Инновациялық үрдістерді игеру жолындағы музыкалық өнер және білім

(Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының шығармашылығы негізінде)

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясыҚазақстанның жаңа мәдени саясатының стратегиялық негіздері, мәдени мұраны дамытуға бағытталған «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» ұлттық санасын жаңарту идеялары Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған. Өзіндік ерекшеліктің сақталуын қамтамасыз ету, жалпыұлттық мәдени мұраны байыту, дәстүрлі мәдени құндылықтарды ретрансляциялау, қомақты мәдени алмасу, прогрессивтілік және осы үндеуде тұлғаның рухани-шығармашылық өзін-өзі көрсетуі үшін жағдай жасау Қазақстанның гуманитарлық бағыттарын дамытудың маңызды басымдықтарының бірі болып табылады [1-3].

Өткен оқу жылы еліміздің барлық оқу орындары үшін өте күрделі болды. 2020 жылдың наурыз айынан бастап, короновирус пандемиясының туындауына байланысты консерватория да еліміздің барлық жоғары оқу орындары сияқты қашықтықтан оқыту нысанына көшті. Бұл жағдай болашақ музыка мамандары үшін толық мүмкін болмағандықтан, қашықтықтан оқыту консерваторияда жаңа тәжірибеге айналды. Оқыту барысы жылдам шешім қабылдауды, жаңа инфрақұрылым жасақтап, оқу бағдарламаларын қайта қарастыруды, сабақтар мен емтихандар өткізу алгоритмінде ұтқырлықты талап етті. Нәтижесінде біз оқу жылын еш кедергісіз аяқтап, білім беру, оқу-әдістемелік, ғылыми, концерттік, тәрбие және т.б. сияқты жоғары оқу орнының барлық бағыттағы қызметін жоспарлы режимде өткіздік.

Консерваториядағы оқу қызметі екі бағыт бойынша жүзеге асырылады: «Музыка өнері» және «Білім беру». Қазіргі уақытта бакалавриаттың 9, магистратураның 7 және докторантураның 7 мамандығы бойынша мамандар даярлануда. Атап өтер бір жайт, консерваторияда «Классикалық гитара»  білім беру бағдарламасын ашу үшін заңнамалық және құжаттамалық база дайындалып, биыл төрт талапкер оқуға қабылданды.

Консерваторияның ғылыми-зерттеу қызметі де алуан түрлі іс-шараларды қамтиды. Аталған қызмет түрі кафедралар мен факультеттерде, ғылыми-зерттеу фольклорлық зертханасында, кітапханада өткізіледі. Ғылыми кеңесте, диссертациялық және сараптамалық-үйлестіру кеңестерінде талқыланады. Осы бағытта жүргізілетін «Әлемдік мәдени кеңістіктегі Қазақстанның музыкалық өнері: ұлттық бірегейлік, мұра және перспективалар» атты жалпы жоғары оқу орны тақырыбын үйлестіру жұмыстарын консерваторияның ғылым бөлімі іске асырады. Сол сияқты музыка тарихы мен теориясы, Қазақстан музыкалық мәдениеті, Орта Азия елдері музыкалық мәдениеті, түркі музыкасы, орындаушылық өнер, музыкалық білім, педагогика, өнер философиясы, музыкалық эстетика, мәдениеттану салаларының да өзекті мәселелеріне назар аудару консерваторияның басты қызметі.

Ғылыми бағыттардағы жұмыс сапасын консерваторияның жоғары білікті оқытушы-профессорлық құрамы қамтамасыз етеді. Оқытушылар құрамында 7 ғылым докторы, 12 PhD доктор, 43 ғылым кандидаты, 23 профессор, 8 ҚР халық артисі, 12 ҚР еңбек сіңірген артисі және 31 ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері қызмет атқаруда.

Өткен жылы консерваторияның оқытушы-профессорлық құрамы Мәскеу, Санкт-Петербург және Новосібір консерваториялары базасында, Назарбаев Университетінде, «Инновациялық жобалар зертханасында», Санкт-Петербург қаласының Ресей өнер тарихы институты мен еліміздің және шетелдің басқа да оқыту орталықтарында қашықтықтан біліктілікті арттырудан өтті. Консерваторияның 233 оқытушысы мен қызметкері біздің оқу орны базасында 72 сағат көлемінде «Онлайн оқыту: мүмкіндіктері мен практикалық қолданысы» бағдарламасы бойынша біліктіліктерін арттырды.

Консерваторияның ғылыми қызмет жүргізуге арналған мемлекеттік аккредитациясы бар. Сонымен қатар 2018 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін Нұрсұлтан қаласындағы «Мәдениет ғылыми-зерттеу институтымен» бірлесіп «Қазақстанның орындаушылық өнері: ұлттық стиль, дәстүр және қоғамды трансформациялаудағы рөлі» атты гранттық жобан табысты іске асырып келеміз. Мұның қатарында «Туған ел» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлескен Қазақстан композиторларының шығармаларын «Көркемдік-орындаушылық түсіндірудің этномәдени аспектілері» гранттық ғылыми жобасы да бар.

Магистр оқулары, «Өнер» бөлімі бойынша жыл сайын консерваторияда өткізілетін студенттер арасындағы ғылыми-зерттеу жұмыстар байқауы, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдер консерваторияның өткен жылғы ғылыми қызметіндегі ірі оқиғалар қатарынан орын алды. Олардың арасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 75 жылдығына арналған «Орындаушылық өнер: тарих, әдістеме, тәжірибе»,   атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция болды. Құрманғазы, онда Қазақстанның және әлемдік музыка мәдениетінің көрнекті өкілдерінің педагогикалық және орындаушылық қызметінің үздік жетістіктері баяндалды, түрлі шығармаларды түсіндіру және интерпретациялау, оларды зерделеу әдістемесіне ерекше назар аударылды [4]. «Музыкалық этнографиядағы тұлға, дәстүр, мәдениет», Александр Затаевичтің 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция [5], «Кәсіби музыкалық білім: тарих, теория және практика» атты Халықаралық ғылыми — практикалық конференция [6], өнертану докторы, профессор Б.И. Қарақұловты еске алуға арналған дөңгелек үстел де бар. Аталған ғылыми форумдар консерваторияда Қазақстан және шетел музыка ғылымы мен өнері элитасының, оның ішінде Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Р. Балашов, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының профессоры Р. Абдуллаев, өнертану докторы, профессор, Воронеж мемлекеттік өнер академиясы Музыка теориясы кафедрасының меңгерушісі Е. Трембовельский, қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, өнертану докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Досым Сүлеев және тағы басқа зиялы қауымның басын қосты.

Консерваторияның ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының фольклорлық зертханасы» [7], басылымдарында көрініс тапты. Консерваторияның оқытушы-профессорлық құрамының қатысуымен Болат Сарыбаевтың «Ғалым мұрасы» [8], және «Түркі әлеміндегі этноаспаптану мәселелері» [9],  атты екі кітабының тұсауы кесілді.

Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын дамытудың тағы бір басым бағыты. Оның дәлелі ретіндегі консерваторияның еуропалық консерваториялар қауымдастығына толыққанды мүше ретінде қабылдануы жылдың үлкен оқиғасы болды. Бұл дерек оқу орнымыздың еуропалық кеңістіктегі оқу, ғылыми және шығармашылық жетістіктерін мойындау болып табылады.

Қазіргі уақытта консерваторияда 38-ден астам халықаралық шарттар мен келісімдер жұмыс істеуде, олардың 7-уі есептік кезеңде жүзеге асырылды. Атап айтқанда, консерватория серіктестері арасында Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Түркия, Польша Республикасы, Норвегия, Қытай, Бельгия, Оңтүстік Корея, Моңғолия, АҚШ, Испания сияқты алыс-жақын шетелдердің жоғары оқу орындары бар.

Консерватория білім алушылары мен оқытушы- профессорлық құрамы – бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Erasmus+халықаралық стипендиялық бағдарламасымен іске асырылатын академиялық ұтқырлық бағдарламаларының тұрақты қатысушылары. 2019-2020 оқу жылында бюджет қаражаты есебінен 8 бакалавриат студенті академиялық ұтқырлық аясында оқуға кетті. Студенттердің бір семестр бойы Польшаның Вроцлав қаласындағы К. Липинский атындағы музыка академиясынан білім алуы, 2 студенттің 2019 жылғы 1 қыркүйектен 2020 жылғы 1 ақпанға дейін Испанияның Виго консерваториясында толық гранттық қаржыландырумен, яғни ұшуға, тұруға, сондай-ақ ай сайынғы стипендиясы бар грантты жеңіп алып, білім алуы осы ойымыздың дәлелі.

Консерваторияның тәрбие және әлеуметтік жұмысының негізгі бағыттары патриоттық сананы қалыптастыру, жастарға құқықтық тәрбие беру, оның бастамаларын қолдау, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелеріне бағытталған. Бұл тұрғыда бірқатар іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, кураторлық сағаттар, сұхбаттар, Алматы қаласы мен Алмалы ауданы әкімдігі және басқа да ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен кездесулер сияқты іс-шаралар білім алушылардың тәрбиелік танымын кеңейтуге ықпал етті.

Сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі, әрі аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан студенттермен тұрақты жұмыс жүргізу де назардан тыс қалған емес.

Студенттердің көркемдік ой-жиектерін дамыту шаралары да кеңінен жүзеге асырылады. Мысалы, 2019 жылдың желтоқсан айында «Дебют» студенттік клубы ел тарихының бірегей тұлғасы Абылайханға арналған театрландырылған қойылым көрсетті. Ал «Элита» студенттік клубы Республикалық дебаттық турнирлерге қатысудан тыс қалған емес. Биылғы жылы клуб жетекшісінің республикалық іс-шараларға белсенді қатысып, Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттауға қатысқаны үшін «Қазақстанның үздік студенті – 2020» дипломымен және төс белгісімен марапатталуы да осы игі істердің айғағы.

Білім алушылардың қамқорлық көзқарастарын дамыту мақсатында дайындалған «Жанұя» жобасы аясында «Born to win» студенттік клубының қайырымдылық концерттері дәстүрлі шараға айналды. Есеп беру кезеңі ішінде «Забота» мейірбикелік үйінде және Алматы өңірлік балалар клиникалық ауруханасында осындай концерттер қойылса, «Подари мне слух» қайырымдылық концертінен түскен қаражат Жиеней Санжарды емдеу үшін Мәскеуге жіберілді. Осы арқылы жас жігіттің есту қабілетін қалпына келтіру операциясы жасалды.

Консерваторияда «Ізгілік әуені» атты студенттердің еріктілер орталығы еріктілер қызметін дамыту мақсатына арналған. Еріктілер жылында білім алушылар балалар үйлеріне, әлеуметтік мектептерге, медициналық-әлеуметтік мекемелерге, қарттар үйлеріне көмек көрсете отырып, «Әлеуметтік несие» республикалық жобасына қатысты. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде Алматы қаласының жедел еріктілер штабы құрамында полиция қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, сондай-ақ қарт адамдарға азық-түлік жеткізуге көмек көрсетті.

«Саналы Ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесінің ұсынысымен «Саналы Ұрпақ» студенттік клубы да өз жұмысын бастады. Клубтың арнайы ережесі әзірленіп, ағымдағы оқу жылында жалғасатын жұмыс жоспары бекітілді.

Консерваторияның концерттік қызметі — оқу және шығармашылық үрдістің біртұтас ажырамас бөлігі. Негізгі бағыты – оқу үрдісін жетілдіру бойынша түрлі шеберлік сыныптар, концерттер мен шығармашылық кездесулер, фестиваль мен байқауларды ұйымдастыру әрі өткізу болып табылады. 2019-2020 жылғы оқу жылында жоспар бойынша 185 шара өткізу жоспарланған. Алайда, елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты бұқаралық іс-шараларға тыйым салынып, көпшілігі онлайн режимінде өткізіліп келді.

2019-2020 жж. қыркүйек пен ақпан аралығында республикалық деңгейде біреу, консерваторияның үш залында 69 іс-шара өткізілді. Онлайн-концерттер, шеберлік сыныптар, секция концерттер – 52; Көрермендер саны – 30235-ті құрады.

75 жыл Дара жол

75 жыл Дара жол

Консерваториямыздың ең жарқын жобаларының бірі – 75-жылдық мерейтой екенін ерекше атап өту қажет. Бұл тұрғыда мерейтой аясында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, Республика сарайы мен Нұр-Сұлтан қаласында өткен консерватория ұжымы мен жеке орындаушылар концерті, ғылыми конференциялар мен шеберлік сыныптар жоғары деңгейде бағаланып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жағымды пікірлерге ие болды.

Консерваторияның симфониялық оркестр, студенттік хор, үрмелі аспаптар оркестрі, халық аспаптар оркестрі сияқты студенттік шығармашылық топтары концерттік шараларға тұрақты түрде белсенді қатысып отырады. Орыс және шетел классиктерінің, қазіргі заман композиторларының шығармалары мен, халық музыкасы туындыларынан тұратын концерттік бағдарламалардың ауқымы да әртүрлі.

Оқу жылының екінші жартысында «COVID-19» пандемиясына байланысты  консерваториямыз қашықтан оқыту форматына көшкен болатын. 2020 жылдың сәуір, мамыр айларында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастауымен консерваториямыздың ректоры мен оқытушылары «Карантиндегі жұлдыз» жобасына қатысып, өз өнерін көрермендерге тікелей эфирде көрсетіп, көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Оқытушы-профессорлық құрам күн сайын студенттер үшін онлайн-лекция, шеберлік сыныптарын өткізді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2020 жылғы қазан айынан бастап мектеп оқушыларының адамгершілік және рухани тұрғыда дамуына бағытталған «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасын іске қосады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ведомство мәліметінше, бағдарлама ұзақтығы 10-15 минуттан тұратын 1-11 сынып оқушылары үшін бейне-дәрістер түрінде әзірленді. Балалар үйден шықпай-ақ Қазақстанның киелі жерлеріне виртуалды түрде саяхаттай алады. Сондай-ақ опера, балет, драма өнерінің озық үлгілерін көріп, қазақстандық және шетел кинофильмдері мен мультфильмдерін тамашалап, әсем музыкалық шығармаларды тыңдай алады. Оқушыларға музыкалық өнер, театр өнері, киноматография, бейнелеу өнері және Киелі Қазақстан атты 5 бағыт бойынша қазақ және орыс тілдерінде барлық білім беру бейне-дәрістеріне еркін қол жеткізуге мүмкіндік беріледі. Әр бейне-дәрістің соңында оқушылар үш сұраққа жауап бере отырып, өздерін тексере алады. Балалардың ерікті түрде қатысуы осы жобаның қағидатты шарты саналады. Оқу жылының соңында тест сұрақтарына дұрыс жауап беріп, жоғары ұпай жинаған ең белсенді қатысушыларды сыйлықтар мен жағымды тосынсыйлар күтеді. «Осындай деңгейдегі жоба жас және жаңа білімге құмар ұрпақ үшін бағдар береді, еліміздің сенімді азаматтарын тәрбиелеуге көмегін тигізеді және жігерге толы жас жүректерді жаулап алады деген сенімдеміз» — деп атап өтті ұйымдастырушылар [10].

«Ұлағатты ұрпақ» жобасына консерваторияның профессорлық-оқытушылар құрамы «Музыкалық өнер» бөліміне белсенді қатысты, олармен мәтіндік бөлім мен бейне қатар дайындалды, сайтқа материал жазылды. Олардың арасында республикаға танымал педагог-ғалымдар, халық әртістері, еңбек сіңірген қайраткерлер, жарқын және талантты орындаушылар — Гаухар Мырзабекова, Айжан Бердібай, Әлия Сабырова, Марлена Кокишева, Лилия Газизова, Ержан Жанменкеев, Шолпан Таткенова, Ярослава Максимчева, Дария Шабденова, Антон Сомов және басқалар бар. Дәрістердің мазмұны белгілі бір тақырыптың қысқаша, бірақ ауқымды және өте қызықты көрінісін қамтыды.

Консерватория әкімшілігінің үнемі назар аударатын келесі жайты – студенттеріміздің өмір сүру жағдайы мен оқу үрдісі. ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес жыл бойы осы мақсатта қажетті жабдықтар мен материалдар сатып алынды. Жатақханада WI-Fi бар құрылымдалған кабель жүйелерінің жабдығын орнату және сервисін құру бойынша жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды, Интернет желісіне қол жеткізу бойынша трафик қосымша ұлғайтылды. Жатақхана жанындағы спорт алаңының ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды.

Консерватория студенттерін қашықтықтан оқытуды қамтамасыз ету үшін компьютер сыныбына, Мәжіліс залы мен оқу залына, жатақханаға 180 дана моноблок сатып алынды. Платонус жүйесінде білім алушыларға қызмет көрсету орталығының лицензиялық модульдері мен «Тапсырмалар» бағдарламасы орнатылды. Жоғары оқу орнына түсу емтихандарын өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету мен концерттік-ағартушылық қызметті дамытып, онлайн концерттер мен семинарлар өткізуге арналған бейнекамералар, штативтер, принтер, кәсіби фотоаппарат пен камера сатып алынды. Кітапхана қоры қажетті кітаптармен толықты.

Қазіргі уақытта әкімшілік корпусы мен консерваторияның үлкен концерт залында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қорытындылай келе, тарихи музыкалық білім ордасы ретінде сақталып келген консерватория алдағы уақытта да заманауи жоғары кәсіби музыкалық білімнің флагманы болып қала бермек. Елімізді шынайы музыка өнерімен қамтамасыз ететін мамандар даярлау жолында ізденістер мен игілікті қызмет етуге консерватория ұжымы әрдайым талпыныс жасауға дайын. Бұл тұрғыда ректор, проректорлар және декандар әр студентпен, оқытушымен, ата-аналармен және басқа да мүдделі тұлғалармен пікір алысуға, оларға кәсіби тұрғыдан көмек көрсетуге қашан да дайын.

Арман Жүдебаев
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының Ректоры

Гүлмира Мұсағұлова
Өнертану кандидаты, профессор, «Музыкатану, композиция, Арт-менеджмент және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» факультетінің деканы

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. Назарбаев Н.А. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру // Егемен Қазақстан. 12.04.2017.
  2. Назарбаев Н.А. Из выступления на XX сессии Ассамблеи народа Казахстана «Стратегия “Казахстан – 2050”: один народ – одна страна – одна судьба», 24.04.2013.
  3. Назарбаев Н.А. Ұлы даланың жеті қыры // Егемен Қазақстан, 21.11.2018.
  4. Орындаушылық өнер: тарих, әдістеме, тәжірибе: Халықаралық ғылыми-тәж. конф. материалдары. /Ред. Г. З. Бегембетова, Д. Е. Кешубаева, Я.С.Максимчева. – Алматы: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консрваториясы, 2019.
  5. Музыкалық этнографиядағы тұлға, дәстүр, мәдениет: Александр Затаевич 150 жылдығына арналған // Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары / Құрастырған ред. А.К.Омарова, В.Е.Недлина. Алматы: Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы. – 2019., 172 б.
  6. Профессиональное музыкальное образование: история, теория и практика (к 75-летию Казахской национальной консерватории имени Курмангазы). Сборник материалов Международной научно-практической конференции / Ред. Г. З. Бегембетова, А.Г.Каирбекова, Я.С.Максимчева. – Алматы: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, 2019. – с. нот., ил.
  7. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының фольклорлық зертханасы. – Алматы, 2019 ж., 240 б.
  8. Сарыбаев Б. Ш. Ғалым мұрасы. – Алматы, 2019. – 200 бет.
  9. Болат Сарыбаев және түркі әлеміндегі этноаспаптану мәселелері // Халықаралық ғылыми-теорияляқ конференция материалдары. Құрастырушы Елеманова С.А., Нұрлыбаева Ф.И. – Алматы:ТЮРКСОЙ, 2019. – 288 б.
  10. https://www.inform.kz/kz/kazakstanda-okushylar-ushin-zhana-madeni-bilim-beru-zhobasy-azirlendi_a3700751
,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.