Заманауи дарынды сүретші Оралбек Қабөкенің елді қуантқан көрмесі

Қазақ мәдениетінде бейнелеу өнерінің алатын орны ерекше. ХХ ғ. басындағы қазақ бейнелеу өнеріне жол салған, негізін қалаған кәсіби суретші Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов ізін жалғастырушы жаңа буын өкілі, дарынды тұлға, өзіндік қолтаңбасы бар талантты өнер иесі – Оралбек Қабөке. Оның туындылары ұлттық колоритке бай, жылы әсерге толы әсемдігімен, философиялық мазмұндық ойымен ерекшеленеді.

Оралбек Қабөке

— Сәлеметсіз бе, Оралбек аға! Бізге сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымыз шексіз! Ең алдымен өзіңіз туралы, бейнелеу өнеріне қалай келгеніңіз жайлы айта кетсеңіз?

Сәлеметсіз бе! Мен 1987 жылы Қытай Халық Республикасында Алтай жерінде дүниеге келдім. Бала кезімнен өнерге жақын болып өстім. Егер суретші болмасам, әдебиетші болар едім. Әдеби шығармаларды оқығанды қатты ұнатамын. Кішкентай кезімнен сурет сала бастадым, соның ішінде адамдардың портретін салғанды жақсы көретінмін. Осы қызығушылығымның арқасында 2007-2011 жж. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы «Кескіндеме және мүсін» факультетінен «кескіндеме» мамандығын тәмамдадым. Академия қабырғасында ұлағатты ұстаз, белгілі қылқалам шебері – Жұмақын Қайраңбаевтан сабақ алдым.

— Шығармашылығыңыздың ерекшелігі неде?

— Әр суретшінің өз қолтаңбасы бар. Сол секілді менің суреттерімнің композициялық құрылысы, бейнелеу шеберлігі, алатын тақырыптық мазмұны жағынан болсын көрермен бір деңгейде таниды. Әр композициямды образдармен ашуға тырысамын, яғни жарық пен көлеңке, формалардың үлкен мен кішілігі, ауырлығы мен тереңдігі, ақ пен қара арасындағы қарама-қайшылық және ыстық пен суық сияқты қағидаларға негізделген.

Оралбек Қабөке Оралбек Қабөке

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Суреттеріңізде қандай стильдер көрініс табады?

Мен әр стильде жұмыс жасап көрдім, менің жұмыстарым реалистік бағыттағы натурализмге жақын. Қазіргі таңда әртүрлі бағыттардың (кубизм, сюрреализм, символизм, метамодернизм) қосындысынан жинақталған туындыларым бар.

— Сіздің көптеген марапаттарыңыз бар. Соңғы жылдары қандай жетіктістерге ие болдыңыз?

2013 жылы Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, 2015 жылы Қазақстан жас суретшілер одағының төрағасы қызметін атқардым. Сол жылы Мәскеуде өткен «Салон-2013» көрмесіне қатысқаннан кейін, ТМД көлеміндегі жалпы кәсіби суретшілердің тізіміне ендім. Шетелдегі «Қазақ жастары және ана тілі» атты халықаралық өнер фестивалінде бас жүлдеге ие болдым. Қазақ хандығынаң 550 жылдығына арналған республикалық «Каспий көкжиегі» атты суретшілер байқауында және т.б. халықаралық конкурстарда лауреат атандым. Жеткен үлкен жетістіктерімнің бірі – 2019 жылы Еуропа, ТМД елдерінен сарапшылардың қатысуымен өткен Қазақстандағы 50 заманауи суретшілердің тізімінде болуым. 2016 жылы тамыз айының соңында Болгария астанасында өтетін халықаралық байқауға әділқазы болып, шеберлік сабақ өткізуге шақырту алдым.

— Жасаған жұмысыңыз қаншалықты бағаланып және қандай нәтиже беруде?

Осы уақытқа дейін бес жеке көрме жасадым. Жуырда Елордада алтыншы жеке көрмем өтті. Жұмыстарым Қазақстан өнер мұражайында, ұлттық және шетелдік мұражайларда қойылып, сатылған.

— Сіз бес жеке көрме өткіздім деп жатырсыз, сол көрмелеріңіздің идеялық мазмұны қандай болды?

2018 жылы Қастеев мұражайында өткен көрмем бір тұжырымдамада болып, «Біртұтас» деп аталды. Бұл адам мен адамның арасындағы, ерлі-зайыптының, ұрпақ пен түп-төркіннің, кәрі мен жастың, үлкен мен кішінің байланысы туралы тақырыптарды ашуға, жалпы өзімнің қоғамымды бейнелеуге тырыстым. Әрине, әр жұмысымда өз ойымды толық ашып көрсетпей, өзім айтуға тиісті, көрсетуге тиісті затты кескіндеме бетінде бейнелеуге міндеттімін деп санаймын, ары қарай көрерменнің өз ойлауына қалдырамын.

Оралбек Қабөке

Елордада өткен жеке көрмеңіз жайлы айтып берсеңіз.

Елордадағы ұлттық мұражайда «Бейне» атты жеке көрмем өтті. Бұл көрменің «Бейне» деп аталуы тегін емес. Өйткені ол менің шығармашылық бейнем ғана емес, қоғамдағы әр құбылысты жан-дүниеммен сезініп өткізген бейнелердің жиынтығы десем болады. Біз қазір уақытпен жарысып күн кешеміз. Әрбір өнер адамы өзі өмір сүрген уақытты бейнелейді. Мен де ұлттық бейнеден ажырамай, өз дәуірімнің келбетін сомдап, халқымның болмысы мен ерекшелігін бейнелесем, деген мақсат-мүдде болды. Көрмеге 90-нан аса туындыларым қойылды. Оның біраз бөлігі осы жылы салынған жұмыстардан құралып, арнайы тақырыптарға бөлінді. Әр туындымда ұлттық болмысымызды, адамдық қасиетімізді, қазіргі мың құбылған уақытты көрсетуге тырыстым. Мысалы, «Уақыт және құн» атты жұмысымда алғашқы ұлттық теңгемізде жарияланған айтулы тұлғаларымыздың бейнесі айшықты бейнеленген. Сонымен қатар, қазақи отбасылық құндылықты дәріптеген туындылар да келушілерге мазмұнды ой салады.

Оралбек аға, өнеріңіз табысты болып, қаламыңыз ұштала берсін!

Оралбек Қабөке Оралбек Қабөке

   

Көрмеге қатысқан елімізге белгілі суретшілердің пікірлері

Монументші-суретші Сембіғали Смағұлов:

«Сонау 90-шы жылдардағы қиыншылық кезеңде бейнелеу өнерінің дамуы кішкене бәсеңдеп қалды. Себебі оған сол кездегі күрделі жағдайдың әсері тиді деп ойлаймын. Қазір бейнелеу өнеріне дарынды жастар көптеп келіп жатыр. Соның бел ортасынан Оралбекті көремін. Бүгін біз оның елді қуантқан көрмесінің куәсі болып отырмыз. Талантты суретшінің әр жұмысынан ұлттық бояуға бай қолтаңбасы айшықталып тұрады. Оны ешкімге ұқсата алмайсыз. Ізденгіш, айтар ойы да терең».

Танымал қылқалам шебері Лейла Махат: «Оралбек өмірге өзгеше қарайтын суретші. Ол халқымыздың тарихы мен салт-дәстүрін жақсы біледі. Бір жағынан, шығармаларынан өнерге адалдығы көрінеді. Бүгінгі көрмесі соның айғағы».

 

Арт-менеджмент, музыкатану және композиция факультеті
«Музыкатану және композиция» кафедрасының 4 курс студенті
Жансұлу Әділжанова
Жетекшісі – «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті Ғалия Қалымова

, , ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.