Асқақ бейнеңіз аласармайды (Ғ.Жұбанованың 90-жылдығына)

Әлі есімде, Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінде оқып жүрген кезім. Бір күні композициядан сабақ беретін мұғаліміміз А.Рудянский бізге былай деді:

– Бір аптадан соң бізге әйгілі өнер қайраткерлері, консерватория оқытушылары – Ғ.Жұбанова, Қ.Қожамияров, Е.Рахмадиев және М.Сағатовтар келеді. Сендерді тыңдайды. Мұқият дайындалыңдар, – деді.

Сыныпта музыка жазумен әуестенетін төрт ұл бар едік. Емтихан тапсыратындай қатты толқыдық. Мен келген қонақтарға үрмелі аспап кларнетке жазған «Концерттік пъеса» деген шығармамды орындап бердім. Одан кейін шағын пъесаны және бір әнімді рояльда ойнадым. Өнеріме риза болған Ғазиза Жұбанова «Мен мына баланы өз класыма қабылдаймын» деп бірден шешім қабылдады. Сөйтіп консерваторияның композиция бөліміне студенті болып шыға келдім.

Ғ.Жұбанова және Б.Дәлденбай

Ғ.Жұбанова және Б.Дәлденбай

Ғазиза Ахметқызы менің оқытушым ғана емес, туған анамдай болып мейірін төкті. Арманымның даңғыл жолына қарай жетеледі. Жазған шығармалырымды уақытын бөліп, зейін қоя тыңдайтын. Сәтті тұстарын мақтайтын, әлсіз жерлеріне арнайы тоқтайтын. Ақылын айтып, жөн көрсететін.

Мен білетін Ғазиза апай аса дарынды композитор. Қажырлы қайраткер. Композиторлар одағын басқарды. Косерваторияның ректоры болып қызмет істеді. Сөйте жүріп төрт баланы дүниеге әкелді. Оларды өсірді және тәрбиеледі. Музыкалық шығармаларды қай кезде жазып үлгереді деп таңғалатынмын. Ол кісі небір ғажап опералардың, балеттер мен симфониялардың авторы. Сабаққа келгенде байқаймыз, басбармақ пен сұқ саусағын үнемі жабысқақ қағаздармен байлап жүретін. Қара қарындашпен нотаны қағазға түсіре бергеннен саусақтарының терісі ойылып кетеді екен. Міне, жанкештілік еңбектің бір белгісі осындай еді.

Консерваторияға ректор болған соң «ұлық болса, кішік болудың» қандай екенін көпшілікке танытты. Талантты адамдарды іріктеп, оларға ерекше жағдай жасады. Дарынды жастарды үнемі қолдады. Ұстаздардың еңбегін бағалап, лайықты атақтарға ие болуын қамтамасыз етті. Айта берсек мұндай мысалдар өте көп.

Біздің студент екенімізге қарамай Мәскеуде және басқа республикаларда болатын съезд, концерт-фестивальдардан қалдырмайтын. Ел көрсін, жер көрсін, шабыттансын дейтін болуы керек. Осындай қолдаудың арқасында апайдан тәрбие алған шәкірттердің көпшілігі кейін атақты адамдарға айналды. Мәселен, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Алмас Серкебаев, Төлеген Мұхамеджанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Мұрат Құсайынов, Қуат Шілдебаев, Ақтоқты Райымқұлова, Гүлжан Үзенбаева және мен, Бейбіт Дәлденбаев осы тізімді толықтыра түстік. Апайдың туған ұлы Әліби Мәмбетұлы анасының жолын жалғастырды. Өнертану саласының ғалымы болды.

Ғазиза Ахметқызының беделінің арқасында республикада өтетін мәдени шараларға бүкілодақтан белді композиторлар, музыка зерттеушілері жиі келетін. Апайымыз оларды ресми түрде күтіп алса да, шаңырағына әкеліп дәм татқызатын. Қазақтың салт-дәстүрін көрсететін. Сондай отырыстарға жақсы көретін студенттері, біздерді де шақыратын. Үлкендердің әңгімесін тыңдап, олармен таныссын дейтін. Шындығында солай болды, атақты Т.Хренников, Р.Шедрин, С.Ғұбайдуллина, А.Эшпай, Я.Френкель секілді адамдармен бітеқайнасып араласуға мүмкіндік таптық.

Төртінші курста оқып жүрген шағым. Сабақта отырған мені ұстазым өзіне шақырды.

– Бейбіт балам, сен Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының режиссері Әубәкір Рахимовпен хабарлас. Ол кісі маған «Фархад – Шырын» деген драмалық қойылымға музыка жазуымды өтінген еді. Өкінішке орай, қолым тимейтін болып тұр. Сондықтан, сол міндетті сенім артып саған жүктегелі отырмын. Бұл жұмыс соншалықты оңай емес. Ең алдымен режиссердің талғамынан шығуың керек. Қойылымның сырын ашып, көркін кіргізетін музыканы дүниеге келтіруің керек, – деді.

Сол күннен бастап Ә.Рахимов екеуміздің шығармашылық бірлестігіміз басталды. Бір-бірімізді жақсы түсіндік. Жұмыстарымыздың нәтижесіне көрермендер риза болды. Бұл да Ғазиза апайдың мені өрге сүйреген себептерінің бірі.

Бесінші курста балет жазуға ұмтылдым. Ұстазыммен ақылдастым. «Ең алдымен балеттің либреттосын жазады, содан кейін музыкасы туады. Сонда жеңіл болады» деп өзі биші, өзі ақын Дүйсенбек Нақыпов деген азаматты таныстырды. Дүйсенбек екеуміз «Махаббат періштесі», «Ер Төстік» деген екі балетті елге ұсындық.

Мәскеу – бүкіл кеңестер одағында оқитын студенттер пен аспирант композиторларға арнап бәйге жариялады. Ғазиза апайым менің де осы жарысқа қатысуымды қалады. Үш бөлімнен тұратын «Отты жер» атты симфониямды құжаттарымен бірге дайындап, конкурсқа жібердім. Нәтижесінде үшінші орынды иеленіп, лауреат атандым. Симфониям П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының үлкен залында орындалды. Осындай конкурстарда одан кейін екі шығармам жүлде алды. Екі жыл өткен соң Мәскеуге тағы жолым түсті. Бірақ онда жарысқа қатысушы емес, Қазақстанның атынан барған қазылар алқасының мүшесі ретінде байқаудың төрінде отырдым. Мені ұсынып көрсеткен Ғазиза Ахметқызы екенін кейін білдім.

– Бейбіт балам, сені Мәскеу консерваториясының ассистентура-стажировка оқуына жібермекпіз. Бұл болашағыңа керек және білімің жоғарылайды, – деді Ғазиза апайым. Атақты композитор А.С.Леменнің класында дәріс тыңдадым. Оның пайдасы көп болды. Менің дүниетанымыма, өнерді терең білуіме әсер етті.

Енді бір қызықты оқиғаны айтайын. Консерваторияны бітірген соң әскери бөлімшеден шақыру қағазы келді. Музыканттардың дені Алматы қаласындағы полктің немесе музыкалық ротаның құрамында қызмет атқаратын. Сондықтан өзіме өзім сеніп, шетірейіп тұрып комиссияға келдім. Қабылдайтын офицер менен өткен сері екен. Ол да шетірейіп тіркеу журналына әлденелерді жазып жатты. Қолын қойып, мөрін басты. Ертесінде мен отырған пойыз Алматыдан асып, батысқа қарай бет алды. Жетекші жігіттен жөн сұрасам, Отарға бара жатыр екенбіз. Сондағы әскери полктің мотоатқыштар бөлімінің құрамасына еніппін.

Бір жетіден кейін Ғазиза Ахметқызына жағдайымды айтып хат жаздым. Апайым дереу әрекет жасады. Мені Алматыдағы әскери штабтың оркестріне орналастырғаны бар. Сол күні қуанышымда шек болған жоқ.

– Бейбіт балам, – деді Ғазиза апай бір күні, – біз Әзірбайжан ағаң екеуміз (Әзірбайжан Мәмбетов Ғазиза апайдың жұбайы) министрліктің санаториясына бір жетіге екі жолдама алғанбыз. Екі орындық люкс. Соған бармайтын болып қалдық. Сен күндіз сабағыңа қатыс, кешке осы аталған санаторияда демал. Емін-еркін шығарма жазуыңа мүмкіндік туады.

Мұндай сәттілікті құр жіберуге бола ма. Скрипкада ойнайтын Серік Сырлыбаев деген досымды ала бардым. Министрлермен терезесі теңескен екі студент шалқып тұрып санаторийдің тамағын іштік. Не деген рахат өмір! Бірақ, сол рахат өмір бір күнмен ғана шектелді. Таң қылаң бергенде әлденеден тынысымыз тарылып ояндық. Ыстық моншаның ішінде тұрғандаймыз. Будан көз аша алмаймыз. Айнала әрең көрінеді. Еден көл-көсір су. Шатақтың басталғанын енді сездік. Шашыратқыш ыстық су жабылмай қалыпты. Екеуміз жанталасып жүріп аппақ, тап-таза сүлгілермен суды сорғызып, ваннаға сығып төге бастадық. Қысқасы, он бес минуттың ішінде ретке келтірдік. Көңіліміз жайланып қайтадан жата бергеніміз сол еді, бөлменің есігі тарсылдай жөнелді. «Олар осында» деген дауыстар естіледі.

Сөйтсек су төменгі үш қабатқа да кетіпті. Керегенің тұс қағаздары еріп түскен. Санаторий бастығы болған жайды консерваторияға, Ғазиза апайға айтатын болды. Біз оған жалынып жалпайып, барлық шығынды өтейтінімізді айттық. Содан кейін барып бір мәмілеге келгендей болдық.

Ендігі мәселе ақша табу. «Мен келесі жетінің аяғында өкімет сатып алған екі музыкалық шығармамның қаламақысын аламын. Оның көлемі шығынды өтеуге толық жетеді. Оған дейін қарызға ақша табуымыз керек» дедім. «Беке, қобалжыма, мен өзімнің курстас студенттеріме комсомол басшысы болғандықтан, ертең олардың шәкіртақысын жинаймын. Соны бастыққа берейік, сенің қаламақыңды содан кейін студенттерге таратамыз» деді ол. Бәрі біз ойлағандай дұрыс аяқталды.

Ұстазым қалай демалғанымызды сұрады. Мен рақметімді айттым. Бөгде әңгіме естілмеді. Сөйтсем Ғазиза апайым оқиғаның бәрін бес саусағындай біліпті. Санаторий бастығы оған жерден жеті қоян тапқандай қуана хабарлаған. Ал Ғазиза апай бізге ешнәрсені білдірген жоқ. Парасаттылық пен ақылдылықтың, сабырлылықтың мұнан басқа қандай үлгісі болуы керек?! Біздің әдейі істемегінімізді шынайы түсінген. Сол оқиға есіме түссе күні бүгінге дейін күлемін, әрі апайыма шексіз риза боламын.

1981 жылы апайым мені консерваторияның «Фолькорлық лаборатория» дейтін бөліміне жұмысқа қабылдады. Студент кезімде осындай мақсатпен талай рет ел аралағаным бар. Енді студенттерге өзім жетекшімін. Қазақтың халық әндерін жинап нотаға түсіреміз, зерттейміз. Композиторға мұндай экспедиция өте қажет және пайдалы екенін білдім. Бұл да ұстазымның маған жасаған қамқорлығының бір парасы.

Менің білетінім, әлемге әйгілі кәсіпқой үш әйел композитор бар. Олар – Ғ.жұбанова, С.Ғұбайдуллина және А.Пахмутовалар. Бүгінгі таңда сондай апаларының жолын жалғастырған талантты қазақ қыздары аз емес. Бұл – Ғазиза апайдың бастаған жолы жалғасып жатыр деген сөз.

Қазір алпыстан астық. Алатанымызды алдық, беретінімізді бердік. Енді өзіміз ұстаз атанған жайымыз бар. Бірақ, бәрібір Ғазиза апайдың бейнесі біздер үшін асқақтап тұрады. Сүйікті ұстазыма арнаған сағыныш сезімін «Уақыт жаңғырығы» атты симфониялық поэмамда жеткізуге тырыстым.

«Жыр жазамын жүрегімнен» деген әсем әнді бала кезден ерекше ұнатушы едім. Оның авторына тәнті болатынбыз. Сөйтсем бұл шығарманың иесі Ғазиза Жұбанова екен. Сол адамның ұстазым болғанына, маңдайымнан сипағанына, қамқорлық көрсеткеніне марқаямын. Ғазиза Жұбановаға да жүрегінен жыр жазатындар ешқашан толастамайды. Оған сенімім кәміл.

Бейбіт Дәлденбай,
композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.