құрылған ансамбльдің қадамын нықтап алуды көздеген секілді.

Концерттік кеште орындалған шығармалар дені осы аспаптар құрамында бұрын үлкен сахнадан орындалып жүрмегендіктен жаңа, сонылығымен тамсандырып, жағымды әсерлер қалдырды. Студенттер мен колледж оқушыларынан құралған үрлемелі аспапта орындаушылар бойында алғашқы жауапты концерке шыққанда толқулардың болары да белгілі жәйт. Бұл оқу орнындағы тапсыратын үйреншікті сынақ немесе емтихан емес, акустикасы керемет жасалған сахнада, орындаушыны алқа-қотан қоршап демін ішінен алып тыңдайтын көрерменнің алдындағы жауапты сәт. Концертте азын аулақ жетіспеушіліктер болып жатса да көзге ұрарлықтай кемшіліктер болып көрінген жоқ. Бәрін орындаушылардың шеберлігі, жастық жігері, дайындық кезінде жетекшінің айтқан межелі биігін тыңдарманға барынша толық жеткізуге ұмтылған талпыныстары жеңіп кетті.

«Saz.Art.Grоup» сазсырнайшылар ансамблі

«SazArtGroup» сазсырнайшылар ансамблінің орындауында бірнеше күйлерден құралған «Күй тартыс» концерттік кештің соңғы нүктесін орнықты қойған номерлерден болды. Көркемдік жетекшісі Гүлфайруз Далбағайдың айтуынша: «Бүгінгі таңда дамып кеткен халқымыздың негізгі домбыра, қобыз секілді т.б. музыкалық аспаптарында бар, қалыптасқан орындаушылық үлгілер мен үрдісті сазсырнай және окарина тектес аспаптар тобына енгізу арқылы біз аспапта орындаушылық шеберлік пен репертуарын жаңалауда жаңа биіктерді алуды межелеудеміз. Бұл жастарымыз бойында жеке және топтасып орындаушылықтың жолдары мен әдістерін бекіте түседі» – дейді.

Концерттік–тұсаукесер кеш өз мәресіне жетіп, дәстүрлі музыка аспаптарының үні салтанат құрған Ықылас атындағы Қазақтың музыка аспаптары мұражайының директоры Ұлжан Байбосынова бұл концерттің өзіндік қайталанбас үні, құндылығы мол болғанына ерекше тоқталды. «Гүлфайруздың кеші, бізге жасаған мерекесі бүтін ұлттың мерекесі, біздің өнеріміздің мерекесі» – деген сөзімен көрермендер де іштей келісіп риза көңілмен тарасты. Біз өз тарапымыздан қазақ халқының біртуар ұлы, аспаптанушы ғалым Болат Сарыбаевтың арманы, салып кеткен жолы жемісін беріп жатқанына қуанып халқы үшін еткен өлшеусіз еңбегінің қазақ бар жерде ұмытылмайтынына зор сеніммен қарадық.

Аманкелді МҰҚАН
өнертану кандидаты доцент

, , ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.