Қараша айынының 25-күні Мәдениет және спорт министрлігі мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық музыка факультетінің бірлесуімен өткен, «Халық әні» кафедрасының 35 жылдығына орай, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының Еркеғали Рахмадиев атындағы үлкен залында әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Рамазан Стамғазының «Шалқы көкке, сұлу ән» атты концерті өтті.
Концерт студенттік оркестр сүйемелдеуімен Ақан серінің «Алты басар» әнімен басталды. Артынша оркестрмен халық әні «Ойланшы өзің», Жаяу Мұсаның «Ақ шашақ» әндерімен жалғасты.
Концерт форматы консерватория қабырғасының студенттерімен бірлесіп қоюға негізделген. Яғни концерттің негізгі мақсаты — кафедраның қазіргі студенттерімен бірігіп, өз шәкірттеріне, дәлірек айтсақ жас буынға өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, үлкен сахнадағы шеберлігін шыңдауға ықпал ету болды. Сонымен қатар концертте консерваторияның студенттік халық аспаптар оркестрі өнер көрсетуінің бірден бір себебі де осы.
Әдемі ән кеште Р.Стамғазының шәкірттерінің де шеберлеп орындаған әндері тыңдарман құлағына жете білді. Кафедраның IV курс студентi Көпбосын Айсұлтан Тайжанның «Сыр елі» мен Естайдың «Кіші қоңыр» әндерін айтса, жақында ғана өткен V-Мәди Бәпиұлы атындағы республикалық әншілер байқауында бас жүлдеге ие болған Мұратхан Диас«Ақтанбердінің толғауы» мен Естайдың «Жайқоңыр» әндерін орындап тыңдарманның ерекше ықыласына бөленді.
Концертте Р.Стамғазы Балуан Шолақтың «Ғалия» әнін, «Ноғайбайдың әнін», Үкілі Ыбырай «Гәкку» әнінің 3-түрін, Біржан салдың «Ақсеркеш», Берікболдың «Ағаш аяқ» сияқты әдемі әндерін орындады.
Студенттер ішінде Майра Уәлиқызының «Майра» әнінің 3- түрін айтып Аружан Жұпарбекқызы тыңдарманның қошеметіне бөленді. Концертте II курс студенті Аманғазин Сәулет Үкілі Ыбырайдың «Толқынын» айтса, Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әнін III курс студенті Жуасбеков Нұрдәулет орындады. Шәкірттерді соңын Р. Стамғазының шәкірті Өзгеріс Шерікбай Жарылқапбердінің «Шама» әнімен аяқтады.
Концерт Рамазан ағайдың орындауындағы халық әні «Шәмші-Бану» ,«Бозторғай», Мұхит «Кіші айдай», Қырбай салдың «Ей қалқа» әндерімен жалғасты. Одан соң оркестрдің сүйемелдеуімен, халықтың сүйіп күткен Т.Шапайдың әні мен Н.Айтұлы сөзіне жазылған «Дариға дәурен» әнін орындады. Концерт соңын К.Әзірбаевтың әні мен Н.Бекежановтың сөзіне жазылған «Жаса Қазақстан» әнімен әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Рамазан Стамғазының «Шалқы көкке, сұлу ән» атты концерті өте сәтті аяқтады. Кеш соңында Рамазан Стамғазының анасы Серкебаева Ұлдақан Қыдырбайқызына гүл шоқтары табысталды.
Ән кешін өткізген әнші ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Рамазан Стамғазы ағаймен сұхбаттасып, концерт жайынан сыр тарттық.
— Ағай, қайырлы күн! «Шалқы көкке, сұлу ән» атты концертіңіз ойдағыдай өтуімен құттықтаймыз! Бұл концертті қоюды қай уақытта жоспарладыңыз, және өз ойыңыздан шықты ма?
— Рақмет, 2019 жылы осы консерваторияға келген бетте, осындай концерт өткізейін деген ой келген болатын. Бірақ ол жылдары балалар I, II курста, онша сахнаға шыға қойған жоқ. Балалардың қанаттары қатайып , бұғанасы бекіп, көкірегінен дауысы түзеліп, ән ырғақтарын сезініп, сахналық келбеті бола бастағаннан кейін концерт берейін деп шештім.
Соны ойлап жүргенімде осы кафедраның 35 жылдық мерейтойы да келіп қалды. Қыркүйекте дайындық жұмыстарды бастадым. Әндердің партитураларын жаздырдым, біраз репертуарлар араладым, «бұл жолы не айтуға болады» деп көп ойландым. Өйткені кешке консерваторияда оқыған сауатты адамдар, алдыңғы буын ұстаздарымыз, әлемдік деңгейде сахнада жүрген адамдар жиналатынын білдім. Сондықтан басқа оркестрден көрі, осында оқып жатқан студенттік оркестрмен өтуді жоспарладым. Балалармен дайындық та қызық өтті, басқа кәсіби мықты оркестрлерге қарағанда студенттердің еңсесінің көтеріліп оларды қанаттандыруды, және сахналық практиканы көрсетуді жөн көрдім.
— Шәкірттеріңіздің репертуарларын өзіңіз таңдадыңыз ба?
— Мен енді өз балаларымның не айтатынын білемін ғой, сондықтан репертуарлық саясатқа келгенде қазақтың халық әндерін, классикалық әндерін, Абайдың әндерін, көп айтылмайтын архив қойнауынан шыққан көне ғасырдан келе жатқан Құлтуманың әндерін шығаруға тура келді. Бергі жағында Майраның әндерінің айтылмаған түрлерін шығаруды ұйғардым.
Өзімнің де бұрыннан айтып жүрген Ақансерінің «Алтыбасарын», күнделікті домбырамен естіліп жүрген «Дариға Дәуренді» оркестрге түсіру арқылы тыңдарманға басқа қырынан естірткім келді. Оның үстіне шәкірттерімнің сопрано, баритон, тенор секілді әр баланың өзіңе тән дауыс бояуы болғандықтан соған сай таңдадық репертуарды.
Әрине, балалар мен ойлағаннан да биіктеу айтуы керек еді, алайда қанша айтқанымызбен қарайған тыңдарманның алдында халықтын мысы, оның үстіне сахнаның киесі деген бар ғой, және сахнаға көп шықпаған балалар болғандықтан ойлағанымның 95 пайызын орындап шықты деп ойлаймын. Сондықтан шама келгенше айттық, біреуге жақты біреуге жақпаған да шығар, алайда концерттен соң жазып жатқан тілек пен ықыластарға қарап тыңдарманға жетті деп ойлаймын.
— Тамаша, осы орайда кафедраның 35 жылдығы аясында өткізілген конференциялар, ашылған класстар туралы бір ауыз айта өтсеңіз?
— Енді ол өте тамаша нәрсе, ал ашылған классқа келсек, Баяғыда шынымен де осы өткен ғасырда халық әні кафедрасын ашу үшін аянбай тер төгіп, кез келген министрдің есігін тоздырып, қазақ халық әндерін, қазақ композиторлардың әндерін, өз деңгейінде ұлттық деңгейде жеткізуге үлкен атсалысып, қанды 86-шы жылдарынан кейінде қаншама еңбек еткен, осы кафедраны ашылуына бірден-бір себепкері Әмина Өмірзақова. Осы кісіге кафедраның атын беруі мені өте қатты толғандырды. Мен тұрмақ қасымдағы әріптестерімнің де көңіліне үлкен бір қуаныш болды.
Оның бержағында жауһардың сынығы да жауһар дегендей, Кезіндегі Жүсекеңнің қолынан ән алған, Жүсекеңнің ақ таяғын ұстаған екі бірдей жүйрік шәкірті Жәнібек ағамыз бен ҚР халық әртісі Қайрат Байбосынов екеуінің атына берілді. Бұл келер ұрпаққа үлкен мотивация. Біз оларды Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов дегеннен көрі, оларға арнайы класстар бөліп, ол анау есіктен кірген бала кімнің классына кіріп келе жатқанын, қайда кіріп келе жатқанда “ол кісі кім еді?” деген ой әр есіктен кірген сайын олардың санасында сайрап жатады.
Қайрат пенен Жәнібекті білген адам Жүсіпбек Елебековты тани бастайды, Жүсекеңді білген адам Әмрені тани бастайды, Әмрені таныған адам сол кездегі қазақ даласында ән салған небір майталман әншілерді білуге құмартады. Сондықтан бұл да бір келер ұрпаққа бой түзеу, ән көшінің сән-салтанатымен жүруге үлкен ықпал, үлгі- өнеге деп білемін. Оның бер жағында осы кафедраның ең алғашқы құрылуына ат салысқан қазақтың үлкен жырауы Алмас Алматовтың да кезегі күтіп тұрғанын да айтпасақ болмас. Өйткені келесі жылы 70 жыл мерей тойына арнап ашылмақшы. Сондықтан барлығы өз уақытында кезек-кезегімен , лег-легімен келері айқын.
— Сізге үлкен рақмет ағай, жұмысыңызға табыс, шәкірт тәрбиелеуде қажымас қайрат тілейміз!
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының
«Халық әні» кафедрасының 4-курс студенті
Жанар Қорғанова
Жетекшісі — «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті Ғалия Қалымова