Қазақтың дәстүрлі өнері атадан балаға, ұстаздан шәкіртке ұласып табиғи жалғастығын тауып келе жатқан құбылыс. Ұлы өнерімізді сақтау және келер ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізу-халқымыздың бойына сіңген қасиет. Осындай ұлы өнерді ұлықтап келе жатқан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасына 35 жыл толып отыр.
Консерваторияда ұлттық ән салу үлгісіндегі өнерпаздарды оқыту керек деген бастаманы алға тартып, Халық әні бөлімін ашуды ұсынып, кейін осы бөлімнің алғашқы меңгерушісі болған Әмина Нұғыманова (Бафина) еді. Сөйтіп Халық әні кафедрасын ашу ісі 1987 жылы қолға алынып, консерватория ректоры Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновтің тапсырмасымен студенттер қабылдау жөнінде шешім қабылданды. Бастама консерватория ішінде үлкен мәселеге айналып, дербес Халық әні кафедрасын ашу идеясы шындап талқыға түсе бастаған 1987 жылы тәжірибелік негізде ашылған Халық әні бөліміне арнайы тізіммен бес студент оқуға қабылданып, Халық әні кафедрасының қазығы қағылды. Олар Бекболат Тілеухан, Берік Жүсіпов, Ержан Қосбармақов, Базаргүл Рақышева, Мейіргүл Нұрмағанбетова болатын.
Биыл «Халық әні» кафедрасының негізі қаланғанына 35 жыл. Осы жылдар ішінде кафедрадан халыққа танымал көптеген тұлғалар шықты. Халық әні бөлімі студенттері алғашқы жылдары Айтқали Жайымов басқаратын Домбыра кафедрасының құрамында болды. Дербес «Халық әні» кафедрасын құру, оның құрамын, оқу жұмыс бағдарламасын дайындау мәселесі бір сәт те тоқтап қалмай, жұмыс әрі қарай жүргізіле берді. 1987–1988 жылдары дәріс беруге шақыртылған алғашқы ұстаздар қатарын Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Набат Ойнарова, Алмас Алматов, Жақсылық Сәрсенғалиев, Наурызбек Нұржаубаевтар құрады. «Халық әні» кафедрасы кейін Республикадағы көптеген жоғары оқу орындары жанынан дәстүрлі ән өнері мамандығының ашылуына зор ықпалын тигізді.
«Халық әні» кафедрасының өз алдына дербес қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген әнші, жазушы Жәнібек Кәрменов еді. Ол бұл кафедраны 1990 жылдан өмірінің соңына, яғни 1992 жылға дейін басқарды. Ж. Кәрменовтың кезінде Халық әні кафедрасы өзінің қалыптасу, болашақ бағыт-бағдарын анықтау кезеңдерінен өтті. Қазіргі таңда кафедраны философия докторы (PhD) Аманкелді Ұзақбайұлы Күзеубай басқаруда. Бүгінде Халық әні кафедрасының орындаушылықпен қатар педагогикалық және ғылыми бағытын тереңдету ісіне көңіл бөлінуде. Осы уақытта Құрманғазы атындағы ҚҰК шетелдік аккредитациядан өтіп, кафедра еңбегі көрсетілді. Оқытушылар шетелдік эксперттердің оң бағасын, әлемдік деңгейдегі кәсіби маман санаты сертификатын алды. Бүгінде кафедрада Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр, Алтай-Тарбағатай өңірлерінің әншілік-жыршылық мектептері бойынша С. Жанпейісова, Р. Стамғазы, А. Қосанова, Е. Шүкіманов, А. Исатаева, Т. Құрманғалиев, А. Күзеубай, Э. Қарабалина, Т. Әбуғазы, В. Қаржаубаева, А. Исламғалиев, К. Қайрулла сияқты елімізге танымал ұстаздар дәріс береді.
Қазіргі таңда «Халық әні» кафедрасының 35 жылдығына арналған көптеген іс-шаралар өтуде. Атап айтатын болсақ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші, ұстаз Ардақ Исатаеваның «Інжу-Маржан» атты класс концерті, Әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Рамазан Стамғазының «Шалқы көкке, сұлу ән» атты концерті, Құрманғазы атындағы ҚҰК доценті, PhD докторы, ҚР мәдениет саласының үздігі Аманкелді Күзеубайдың «Сал-серілер ізімен…» атты класс концерті болып өтті. Күні кеше ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, әнші, ұстаз Сәуле Жанпейісованың «Менің сәйгүліктерім» атты шығармашылық кеші өтті. Кеште көптеген елімізге танымал әншілер, Халық әні кафедрасының түлектері өнер көрсетті. Сонымен қатар, 2 желтоқсан күні Халық әні кафедрасының 35 жылдығына арналған «XXI ғасырдағы түркі халықтарының ұлттық орындаушылық өнері: зерттеу және білім беру мәселесі» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Көп жылдар бойы кафедрада еңбек етіп келе жатқан әнші, ұстаз, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, доцент Ардақ Исатаевамен сұхбаттасып, кафедраның тыныс-тіршілігі жөнінде сыр тарттық.
— Ардақ апай, 35 жылдық тарихы бар «Халық әні» кафедрасының қазіргі таңдағы тынысы туралы не айта аласыз?
— Осы 35 жыл ішінде көп дүние жасалды. Кафедрамызда қаншама меңгерушілер болды. Ең бірінші болып кафедра меңгерушісі қызметінде Алмас Алматов, кейіннен Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов ағамыз, Бекболат Тілеуханов, Берік Жүсіпов, Сәуле Жанпейісова, Ұлжан Байбосынова, Ардақ Исатаева секілді өнер майталмандары болды. 2016 жылдан бастап өзімнің щәкіртім, PhD докторы Аманкелді Күзеубай кафедраны басқарып келеді. Кафедрамызға осы уақыт аралығында көптеген жаңа мамандар келді. Жас мамандарға қолдау көрсетілді. Мысалға алатын болсақ, Эльза Қарабалина, Венера Қаржаубаева, Күнқожа Қайрулла, домбырашылардан Ақтоты Дүйсебаева сынды мамандарымыз бар. Ректорымыздың қолдауымен, арнайы шақыртумен Батыс өңірінен Армат Ислямғалиев әріптесіміз шақыртылды. Көптеген студенттеріміз халықаралық, республикалық сайыстардың лауреаттары атанды. Ол осы ұстаздардың мәртебесі, солардың тынымсыз еңбегінің арқасында студенттер үлкен дәрежеге жетіп жатыр деп білемін. Қаншама ұстаздар жеке монографиясын, кітап, жинақтарын, мақалаларын жазып жатыр. Мемлекеттік емтихандарда ұстаздарымыз түрлі оқу орындарына арнайы шақыртумен комиссия ретінде барып жатыр. Түрлі халықаралық, республикалық сайыстарда кафедра ұстаздары қазылық етіп, өздерін түрлі қырларынан сынай түсуде. Осының барлығы көп жылдық еңбектің арқасы.
— Қазіргі таңда халық әні мамандығының өзіне жыл сайын жиырмаға тарта студент қабылданады екен. Дәстүрлі өнерімізге деген сұраныстың артқаны қуантады. Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?
— Жалпы осы уақытқа дейін шыны керек, біздің кафедрамызға жыл сайын 10-12 студент қабылданатын. Біз оқыған жылдары тіпті 5-6 бала қабылданатын еді. Қазір енді сұраныстың артқаны да шығар, бір жағынан ректорымыз Арман Әділханұлының қолдауымен және кафедра меңгерушісі Аманкелді Күзеубайдың ықпалымен қазақ балалары оқысын, дәстүрлі өнеріміздің өрісін кеңейтуіміз керек деген жақсы көзқараспен қабылданатын студент саны көбейді. Ол әрине, бір жағынан ұстаздарға сағат болады, тағы бір жағынан қазақ балаларының дәстүрлі өнерімізге деген құлшынысы артады. Егер он-ақ бала қабылдайтын етіп шектеп қойса, қаншама шәкірттеріміз түсе алмай кетуші еді. “Ұстаздың атын шәкірт шығарады” демекші, сол шәкірттеріміз түрлі сайыстардан жүлдемен оралып біздің мерейімізді көтеріп жатады. Солардың арқасында біздің де есіміміз еленіп, еңбегіміз ақталуда.
— Болашақта кафедраның одан әрі өріс алып, өркендеуі үшін қандай өзгерістер енгізілуі керек деп ойлайсыз?
— Біздің кафедрамыз шүкір, басқаларға қарағанда көш ілгері деп айтсам қателеспеймін деп ойлаймын. Өркендеп жатырмыз, өрістеп жатырмыз. Мысалы кеше ғана Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, кафедраның ащылуына бүкіл еңбегін сарп еткен, мұрындық болған Әмина Нұғманова апайымыздың атындағы кластар ашылды. Ректорымыз, кафедра меңгерушісі қолдап жатса, әлі де көп дүниелер жасауға болады. Біздің кафедрамызда ауыз толтырып айтарлықтай мықты мамандар жұмыс жасайды. Сол кісілердің жеке-жеке монографиясы, жеке кітап, жинақтары шығып жатса, бұл да кафедрамыздың одан әрі өріс алуына септігін тигізеді. Сонымен қатар ұстаздарымыз өздерінің жеке концерттерін көбірек берсе деген ойдамын. Басқа жоғары оқу орындарының студенттерімен салыстырғанда, біздің шәкірттеріміздің өркендеп-өсуі көш ілгері деп айта аламын. Қандай да бір сайыстарда болмасын, шәкірттеріміз бас жүлде, бірінші, екінші орындардың жүлдегерлері атанып келеді. Кафедрамыздың еңбегі еленіп жатқандығын осыдан көре аламыз. Кафедра ұстаздары тынымсыз ізденістерінің нәтижесінде жыл сайын әртүрлі мерекелік кештер мен жеке концерттер, теледидар мен радио тараптары арқылы дәстүрлі ән өнері туралы хабарлар мен концерттік бағдарламаларға белсенді араласып, ұлттық өнердің жан-жақты насихатталуына өз үлесін қосып келеді.
Халық музыка факультеті «Халық әні» кафедрасының 4 курс студенттері
Аружан Ерімова, Гүлбағым Қайыржанова
Жетекшісі — «Музыкатану және композиция»
кафедрасының доценті Ғалия Қалымова