Дирижерлер шеруі

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында «Дирижерлер шеруі» атты ауқымды концерт өтті. Бірегей оқиға филармония сахнасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. «Дирижерлер шеруі» алматылықтарды несімен қуантқанын филармонияның директоры Ақан Абдуалиев айтып берді. 

Ақан Абдуалиев

Осы уақытқа дейін филармонияда жоғары дәрежедегі көптеген концерттер өткізгендеріңізге куәміз. «Дирижерлер шеруі» несімен ерекшеленеді!

Бұл біздің филармониядағы осы форматтағы алғашқы концерт. Осы жолы Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің жаңа 33-маусымын жаңа форматта атап өтуді жөн көрдік. ҚР МҮАО көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Қанат Ахметовтің ұсынысымен «Дирижерлер шеруіне» тоқталдық.

Байқасаңыз, идея жаңа емес. Әлемде, көршілес Ресей елінде мұндай концерттер үнемі өткізіліп тұрады. Жалпы шерудің тұжырымдамасы мынадай: концерт барысында түрлі дирижерлер  бір оркестрді кезекпен басқарады, дирижерлер бірінен соң бірі өзгереді, оркестр әрдайым сахнада болады. Яғни, оркестрдің мүмкіндігін көрсету біздің басты назарда болды. Қонақ болып келген әрбір дирижер де өз елінің мәдениетін барынша жақсы көрсетуге мүдделі. Концерт аясында 9 елдің дирижерлері өз елінің үздік туындыларын ұсынды. Әр дирижердің өзіндік стилі, шығарманы ұсыну тәсілі бар десек, концерт ақпараттық мазмұнды және көрермен үшін қызықты болды деуге толық негіз бар.

«Дирижерлер шеруі» концертінің маңыздылығы неде?

Ең әуелі, фестивальдің маңыздылығы — тәжірибе алмасу, кәсіби қажеттілікті шыңдау, тың туындылар ұсыну, сондай-ақ оркестрге жаңа көрермен тартуында. Біздің жағдайда филармония басшылығына осындай формат ұсынылды. Ұсынысымыз ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен қолдау тауып, біз тыңдарман назарына екі күндік концертті дайындадық. Мұндай шараны бірінші рет өткізіп жатқандықтан, барынша назарымызды осы шараға аудардық. Концерті жақсы деңгейде өткердік. Алдағы уақытта мәдениетімізге көпшіліктің назары ауып, Қазақстанға келуге ниет білдіретін жаңа достар мен өнер сүйер қауымға ие боламыз деген ниеттеміз. Қазірдің өзінде келесі жылы қатысуға өтінімдер түсіп жатыр.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі өзі қатар ұжымдардың әлемдік рейтингінде жоғары позицияларда екенін толық сеніммен айта аламын. Оркестрдің әртүрлі фестивальдер мен концерттік турларға көптеген шақырулары бар. Себебі ұжым барлық уақытта концерттерді өткізудің жаңа форматтарын іздейді. «Битва титанов» концертінің бағдарламасын еске түсіруге болады, онда орган оркестрге қарсы жекпе-жек форматында өнер көрсетеді. Сондай-ақ, «Queen Symphony» премьерасын айтпай кетуге болмас. Жақында шығармашылық ұжым гастрольдік сапармен Қарағанды облысы, Жетісу облысының қалаларына гастрольдік концертпен барып қайтты. Біз көрерменнің үнемі қызығушылығын сақтап, оркестрге жаңа жанкүйерлерді тартуымыз керек. Фестивальдің маңыздылығы да осында жатыр.

Жалпы мұндай іс-шаралар көп деп те айтуға болмайды, бірақ бар. Олардың негізгі мақсаты қандай?

Филармония -бұл тек мәдениет мекемесі ғана емес. Филармония-бұл қуатты идеологиялық орта екенін ұмытпауымыз қажет. Біз өнермен қатар, бірге тәрбиені де алып жүруге, жақсы эстетикалық талғамға баулуға, қалың бұқараға жаңа дүние беруге міндеттіміз. Сол себепті де «Дирижерлер шеруі» — тек концерт қана емес, оның аясы кең: студенттер, музыка мектептерінің оқушылары, жас мамандарымыз үшін шеберлік сыныптары іспеттес.

Жалпы филармонияда ұйымдастырылатын кез келген шара өзіндік миссияны арқалайды. Бірақ мақсат ортақ. Мақсат мәдениетті насихаттауға бағытталады. Ал мәдениет — ең алдымен, халықты рухани-эстетика тұрғысынан дамытудың құралы.

Кештің басты жұлдыздары кімдер болды?

Басты жұлдыздары, әрине, шығармашылық кешке арнайы шақыртылған дирижерлеріміз. Олардың қатарында алыс-жақын елдерден — Эстониядан  Маргус Касемаа, Латвиядан Сподрис Качанс, Ресейден Виктор Худолей, Польшадан Дариуш Адам Леджион, Израильден Самуэль Хагин, Грециядан Николас Хрисчохоу, Словениядан Миро Сайе, Өзбекстаннан Тимур Мирзаев болды. Сондай-ақ  Қазақстаннан, Жамбыл филармониясынан шетелдік сахналарды абыроймен бағындырып жүрген дирижерлеріміз Канат Ахметов пен Александр Беляков өнер көрсетті.

«Дирижерлер шеруі» концерті, сіздіңше, көңілдерден шықты ма?

Бұл шара Алматының музыкалық өміріндегі тағатсыздана күтілген оқиғалардың бірі болды десем, артық айтқаным емес. Неге десеңіз, бір кеште 10 маэстро өнер көрсетті. Көптеген әлемдік сахнаны бағындырған 9 елдің ең талантты, атағы дардай 10 дирижері алматылықтарға өз өнерін паш етті. Қазақ халқы өнер дегенде жан-жақты ғой. Сондықтан дирижерлердің өнерін басқа тұрғыда көру, шығармаларына өзіндік көзқараспен қарау көрермендер үшін қызық болды деп ойлаймын. Әр халықтың музыкалық өнеріндегі бірегей формат, шығармалардың алуан түрлілігі, өзіндік ерекшелігі мен қайталанбастығы өнер сүйер қауымға ғажайып көңіл-күй сыйлағаны сөзсіз.   Біздер үшін көрерменнің қандай оймен, нені сезініп шығатыны қашанда маңызды. Ал алматылық көрермен кеше дирижерлерді ерекше қошеметпен қарсы алып, кеш соңында тіпті сахнадан жібергісі келмеді. Бұл көрерменнің ыстық ықыласы, берген бағасы болды. 

Алдағы уақытта қандай жаңалықтармен қуантасыздар?

29 қыркүйек күні Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі өзінің жаңа маусымын ашады. Бағдарлама Густав Малердің ре минордағы үшінші симфониясынан тұрады. «№3 Симфония» Малердің симфониялық шығармашылығында ең күрделі шығарма болып табылады. Әлемнің ең үздік оркестрлері ғана бұл симфонияны ойнай алады. Және бұл шығарма біздің филармонияда алғаш рет орындалғалы отыр. Сондай-ақ концерттік-гастрольдік бөлім қазан айына есте қаларлық керемет шаралар бағдарламасын дайындап қойды. Олардың қатарында 2 қазан күні өтетін «Встреча с мировыми звездами» концерті бар. Концерт қазіргі заманның ең үздік лирикалық теноры Джозеф Каллея мен Арменияның атақты дирижері Сергей Смбатянның қатысуымен өтеді. Джозеф Каллея да алғаш рет Қазақстанға, Жамбыл филармониясына келеді.

Алғаш рет келетін әлемдік жұлдыздар қатарында әйгілі скрипкашы Илья Грингольц бар. Ол «Паганини сыйлығы» халықаралық скрипкашылар байқауының лауреаты, әлемдегі ең үздік 12 музыканттың тізіміне енген (new Generation Artists Scheme of BBC)… Жалпы И. Грингольцтің «қызметтік тізімі» шексіз жалғасуы мүмкін. Қазақстанға алғашқы сапарында Грингольц классикалық музыка тыңдармандарына 12 қараша күні ұмытылмас концерт береді. Қараша айының 18  күні филармонияның қонағы атақты Мальта дирижері Алан Чиркоп болады. Бір кездері ол Германия, Австрия, Франция, Италия, Ұлыбритания, Румыния, Македония, Мальтада түрлі оркестрлермен жұмыс істеген. Ол Еуропалық музыка және өнер академиясының негізін қалаушы және бас дирижері болып табылады. Қазақстанға, қателеспесем, екінші рет келіп отыр. Сонымен қатар еліміздің сүйікті Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің 40 жылдық мерейтойын қазан айында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматыда  және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Астана қаласында, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясында кең көлемде атап өтуді жоспарлап отырмыз.   

Алматылық көрермен үшін бұл тамаша мүмкіндік болмақ. Баршаңызды филармонияның концерттерінде күтеміз!

 

Баспасөз қызметі

, , ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.