Талаптыға нұр жауар

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры 2000 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен құрылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдауында «Жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын» деп алдағы атқаратын міндеттерін белгілеп ғана қоймай, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры арқылы әрбір жас талант үшін жаңа мүмкіндіктер қақпасын ашып, жас ғалымдар мен ғылыми ұжымдардың маңызды зерттеу жұмыстарын қолдап, мәдениет пен өнер саласындағы талантты жастарды анықтап, шығармашылық әлеуетін дамытып, талай жастың қанатын қатайтып, жол бергені анық.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент-Елбасы қорының шығармашылық жастармен жұмысы бойынша бас маманы Тимур Исмаиловпен кездесу барысында еліміз келешек жастардан зор үміт күтетінін тағы да еске салды.      

— Республикалық байқауларда ғылыми зерттеулер мен өнертабыстар, көптің көңілінен шыға білетін шығармашылық жобалар мен бағдарламалар үнемі ұсынылып тұрады. Солардың ішінде айрықша атап өтетін, үздік жобаларды атап өтесіз бе?

Біздің негізгі мақсатымыз – талантты жастарға көмектесу, қоғамдық маңызды әлеуметтік жобаларды қолдап арқылы қоғамымыздың шексіз әлеуетін дамыту. Біз ғылым және өнер жолындағы талантты жастарды қолдау үшін жан-жақты қолайлылық тудыруға тырысамыз.  Біз көптеген жобалар өткіземіз, олардың әрқайсысының маңыздылығы зор, олар бір нақты аудиторияға бағытталған.

Сонымен қатар, біз жас ғалымдар мен өнер саласындағы жастарға Халықаралық симпозиумдар мен семинараларға, байқауларға қатысуға грант береміз.

— Мәдениет пен өнер саласындағы талантты жастарды анықтап, шығармашылық деңгейін арттыру мақсатында да атқарылып жатқан жұмыстар көп. Осы жылы өнер жолында орнын тапқан мәдениет қайраткерлері мен таныла қоймаған жас өнерпаздардың басын біріктіріп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін қандай фестивальдар ұйымдастырылады?

Қазіргі таңда шығармашылық жастарға арналған «ЖасSTAR» Халықаралық фестивалінің жобасы дайындалып жатыр. Ол осы жылы сегізінші рет өткізіледі. «ЖасStar» талантты жастар үшін басты мәдени оқиғалардың бірі деп санауға мүмкіндік береді.

Әр жылы — ол үлкен маңызды шара болып ұйымдастырылады. Өткен жылы фестиваль бес күн қаланың әртүрлі мекемелерінде өткізілді. Біз қызықты лекторларды шықырып, шеберлік-кластарын өткіземіз. Осындай жобалар өнер жолындағы талантты жастарды қолдау үшін жан-жақты қолайлылық тудыруға бағытталған. Фестиваль Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының лауреаттарының Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында тамаша концертімен аяқталды. Таяуда біз студенттер әлемінде ғылым саласын дамытуға бағытталған «Тірегі сендер елімнің» атты фестивальді өткіздік.

Соңғы жылдары біздің жобаларымыздың қатарында басқа ұйымдармен бірлескен жобалар пайда болды. Мысалы, А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық колледжі «Өрлеу» атты балет өнерінің байқауын өткізді, П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі вокалдық өнер бойынша Халықаралық байқау ұйымдастырды, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория жыл сайын музыка саласындағы студенттер арасында Республикалық Олимпиада өткізеді, «Тұран» университеті операторлық өнер бойынша олимпиада жасаған. Осындай байқаулар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасының қорының қолдауымен іске асырылды.

Барлық өткізіліп жатқан жобалардың талаптары туралы Фондтың ресми сайтынан білуге болады.

Тұңғыш Президент Қорының ғылым, мәдениет мәселерімен қатар, әлеуметтік жобаларды да үнемі бірге алып жүреді. Атап өтетін болсақ, қарттарға, әлеуметтік жағдайы төмен, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға көмек көрсету, мүгедектерді әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларын орындауға атсалысу, ұлттар арасындағы татулықты нығайтуға арналған жобаларды жүзеге асыру т.б жатады. Елбасы қорының қоғамда атқаратын рөлі өте маңызды.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның студенттері де Тұңғыш Президент қорының әртүрлі байқауларына қатысып, дәрежелі сыйлықтарға ие болып жүр. Байқаулардың ішінде студенттік стипендияны алу үшін жыл сайы өткізілетін конкурс жас мамандарды аса қызықтырады.

Осы жылы конкурсқа Қазақстанның жоғарғы және орта мамандандырылған оқу орындарынан 400 өтінім берілген болатын, соның ішінен 80 студент іріктеліп алынды.

Байқауға Қазақстанның түпкір-түпкірінен: Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қаскелен, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Рудный, Тараз, Орал, Өскемен қалаларынан жиналған жас ғалымдар, талантты, талапты жастар шын бәйгеге түсіп, байқаудық іріктеуден өткен ең үздік студенттер үлкен мәртебеге ие болды.

Осы үздіктердің қатарына Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері Мағазова Гүлсая, Темірғалиева Айдана, Шпекпаева Эльмира, Мусина Айданалар табылды. Жастар үшін еңбектері бағаланып, мемлекет тарапынан үлкен сый-құрметке ие болу — үлкен жетістік.

Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының стипендия иегерлерінің салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. 80 үздікті 8 топқа бөліп, он-оннан марапаттады. Әр ондықты марапаттау үшін шетелден арнайы шақырылған қонақтар — Франциядағы Сорбонна университетінің социология профессоры Филипп Штайнер, Мумбайдағы зерттеушілер қорынан келген Гаутам Киртане, Ресей Ғылым Академиясының жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Андрей Котельников және т.б. қонақтар келді.

Алматы қаласы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорында өткен ІІ Еуразиялық жас ғалымдар форумына (YES-Forum) қатысып, біздің еліміздің болашағының жарқын екеніне көз жеткізді.

Үздік шыққан жастарға мақтау қағазымен қатар төс белгі және оқу жылында әр ай сайын берілетін стипендия тағайындалды. Біздің студенттерді Беларуссияның Ұлттық Білім академиясы, Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, қадірлі мейманымыз Андрей Иванцев құттықтады.

«Мемлекет тарапынан үлкен сый-құрметке жетіп жатқан бүгінгі кеш иелері жастарды марапаттау мен үшін үлкен мәртебе. Сіздерге шын жүректен шығармашылық табыс, әрбір басқан қадамдарыңызға гүл бітіп, әлі де бағындырар шыңдарыңыз көп болсын. Бұл тек бастамасы. Сіздер бүгін ие болған сыйға шынымен лайықсыздар» — деп, стипендия иегерлерін марапаттап өзінің ыстық лебізін білдірді.

Осы кеште стипендия иегерлері өз қуаныштарымен бөлісіп, қорға үлкен алғыстарын білдірді.

Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваторияның студенттерінің атынан сахна төрінде Мағазова Гүлсая өз лебізін айтып, алғысын білдірді:

«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент — Елбасы қорына жастарға үлкен қолдау көрсетіп жатқанына зор алғысымды білдіремін. Сонымен қатар өз маңдай терлерімен жоғары дәрежеге жетіп отырған студенттерді ортақ қуанышымызбен құттықтай отыра, мемлекет тарапынан беріліп отырған қаржылай көмекті игі істерге жұмсауларына тілектеспін».

Өзінің үлкен қуанышымен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, Халық музыка факультетінің 3 курс студенті Темірғалиева Айдана бөлісті: «Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Келешектің іргетасын қалау ең алдымен сол елдің жастарының саналы болып жетілдіре күш салу керек екенін ұғынған қор директоры, көреген басшы Дәриға Назарбаеваға алғысымды білдіремін. Бүгін біз ие болған дәрежеміз әлеуметтік, экономикалық, ғылыми, мәдени даму жолындағы қарқын мен жастардың қоғамдық саяси өміріндегі ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігінің артуына себепші болары сөзсіз».

Марапаттау рәсімі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Кештің соңында стипендия иегерлері мен қонақтарға арналған фуршетке қатысып, республикамызға танымал өнер майталмандарының концертін тамашаладық.

Әрине, біздің студенттердің осындай дәрежеге жетіп жатқаны қара шаңырағымыз, білім мен өнерді дарытып жатқан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория ұстаздарының жетістігі. Осындай байқауларға студенттердің арасынан іріктеп, шығармашылықтарын дамытуға ат салысып, қолдау көрсетіп отырған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Халық музыка факультетінің деканы, профессор, құрметті ұстаз Сахарбаева Кәрима Сүндетқызы кездесу барысында Елбасы қорына өзінің алғысын білдіре отырып, бізбен сұхбаттасты.

— Кәрима Сүндетқызы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры – мәдениет пен өнер саласындағы талантты жастарды анықтап, шығармашылық әлеуетін дамытатын ұйымдардың бірі әрі бірегейі. Елбасы қорының студенттік стипендиясына тағайындалған студенттер қандай нәтиже көрсетіп жатыр? Сенімдеріңізді ақтап жатыр ма?

Ең алдымен біздің талантты, әрі жан-жақты ізденетін жастарға қолдау көрсетіп жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы қорына әр уақытта алғысымыз шексіз. Біз Елбасы қорының стипендиясына ұсынған студенттерімізбен әрқашан мақтанамыз, олар біздің үмітімізді ақтап жатыр. Атап айтсақ, кезінде Елбасы қорының стипендиясының иегерлері болған, қазір әлемге дәстүрлі музыкамызды насихаттап жүрген белгілі «Тұран» тобы, Мүсірепова Жанар, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік халық аспаптар оркестрінің дирижеры Тілепбергенов Абылай, 4 курс студенті Астанаева Айнұр, осы жылы да осы дәрежеге жеткен студенттеріміз үшін қуанамыз.Осындай стипендия иегерлерінің концерттерін, кітаптарын, үнтабақтарын шығаруға, шығармашылықтарын арттыруға, сонымен қатар жан-жақты дамуларына Елбасы қоры үлкен септігін тигізіп жатыр. Біздің ұстанымызға байланысты ұсынған студенттеріміздің бірінен де әлі қате кеткен емеспіз. Осы жақында ғана консерватория қабырғасында оқу әдістемелік конференция болып өтті. Бұл конференцияда Елбасы қорының

қолдауымен «Кobyz buk» атты жаңа технологиялық жоба үлкен резонанс туғызды. Егер Елбасы қоры қолдау көрсетпесе, осындай дүниелер іске асуы екі талай. Дәстүрлі музыканы дәріптеп жүрген студенттер көбінесе ауылдық жерден келген балалар. Осындай мемлекеттің көмегінің арқасында жас таланттар жан-жақты көрініп жатыр.

  • Студенттерді Елбасы қорының стипендиясына қандай талаптарға сүйеніп ұсынасыздар?

Біріншіден, бұл Елбасы қорының стипендиясына ұсынып отырған студенттің оқу үлгерімі өте жақсы, екіншіден, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, үшіншіден, ең басты қоятын талабымыз — ол студент тек ғана орындаушы емес, сонымен қатар, ғылыми салада да ізденетін, мақалалары шыққан, болмаса студенттердің ғылыми жұмыстарының олимпиадаларына қатысатын болуы қажет.Осы үш талапқа сәйкес келіп жатқан студенттерді біз ұсынамыз.

Осындай ұлағатты ұстаздар қаншама білімді, еңбекқор, қайратты, болашағынан зор үміт күттіретін жастардың қанаттарын қатайтып, елімізге зор қуаныш сыйлары айқын.

«Бейнетің қатты болса, татқаның тәтті болады» — демекші, әрқашан ақылымызбен еңбегімізді екі жақтап, көкірегіміздегі жанып тұрған отпен, ең бастысы әр жетістікке адал еңбегімізбен жете білсек Елбасымыздың, халқымыздың, еліміздің, ұстаздарымыздың үмітін ақтаймыз.

 

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы
Ғалия ҚАЛЫМОВА
және Халық музыка факультетінің 3 курс студенті
Гүлсая МАҒАЗОВА

,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.