Дара тұлға

2014 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы,Халық музыкасы факультетінің деканы, ҚР еңбегі сіңген қайраткері, профессор Карима Сүндетқызы Сахарбаеваның шақыруымен консерваторияға жұмысқа орналастым. Кыркүйектің 2-ші жұлдызында консерваторияның Үлкен концерт залында Білім күніне арналған жиын өтті. Залда ине шаншар жер болмады. Әріптестерім Қуаныш пен Талғаттармен бірге артқы жақтағы орындарға жайғастық.Кенет, бүкіл зал бір адамдай орындарынан өре түрегеліп қол соға бастады. Ештеңеге түсінбей абдырап қалдым. Сөйтсем, сахнаға консерваторияның ректоры Жания Яхияқызы көтеріліп келе жатқанын байқадым. Бұл көрініс маған қатты әсер етті. Тамағыма жылымық тығылып көзімнен жас шығуға сәл-ақ қалды. Басшысын осыншама құрметке бөлеп,мәртебелі қошеметпен қарсы алғаны мені қуанышқа орап таңқалдырды.

«Мен, он жеті жыл бойы осы мерекеге дайындалып орысша сөйлейтін едім, ал бүгін өз ойымды ана тілімде, яғни қазақша жеткізгім келеді » деп алғы сөзін бастады. Жиналған жұрттың қошеметінде шек жоқ. Көзінен нұры төгіліп,жымиып, жайнап тұрған Жанияға осы сәтте сүйсінбеу мүмкін емес еді.

Жания Әубәкірованың қатысқан концерттерінен қалмауға тырысамын. Әр концерттен жаңашылдықты байқап,түрлі шығармашылық бағытта ой түйемін. Осындай концерттердің бірінде Консерватория студенттерінің симфониялық оркестрін таныстырып, концертті жүргізіп тұрған Жания Яхияқызы; «Кейде қаншама тер төгіп дайындалғаныңмен жаттаған шығармаңның орындалуы көңіліңе қона бермейді, ал сахнада әлгі шығарманы орындағанда өзіңе-өзің сенбейтіндей өте жақсы орындап шығатын кездер болады.» деп астарлы пікір білдіру арқылы нағыз кәсібилікті жоғары қоятыны және жас музыканттарға серпінді ниет білдіретінін аңғартты. Бұл әрине бәрімізге белгілі, кез-келген музыкантқа таныс құбылыс, ал оның шешімін ғылыми тұрғыда негіздеп, шәкірт жүрегіне жететіндей баян еткені мені шынымен таңырқатты. Ұйқысыз түндер мен мазасыз күндердің қарымын, қайтарымы ретінде сананың ми клеткаларының қабылдау дәрежесін жауапкершілік пен тоқтаусыз еңбек екенін дәлелдеп, әс-әрекеті арқылы адам бойындағы тылсым қабілеттерді ашады екен.

2015 жылы аталған оқу орнының Халық музыкасы факультетінің 70 жылдығына арналған концертте кафедра ұстаздарынан құралған ансамбль өнер көрсетті. Концерттің соңына таман шыққан ансамбльді халық үлкен қошеметпен қабылдады. Ән мен күйді қосып орындаған поппуриіміз сәтті шыққан тәрізді. Көрермендер орындарынан тұрып қол соқты. Сахнада отырған менің көзіме Жания Яхияқызы түсті. Кенеттен орнынан тұрып қол соғып жатқан Жания Яхияқызының орындығына егде жастағы қарт кісі отырып алды. Орындығының бос емес екенін байқаған Жания Яхияқызы ойланбастан жерге отыра қалды. Мұны көріп тұрған мен үшін бұл сәт ыңғайсыздық туғызды. Алайда, ол кісі осы жағдаят арқылы тұла бойы ізгілікке толы, парасаты биік, ұлылық пен кішіпейілділікті қатар ұстанған нағыз өнер иесі екенін дәлелдеді.

Өмірде Ана, өнерде жұлдыз (шын мәнінде), қызметте білікті басшы,ұлағатты ұстаз, ғалым, дара әрі дана тұлға осыншама қабілетпен қасиет дарыған қазақ аруы, үнемі жадырап жүріп жан-жағына шуағын шашатын Жания Яхияқызы қазақтың бағына жаралған жан дерсің.

 

                                                                           Төлепберген Тоқжанов,
ҚР мәдениет қайраткері,
Құрманғазы атындағы ҚҰК Домбыра кафедрасының доценті

,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.