Бейбіт Дәлденбаймен сұхбат

«Жүрегің нені қалайды соны музыкада көрсету керек»
Б.Дәлденбай.

Бейбіт ДәлденбайҚайырлы күн! Бүгінгі біздің қонағымыз – Бейбіт Әбілұлы Дәлденбай, Қазақстанның заманауи кәсіби композиторлық мектебінің жетекшісі, ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық және республикалық конкурстар мен фестивальдердің лауреаты, Қазақ ұлттық консерваториясының «Музыкатану, арт-менеджмент, әлеуметтік және гуманитарлық пәндер» факультетінің «Музыкатану және композиция» кафедрасының профессоры, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, композитор, педагог, орындаушы-кларнетист, музыка және қоғамның көрнекті қайраткері.

Бейбіт Әбілұлы, сәлеметсіз бе, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін үлкен рахмет! Сіздің музыкаңыз алғашқы нотадан бастап таң қалдырады, шабыттандырады.
Сұхбатты мен осындай сұрақтан бастағым келіп тұр. Біз білетіндей, Сіз өз ұстазыңыздың Ғазиза Жұбанованың дәстүрін жалғастырушысыз.Ол кісі әлемдік деңгейдегі композитор, Альфред Шнитке, Родион Щедрин, Софья Губайдулина, Борис Тищенко сияқты әлемдік композиторладың қатарларының бірі болып табылады. Бұл туралы толығырақ айтып беріңізші және Сіз оқыған сыныпта Ғазиза Жұбановамен білім беру процесі қалай құрылды?

Ғазиза Ахметқызы менің екінші анам десе болады, себебі Нарынқолдан келдім, ауылда өскем, қазақша оқығанмын, бесінші сыныптан бастап гармонда, аккордеонда ойнадым. Сосын мектептің іш-шараларына қатысып, Алматы қаласындағы конкурска келдік. Сол кезде Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек»операсына барып, көріп, койылымнан шыққан соң, мен музыкант болам, осы қалада оқығым келеді деген шешімге келдім. Кейін жетінші сыныпта АхметЖұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектебіне оқуға түстім. Сонда оныншы класстан бастап Александр Руднянский жүргізген композиция бойынша сабағына қатыстым. Ал бір кезде, он бірінші класста ол: «Бізге Курманғазы атындағы ұлттық консерваториядан үш профессорлар келеді, сендердін шығарған музыкаларынды тыңдайды» деді. Үш профессорлар дегеніміз, олар – Ғ. Жубанова, М. Сағатов, Қ. Қожамияров. Мектепті бітірер алдында, біз кларнет аспабына арналған қазақ пьесаны ойнауымыз керек еді. Бірақ, сол кезінде Қазақстан композиторлары шығармашылықтарында кларнетке арналған композициялар жоқтын қасында болған. Содан мен өз ұстазыма «кларнет аспабы үшін пьеса шығарып ойнасам болама» деп сұрадым, ол кісі «жақсы болады» деп келісімін берді. Емтиханның алдында өзім кларнетке арналған «Концерттік пьеса» атты шығарма жазып, ойнап шықтым. Сол кезде Ғазиза Жұбанова «осы баланы мен өз классыма алам» деп ұсынысын айтты. Осы уақыттан бастап менде жаңа өмір басталды. Ғазиза Жұбанова мені өз қанатына алып, композиция сабағындағы дайындық бастады. Ғазиза Жұбанова ұстазымның мінезін айта кетсем, өте мейірімді, адал, біздің консерваторияға қаншама жақсылық жасады, көптеген жастарды көтерді.Мысалы, студенттер арасында бұзықтары бар, сабаққа келмейтіндер болса, оған қарамастан таланты бар дарынды жастарды қолдады. Ол кісі Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға мұғалім ретінде жас мамандарды жұмысқа алды, олардың ішінде – Жәния Әубәкірова, Гаухар Мұрзабекова және т.б.

Енді қалай сабақ өткізілді деген сұраққа келетін болсақ, Ғ.Жұбанова әрдайым қолы бос болмайтын.Ғазиза Жұбанованың қызы, Дина,кітапта:«Менің анам күндіз консерваторияда, кешке үйге келіп, бізді қарайтын, ал түнгі он екі-ден бастап, таңғы үш-төртке дейін музыка жазып, таңертеңгі сағат сегізден бастап жұмысқа баратын» дейді. Сол кезде мен ойлайтынмын: екі сағат қана ұйықтады ма? Өте еңбекқор адам болатын. Бізге сабаққа келгенде байқайтынмын, екінші саусағын скотчпен орап қойғандығын, себебі қарындаштын кесірінен терісі ойылып кететін. Сол кезде қаншама опера партитураларын қолмен жазған. Еңбекқорлығы осы жерде көрінетін.

Ол кісінің дүниеден өткені, маған өте қиын болды. Ұстазымыз марқұм тірі кезінде кітап жазғанын кейін білдік. «Мой мир – музыка» атты кітабы шықты, соны оқысаңыздар, өз өмірі туралы, қандай жаңа балет, опера қойылымдары болды, оған қоса бәріне талдау жасап, әр мұғалімдер, студенттер туралы шығармашылық мінездеме қалдырдған.

Студент болғаным кезінде Ғазиза Жұбанова бізге нақты бағыт көрсетіп, түсіндіріп, мысалы, мынандай стиль, форма, гармония жағынан бізге толыққанды кеңес беретін.

Музыканттардың екі түрі бар деген пікір қалыптасқан. Кейбіреулер музыканы қатаң жоспарға сәйкес жазады, ал басқалары белгілі бір көңіл- күйде, өз сезімдері мен эмоцияларын білдіруге тырысады. Бейбіт Әбілұлы, Сіз өз шығармаларыңызды қалай жазасыз?

Бірде сұхбат кезінде И.Ф.Стравинский былай деген: «Музыка жазған кезде, барлық білетін білімімді артқа қалдырып, толықтай сезімге берілемін». Сол сиякты, жүрегің нені қалайды соны музыкада көрсету керек. Өзіме келетін болсам, әр жазған шағырмаларымда қазақ әуеніне тән мотивтерді кездестіруге болады, бірақ еуропалық композиторлық техникаларды уақыты келген кезде қолданамын. Өз оқушыларыма «болашақта режиссерлардан киноға, спектакльдерге музыканы жазуға тапсырыс келеді, сол себеппен композиторлар барлық жанрларда жазуға дайын болу керек» деп кеңесті айтуға ерінбеймін.

Сіз Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатына кеш түстініз. Комиссия мүшелерінің наразылығына қарамастан, сол кездегі мектеп директоры Түркістан Мақсұтұлы музыкаға таланты бар екенін көріп, Сізді мектепке қабылдады. Сол кезде мектеп директорына саксофонда джаз музыкасын ойнауды үйренгіңіз келетінін айттыңыз, Сіз арманыңызды жүзеге асыра алдыңыз ба?

Арманымды орындадым, одан бұрын мен орта мектеп оқушы болғанда,ағам гармошкада ойнауды үйретті, кейін музыкалық мектеп оркестр қатарында болдым. Сол уақытта «Мәдениет» деген журнал болатын, ішінде бір топ балалардың суреті, қолдарында үрмелі аспаптары бар, соны көріп қызығып, әкеме айттым: «Мен музыкант болғым келеді, қалаға апарындар».Бір жыл қалай өткенін байқамай қалдым, «әлі апарған жоқсындар,аспапта ойнағым келеді» деп қоймаған соң, тамыз айының аяғында қалаға жолға шықтық. Алматы қаласына ұшақпен келдік, мен сол кезде жетінші сыныпқа енді көшкен кезім болатын. Саусақтарымды тексерді, «қисық, бұл келмейді», мені қабылдауға«кеш болып кетті»деп комиссияда айтылды. Сол кездеТүркістан Мақсұтұлы келіп: «Мен басқа мектепке жұмысқа барам, менім соңғы баламды қабылдандар» деп өз үндеуін атты. Одан кейін маған бір аспапты таңдау керек деп тапсырма берді,ол уақыттагармошкада ойнай алатынмын, үрмелі аспаптан «саксофон бар ма» деп сұрадым, ол да «жоқ» деді, сол кезде саксофон мода-да (сәнде) болатын.Сосын бір жігіт маған «кларнетке кел» деді, ал мен «бұны оқысам, саксофонда ойнай аламын ба?» деп сұрадым. Ол:«Иә, болады. Менің ағам – Геннадий Федорович Лебедев, өте жақсы оқытушы, ұрыспайды» деп айтты.

Мектепті бітірер алдында менде екі жол болды: Москвадағы консерваторияға немесе Алматыдағы консерваторияға түсу. Г. Ф. Лебедевтен барып: «Мен композицияға барғым келеді, сіз ренжімейсіз ба?» сұрадым.Сосын ол кісі «сенде талант бар, жүрегің нені қалайды соған бар»деп кеңес берді. Содан атақты композиторы Ғазиза Жұбанованың классына, Алматы консерваториясынатүстім.

Оқуды бітірген соң армияға шақырды, онда мен оркестрге аранжировканы жасап, саксофон аспабында ойнадым.Қазіргі уақытта өз оқушыларыма: «Оркестрге барып онда бір аспапты меңгеру немеседирижерлауды үйрену керек, кейін музыка шығаруда пайдасы болады, әрбір аспаптың қырың біліп отырындар» деп айтамын.

Сіз композиция сыныбын жүргізесіз, үлкен мұғалімсіз, талантты, болашағы бар оқушыларыңызды айтып жібересіз бе!

Біразы оқуды бітіріп кетті, олардың ішінде Арман Жайымов магистратураны бітірді, Нуридин Нұрасыл өте талантты жас композитор, үшінші курста балетті тез жазып бітірді, Астана қаласында премьерасы болды. А. Жұбанов мектебінде оқып жүргенде фортепианоға арналған жинақ шығарған, Ходжабек Ілияс өте қабілетті, дарынды студентім.

Бейбіт Дәлденбай

Қазіргі уақытта Сіз әртүрлі жанрларда симфониялық, вокалдық-симфониялық, киномузыка, қазақ халық аспаптары оркестріне арналған, камералық музыка сияқты ерекше және жарқын туындылардың авторы болып табыласыз, осының ішінде бізге театр жанрының саласы қызықтырады. Біз білетіндей, Сіз қазіргі уақытта көптеген жетекші режиссерлермен, соның ішінде Нұрқанат Жақыпбаймен жақын қарым-қатынастасыз. Сіз онымен «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» мюзиклін жасау үшін жұмыс істедіңіз. Осы тәжірибе туралы толық айтып беріңізші.

Біріншіден, біз Нұрқанат Жақыпбаймен көптеген спектакілдер жаздық,оның ішінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мюзиклімен жұмыс жасадық.Мюзиклдің музыкасыншығаруда Артық Тоқсанбай үлесін қосқан, себебі оның компьютер жағынан тәжирібесі көп, мен негізен музыкамен айналыстым, ол болса аранжировкамен. Мюзиклдің бірінші премьерасы Республика Сарайында өтті, кейін Астана қаласында жаңа ашылған «Жастар» театрында қойылды, кейін театрлар фестивалінде Петропавл қаласында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мюзиклмен бас жүлдені ұтып алды. Нұрқанат Жақыпбай «Жастар» театрын ашты, қазіргі уақытта жас актерлерге көмек көрсетіп, үлкен биіктерге жетіп, болашақты дамытып жатыр.

Қазіргі уақытта сіз қандай да бір композицияға байланысты жобалармен жұмыс істеп жатырсыз ба?

2018 жылы екінші сәуір айында заманауи музыкаға арналған «Наурыз» фестивалі өтті, соған итальяндық флейтист Марио Каролиды шақырды. Соған арнап бір шығарма жазу керек деген тапсырыс келді. Соло флейтаға арналған пьесаны жазып, орындаушыға жібердім. Пьесанын атын «Илюзия» деп қойған себебім, флейта аспабының шеберлігін көрсеткім келді, бұл шығармада қос бас мультифоника, кварта-квинталық әдістерін қолдандым, алеаторика, шығарманын ортасында сылдырлаған судың дыбысын, клапанның соғуын қолдандым, жалпы айтқанда композицияның формасы еркін.

Шығарманы жазбас бұрын ең бірінші бастапқы мақсатым флейта аспабының барлық орындау ерекшеліктерін және мүмкіндіктерін көрсету болды. Орындау жағынан пьеса өте қиын. Кейін бұл шағарманы Марио Кароли шетелде ойнап, көрсетті.

Екінші шығарма квартетке арналған «Белес» деп аталады. Бұл композицияның бастапқы мағынасы былай, мысалы; жай өміріміздің ертең не болатыны белгісіз. Біз өміріміздің әр минутына қуанып, өз істерімен айналысып жүргемізде, кенеттен барлық ақпарат, радио желіснен, барлық жолдардың жабылғандығы туралы шұғыл хабар естиміз. Алматы қаласында 5-ші қаңтар айы, 2022 ж. қаңтар оқиғасы басталып кеттіті. Мен ол кезде, өз саяжайымда болғанмын. Жұбайыма қоңырау шалып барлық мән жайды сұрап білдім. Мұндай оқиғаны естіген мен, қатты қобалжыдым. Каскелеңнен Алматыға бара алмайсың, жолдың барлығын жауып тастаған. Сол толқыныс осы шығарманы жазуға түрткі болды. Шығарманың мәні мынада, біз өмір сүреміз, өмірден ләззат аламыз, кенеттен біз күтпеген оқиға болады, кейін бұл қорқынышты оқиға кетіп, біз арықарай өмір сүруді жалғастырамыз.

Бұл шығарманы 2022 жылы, сәуір айының басында ең бірінші рет «Астана Опера» театрың залында, Ғазиза Жұбанова атындағы ішекті квартет орындады: Айдар Токталиев – 1 скрипка, Алексей Лебедев – 2 скрипка, Бекзат Сайлаубайұлы – альт, Ернар Мынтаев – виолончель.

Бұл композицияда, сәл замануи техникалар қолдандым, формасы шағын, уақыт бойынша бес-алты минут орындалады. Бірінші бөлімінің негізінде қазағымыздың сазды әуені естіледі. Екінші бөлімде – сирена дыбысы желтоқсан көтерілісін сипаттайды, репризада – бастапқы әуенге қайтып оралады.

Бейбіт Дәлденбай

Бейбіт Әбілұлы, тағылымды сұхбатыңызға үлкен рақмет!

 

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Музыкатану және композиция» кафедрасының 4-курс студенті
Қадырова Жадыра

Жетекшісі – «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті Тоғжан Өмірзаққызы

, ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.