Құрманғазы атындағы ҚҰК таяуда орындаушылық Олимпиадалар өтті.
Олардың ішінде «Фольклорлық аспаптар» номинациясы бойынша ХIII Республикалық Кіші Олимпиада ерекше орын алды.
Олимпиада 2021жылы 1-2 сәуірде өтті. Байқау «Ұлы ұстаздан ұлағат» айдарымен қазақ дәстүрлі өнерінің дара тұлғалары, дүлдүл күйші, композитор Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына және Қазақ халқының музыкалық білімі мен ғылымының негізін қалаушыларың бірі, акамедик, өнертану ғылымының докторы, профессор Ахмет Жұбановтың 115 жылдығына арналды.
Республикалық Кіші олимпиаданың негізгі мақсаты мен міндеттері:
- жастардың шығармашылық тұрғыдан өркендеуімен қатар ғылыми ізденістер мен зерттеулер;
- бұқаралық-ақпарат құралдарымен атқаратын жұмыстарына жағдай жасап, жан-жақты біліктілікке баулу, дарынды жастарды анықтау;
- жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызға, дәстүріміз бен мәдениетімізге тарту, қоғам дамуы мен ой-сана, ақыл-өріс салаластығына тәрбиелеу.
Байқауға «Сазсырнай» номинациясы бойынша Қазақстанның шет-шетінен, қашықтыққа қарамай, бағын сынаған қатысушылар катысты.
П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінен:
Жумадуллаева Нурайлым;
Сансызбай Аяулым;
Сансызбай Мейрамбек.
Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк өнер колледжінен:
Рахман Ажар;
Шахмұратқызы Гүлназ.
Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінен:
Төлегенова Әсемай.
Маңғыстау өнер колледжінен:
Таңатар Гүлсара.
Төрешілер құрамында:
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, ҚР мәдениет саласының үздігі, өнертану магистрі Жақыпбек Нұргүл Бижанқызы.
Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Сазген сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблінің бас дирижеры, ҚР Мәдениет қызметкері Нұрғалиев Ықылас
«Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қызметкері, өнертану ғылымының кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Мұқышев Талғат Кәріпжанұлы
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, ҚР мәдениет саласының үздігі, өнертану ғылымдарының магистрі Далбағай Гүлфайраз Есімханқызы
Байқау онлайн форматта өткендіктен қатысушылар өнерлерін бейнежазбаға алдын-ала монтажсыз жазып, YouTube желісіне жүктеп, жазбаның сілтемесін ұйымдастыру комитетіне жіберу керек болды.
«Фольклорлық аспаптар» номинациясы бойынша орындалатын шығарма, күй талабы:
1. Шетел немесе Қазақстан композиторларының шығармасы (фортепиано немесе басқа аспаптардың сүйемелдеуімен);
2. А.Жұбанов шығармаларынан ән, күй немесе шығарма;
3. Бір күй;
«Сазсырнай» номинациясы бойынша жүлделі орынға ие болғандар:
1-орын: Жумадуллаева Нұрайлым;
2-орын: Шахмұратқызы Гүлназ;
3-орын: Сансызбай Аяулым.
Дипломмен марапатталғандар:
Рахман Ажар;
Сансызбай Мейрамбек.
Олимпиада біткеннен кейін 1-орын иегері Жумадуллаева Нұрайлымнан сұхбат алдық.
― Нұрайлым, жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Өзіңіздің оқу орныңыз туралы қысқаша мағлұмат беріп кетсеңіз.
― Үлкен рахмет! Оқу орным туралы айтып кететін болсам, П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің 4 курс студентімін. Менің колледжім Қазақстандағы алғаш музыкалық білім беретін оқу орны. Қазіргі таңның өзінде алдыңғы қатардағы музыкалық оқу орны деп мақтанышпен айта аламын.
― Бұл байқау қашықтыққа қарамай, Сізде қандай әсер қалдырды?
― Бұл байқаудың қашықтықтан өткеніне қарамастан көп әсер алдым. Байқауға дайындық, байқауға видео жазу және оның нәтижелерін күту, қобалжу-бұның бәрі жеткізе алмастай әсер берді.
― Өз орындаушылық қабілетіңізді қалай бағаладыңыз? Орындауыңыз көңіліңізден шықты ма
― Иә, орындауым өз көңілімнен шықты. Менің ғана емес, қазылар алқасының да көңілінен шықты деп ойлаймын. Ал орындаушылық қабілетімді төмен немесе жоғары деп бағаламас едім, яғни орташа. Бірақ та, бұл мен үшін әлі жеткіліксіз, алдағы уақытта оны жетілдіремін деген мақсатым бар.
― Республикалық Кіші олимпиададан басқа, тағы қандай байқауға қатыстыңыз? Жүлделі орынға ие болдыңыз ба?
― Ең алғаш «Сазсырнай» аспабы бойынша 2015 жылы «Атадан мұра» Республикалық байқауына қатысып 1-ші жүлделі орынға ие болдым, және де сол жылы «Fiestalonia Almaty» Халықаралық байқауына қатысып 2-ші орынға ие болдым. 2017 жылы «Жас талант» Халықаралық байқауынан қоржынымды «Гран При» жүлдесімен толықтырдым. 2018 жылы Астана қаласында өткен музыкалық колледждер орындаушыларың Республикалық конкурсына белсене қатысып, арнайы Дипломмен марапатталдым.
― Нұрайлым, болашақта Сізге көптеген шығармашылық табыстар тілейміз! Алға қойған мақсаттарыңыз орындала берсін!
Халық музыкасы факультеті қобыз-баян кафедрасының 3-курс студенті
Аяулым Жумадуллаева
жетекшісі — музыкатану және композиция кафедрасының доценті Ғалия Қалымова