Бірлік болмай, тірлік болмас

Солтүстік Қазақстан облысының Ақан сері атындағы филармониясында таяуда 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Біз сіздерге бақыт тілейміз!» атты мерекелік концерті өтті. Жыл сайын 1 мамыр күні біздің еліміз маңызды мемлекеттік мейрамдардың бірі – Қазақстан халқының бірлігі күнін, достық пен ынтымақтастық мерекесін атап өтеді.

Атаулы мереке – Қазақстанда тұратын халықтар арасындағы татулық пен ынтымақ-берекені насихаттайтын ерекше мейрам. Біздер үшін түрлі ұлт өкілдерінің өзара түсіністігі баға жетпес құндылық. Дүрбеленге толы бүгінгі заманда Қазақстан басқаларға ұлтаралық татулықтың, бір-бірінің құқығын бұзбай, өзара сенімділікпен өмір сүрудің нағыз үлгісін көрсетіп отырған ел. Тәуелсіз елімізде «Қазақстан халқының бірлігі күні» мереке ретінде 1996 жылдан бері тойланып келеді. Бұл мейрам бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні деген мазмұнда жалғасын тауып, көп этносты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды. Осы қазіргі күнге дейін жылдан жылға ұлтаралық келісім мен бейбітшілігіміздің артуы көз қуантарлық.

Биыл да бұл мереке айрықша ерекше өтті. Аталмыш концертте Сегіз сері атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрімен бірге Д. Құрманкина, Н. Ахметжанова, Ж. Айтбаев, Б. Есжанов, Б. Ильясов, А. Таушев, В. Габидуллина, Л. Зоркина, Е. Қарипов сынды филармония әртістері мен «Меломикс» тобы өнер көрсетті.

Біз сіздерге бақыт тілейміз!

Концерттік кеш барысында түрлі ұлттар мен ұлыстардың шығармалары орындалып, әндері шырқалды. Осы концертте көрермендермен бірге жылы қарым-қатынаста болып, ортаға шығарып би билетіп, әндер айтылды.

Біз сіздерге бақыт тілейміз!

Біз концерттен кейін Сегіз сері атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстан Республикасының Мәдениет Қайраткері – Қайырлы Ғафуровтан сұхбат алдық.

Біз сіздерге бақыт тілейміз!

― Сәлеметсізбе, Қайырлы Қабылбекұлы! Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет! Осындай жоғары деңгейдегі концертті өткізу үшін дайындыққа қанша уақыттарыңыз кетті?

Сәлеметсізбе, рахмет! Концертке бір ай көлемінде дайындалдық. 1 Мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні болғандықтан, әр түрлі тақырыптағы шығармалар, соның ішінде Қазақстан жерінде тұрып жатқан халықтардың шығармаларын қосқан болатынбыз.

― Осында көптеген ұлттардың әндері мен шығармалары орындалды. Соның ішінде өзіңіз оркестрге лайықтаған шығармаларыңыз бар ма?

Ия, бүгінгі орындалатын шығармалардың көпшілігін өзім оркестрге дайындадым. Осы концертке арнайы түсірген шығармалар да бар. Оның ішінде еврей халық музыкасы «Хава – Нагила», қырғыз әні «Жылқышының жыры», тәжік әні «Сорбон», ноғай әні «Домбыра» және тағы басқа орыс әндерін оркестрге өңдеп дайындадым. Бүгін осы сахнада «Сорбон», «Жылқышының жыры» бірінші рет орындалған болатын. Концерттің атауын «Біз сіздерге бақыт тілейміз!» деп алдық. Соған орай эстрадалық бағыттағы «Мы желаем счастья вам!» әнін алғаш рет сахнада орындадық.

― Бүгінгі концерт Сіз ойлағаныңыздай өтті ме?

-Ия, өзіміз ойлағандай өтті деп ойлаймын. Жалпы көрерменнің ықыласы, ниеті біз үшін маңызды. Сондықтан да көрермен риза болса, біз үшін содан асқан бақыт жоқ.

― Оркестрмен алдығы қойған мақсаттарыңыз қандай?

Алға қойған мақсаттарымыз көп. Соның ішінде ұлттық өнерімізді насихаттау, оркестрдің деңгейін өсіру, репертуарды толықтыру. Сонымен қоса, жас мамандарды осы оркестр құрамына тартып, толықтырып, ары қарай үлкен биік белестерге көтеріп, алыс-жақын шетелдерде өнер көрсетсек деген ниеттеміз.

― Сіздерге шабыт, шығармашылық табыс тілейміз! Жаңалықтарыңызбен қуанта беріңіздер!

 

Халық музыкасы факультеті,
қобыз-баян кафедрасының
3-курс студенті Әсел Ерман
жетекшісі — музыкатану және композиция
кафедрасының доценті Ғалия Қалымова

,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.