Домбыраны жүрегіне серік еткен…

Қазағымның ғұмырына нәр берген де, азаптан арашалаған да, алдынан жарқыраған ай боп туып, алысқа шақырған да, асудан асырған да, жауға шапса семсеріне күш берген де арғы-бергідегі бар болмысының күре тамыры – құдіретті күй. Күй қазақтың өмір қазығы – ұлықты ұраны. Күйді де, күйшіні де өмірге келтірген, оған ұзақ өмір, мәңгілік мансап, биік тұғыр берген де халық. Сондықтан болар, күй халқымен бірге жасап, ғасырды ғасырға жалғап, бақилық ғұмыр кешуде.

Киелі өнердің қара шаңырағына айналған Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық Консерваториясы түрлі концерттер мен конкурстарда қазақ өнерін паш етіп жүрген жас таланттармен мақтана алады. Сол дарын иесінің бірі — қазағымыздың қара домбырасында сыңғырлайтын қасиетті күй өнерін құрметтей білген Долдашов Болат Махамбетұлы туралы қалам тартудың реті келген де сияқты. Қаршадайынан қасиетті домбыраның қадірін ұғынып, өнегелі әкенің тәлімді тәрбиесін көріп, өнер жолында өресі биік ұстаздардың алдын көрген Болат күй әлемінде бірнеше халықаралық, республикалық, аймақтық конкурстардың лауреаты. Атап айтсақ:

Болат Долдашов

2007 – Ақтау қаласында өткен Есір атындағы республикалық колледж аралық конкурста – 3 орын;

2008 – Ақтау қаласында өткен Мұрат Өскенбайұлы атындағы республикалық конкурста – 3 орын;

2008 – Астана қаласының он жылдық мерейтойына байланысты өткен «Астана — Арқау» түркі музыкасының фестивалінде қазақтың дәстүрлі музыкасының хас шеберлерімен қатар өнер көрсетті;

2009 – Сержан Шәкірат атындағы республикалық конкурста – 3 орын;

2009 – Әзидолла Есқалиев атындағы конкуртса – 3 орын;

2009 – Алматы қаласында өткен «MUSIC FORUM KAZAKHSTAN» атты республикалық музыкалық олимпиадада – 1орын;

2010 – Алматы қаласындағы республикалық колледжаралық конкурста – 2 орын;

2011 – Орал қаласында өткен Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойына арналған республикалық конкурста – 1 орын;

2011 – Астанада өткен «Шабыт» конкурсында – 1 орын;

2011 – Құрманғазы атындағы ҚҰК-да өткен республикалық олимпиадада – 2 орын;

2012 – Атырау қаласында бірінші рет өткен Рысбай Ғабдиев атындағы «Күй қағаны» атты күйшілер сайысында – 2 орын;

2012 — Құрманғазы атындағы IX Республикалық халық аспаптарында орындаушылардың конкурсында дипломмен марапатталды.

 

«Атырау — өлке тағдырдың сағы сынбаған,

Өнердің талай нар кескендерін шыңдаған.

Құрманғазы, Дина, Ерғали күйі шертілсе

Кәрісі-жасы демдерін алмай тыңдаған»,

дегендей құнарлы жер, текті әулеттен шыққан Долдашов Болат талай дүлдүлдердің үні қалған Атырау облысының қасиетті Құрманғазы ауданына қарасты Балқұдық деген ауылда дүниеге келді. Болаттың алпыс екі тамырды игеретін күй дәстүріне келуі де тегін емес еді. Өйткені, әкесі Долдашов Махамбет те туған топырағының атын асқақтатып жүрген домбырашы.

Жастайынан тұла бойды түршіктіріп, аса зор сезіммен тыңдарман жұрттың алпыс екі тамырын идірген домбырада ойнау шеберлігі өнер сүйер қауымның назарында. Күйге деген құштарлығы арманын арқалатып Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы, Атырау музыка колледжіне алып келді. Мұнда талай лауреаттарды дайындаған Жолдасова Кларадан сабақ алды. Қазіргі таңда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық Консерваториясының бітіруші түлегі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қорының студенттік шәкіртақысының иегері (ұстазы — бірнеше халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Арман Жүдебаев).

Болат Долдашов и Арман Жудебаев

Болат Долдашов и Арман Жудебаев

Достарының арасында беделді, байсалды бола білген Болат консерваторияның оқу үздіктері қатарынан ойып тұрып орын алады. Сан ғасырдың бойында көнермей сақталған құдіретті қара домбыраны жанына серік етіп келе жатқан жас таланттың бойына дарыған қасиетіне Болаттың колледж, консерватория қабырғасында берген концерттерінде куә болып жүрміз.

Күй – жан дүниенің зар-мұңын, тіршіліктің тірлігін жеткізеді. «Тепсе темір үзер жігіттің» бойында тасып тұрған талант бар. Оның тағы бір дәлелі — Болаттың домбырада ойнауының өзіндік мәнерлілігі. Аспапта ойнағанда оның саусақтары домбыра мойнында билей жөнеледі десем, артық айтпаған болар едім. Ата-бабамыздан қалған қасиетті аспаптың күмбірін тыңдаушы құлаққа еппен жеткізуінің өзі — туған жердің топырағынан нәр алған талантын тағы бір айқындайды.

Болат Долдашов

Домбыраның да өкініш пен мұңды, қуаныш пен сағынышты баяндайтын үні бар. Әсерлі үнді естір құлаққа жеткізе білу екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Ойы жүйрік, санасы сергек Болаттың қанында бар күй өнерін бойына арқалап келе жатқанының өзі әке жолын жалғастыру, қасиетті ата-баба аруағын келер ұрпаққа дәріптеу деп ұққан жөн болар.

Қазағының атын әлемге асқақтатар ұлы өнердің биік белестерінен көріну – Болаттың бала кезден арқалап келе жатырған арманы шығар, сірә?! Арман да адам талғайды деген бар. Он саусағы домбыра құлағында жүгіре жөнелгенде, арманының иесінен алыстамағанын байқайсың. Алдағы уақытта асқақ армандарың орындалып, сені өнердің биік шыңдарына жетелесін деп тілек білдіреміз!!!

«Өнерден ұл екенсің құя салған,

Күй-бұлбұл, саусағыңа ұя салған.

Өткейсің баса-көктеп, шықса егер,

Тағдырдың талай-талай қиясы алдан!»,

деп қазағым жырлағандай, болашақта күй атасы Құрманғазының, батыр, ақын Махамбеттің, сырлы саздың сардары Дәулеткерейдің, күй анасы Динаның құдіреті дарыған, өсер ұрпағына қасиет болып қонған туған өлкесінен Долдашов Болаттың шығармашылық жеке концертін тамашалаймыз деген зор үміт күтеміз…

 

Сандуғаш ҒИНАЯТОВА,

музыкатану мамандығының 4 курс студенті

, ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.